НҰРТӨРЕНІҢ МЫҢ ҚҰМЫРСҚАСЫ

немесе ұлт намысын қайраған құнды кітап

 

15ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі,  Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет»  орденінің иегері, республикалық  «Айқын» газетінің директор-Бас редакторы, белгілі публицист-журналист   Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және біз» атты кітабы жарыққа шықты.  Қуанышты жағдай. Қазақ десе тұла бойында қаны қызып, жүрегінде жалын оты лаулап тұрған осындай қаламы ұшқыр, ой шумақтары қарымды ұлтжанды әріптестеріміздің  қатары көбейе берсін!

Алатаудың етегіндегі Алма-сай мейрам­ханасында  Нұртөре Жүсіптің «Мың құ­мырс­қа және біз» деген кітабының тұсаукесер рәсімінің  куәсі болдық.

Естіген құлаққа кітаптың осылай аталуының өзі қызық әрі оның сырын білуге құштарлық артады. Оқып көріңіз:

«Атлант мұхиты үстінде мың құмырсқа қалқып келеді. Жай келе жатқан жоқ: қыз-қыз қайнаған тіршілік, дән тасып, жапырақ арқалап, жұмысқа жегіліп, асау толқынға жанталаса қарсылық көрсетіп, не керек, ӨМІР мен ӨЛІМ арасында арпалысып жатыр… Мың құмырсқа! Мұхит суына бат­пайды. Тіршілігі де тоқ­тамайды. Қашан жа­ғалауға жеткенше  өмір үшін жанталасады. Жағаға жеткесін құмырсқа қыбыры да, жыбыры да тоқтамайды. Жаңа жылдың жарқын күндері әлемдік телеарналардың біріне телміріп отырып осы көріністі көрдім. Көрдім де ойландым. Мың құмырсқа неге мұхит суына батпайды? Неге ыдырап кетпейді. Құдайдың құдіретін қараңыз: бір-бірімен тығыз байланысқан құмырсқалар толқын ұрғанда алдыңғы екі аяғымен бір-бірін қармап алады екен, соның арқасында олар асау толқынға сал секілді қарсыласады, араларына су кірмейді, қалтқы тәрізді қалқи береді; сөйтіп, жатып тіршілік жасауын тоқтатпайды. Біздің қазаққа  осы мың құмырсқаның бірлігі бұйырмаған ба?».

18Әдемі, салмағы батпандай ауыр ойлы сөз. Таңғаласың, еріксіз ой құшағына терең шомыласың.  Кітап авторы елді бірігуге, ын­ты­­маққа, бірлікке, әрекет етуге шақырады, қазақтың  намысын оятады, ұлттық рух пен қайсар мінез танытуды нысанаға алады.

Салтанатты жағдайда қазақтың зиялы қауым өкілдері Сәбит Досанов, Бекболат Әдетов, Кәдірбек Сегізбаев жаңа кітаптың тұсауын кесіп, құттықтау сөз сөйледі. Оқырманға ой салған, ақиқатты баяндаған жаңа кітап жайлы белгілі ақын-жазушылар Иран Ғайып, Қуанышбай Құрманғалиев, Көпен Әмірбек, С.Құттықадам, Тұрсынжан Шапай, Ұлықбек Есдәулет, Жұмабек Кенжалин, Самат Ибрайым, Қали Сәрсенбай, Қуандық Түменбай, Жұмабай Шаштайұлы, Нұр Отан партиясы төрағасы бірінші орын­басарының кеңесшісі Берік Уәли, Қызыл­орда облысы әкімінің орынбасары Р. Кежеханұлы т.б. кітап жайлы жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Кітап Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Сенат депутаты Нұрлан Оразалиннің «Бүгінгі көсемсөз» деген алғысөзімен ашылады. Ол былай деп жазған: «Журналист-публицист Нұртөре Жүсіптің қатардағы көп жазарманнан ойы да, бойы да биік тұрғанын айту керек. Бұл сөзімізге дәлел іздесеңіз қолыңыздағы кітапты асықпай, аптықпай парақтап көріңіз, зер салып, зейін қойып оқыңыз… Жаншып айтатын сөздер болады. Жаныңды жасы­тады. Жаны ашып айтатын сөздер болады. Қаныңды тасытады. Мына кітапта Нұртөре Жүсіптің жаны ашып айтқан сөздері жеткілікті. Кей тұста қатты айтқан, қатты кеткендей болып көрінуі де мүмкін. Әйтсе де, қалғып бара жатқан қоғамдық сананы осылай қайрамаса да болмайды». 

Тұсаукесер рәсіміне қатысқан оқыр­ман­дар сөздің майын тамызып сөйледі, Нұрекеңнің абыройын асырып, мерейін көкке көтерді, арнау жырлар оқылды, ән шырқалды, күмбірлеп күй төгілді, мың бұралған  би биленді.

Кітаптың  бірінші бөлімі  «Қазақтың күні» деп аталады. Н.Жүсіп  «Қайран, Ыбырай-ай» деген  публицистикалық шығармасында сөз және тіл қадірін кетіріп,  Абай және «Кел, балалар, оқылық» деп күллі қазақ даласына білім қоңырауын қаққан Ыбырай Алтынсарин аруағын қорлауға жол берілгенін өткір жазады. Жалпы, қоғамның сырқат ахуалы көз алдыңа келеді.  Айталық, қазақ ұлтын жаһандану жағдайында құтқаратын құн­ды­лықтар қандай, Тәуелсіздікті тұрлаулы етудің тетіктері неде, ұлттық идея, мем­лекеттік  тіл мерейін көтеру мәселесі, бәрі бәрі де өзекті мәселе. Публицист Н.Жүсіп оқырманды ойландырып, толғанды­рып жүрген сан қырлы  ахуалды дөп басып, барынша тұщымды әрі бұлжымайтын дәлелдермен келістіріп жазады.

Кітаптың «Замандас»  және «Ұрпақтың үні» бөлімдерінің көтеріп отырған жүктері де өте салмақты. Автордың өмір, қоғам, тағдыр жайлы терең толғаныстары ешкімді бейжай қалдырмасы анық.  Ең бастысы қоғамның ең үлкен байлығы адам және оның тағдыры жөнінде жазған дүниелерінің теңдесі жоқ, қызықты оқылуы, бүгінде арамызда жүрген, сондай-ақ,   өмірден озған адамдар туралы жазғандары жүректі шымырлатады, өткен заманғы оқиғаларды айнықатесіз көз алдыңа әкеледі. Журналист шеберлігі деп осыны айту керек.

Енді Нұртөре Жүсіптің кітабын парақ­тап, жазған сөздеріне тағы бір көз салып көрейік.

«Біз қазақпыз, ата-бабамыз батыр болған, шешен болған» дейміз. Кеудемізді кереміз. БАҚ бетінде «Қазақ тіліңді ұмытпа» деп зар қағамыз. Өзбек сөйте ме? Кеуде қаға ма? Кез келген өзбек өзінің өзбек екенін күн сайын дәлелдеп отыр. Өзінің ала тақиясымен. Өзінің тілімен. Өзінің ерекшелігімен».     

«Біз, қазақ, бүкіл әлемнің алдына түсіп, зырылдап бара жатырмыз. Бәрін де үйренгіміз келеді. Бәрін де игергіміз келеді. Бәрінен озғымыз келеді. Бәрі болғымыз келеді. Бірақ қазақ болғымыз келмейді. Неге?».

«Біз бәрін білеміз. Бірақ өз басымыздың қадірін қалай кетірмеуді білмейміз. Өйткені біздің ұлтта бас жоқ. Басы болмағасын, бас киімі қадірлі бола ма?! Басы болмағасын, тілі қадірлі бола ма?!

Біз бәрін сатуды меңгердік. Жерді сатқасын, елді сату қиын емес. Бас киімді сатқасын – басты сату оңай.

Басымыздан бақ-дәулет қалай кетіп барады?

Басымыздан бақ-дәулет неге кетіп барады? Ойландық па?»

«Біз бәріне де қол жеткіздік. Мемле­кеттің туына, Мемлекеттің Әнұранына, Мемлекеттің Елтаңбасына! Бірақ құлдық санадан арыла алмадық. Таза мемлекет­тілікке қол жеткізе алмай отырмыз. Мем­лекет болмаған соң оның тілі де болмайды. Қазіргі қазақтың басындағы жағдайды осында басқаша сипаттау мүмкін емес. Түрі бір, тілі бөлек мемлекет болмайды! Бәйтерек те өз жапырағымен көктейді. Біз ағаш екеш ағаш құрлы болмай тұрмыз-ау!»

Дей тұрса да дарынды публицист Нұртөре Жүсіп болашақ өмірге үлкен үмітпен қарайды.

«Біз ХХІ ғасырға еркін ел, еге­мен мемлекет, еңселі жұрт бо­лып есік аштық. Өткенге де, Өлгенге де салауат!  Өшкен жоқпыз, Өстік. Біз әлі қаулай­мыз, қайта кӨктейміз! Жанған оттай лаулаймыз, ешкімді сӨк­пейміз. Енді біздің қазақты ешкім де қолынан қаға алмай­ды, жолынан шаба алмайды.

Ей, уақыт! Ей, заман! КӨзіңді ашып қазаққа қара: ескен жел­дей, кӨшкен сеңдей, қиындықты еңсеріп, қайратты жиып бел­сеніп, біз келеміз!»

Қандай тамаша сөздер! Адамның көңіл-күйі құлпырып шыға келеді. Кітап «Айқын» басылымы журналистерінің бас­та­масымен «Алтай-Medіa» баспасынан жарық көрді.  Оның үстіне талантты жур­налист Нұртөре мырза екі бестің асқа­рына көтеріліп отыр, туған күніңіз, 55-іңіз құтты болсын!

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,                                                      

Қазақстанның Құрметті журналисі

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *