«Нұр Отан» өз қатарын жемқорлардан белсендi түрде тазартуға кiрiстi

551Бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі аймақтық кеңестер басшыларының Республикалық семинар-кеңесі өтті.

Кеңес барысында «Нұр Отан» партиясы Доктринасы тұрғысында Қазақстанда Жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің, партияның азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-әрекетінің тиімділігін арттыру, ЖҚРҚК-нің басшылығымен және құқыққорғау органдары жанындағы Қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимылда аймақтық қоғамдық кеңестердің жұмысын ұйымдастыру және рөлін арттыру жөніндегі шаралар талқыланды.

Кеңесті ашқан партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында  жемқорлықпен күресті күшейтуді» тапсырғанын атап өтті.

«Осы айрықша межеге абыроймен жетуіміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы ерік-жігер көрсетіп, халықтың санасына оң әсер ете алуымызбен тікелей байланысты. Бұл барша қазақстандықтардың, қоғамдық институттардың партия аясында бірігіп, ортақ іске атсалысуын талап етеді», – деді Бауыржан Байбек.

«Мемлекетте, қоғамда қажеттiлiк туындап отырғанда жемқорлыққа деген ымырасыздық санасына мықтап бекуi үшiн жүйелi түрде жұмыс атқаруымыз қажет. Бұл мiндеттi табысты орындауда «Нұр Отан» мен мемлекеттiк органдар iс-қимылы азаматтық қоғам институттарымен үйлесiмдi болып, ол жалпыұлттық сипатқа ие болуы маңызды. Оған партияның депутаттық фракциялары, қоғамдық қабылдау, электрондық партия жүйесi, партиялық пiкiр алмасу алаңшалары, БАҚ өкiлдерi белсендi қатысады және қажеттi оң серпiн беруге қабiлеттi. Осы мақсатта партия жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жөнiнде жаңа бағдарлама жобасын дайындады», – деп атап өттi ол.

Оның айтуынша, ең бастысы жемқорлыққа қарсы iс-қимылды партия қатарынан ғана емес, мемлекеттiк қызметкерлер мен саяси шешiм қабылдайтын лауазымды тұлғалар арасында да жүргiзу қажет. Оған елдегi ұлттық заңнама тұрғысынан да, өзге салалар бойынша да жағдайлар жасалған. «Партия бiр жағынан мемлекеттiк органдарға бақылауды сапалық тұрғыда күшейтуге, екiншi жағынан тәртiптi күшейтуге және өз қатарын тазарту шаралары арқылы қоғамға үлгi көрсетуге мүдделi», – дедi Б.Байбек.

«Нұр Отан» партиясының Доктринасында атап көрсетілгендей, «жемқорлықпен күрес бәріміздің және әрқайсымыздың міндетіміз болып табылады. Жемқорлық мемлекеттілік пен демократияның негізін әлсіретеді. Сондықтан партия жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жасау үшін және қоғамда оның кез-келген көрінісіне төзбеушілікті қалыптастыру үшін жүйелі жағдайлар жасайтын болады. Мемлекеттік басқару жүйесі қоғамдық бақылау үшін барынша айқын және қолжетімді болуы тиіс».

Осы саладағы анағұрлым кең тараған қылмыстар лауазымды адамның пара алуы және қызмет бабын пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденуі немесе талан-таражға салуы, алаяқтық белгілері бойынша қылмыстар болып табылады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес  партия мүшелері  арасында да жүргізілуде.  Өткен жарты жыл ішінде партия қатарынан 25 мың адам шығарылды.  Партия тәртібін, Жарғыны өрескел бұзған, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар жасаған тұлғалар  партия қатарынан аластатылуда.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отанның» Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов  қоғамда мемлекеттік қызметке орналасу үшін міндетті түрде жақын туысқаның болуы немесе шешім қабылдаушыға пара беру керек деген ұғым қалыптасып кеткен. Барлығы тек осылай ғана ілгері жылжуға болады деп сенеді. Бұл дұрыс емес, алдымен адамның санасы таза болуы керек дейді.

Ол, сондай-ақ, бос лауазымды орындарды иелену үшін байқауларға қатысатындар ұйымдастырушыларға сенбейтінін айтады. Елімізде қаржы, банк жүйесі, құқық қорғау, қадағалаушы органдар сыбайлас жемқорлыққа белшеден батты. Көзге түсе бермейтін ұсақ парақорлық әрекеттері білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету саласында етек алған.

«Парақорлық ұсақ-түйек тұрмыстық мәселелер мен  қызмет жағдайын жақсартуды шешу құралы ретінде дендеп кеткен.  Әрине, мұндай құқық бұзушылықтар ірі жемқорлық әрекеттердің туындауына алып барады. Бұл мемлекеттік жүйе осындай көзқарастың қалыптасуына  жол беріп отырғанын көрсетеді», – деп атап өтті Қуаныш Сұлтанов.

Ол, ең алдымен, жастардың сана-сезімін өзгертудің қазіргі заманғы әдістерін қолдану қажет деген пікір білдірді. «Біз ерік-жігер мен табандылық таныта отырып, мемлекеттік қызмет, құқықтық жүйені жемқорлықтан тазартуымыз керек. Біз алдын алу шараларын қолдануға тиіспіз», – деді Қуаныш Сұлтанов.

Алмас БАЙДРАХМАН,

АСТАНА

21.04.2014

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *