Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Біз өршіл мақсаттар қойып, соларға қол жеткізе алдық»

16-17 мамыр күндері  Нұр-Сұлтан қаласында «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» атты  тақырыпта XІІ Астана экономикалық форумы  өтті

Форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысты. Тіркелген деле­гаттардың жалпы саны 5 492 адамды құрады.  АЭФ-2019 шетелдік және қазақ­стандық БАҚ тарапынан да үлкен қызығу­шылық тудырды, 30 елден 710-нан астам өкіл келді.

АЭФ-тың басты мақсаты – жаһандық үрдістерді зерттеу және Қазақстан дамуы­ның практикалық саясатын жасау үшін экономикалық саясат пен ғылым сала­сында тәжірибе алмасу алаңын құру болып табылады.

XІІ Астана экономикалық форумына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен  Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  қатысты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үдерісіндегі Астана эконо­микалық форумының маңызды рөлін атап өтті.

– Алдыңғы жылдары осы жерде талқы­ланған ұсыныстар мен идеялар Қазақстанға жаһандық сын-қатерлерді уақтылы ескеріп, қиындықтарды табысты еңсеруге мүмкіндік берді. Дамудың қазақ­стандық моделі қалыптасқан жағдайлар мен болжамдарға қарамастан өзінің тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдегенін білесіздер. Біз өршіл мақсаттар қойып, соларға қол жеткізе алдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Пленарлық отырыс барысында Елбасы жаһандық экономикадағы соңғы өз­герістер туралы пікірін ортаға салып, мемлекетаралық диалогты жақсарту үшін бірқатар идея ұсынды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті сөйлеген сөзінде әлемдік экономиканы дамыту, цифрландыру, білім беру үдеріс­терінің трансформациясы, адам капи­талына қойылатын талаптардың күшеюі, сондай-ақ, урбанизация перспективалары сияқты мәселелерге тоқталды.

– Экономикалық жоспарлаудың көк­жиегі тарылып келе жатқанын біле­сіздер. Күрделі жағдайлардан шығу жолдарын Біріккен Ұлттар ұйымы, G-20, Дүние­жүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар мен форумдар аясында табуға болады. Бірлесе талқылау мен басқаруға көшетін кез келді. Таяуда Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» ІІ фору­мында мен «Үш Д» жаңа геосаяси ахуалы негізінде тұ­рақты жаһандық архитектураны қалыптас­тыруды  ұсындым.  Бұл  дегені­міз – үш деңгейде диалог орнату, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы Астана экономикалық форумы алаңында халық­аралық диалог форматын кеңейту үшін шаралар қабылдауды ұсынды.

– Осы жерде айтылған идеялар әлемдік саясат пен экономиканың ең күрделі және өзекті мәселелеріне қатысты шешімдер табуға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Форумға, сондай-ақ, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, Армения Республи­касының Президенті Армен Саркисян, Грузия премьер-министрі Мамука Бахтадзе, Қытай Халық Респуб­ликасының Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хан Чжэн, Сбербанктің прези­денті Герман Греф, Nokіa корпорация­сының директор­лар кеңесінің төрағасы Ристо Силасмаа, 2018-інші жылғы эко­номика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, 2016–2018 жылдардағы дүние­жүзілік банктің бас экономисті Пол Ромер де  қатысты.  Euronews тілшісі Стефан Гробе модератор рөлін атқарды.

Алқалы басқосу барысында Халық­аралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагардтың  бұрынғы Қазақстанға жасаған сапары туралы естелігі көпшілікті елең еткізді. «Сол сапар барысында көптеген адамдар белгілі ақын Абайдың сөздерін мысалға келтірді. Осы жылдар бойы есімде калған сөз­дерінің бірі: «Ақырын жүріп, анық бас». Oсы аймақтың перспективаларын және оның алдында тұрған мәселелерді тал­қылау үшін бұл сөздің концепциясын негіз ретінде алғым келеді», – деген Крис­тин Лагард:  «Алды­мызда тұрған міндет анық. Өсу қарқынын жоғарырақ тұрақты деңгейге көтеру керек. Осы мақсатқа асықпай, бірақ сенімді түрде ұмтылуымыз қажет. Ол үшін бізге ішкі саясаттың нақты шаралары, экономикалық диверсифи­кация және халықаралық ынтымақтас­тықты белсендіру қажет. Және ең бас­тысы, әйелдердің, жастардың, әлеуметтік жағдайы төмен және ауыл азаматтарының болашағын жақсарту үшін инклюзивті және тұрақты дамуды қамтамасыз ету  керек», – деп тұжы­рымдады өз ойын.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ХІІ Астана экономикалық форумға қатысушы шетелдік жетекші сарапшылармен кездесті. Дөңгелек үстел форматында өткен кездесу барысында әлемдік экономикадағы, саудадағы және саясаттағы жаһандық үрдістер талқы­ланды. Баяндамаларда Қазақстан мен Орталық Азияны дамытудың перспекти­валарына және «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінді.

Қазақстан биік мақсаттары мен стратегиялық жоспарлары бар жаһандық трендтер айқындалатын жаңа дәуірге қадам басты. Олардың табысты жүзеге асырылуы еліміздің дамуына маңызды үлес қосуы тиіс. Біз бүгінде барлық көрші­лерімізбен, страте­гиялық әріптес­терімізбен ынтымақтастық орнатуға ашықпыз. Қазақстан алдағы уақытта да өзінің даму жоспарын жүзеге асыру үшін үздік халықаралық тәжірибелерді ескеретін болады. Біз үшін халықтың әл-ауқатын арттыру, білім және денсаулық салаларын дамыту басым бағыт саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, АЭФ-2019  тағылымдылығы жағынан бұрын-соңды болмаған ауқымды көрсетті. Бірнеше жаңа форматтар пайда болды. Екі күн ішінде 50-ден астам сеанстар мен іс-шаралар өткізілді. Бұл форумның  12 жылдық тарихындағы рекорд­тық көрсеткіш болып табылады. Бұдан басқа, осы жылы студенттер мен жастар алғаш рет АЭФ Talks сессиясына тегін қатысуға және Нобель сыйлығының лауреаттары мен мемлекеттік саясат­керлерді қарсы алуға мүмкіндік алды. Сарапшылар форумның маңыздылығын жоғары бағалап отыр.

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close