Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Ана тiлiн игерген 10 миллионнан астам қазақ болса, байлықтың ең үлкенi осы болар едi» Кеше Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бiрлiк, жаңғыру» атты ХIХ сессиясы өттi

Думан АНАШ

«Астанада ашаршылық құрбандарына арналған ескерткiш ашылады»

Қазақстан халқы ағымдағы жылы 31-мамыр күнi саяси репрессия және ашаршылық құрбандарын еске алады. Кеше Қазақстан халқы ассамблеясының «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бiрлiк, жаңғыру» атты ХIХ сессиясында сөз сөйлеген Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай дедi.

«Биыл екi трагедиялы дата қатар келiп отыр. Бұл – 30-жылдар басындағы жаппай ашаршылықтың 80 жылдығы және жаппай саяси қуғын-сүргiннiң 75 жылдығы. Бұл трагедиялардың орнын ештеңе толтыра алмайды. Жалпы есеп бойынша, аштық пен аурудан Қазақстан, Белоруссия, Ресей және Украинада 7 миллион адам құрбан болды. Аштық пен аурудан жанын аман алып қалу үшiн 600 мың қазақ өзiнiң туған атамекенiн тастап кетуге мәжбүр болды. НКВД органдарының ресми дерегi бойынша, 1937 – 1938 жылдары кеңестiк одақ аумағында 1 жарым миллионнан астам адам тұтқындалып, 680 мың адам атылған. Сондықтан, 31-мамырда бiз жыл сайын саяси қуғын-сүргiн мен аштық құрбандарын еске аламыз. Осы күнi Астанада құрбандарды еске алуға арналған монумент ашылады», – дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

«Ұлтаралық келiсiм саясаты – БҰҰ-ның да негiзгi ұстанымы»

Қазiргi кезде әлем бiрлiкке қалай жетуге болатынын iздеп, бас қатыруда. Кейбiр әлемдiк ұйымдар бұл ретте Қазақстандағы тұрақтылық негiзi болып отырған ұлтаралық келiсiм саясатын құптап отыр. «Жуырда бiздiң Пан Ги Мунмен өткен кездесуiмiзде, ол: «қазақстандық Ассамблеяның жолы, бұл – БҰҰ-ның да ұстанымы» деп атап өттi. Мұның бәрi бiздiң елiмiздiң дұрыс жолмен дамып келе жатқандығын көрсетедi», – дедi Елбасы.

Қазақстан халқын бiрлiк мерекесiмен құттықтап, сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның әр сессиясы елiмiз үшiн тағдырлы, түбегейлi шешiмге толы болатынын атап өттi.

«Бiз бүгiн тұрақтылық, бiрлiк, жаңару ұғымдарын басқосудың күн тәртiбiне шығарып отырмыз. Тұрақтылық – бiздiң татулығымыз берiк болуы үшiн табан тiрейтiн тұғырымыз. Бiрлiк – баға жетпес басты байлығымыз. Жаңару – келер күнгi кемел келешекке жетелейтiн жарқын жолымыз. Осы үш ұғым бiздiң мызғымас мемлекетiмiздiң тұтастығына тiрек болып табылады. Үндестiгi мол үйлесiмдi шара, мерейлi мемлекетiмiздiң қасиеттi құндылығы болып табылады», – дедi Президент.

«Халықтық-IРО» бағдарламасын түсiндiруге Қазақстан халқы ассамблеясы да араласуы керек»

Нұрсұлтан Назарбаев «Халықтық-IРО» бағдарламасын түсiндiру жұмысына Қазақстан халқы ассамблеясы да белсендi араласуы керектiгiн жеткiздi.

«Халықтық-IРО» нарығына 2015 жылға дейiн сатылы түрде «Қазтрансойл», «КЕГОК», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго», «Қазақстан темiр жолы», «ҚазМұнайГаз» секiлдi бiрқатар компаниялар шығарылатын болады. Капиталистiк әлемде, баяғыдан-ақ барлық азаматтар iрi кәсiпорындар акцияларын иеленедi, дивидендтер алып, пайда табады. Бiз бұған дейiн мұнымен айналыса алмадық. Қазiр мұны жұртшылыққа кеңiнен түсiндiрiп жатырмыз», – дедi Мемлекет басшысы.

Президенттiң айтуынша, мемлекет ел байлығын халықпен бiрге басқаруды ұсынады, алайда, бұл – жалпыбұқаралық жекешелендiру емес, лайықты өмiр сүрушiлер үшiн жасалатын жаңа үдерiс.

«Мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарының 70 пайызы қазақ тiлiнде жарық көредi»

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттiк тiлдiң ахуалына қатысты да өз ойын бүкпесiз айтты.

«Қазақ халқы мен мемлекеттiк тiл – дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамды бiрiктiрушi ядро ретiнде ықпал ететiн болады. Бұл үдерiс объективтi түрде жүргiзiлуде. Мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарының 70 пайызы қазақ тiлiнде жарық көредi. Қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектептерде оқып жатқан оқушылардың саны 63 пайызды құрайды», – дедi Президент.

2020 жылға қарай қазақстандықтардың 90 пайызына қазақ тiлiн меңгеруге қол жеткiзу мiндетi жүктелгенiн айтқан Президент: «Мемлекеттiк тiлдi меңгеруге алдымен өзiмiздiң қандастарымыз оң үлес қосуы керектiгiн айтып келемiн. Елiмiзде 10 миллионнан астам қазақ болатын болса, және олар түгел тiлдi игерсе, байлықтың ең үлкенi осы болар едi. Eзiмiз, бәрiмiз игерсек, сөйлесек, осындай орта пайда болатын болса, барлық мәселемiз шешiледi. Қазақ тiлi баршаны бiрiктiретiн, жастарды жақындастыратын татулық тiлiне айналуы тиiс», – дедi Президент.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *