Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БІЗ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІРГЕСІН БІРГЕ ҚАЛАДЫҚ

Алматыда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көшбасшылық құбылысын зерттеуге арналған «КЕМЕҢГЕРЛІКТІҢ 30 ЖЫЛЫ» атты халықаралық ғылыми конференция өтті

Бұл  алқалы жиында әлем елдерінен келген сарабдал сарапшылар мен егемендіктің елең-алаңында Елбасымен қоян-қолтық жұмыс істеген зиялы қауым өкілдері бас қосты.  

Конференцияны ашқан Қазақстан Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылда еліміздің  эко­номика мен саясат, мәдениет пен білім саласында жеткен толайым  жетістіктеріне тоқталды. Мем­лекет басшысы осы отыз жыл  ішінде республика  биік белестерге көтеріліп, елдегі экономикалық бағдарламалар нәтижелі  жемісін бергенін, ішкі жалпы өнім көлемі он есе ұлғайғанын, Қазақ­станның тарихы, шын мәнінде, саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған елінің адал перзенті әрі жаһандық деңгейдегі саясаткер, тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылық тарихы екенін атап өтті.

 – Бұл жай ғана мерейтойлық дата емес, «қа­зақстан­дық даму» жолын анықтаған ел тари­хындағы аса маңызды кезең болды. Қазіргі заман дамуының қар­қыны мүлде өзгеше. Бәсекеге толы заманда өмір сүріп келеміз. Бәрімізге Елбасының  айқындап берген адал болу, ел игілігіне еңбек етуді басты мақсат деп түсіну  қағи­дасынан сабақ алу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  Ол Елбасы­ның басшылығымен пост­кеңестік кеңістікте ең табысты мемлекеттік құрылыс жобасы жүзеге асырылғанын шетелдік сарапшылардың мойын­дайтынын айтты. Баян­дамада айтылғандай, инфляцияның шарықтаған, кәсіпорындардың жұмысы тұралаған, тауарлардың жаппай тапшы­лығы күшейген кездегі посткеңестік экономиканың қирандысының орнына әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына қосылған қуатты мемлекет құрылды.

Баяндамашы қазіргі халықаралық қатынас­тардың негізгі факторларына айналған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ларының съезі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достасты­ғы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы сияқты Елба­сының сыртқы саясаттағы бастамаларына жан-жақты тоқталып өтті.

– Қазақстан орасан зор ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Жер бетіндегі ірі ядролық полигондардың бірін жапты. Елбасы әлемдік дипломатия тарихына жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде енді. Тұңғыш Президент қана Қазақстанның астана­сында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымының әзірге осы мыңжылдықтағы алғашқы әрі жалғыз саммитін өткізіп, Еуразиялық қауіпсіздік декларациясын қабылдады. Елбасы әлемнің ең биік мінберлерінен халықаралық қатынастарды түбегейлі реформалауға бағыт­талған ұсыныс­тарын жеткізді, – деді  Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін сөз алған  Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев еліміздің ең жоғары лауа­зымындағы қызметіне баға бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан қандай қиындықтарды басынан кешіргенін еске алды. Еліміздің бірінші басшысы лауазымындағы бүкіл қызметі Қазақстанды дамы­туға арналғанын атап өтті. Кеңес өкіметі ыдыра­ғаннан кейін барлық  ауыртпалығымен жеке-дара қалған Қазақ елін бедерлі жылдар белесіндегі биік табыстарға жеткізу оңай бол­мағанын, ең әуелі ішкі экономикалық жағдай­ларды қолға алып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге ден қойғанын айтты. Мемлекетті құру жолындағы және егеменді елді қалыптас­тырудағы қиындық­тар туралы, соның ішінде, тоқсаныншы жыл­дардың басында еліміздегі ұлттық экономиканың қирауына, этносаралық қақтығыс­тардың пайда болу қаупіне байланысты жағдай жөнінде әңгімеледі.

– Қазақстан демографиялық құлдырау шегінде тұрды. 1989 жылғы халық санағына сәйкес, байырғы халық – қазақтар 39 пайыз немесе 6,5 миллионнан сәл ғана астам адам болды. Сол кезеңдегі ауыр экономикалық ахуал халықтың Қазақстаннан көптеп көшіп кетуіне алып келді. Ол жылдары орташа өмір сүру жасы 5 жылға қысқарды, туу көрсеткіші бірден төмендеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан көлік қатынастарының теңгерімсіздігі мен экология мәселесі күрделі технологиялық тұрғыдан ең артта қалған республикалардың қатарында болғаны белгілі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті  осыған орай елімізде қабылданған бағдарламалардың және өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған даму стратегиясының жүзеге асырылу нәтижелеріне тоқталды.  Елбасы әлемдік даму үдерісіне әсер ететін стратегиялық сын-қатерлердің бірнеше тобын атап көрсетті. Атап айтқанда, қарқынды әрі үздіксіз технологиялық толқын, кезекті индустриялық революцияға байланысты экономикалық парадигманың ауысуы, әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі, түрлі сипаттағы жаһандық деңгейдегі қақтығыс.

Елбасы  «Қазақстан-2050» стратегиясында  айтқан  тұжырымдарын тағы бір мәрте еске алды:

«Алдағы сынақтардан сүрінбей өту біздің өзімізге, бекем бірлігімізге байланысты. Ауызбір­шілік пен тұрақтылық болғанда ғана еліміз өсіп-өркендей алады…

Қазақ халқы бірліктің арқасында жауларын жеңіп, елі мен жерін сақтап қалған. Қазақты бағындырып, бодан ету үшін хандығын тартып алып, жүзге, руға бөлінуін айлакерлікпен пайдаланған.  Қазір де біздің еліміздің табыстарын көре алмайтын, байлығымызға қызығатындар аз емес. Оны ешқашан ұмытпауымыз қажет. Олар ішімізге іріткі салу үшін қолжаулық болатын­дарды, жетекке еретіндерді іздейді. Өкінішке орай, ондайларды табады. Бұл баяғы «бөліп ал да, билей бер» дейтін жымысқы саясат. Бізге төнетін ең үлкен қауіп осы. Тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен келгенін зерттемейтін, білмейтін жастар бүгінгі еркін күнінен, азат Отанынан айырылып қалатынын түсіне бермейді. Мемлекет бұған жол бермеуі қажет. Бүкіл халық болып бірлікті, тыныштықты қолдау керек. Қазақ дәл бүгінгідей өмірді ешқашан көрген жоқ. Айыры­лып қалмайық. Менің еліме айтатын негізгі өсиетім осы. Ұлы Абайдың «біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос» дегені де осы болар. Ұмытпайық. 

Халық пен Президент әрдайым бірге. Біз барлық жетістікке ынтымақтың арқасында қол жеткіздік. Ішкі қарама-қайшылыққа тап болған елдер ілгері емес, кейін кетіп, әлемдік дамудың көшінен қалып қойды. Ата-бабамыз: «Отан оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді» деп бекер айтпаған. Осылайша олар Отанды сүюге, елді береке-бірлікте болуға шақырды. 

Мен алдыңғы толқын – аға буынға сөзімді арнаймын! Сіздер пайым-парасаттарыңыз бен көрегендіктеріңізге сүйеніп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берулеріңіз керек.  Олар Отанды сүюдің, мемлекетті нығайтудың, Тәуелсіздікті қорғаудың және жарқын болашақ үшін жұмыс істеудің маңыздылығын жете түсінуге тиіс. 

Мен енді ортаңғы буын отандастарыма да сөз арнаймын! Сіздер бір елдің күйреп, тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу кезеңін бастан өткердіңіздер. Бұл – күрделі де күрмеуі қиын шешімдер қабылданған уақыт болды. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз – кез-келген қиындықты жеңуге көмектесетін баға жетпес байлық.

Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: жақсы өмір сүрудің бір ғана жолы бар, бұл – аянбай еңбек ету. Біздің болашаққа деген үкілі үмітіміз – өздерің. Біздің бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарымыз тек сендер үшін жасалуда. Көпшілігіңіз тәуелсіз Қазақстанмен түйдей құрдассыздар. 2050 жылға қарай сіздер осы бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысып, оң-солын таныған азамат боласыз­дар. Еліміздің одан әрі даму жолын сіздер айқындайсыздар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Конференция жұмысында, пленарлық отыры­сында   Тұңғыш Президенттің  көшбасшы­лық феноменіне байланысты саяси, тарихи, экономи­калық, құқықтық және басқа да аспектілер бірнеше тақырыпта қарастырылды. Жиынға  қатысушылар:  «Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесі», «Елбасының тарихи миссиясы», «Елба­сының жаһандық және аймақтық бастамалары», «Саяси көшбасшылық феномені: тарих, ерекшеліктері, өзгешелігі» бағыттары бойынша  әңгіме өрбітіп, өз ойларын ортаға салды.

Тұңғыш Президент  конференция аясында алматылық жастармен  кездесіп, келешек ұрпаққа арналған жолдауы бар «уақыт құты-капсуласын» салу рәсіміне қатысты.

ЕЛБАСЫ  КЕЛЕШЕК ҰРПАҚҚА АРНАЛҒАН ЖОЛДАУЫ БАР «УАҚЫТ КАПСУЛАСЫН» САЛДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының Баспасөз қызметі хабар­лағандай,  Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысу­шылар алдында сөйлеген сөзінде қазақстан­дықтардың болашақ ұрпағы үшін бұл Жолдау­дың ерекше мәні бар екенін айтты.

– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның бағындырған белестері аз емес. Аға буын бүгінгі жастардың бақытты өмір сүруі үшін біздің қандай қиын кезеңдерді бастан өткергенімізді жақсы біледі. Біз еліміздің игілігі үшін жұмыс істедік. Қазақстанды әлемге таныттық, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың қазіргі ұрпағының келешек өсіп-өркендеуі үшін зор мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

Мен өз мақсатымызға қол жеткізгеніміз үшін өте қуаныштымын. Бұл капсула 30 жылдан кейін ашылады. Осы жылдар ішінде көп нәрсе болуы мүмкін. Бірақ Қазақстан және оның азаматтары өз даму жолымен ілгерілеуін жалғастыра беретін болады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы қазіргі жастардың Қазақстанды нығайтып, өркендету үшін еңбек ете беретініне сенім білдірді.

 

                «Ақшам-ақпарат».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *