НҰРЛЫ ЖОЛ ДЕГЕНІМІЗ — ОСЫ

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

akhmet_baytursynov

Қали СӘРСЕНБАЙ

Жылдың басында баспасөзде Мемлекет бас­шы­­сының дәстүрлі Жолдауы жарияланды. Осы Жолдауында Елбасы Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы басталғанын айтты. Әрине, бұған дейін де еліміз саясат, экономика саласында айтулы жетіс­тіктерге жетіп, Тәуелсіздік тұғыры нығая түскеніне бәріміз куәміз. Әу бастағы екі жаңғырудың бүгін­де сәтті орындалуы бізді ендігі жерде ұлы мақ­саттарымызға одан әрі батыл қадам басуға алып келді.

Жолдауда еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін үшінші жаң­ғыруды қолға алу қажеттілігінің басым сипаттары да аталып көрсетілген болатын. Дейтұрсақ та, осыдан көп уақыт өтпей Елба­сының «Егемен Қазақстанда» «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласы жарияланды. Демек, бір жағы­нан алғанда, Жолдау осы мақаланың бас­тауындай, хабаршысындай, сүйіншісіндей көрінгені де рас. Қазақ тілінде жазылып, өзге тілге аударылған мақаласында Елбасы, сайып келгенде, ел көкейіндегі көптен күткен сөзді айтты. Қоғам дүр сілкінді. Өйт­кені, әңгіме халықтың жаны мен жады­нан, рухынан жаралған ұлы мәдениеті, руханият туралы еді. Әр ұлттың, халықтың өзінің болмыс-бітімі, бет-бейнесі болады. Мақалада айтылғандай, біртұтас ұлт болудың негізі осы рухани кодыңнан, яғни, рухани тамырыңнан ажырап қалмауда жатыр. Демек, ананың сүтімен, атаның күшімен, бабаның қанымен сіңген қасиетті мұрамызды сақтап қала алмасақ, онда кешегі құлдық санаға қайтып оралуымыз, ашық күнде адасуымыз түк те қиындық тудырмайды. Елбасының «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деуі де содан.

Әрине, Елбасы бұл бағыттағы ойларын әркезде айтып жүрді. Мәселен, «Тарих толқынында» атты кітабында былай дегені бар еді.

«Біз, түптің түбінде, қазақтың бәрін қазақ етудің қамын жасауымыз керек. Ал оның негізгі тірегі – ұлттық мәдениет. Жеке адам да, тұтас халық та тек тарихымен, мәдениетімен ғана мақтана алады. Кез-келген неміспен сөйлесіп көріңізші, ол сізге алдымен «Мерседесін» емес, классикалық музыкасын айтады, кез-келген французбен сөйлесіп көріңізші, ол сізге тамаша жолдарын немесе керемет парфюмериясын емес, ғажайып әдебиетін, Луврдағы жауһар туындыларын айтады».

Демек, Мемлекет басшысы осынау бір­тұтас ұлт рухын, оның рухани-мәдени тегін саралап, айшықтап, нақтылап көрсеткен мақаласына дейін де оның алғышарттарын санаға сіңіріп те қойған. Сондай-ақ, осы мақаланың алтын бастауы ретінде бұған дейін 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдар­ламасының аясында ел өңіріндегі мәдени-тарихи ескерткіштер, жәдігерлерді жаңғыр­тып, оларды түгендеуге жол ашса, 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дар­ламасы арқылы әлемнің мұрағатта­рындағы төл тарихымызды зерттетіп, бір жүйеге келтіріп, оның жұмысына таңдаулы ғалымдарды жұмылдырды.

Тарих демекші, «Біздің тарих ол-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп Қадыр Мырзалиев айтқандай, күні кешеге дейін біздің тарихымызды «жең­ген халықтың» жазып келгені төрткүл дүниеге мәлім ғой. Алайда, «жауды құртуға болады, жеңуге болмайды» деген де сөз бар. Демек, «жыланды үш кессең де, кесіртке­дей қауқары бар» демекші, ұлы импе­рия­­лық үстемдіктің әлі де жаны сірі екенін бір сәт естен шығармау керек. Бұл мақала да сол жайды еске түсіріп, ескертіп отырады. Тарихқа бір халықтың ғана көзімен қарап, еуроцентристік көзқарастың жетегінде кеткеніміз де рас. Әлихан Бөкейханов айт­пақшы, ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздей алмадық. Себебі, бізді оятпау керек еді.

Мақалада былай делінеді:

«Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы заман­дардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам  танымастай өзгеріп, ас та-төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұл­пардың тұяғымен ғана тапталған дала­ның барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тарт­саң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақ­тарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.

Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы.

Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамы­рымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек».

Бір мысал келтірейін.

Тоқырау жылдарында Қазақстанның халық суретшісі Қанапия Телжановтың «Ата-баба жерінде» («Атамекен») атты кар­тинасы кейбір оқулықтарда жарияланып жүрді де кейіннен түсіп қалды. Бұл Қазақ­стандағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына қарсы жазылған туынды еді. Әлгі картинадағы көрініс мынадай: соңына құлынын ерткен ат үстіндегі ақсақал жыртылған жердің үстінде тұр. Басында қазақы тымақ, қолында қамшы, жүзі сұсты. Анадай жерде құлап бара жат­қан балбал тас. Бұл сол кезеңге, қоғамға қарсылықтың өнердегі көрінісі еді.

Мақалада айтылғандай, ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Яғни, тарихты «жеңген ұлт» жазды. Әлгі Телжановтардың карти­налары оқулықтардан аластатылып, оның орнын В.Васнецовтың «Үш батыры» алмас­тырды. Сайып келгенде, бұл кезең Елбасы айтқанындай, ұлттың емес, аумақтың жаң­ғыруы еді. Біздің тарихымыз жаңғыру емес, жаңғырыққа айналды. Оның бір дәлелі, кезінде 90-нан астам ұлт пен халық өз болмыс-бітімінен айрылып, империялық орталықтың аранына жұтылып кеткенін айтсақ та жеткілікті.

Әрине, өткенге топырақ шаша беруге болмас. Дейтұрғанмен де кеңес өкіметі тұсындағы еліміздің бастан кешкен рухани дағдарысын аға буын, орта буын өкілдері жақсы білсе керек. Тарихта тоталитарлық жүйе деген атпен қалған кезеңде Қазақ­станда 700 мектептің жабылғаны арнайы деректерден мәлім. Мәселен, Алматыда кезінде бір ғана қазақ мектебі болса, Таш­кенде 30 қазақ мектебі болды. Бүгінде құ­дайға шүкір деп айтайық, бір ғана Алма­тының өзінде 65 қазақ мектебі, 82 балабақ­ша бар. Сон­дай-ақ, әріге бармай-ақ, кешегі Колбиннің тұсына оралсақ, Әуезов театры­ның, Құрманғазы оркестрінің репертуар­лары да қарауылға ілінгенін қайтіп ұмытуға бола­ды. «Дүние – кезек» деген, біз тарихқа есесі кеткен халықпыз. Ендігі жерде осындай ішкі отаршылдықтан арылу да тек қана өз қолымызда.

Бізге жаһандану әлдеқашан келді. Батыстың қаңсығы бізге таңсық көрініп, ұлттың рухани даму үрдісіне еніп, әр отбасына алшаңдап кірді. Бізге енді сол қамыттан шығу үшін тез арада өзіміздің бағыт-бағдарымызды айқындап алу керек. Мақалада оның да кілті табылған. Демек, бұл ретте көмекке келетін, ғасыр тезінен өткен өзіміздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз, төлтума мәдениетіміз бар. Соның озығын алып, тозығын тастау керек.

Дәстүр дегенде біздің Алатау ауданында қайта жаңарып ашылған дәстүрлі өнер театрының жұмысын айта кетуге болады. Қазірдің өзінде бұл театр өзіне жұртшылық назарын аудара бастады. Алатау ауданы шын мәнінде қала мен даланың өркениеті, мәдениеті тоғысқан жер. Ендігі жерде бұл өнер отауында ұлттың рухани болмысы бедерленіп, буырқанып жатуы керек. Ұрпақ­тар сабақтастығы, өнердегі нәзира үрдіс жалғасын табуы керек. Таяуда осы мақаланы талқылауға арналған Алматы активінде қала әкімі Бауыржан Байбек мырза айтулы мақаланың мән-маңызын ашып беретін бекзат баяндама жасады. Өз сөзінде Алматының ұлт руханиятының көшбасында екендігін орынды дәлелдермен келтірді. Алматы шын мәнінде соңғы жыл­дарда рухани өрлеуді, жаңғыруды бастан кешті. Қаланың көп жылдардан бері тар­тыста болған мыңжылдығы тойланып, оған Елбасының өзі қатысты. Универсиаданың ашылуы да, ондағы бар дәстүріміздің жаң­ғыруы, Атлеттер ауылындағы ғажайып көрі­ністердің бәрінің осы аудан аумағында, шетелдіктердің көз алдында жаңғырып, тәнті еткені естен кетпейді. Сондай-ақ, осы заманғы технологияға сай ұлттық мұра­жайдың қайта жаңғыруы, мультимедиялық орталықтың ашылуы Алматының шын мәніндегі өзінің тұнық бастауларына қайта оралғанының дәлелі еді. Сонымен қатар, Алматыға айтыстың оралып, орныққанын басылымның өткен нөмірінде Жүрсін Ерман жақсы айтты. Қала әкімі атап көр­сет­кеніндей, бұл мақалада Елбасы жасам­паз ұлт формуласын сомдап шықты. Бұл бізге темірқазықтай, бұлжымас ең басты рухани бағдар болуға тиіс. Таяу он жылдықта реализм мен прагматизмге негізделген ұлттың ұраны болуға тиісті.

Алматы – Алаш ардақтыларының табанының ізі қалған қасиетті мекен. Алматы – ұлтымыздың байырғы интел­лигенциясының отаны. Ендігі жерде кеше мен келешектің ізгі дәстүрлерінің озығы осы жерде қайта жаңғыруы да заңдылық.

Дүниежүзілік анықтамалықтарда, оның ішінде атақты Британ энциклопе­диясында мәдениет ұғымына 200-ге жуық анықтама берілген. Алайда, өзіміздің Жүсіпбек Айма­уытовтың «Мәдениет деге­ні­міз – өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» деген анықтама­сына ештеңе жете қоймас. Қазақ­тың ұлы мәдениеті барда кез-келген дағда­рыстан шығуға болады. Қытайлықтар дағда­рысты «қауіпті» әрі «мүмкіндік» деп қарастырады. Соның ішінде, «мүмкіндікке» көбірек иек артады. Біз үшін де сол ұлы мүмкіндік туды. Біздің атап өтер бақы­тымыз сол, мүмкіндіктер кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Демек, көп нәрсе өз қолы­мызда екен.

Бұл мақала бізді отаршылдық зардап­тарын жоюға жұмылып жұмыс істеуге бастайды. Бізде отаршылдықпен күрес әлі күнге дейін өз деңгейінде жүргізілмей келеді. Ең алдымен, осы кесапатпен күресті дұрыс жолға қоймай, қазіргі жас буынның бойында отаншылдық сезімді қалып­тастыру, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге қол жеткізу мүмкін емес. Елбасының қа­зірдің өзінде Үкіметке нақты тапсырмалар бергенін ескерсек, әсіресе, мектептен бастап қосымша елтану, тұлғатану, т.б. бағытында пәндер жүргізіле бастауы керек.

«Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түр­де ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеоло­гиялар пайда болады» делінген мақалада.

Біз не көрмедік? Біздің басымыздан не зұлмат өтпеді? Айналып келгенде, револю­циялар біздің халыққа ештеңе берген жоқ, уақыттың өзі енді тек қана эволюциялық өсуді таңдап отыр. Біз ұзақ жылдар бойы коммунистік идеологияның қыспағында қалдық. Ол тек қана адастырды. Енді адас­пауымыз керек. Сұлтанмахмұттың айтқа­нындай, «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз, енді Алашты ешкімнің қор­лауына бермейміз». Біз енді ұлттық, елдік мәселеде қателеспеуіміз керек. Біз енді тек қана рухани кемелдікке ұмтылуымыз керек. Жағымпаздыққа емес, жасампаз­дыққа ұмтылуымыз керек. Құндылықтарды айқайға, шоуға айналдырмау керек. Алды­мен ауруды емес, адамды емдеуге кірісуіміз керек. Бізде бәрі де болған, бәрі де бар, енді соның бағасын білуіміз керек. Ішкі рухани  қуаты күшті, кемел адам тәрбиелеуге кірісуіміз керек. Ол үшін әркім өзінен бас­тауы керек, әркім өз ісімен айналысуы керек. «Қазақстан маған өзімнен де қастерлі» деп Әбіш айтпақшы, біздің бар ісіміз қасиетті  Қазақстанға арналуы керек.

«Мәңгілік ел», «Ұлы дала елі» идея­сының тұғыртасы осы. Ұлттық идеология дегеніңіз осы. Ұлттың басты идеологиялық құжаты осы болуы керек.

«Егер заң арқылы басқарылса, жазалау арқылы реттелсе, халық аяғын тартады, бірақ, ұятты сезінбейді. Егер ізгілік арқылы басқарылса, оны дәстүрге айналдырса, халық ұялып қана қоймайды, көндігуге тырысады» деген екен ұлы Конфуций.

Демек, ұятты сезіну үшін қоғамды, мемлекетті ізгілік арқылы басқарған жөн. Ал ізгіліктің бар негізі руханиятыңда, мәдениетіңде, ұлы өнеріңде жатыр. Енді біз осы жолға түсуіміз қажет. Нұрлы жолымыз осы жол болса керек қой.

Алматыда кезінде бір ғана қазақ мектебі болса, Ташкенде 30 қазақ мектебі болды. Бүгінде құдайға шүкір деп айтайық, бір ғана Алматының өзінде 65 қазақ мектебі, 82 балабақша бар. Сондай-ақ, әріге бармай-ақ кешегі Колбиннің тұсына оралсақ, Әуезов театрының, Құрманғазы оркестрінің репертуарлары да қарауылға ілінгенін қайтіп ұмытуға болады. «Дүние – кезек» деген, біз тарихқа есесі кеткен халықпыз. Ендігі жерде осын­дай ішкі отаршылдықтан арылу да тек қана өз қолымызда.

Бұл мақала бізді отаршылдық зардаптарын жоюға жұмылып жұ­мыс істеуге бастайды. Бізде отаршылдықпен күрес әлі күнге дейін өз деңгейінде жүргізілмей келеді. Ең алдымен, осы кесапатпен күресті дұрыс жолға қоймай, қазіргі жас буынның бойында отаншылдық сезімді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге қол жеткізу мүмкін емес. Елба­сының қазірдің өзінде Үкіметке нақты тапсырмалар бергенін ескерсек, әсіресе, мектептен бастап қосымша елтану, тұлғатану, т.б. бағытында пәндер жүргізіле бастауы керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *