Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: АЛМАТЫҒА СЫЙМАЙ ЕМЕС, ҚИМАЙ КЕТІП БАРАМЫЗ

(Геосаясат ықпалы қазаққа оңтайлы әсер етті)

 

Мәскеу мен Петербург, Вашинг­тон мен Нью-Йорк, Анкара мен Стамбұл. Бұл шаһарлар іргелі мемлекет­тердің қос аста­насы санала­ды. Ресми астана әлбетте, біреу. Бірақ ресми астанамен бәсекелестіріп, ха­лық­тың түсі­нігінде екінші астана сана­лып жүрген қалалар да осылар.

Осыдан жиырма жыл бұ­рын осындай мәртебелі ша­һарлар санатына Астана мен Алматы қосылды. Жалпы, гео­саясат тұрғысында қа­зақ­­тың іргелі мем­лекет­тер­мен бәсекеге түсе ала­тын бренд­тері аз емесін бұл күн­де екінің бірі біледі.

Өмірзақ МҰҚАЙ

Астана бүгінде әлемдегі ең заманауи да, урбанизацияланған қалалардың бірі саналады. Тіпті, посткеңестік ауқымда сәулет пен сән жөнінен оған теңесер қала жоқ деген түсінік те басым. Расын­да да Астананың архитектурасы бұрын­ғы Кеңестер Одағы аймағындағы шаһар­лардың бірде-біріне ұқсамайды. Әр ғимараттың өзіндік айтар ойы, архитек­туралық тұжырымы бар.

Дегенмен, халық арасында ару Алматының культі сол баяғы қалпында қалды. Алматы – қашан да Алматы, дейді бұқаралық түсінік. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде қазақ қоғамында осы екі қазақы мегаполисті бір-бірімен салыстырып жүретіндер де кездесіп қалады. Алайда, бізге салса, Алматы­ның да, Астананың да өзіндік мәртебесі бар. Өзіндік беделі бар.

Таяуда Нұрсұлтан Назарбаев біздің қаламыз туралы өз пікірін «Казахстан­ская правда» газетіне берген сұхбатында түсінікті етіп айтып берді.

Шын мәнісінде заманның тар шағын­да астананы ауыстыру нағыз тәуе­кел болатын. Марқұм Ислам Кәрі­мовтің Қазақстанға келген бір сапа­рында Нұрсұлтан Әбішұлының осы ерлігіне таңдай қағып:

– Қиын шақта мұндай қадамға бару үшін жолбарыстың басындай жүрек керек қой! – дегені де есте.

Елбасының «Казправдаға» берген сұхбатында мемлекет тарихында елеулі ізі бар осы бір оқиғаның біраз сыры бұқа­раға таныс болды. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы алдымен Алматының қолай­сыз экологиялық жағдайын айта келіп, шаһардағы ауаның жыл сайын бұзылып бара жатқанын, жаппай құрылыстың Алатауға барып тірелгенін, қаланың жоспарсыз өсіп бара жатқанын алды­мен айтты.

Ақиқатында, Президент бұл мәсе­лені алдыңғы жылы да көтерген. Ала­таудан есетін салқын самалдың жолын бөгеп тұрған заңғар үйлерге қынжылыс білді­ріп: «Осыдан бастап тауға жақын маңайда биіктігі 6 қабаттан асатын үй салуға тыйым салынсын», – деген-ді. Алайда, ішінара мемлекет басшысының бұл талабы да толық орындалып жатқан жоқ.

– Оның үстіне әуежай ауданындағы бір сейілмейтін тұман шет ел мемлекет­терінің жетекшілерінің ресми сапары кезінде қолайсыздық тудырады. Осы жылдар ішінде Алматының қанша­лықты өскенін біз жақсы білеміз. Алда-жалда қаланың экологиялық мәселесі шешілмесе, жағдай қиын болады. Елорданың солтүстік Арқаға көшірі­луінің басты бір себебі де осында, – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Қазіргі Алматы Орта Азиядағы ең ірі қала саналады. Көлемін айтпағанда, халық саны жағынан да бұған дейін аймақтың ең басты шаһары саналып келген Ташкенттен әлдеқайда үлкен деген деректер де бар. Жалпы, пост­кеңестік ауқымдағы түркітілдес мемле­кеттер арасында қазіргі кезде халық саны жөнінен Алматыдан алда тұрған жалғыз ғана қала бар. Ол Әзербайжан астанасы Баку.

Мемлекет басшысы қордаланған экопроблемаларына қарамастан, Алма­тының әлі де сол баяғы ару қалпын сақтап келе жатқанына баса тоқталды. Әрі Қазақстанның ең ірі мегаполисі де осы біздің Алматы.

– Әрине, Алматы мен оның табиға­тының сұлулығы ешкімнің күмәнін тудырмайды. Алайда, жасыл өскінге, заманауи архитектуралық кереметтерге, Алатаудың ғажайып панорамасына таңдай қағып отыра беруге болмайды. Халықты ең басты проблема – экология мәселесін бірігіп шешуге жұмылдыру қажет. Оның үстіне мегаполистің экономикасын дамыту да келелі міндет саналады, – деді Елбасы.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары­ның түрлі қауіп-қатерге толы болғаны да өтірік емес. Тіпті, іргесі толық бекі­меген, ықпалды көршілермен шекара дауын түбегейлі шешіп үлгермеген жағдай шынында да қауіпті-тұғын. Оның үстіне қазақ даласының солтүстіктегі облыстарына ықылым заманнан бері орыстану қатері төніп тұрды. Ол аз десеңіз, Солженицын сияқты керемет­тер «солтүстік Арқа – қазақтың емес, орыстың жері» дегенге дейін барған.

Шынында да геосаясат тұрғысынан алып қарағанда, қазақ даласына саяси салқын жел ұдайы солтүстік тараптан төніп тұратын. Сол солтүстік өңірден Астана сияқты бір миллиондық қазақы мегаполис құрудың арқасында қазір ондай қатердің беті қайтты. Астанамен бірге солтүстік Арқаға қазақы рух жетті. Бүгінгі Астана – бүгінгі көзі көкши­ген салқын қала емес. Одан қазақы рухтың иісі аңқиды.

Астананың солтүстікке көшуінің пайдасы өңірдегі аймақтарға да тигенін айта кетуіміз керек. Астанадан әрі қазақ даласының інжу-маржаны көрікті көгілдір Көкше жатыр. Әлбетте, Көк­шеге көз қызықтырмайтын адам жоқ. Облыс орталығы Көкшетау қаласында кеңестік дәуірде 22-ақ пайыз қазақ тұратын. Астанамен бірге солтүстікке көшіп барған қазақы рухтың арқасында қазір Астананың солтүстіктен соққан желінің (саяси жел деп түсіну ләзім) өтінде тұрған Көкшетау қаласы бүгінде 80 пайыз қазақ шаһары. Ол да Елбасы жүргізген стратегиялық дана саясаттың жемісі деу ләзім.

– Елорданы солтүстікке көшіру идеясы мені қатты толғандырды. Әрі осы ойыма қатты берілдім. Сөйтіп, елдің нақты жағдайын талдап, жас мемлекет­тің іргесін қалай нығайту керек екенін ойластыра келе нақты бір ой түйдім. Әрі ол маған оңайға соққан жоқ. Оны да жасырмай айтуым керек. Елорданы көшіру деген сөз Алматыны тастап кету деген сөз еді. Ал мұндай ғажайып қала­ны тастап шығу кімге оңай соқсын?! Оның үстіне Алматы ел тәуелсіздігінің алтын бесігі болды. Тәуелсіздік туралы Декларация осы қалада қабылданды. Алайда, заманның геосаяси ағымына сәйкес бізге осындай берік байлам жасауға тура келді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Елбасының айтуынша, Алматының жаңа мемлекеттің астанасы бола алма­уының тағы да бір себебі бар. Кеңестік социалистік республиканың астанасы болып қалыптасқан бұл қалада сол замандағы салқын саясаттың әсері жататын.

Осылайша ел тарихында айрықша мәні бар мемлекеттің астанасын ауыс­тырудың нақты себебі Мемлекет басшысының өз аузынан айтылды. Шын мәнісінде бұл қазақ басшылығының көрегендігін тағы да бір дәлелдеп берді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *