НҰРТӨРЕ ЖҮСІППЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

5Балнұр АХМЕТ

Кеше әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде респуб­ликалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және біз» кітабының жарық көруіне орай студенттермен кездесу өтті. Жиынға журналистика факультетінің ұлағатты ұстаздары мен «Түркістан» халықаралық саяси апталығының бас редакторы Шәм­шидин Паттеев қатысты. Кездесу аясында ұлтына қызмет етуді парасатты парызы санаған ұлт жанашырының шығарма­шылығына арналған көрме ұйымдастырылды. Басқосу барысында журналистика факуль­тетінің деканы Сағатбек Медеубек, Қазақстан журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, аталған факультеттің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы Мұрат Шаймаран оқырманға жол тартқан кітаптың рухани құндылығын атап өтті. Кездесуде жастар белгілі көсемсөз шеберіне көкейінде жүрген сауалдарын қойып, өздерін толған­дырған қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісті. Ұлттық көсемсөздің дамуына үлес қосып жүрген сөз зергері студенттердің сұрақтарына жауап беріп, тіл, ынтымақ­тастық, ұлт және ұрпақ тәрбиесі туралы ойларын ортаға салды.

– Білім – адамның ең басты капиталы. Адам білімімен ғана қадірлі болады. Кез-келген қоғамда білімі, ақыл-парасаты жоқ адамның қадірі болмайды. Сондықтан, кітапты көп оқу керек. Біз білім жарысындағы ұрпақпыз. Студент кезімізде біз талай театр табалдырығын тоздырып, оқыған кітап­тарымыз туралы бір-бірімізбен ой бөлісе­тінбіз. Бүгінгі қоғамның кемшін тұстарының бірі –  жастардың кітап оқы­мауында. Қазір барлығымыз телефонның ішіне «кіріп» алдық. Бірақ, бұдан шығу керек. Тілдің жұтаңдығы мен сауатсыздығы осыдан шығады. Қазіргі таңда қазақ тілінің сауаттылығын сақтап отырған – газеттер. Әлеуметтік желілердегі блогерлер жазбаларының, СМС-тердің сауаттылығы қандай? Қазақ тілін бұрма­лаудың үлгісі әлеуметтік желілерде жатыр. Ал газеттің бір артықшылығы – сөзді түзеу, реттеу, сол арқылы басқаға аталы сөзді дұрыс қалпында жеткізу газеттердің иығына түсіп отыр. Ал өкінішке қарай, әлеуметтік желілер туралы бұлай айта алмаймыз. Адам ұялы телефондағы электронды кітаптарды оқығаннан қаншалықты рухани ләззат алатынын білмеймін. Электронды кітаптарға қазақтың мықты жазушыларының кітаптары әлі толық енген жоқ. Ұлттық басылымдар Тәуелсіздікке тілеулес және жанашыр болып келеді. Ел, жер, тіл, дін мен діл, мемлекет мен үшін маңызды құндылықтар болып саналады. Міне, осы құндылықтарға адал болуға тырысамын, – деді халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының БАҚ саласындағы  сыйлығының су жаңа иегері Нұртөре Жүсіп.

Кеш соңында журналистика факуль­тетінің деканы Сағатбек Медеубек қаламы қуатты көсемсөз шеберіне сыншы, публицист Сағат Әшімбаевтың кітабы мен университет студент­терінің «Айқап» журналын тарту етті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *