«Нәшәндік»

«Ең әуелі Сөз болған, Сөз болады соңы да!» деп түйіндейді ол бір өлеңін. Сөздің киесін ұққан, қадіріне жеткен қалам иесі ғана қаға алатын қазық-ой бұл. Жазғанынан  жан-дүниесі көрініп тұратын айтулы ақын, абыройлы журналист, абзал   азамат Бауыржан Бабажанұлы – дәл сондай қаламгер.

«Журналист» деуін дегенімізбен, Баукеңнің бармақтай мөр басылған табақтай дипломында көрсетілген басты мамандығы басқа. Оспанханша айтқанда, «оны бес жыл шыдап оқытып, ақыры диплом беріп әрең құтылған» жер – ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті емес, Филология факультеті.

 Сәкен  СЫБАНБАЙ

Біздің оны таныған кезіміз де сол – өзі бір естелігінде жаз­ғандай, «журфак-филфак бір туған, истфак итті кім туған?» деп  қос факультет студенттерінің жұп жазбай бірге жүретін қызық-қырманы мол қызғын шағы. Біресе ана жатақханада, біресе мына жатақханада дүрілдеп «әдеби-музыкалық кештер» өтіп жатады. Ақындар бірінен соң бірі суырылып шығып өлең оқиды. Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Сәндібек Жұбанияз секілді журфак ақындарымен арада әбден тығыз қарым-қатынас орнатып алған соң, Бауыржан жатақханамызға  жиі бас сұғатын болды. Сондай қырық сылтау, бір желеумен келгіштеп жүріп, ақыры бір сұлуымызды (Гүлшат Сапар­қызы) қағып әкеткені – өз алдына бөлек жыр…

Болашақ журналистермен көп араласқанының әсері ме екен, әйтеуір Бауыржан ҚР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында істеген бірер жылын есептемегенде, өзінің қызметтік бағын негізінен бас­пасөз саласынан тапты. Бастап­қыда «Жалын» журналында, «Ана тілі» газетінде бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Ғасырлар тоғысында белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлы Ақтөбеде «Алтын орда» атты жаңа басылымның тізгінін ұстап, Алматыдан Бауыржан Бабажанұлы мен Дәурен Қуатты аттай қалап шақырды. Мекеңнің қос қанатындай болған бұл екеуі аймақтан ашылған республи­калық жас газеттің аяғынан қаз тұрып, БАҚ айдынындағы өз орнын иеленуіне елеулі еңбек сіңірді. Кейін газет редакциясы Атырауға ауысып, сол жақтан шығатын болғанда, Бауыржан көшпей, Ақтөбеде орнығып қалып, облыстық газеттің тізгінін ұстады. Қарақалпақта қалған ата-анасын көшіріп алды. Әлі күнге сол жерде түтін түтетіп, ұрпақ өрбітіп, ердің жасына жетіп, елге сыйлы азамат болып  отыр.

Қаршадайынан ақсақал­дар­дың айшықты әңгімесіне қанып өскен құймақұлақ баланың ер жеткенде де бұрынғының есті сөзіне құмарлығы қалмайды. Бауыржанның өлеңінен де, өткен-кеткен туралы естелік жаз­баларынан да, тіпті, ауызекі әңгімесіндегі сөз саптауынан да оның туып-өскен өлкесіндегі ақын-жыраулардың жырын, көкірегі хат көнекөз қариялардың көшелі сырын, халықтың бейнелі тілін жадына тоқып, бойына сіңіре алғаны аңғарылып тұрады. Бүгінде «журналистиканың жүй­рігіне айналған филологтың» сөз қорының мол болуы, жазу машығының әбден қалыптасып, шыңдалуы онсыз да түсінікті жәйт қой, әйтсе де, Баукеңнің мақалаларындағы қазақы баяндау мәнері, оқта-текте оқиғаға ойнақы сипат беріп, әзіл жүгіртіп қоятын тартымды тәсілі, оқыр­манын ынтықтыра жетелеп отыратын қарапайым әңгіме­шілдігі сонау бағзыдан қалған жолдан, байырғы жыршылық жорадан елес береді.

Б.Бабажанұлының қаламынан туған дүниелердің ішіндегі ерекшесі – өзімен тұстас қалам­герлер туралы жазған шығарма­шылық портреттері. Егер Қуанышбай Құрманғали ақсақал Оралхан Бөкейден бастап, бүкіл замандас ақын-жазушылардың өмірі мен өнерін өрнектеп жазып шықса, Бауыржан Омарұлы ағамыз профессор Темірбек Қожакеевтен бастап барлық аға буын журналистердің кісілік келбеті мен қаламгерлік қарымын сипаттап, бағалап, түгендеп, алақанға салып берді. Ал біздің Бауыржан Ақтөбеде тұратын қазақтың ғажайып ақыны Ертай Ашықбаевтан бастап өзімен қатар, қарайлас Маралтай Райым­бекұлы, Әділ Ботпанов, жоғарыда аталған Әмірхан, Жарас, Дәурен, Сәндібек, т.б. секілді ақын-жазушылар жайын­да – осы күні әдебиетіміздің орта буын өкіл­деріне айналған талантты шоғыр хақында тұрақты қалам тербеп келеді. Әрқай­сысының тірші­лігіндегі, мінезін­дегі, жазуындағы ерекшеліктерді, басқалардың назарынан тыс қалған елеусіздеу тосын детальдарды қырағылық­пен көре қойып, кейіпкер келбетін аша түсу үшін шебер пайдаланады. Әркім өз шығар­машылығымен ғана айналысып, өзгеге мойын бұра алмай, жеке шаруасымен әуре боп кеткен осындай әрі-сәрі кезеңде де жан-жағына сергек қарап, әріптес­терінің жазған-сызғанын қада­ғалап, олар туралы қызық-шы­жығы мол әсерлі де әдемі эсселер жазу – жаны жомарт, жүрегі кең, көңілі таза адамның ғана қолынан келетін іс шығар, тегінде…

Осы қасиеттер – кіршіксіз тазалық, қазақы кеңқолтық болмыс, аузын ашса жүрегі көрінетін ақ жарқын мінез – оның өлеңдерінен де байқалады. Кейбір ақындардың қиыннан қиыс­тырып, кірпіштей дестелеп қалап, мінсіз құрап шыққан жырын оқығанда, риза боламын… бірақ көңілім толқымайды, жүрегім селт етпейді. Ал Бауыржанның өлеңін оқығанда… керісінше, жаным гүлдеп сала береді: ол жазған ой, ол айтқан мұң, ол шерткен сыр менің де көкейімді тескен түйткіл, менің де кеудемде тұншықққан сезім, менің де санамды сарсаңға салған уайым болып шығады! Сосын дүр сілкінем бе, әйтеуір менің де өлең жазғым келеді! Мейірхан ақын айтқандай, «Бауыржан өлең­дерінің басты әсері – оны осы қазір ғана өзің жазғандай күй кешесің. Бұл – нағыз ақын­дық­тың басты критерийі» болған­дықтан шығар, бәлкім?..

…Қазақы шаңырақтың қонақ­сыз күні бола ма? Бабажан қарияның басқа ұлдары мейман күтуге кішкене епсектілеу болса керек: дереу қолға су құйып, сүлгі ұсынып, ет турасып дегендей, келген кісілердің жағдайын жасап бағады екен. Не мәселеге бас қатыратынын кім білсін, тек Бауыржан ғана дастарханның ана шетінде өзімен-өзі ойланып, қасқайып қарап тұрады деседі. Баласының мұндай шаруаға қырсыз­дығын қай әке жақтыра қойсын, отағасы кейде: «Шір­кіннің нә­шәндік құсап тұрысын қара­шы!», – деп бір боқтап алатын көрінеді.

Аузы дуалы ақсақалдың айт­қаны келді ақыры. Міне, жиырма жылға жуықтады – Бауыржан Бабажанұлы «Ақтөбе» облыстық газетінің «нәшәндігі»… кешіріңіз­дер, бас редакторы бо­лып қызмет атқарып келеді. «Нәшәндік» жұмысына қызығып кетіп, сол «рөлін» өте шебер орындағаны сондай, тіпті, 2008 жылы кіл бас редакторлар ара­сында ғана өткізілетін арнайы байқауда топ жарып, Г.Толмачев атындағы сыйлықты жеңіп алға­ны бар. Өлеңі өрнекті, жазуы әсем адам­ның газеті де тартымды болатын шығар, әйтеуір сол өңірдің адамдары басылымға үнемі риза болып жүреді.

Қазақы қағытпаға шебер, қашанда жауабы әзір Бауыржан құрдастар қалжыңында да еш­кімге есе жібермейді. Оған әзілдеп тиіспек болғандардың бәрі ақы­рында «сазайын тартып», жеңіліп тынады.

«Ең әуелі Сөз болған, Сөз болады соңы да!» дейтін ақыннан Сөз артылсын ба, сірә…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *