Нұр-Нұрғиса

концертіне барсаңыз, пендешілік дертінен мәңгілікке арылып шығуыңыз әбден мүмкі

Қали СӘРСЕНБАЙ

 

Шіркін-ай, дейсің кейде. Қолың бостау болса, тек қана тұлғалар туралы ғұмырбаяндық эссе, хамса­ларды оқып, олардың ғажайып өмірінен, тіпті кем-кетігінен де тағылым түйіп, бүгінгі күн, бола­шақ үшін қажетті қаншама мағы­налы дүниелер жазу­­ға болар еді. Сірә, бізде сол тұлға­тануы­ңыз­дың наси­хаты кемшін болғаннан соң ба, әжептәуір дейтін адамдардың өзі де қазір адаса бастаған тәрізді.

Аса дарынды, талантты адамдарда, ең алды­мен мінез болады. Жәй күйіп-пісетін, отбасылық, ошақ қасының пендешілік мінезі емес, ұлтқа қыз­мет ете­тін ірі мінез. Әлихан Бөкейханов айт­пақшы, «ұлтқа қызмет ету білім­нен емес, мінезден». Қазақ деген халықты сақтап қалған да солардың мінезі еді. Бұл ретте ондай адамдардың тізімін жасасақ, санап тауыса да алмас­пыз. Өмір болған соң жақсылар мен жайсаңдардың өмірінде де пенде­шілік кез­дескен. Кейде соны оқып отырып, түңіліп те кете­сің. Мысал келтірсек, жетіп-артылады. Сөйте тұра ұлтқа өлшеусіз қызмет еткен адамды сол үшін тарих­тан сызып тастай алмайсың ғой. Оның бәрін тере берсең, тұлға қала ма бізде. «Жүремін біреу­лерге мен де өшігіп, қайтейін соның бәрі пенде­шілік» демеп пе еді, әулиедей ақын Тұманбай. Бірақ олар ұлт мүдде­сіне келгенде пендешілік атаулының бәрінен биік тұрған. Асанәлі Әшімұлы күнделігінде «Нұрғи­саның мінезін бензин құйып өртеп жіберіп, өнерін алып қалу керек» депті. Демек, ол бар мінезін өнер­ге жұмсады. Музыкамыздың Махамбе­тіне айналды. Халқын бақытты ететін өнер жасауға келгенде пендешіліктің бәрін ұмыт­ты. Ешкімді күндемеді, егер талантты адам болса, қандай иттігі болса да кешіріп, бауырына басты. Кім үшін, ел үшін, сол елді биікке көтеретін өнер үшін талантты сақтады. Міне, қандай еді біздің ағаларымыз.

Айтпағым, егер жазатайым, пендешілік дертіне ұшыраған болсаңыз, бүгін Жам­был атындағы мемле­кеттік филармония залында сағат 19.00-де Н.Тілендиевтің туған күніне орай «Дариға, дом­бырамды берші маған» атты кеш өтеді, соған бары­ңыз, сізді ұшықтап жібереді. Нұр­ғи­саны, Мұқа­­ғалиды, Қадыр, т.б. тыңдаңыз. «Музы­­қалық терапияның» көкесі осында. Әсіресе, «Махамбет» симфониясына айрықша ден қойы­ңыз­шы. Бәл­кім, ұсақ-түйек кем­ші­­ліктерден, пенде­шілік дерті­нен мәңгілікке арылар­сыз. Осыны бір­тін­деп дағдыға айналдырсаңыз  надандық исі шыға­тын жерге өзіңіз де  жоламайтын боласыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *