Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҚАУІПСІЗ ӘРІ ӘДІЛЕТТІ ӘЛЕМ ҚАЛЫПТАСТЫРУ – НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕ

Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында   Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІ съезі өтіп жатыр. Кеше  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев съездің пленарлық отырысына қатысты.

– Алғашқы тарихи съезден бері 15 жыл уақыт өтті. Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық, – деді Елбасы.

Президент түрлі мәдениет, дін және мемлекет көшбасшылары арасында өзара сыйластық, сын­дарлы ынтымақтастық идеяларын нығайту ісіндегі Қазақ­станның тәжірибесі, толеранттылық, жасам­паздық идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілету жолында Қазақстанның жұмсаған күш-жігері мен Елорданың рөлі жөнінде айтты. Әлемдік қоғамдас­тықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру жөнінде рухани көшбасшыларға ұсыныс білдірді.  Геосаяси шиеленістің және санкциялық текетірестің өршіп келе жатқанына арнайы тоқталды.

– Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проб­лемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыстың иірі­мінен шыға алмай келеді. Көп күш-жігер ынтымақ­тастықтың негізін қалауға емес, бәсеке үшін сылтау іздеуге, халықтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын бірлес­кен жобаларға емес, бірін-бірі қырып-жоятын құрал жасауға бағытталып отыр. Технология­ның қарыштап дамуына, жалпыәлемдік байлықтың артуына қарамастан, әлеуметтік кеселдің ауқымы арта түсуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, жер шары халқының 14 пайызы аштықтың азабын тартып отыр. Жұмыссыздардың жалпы саны 190 миллион адамнан асты. Бұл радикализмнің өріс алуына негіз болатын әлеуметтік теңсіздікті күшейте түседі. Сондықтан қауіпсіз әрі әділетті әлем қалып­тастыру негізгі мәселе болып саналады. Қазақстанда 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъек­тілері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстан­дық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжіри­бесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін. Ақпараттық қоғам дәуірінде біз бейбітшілік пен келісім идеясын жаһандық деңгейде ілгерілету үшін жаңа технологиялардың барлық артықшылығын пайдалануымыз қажет. Сол үшін Съезіміздің база­сында Ақпараттық портал құру ұсынылып отыр. Қазақстан алдағы уақытта да бар күш-жігерін өңір­лік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты мәселе­лерді шешуге жұмылдыра береді. Айтылған баста­маларды бірлесе жүзеге асыру үшін Конфессия­аралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөнінде Орталық құруға дайынмын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *