Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ ҚАЖЕТ

Кеше Астанада Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

«Үкімет үйінің» фойесінде Елбасы цифрлық ақпараттық панел-тақта арқылы 2018 жылдың  қорытындылары бойынша  «Цифрлы  Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың барысымен және Электронды  үкіметтің хабар­ламалық орталығының  мәліметтерімен танысты.

Кеңейтілген отырыста  еліміздің  әлеуметтік-экономи­калық дамуының  қорытындылары қаралып,  экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз етудің шаралары белгіленді. Алқалы жиынды ашқан Президент  2018 жылдың  қоры­тындылары бойынша экономикалық көрсеткіштердің  оң динамикасын  атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев  Үкіметтің, Ұлттық Банктің және өңірлік әкімдіктердің  жұмыстарына оң баға берді. Ең төменгі жалақы көлемі 1,5 есе өскен. 500 мыңдай адам жұмысқа орналастырылған. 113 мың отбасы жаңа тұрғын үй алған. Кәсіпкерлік үшін барынша ыңғайлы әрі  жайлы жағдайлар жасалған, — деді Елбасы.

Мемлекет басшысы  бұдан былай  тұрғындардың  кірістері мен  өмір сапасы   мемлекет тиімділігінің басты көрсеткіші  болатынын, әрбір министр мен әкімнің жұмысы  осы нәтижелер бойынша бағаланатынын қадап айтты.

Бизнестің жол картасы аясында  385 миллиард теңге бөлін­гені, 20 мың жоба қаржылық қолдауға  іліккені, 180 мыңдай кәсіпкер тиісті біліктіліктен өткендіктері  тілге тиек болды.

Мал шаруашылығын дамыту, ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамта­масыз ету, осыған орай баға өсімін қадағалау, тұрғындар үшін  әлеу­меттік маңызы бар тауарлар баға­лары мен  тарифтерді тұрақты  ба­қы­лауды қамтамасыз ету  мәсе­ле­лері де  маңызды  бағдарлар ретінде аталды.

Әрбір салалық министрлікте, әкімдіктерде, ұлттық компания­ларда бұдан былай инвестициялық жұмысқа, экспортқа нақты орын­ба­сар тікелей жауап беретін болады. Еліміз шығаратын  жаңа 500-ден астам өнім әлемнің 110 еліне  экспортталғанымен де,  эко­номикалық құрылымға ықпал ететін жобалардың аздығы мәсе­лесі көтерілді. Көлеңкелі эконо­микамен күрес те назардан тыс қалмады,  оның  үлесін үш жыл ішінде  ең кем дегенде 40  пайызға қысқарту  міндеттелді.

Тұрғындардың  әл-ауқатын арттыру мәселесіне Елбасы ерекше көңіл бөліп, Үкіметке, әкімдік­терге  нақты тапсырмалар берді: «Мен  өмір сапасын мемлекеттік  маңызды бағдарға қойдым, өйткені  жергілікті жерде адамдарды не толғандырып, алаңдататынын жақ­сы білемін. Өмір сапасы – аб­страктілі ұғым емес. Бұл – тұр­ғын үйлер, білім беру, ден­саулық сақ­тау, әлеуметтік көмек, эколо­гия, жолдар, қоғамдық көлік, қауіп­сіздік, жайлы өмір. Бірінші кезекте халықтың  өзекті мәселе­лерін шешу қажет», — деді Прези­дент.

— «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша  тұрғын үйдің рекордтық көрсеткішіне жеттік –  12,5 мил­лион шаршы  метр. Құрылыстың мұндай үлкен ауқымы бұрын-соңды болған емес. «7-20-25» бағ­дарламасы бойынша 3,7 мың қазақ­стандықтар  жаңа баспана алды», — деп атап көрсеткен Елбасы  «мил­лиондық» қалаларда  жастар үшін   жалға бері­летін тұрғын үй құры­лысын жал­ғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындарды сапалы біліммен қамтамасыз ету мәсе­лесіне көңіл бөлінді. «Өткен жылы  70 жаңа мектеп салынды. Жал­пы, барлық мектептерді толық­қанды  Интер­нет­пен, сондай-ақ мектеп көлік­терімен қамтамасыз ету қажет», — деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Сонымен бірге, денсаулық сақтау жүйесіндегі тың қадамдар да құптарлық. 16 миллион электронды денсаулық төлқұжаттары жасал­ған, «жедел жәрдем» қызметі жаң­ғыртылған. Елбасы бұдан былай  дәрі-дәрмек бағаларының шектен тыс қымбаттауына жол бермейтін, бағалары реттелетін, бақылауға алынатын Заңға қол қойғанын мәлімдеді. Үш жыл ішінде  жедел жәрдем қызметтерін автокөлік­термен және  реанимобилдермен  қамтамасыз ету мақсатында 27 мил­лиард теңге  бөлінетін болды.

Мемлекет басшысы  алқалы жиы­ннан кейін Астана, Алматы, Шымкент қалаларының басшыла­рымен және  облыс  әкімдерімен кеңес өткізді. Елбасы тұрғындар­дың әл-ауқатын арттыру  мен тұрмыс сапасын  жақсарту мемле­кеттің негізгі  міндеті  екенін және талантты жастарды жұмысқа тарту, оларға қамқорлық көрсету, су тасқындарының алдын алу, баға, тарифтер бағамын  бақылау және т.б. мәселелерді  тұрақты назарда ұстау қажеттігін ескертті.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *