«Нұрғиса Тілендиевтің музыка әлемі»

SONY DSCХалық музыкалық аспаптар музейінде «Нұрғиса Тілендиевтің музыка әлемі» атты жоба аясында студенттер арасында байқау өткізілді. Екі күнге созылған сайыс «Нұрғиса Тілендиевтің әндері мен күйлерін шебер орындау», «Компози­тордың шығар­машылығы мен мемориал­дық музейі туралы бейнетаспа (жарнамалық ролик) түсіру» және «Композитордың мемориал­дық музейіне сайт жасау» атты тақы­рыптарда өтті. Алматы қаласы тарихының музейі қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен жүзеге асырылған жоба музей жұмысын насихаттау және музейге жас ұрпақты тарту мақсатын көздеген болатын. Байқауға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің, П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің студенттері қатысты. Кештің құрметті қонағы – композитордың аяулы жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дариға Тілендікеліні болды. Байқаудың қазылар алқасының төрайымы – ҚР мәдениет қайраткері, Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері, композитордың ізін жалғастырушы қызы Дінзухра Тілендиева болды. Қазылар алқасының құрамында танымал режиссер Еркін Рақышев, «Білім және мәдениет» телеарнасының шеф-редакторы Нұрболат Сұлтанғазиев, журналист Рақымжан Тілеубек, сондай-ақ, қазақ сахнасының әйгілі өнер тарландары мен оқу орындарының ұстаздары төрелік етті.

SONY DSCБалнұр АХМЕТ

Өмірде артынан нұрлы жол қалдырған Нұрғиса Тілендиев – Қазақстанның және Кеңес одағының халық әртісі, Халық Қаһарманы, ҚР Мемлекеттік сыйлығы­ның иегері, қазақтың музыкалық мәде­ниетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған тұлға. Ол – 500-ден астам ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет сынды музыкалық төл туындылардың авторы. Өмірі өнегеге толы көрнекті композитор 40-тан астам пьесаға және 20-дан астам фильмге музыка жазған. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» мультфильмдері мен «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым – Қожа» көркем фильмдері қазақ сахнасы мен кино өне­рінің классикасына айналған. Жүректі тебірентер әсем әндері – ұлттық бояуының қанықтығымен, өзіндік қолтаң­басының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған мол мұра. Осы мұраны сақтау мақса­тында биыл мамыр айында компози­тордың өмірінің соңғы сәттеріне дейін өзі тұрған үйде «Нұрғиса Тілендиевтің мемо­риалды музейі» ашылған болатын.

– 2015 жылы Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдық мерейтойы болады. Қазақ өнерін қадірлеген, өнер әлеміне қанат қаққан жас таланттар қатысқан бұл байқау сол мерей­тойдың алғашқы бастамасы іспетті. Өнерлі жастардың арасында Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерватория­сының домбыра факультетінің 2-курс студенті Қайнар Айтмұратұлының күй­лерді нақы­шына келтіріп шабыттана орындауы көңі­лімді нұрға толтырды. Жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол байқаудың ұйымдас­тыру­шыларына алғы­сым шексіз. Өнерлі жастардың таудай талаптарына нұр жау­сын, – деді байқаудың ашылу салта­на­тында компо­зитордың аяулы жары Дариға Тіленді­келіні.

Өнер сайысында қатысушы­лар көр­некті композитордың «Құстар қайтып барады», «Саржайлау», «Қанатым», «Са­ғын­­дым ғой», «Куә бол», «Сөнбейді, әже шырағың», тағы басқа көптеген әндері мен «Баламишка», «Аққу», «Ар­ман», «Теріс­қақпай», «Әлқисса», «Жекпе-жек» атты күйлерін орындап, тыңдарман қауымды таланттарымен тамсандырды.

Көрнекті композитордың әдемі әндерімен әрленген, құдыретті күйлерімен көмкерілген байқаудың «Ән номинация­сында» өнер әлеміне жаңадан қадам басып келе жатқан Әнәпия Тілеубай, Гүлнар Жүкебекова, Аяулым Мақабіл­қы­зы жеңімпаз атанды. Ал, «Күй номина­циясында» Қайнар Айтмұратұлы, Ай­сарбек Ақияшев, Таңат Сәденов талант­ты тұлғаның күмбірлеген күйлерін орындау шеберлігімен кеш қонақтарын ерекше сезімге бөлеп, өнерімен өз орта­сынан озды. «Композитордың шығарма­шылығы мен мемориалдық музейі туралы бейнетаспа (жарнамалық ролик) түсіру» және «Композитордың мемориалдық музейіне сайт жасау» номинациялары бойынша Мирас Қадырмұрат пен Мереке Дүсіпов жеңіске жетті. Өнер сайысында І және ІІ орынды иеленген жеңімпаздар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ал, бай­қаудың ІІІ орын иелеріне екі адамға бір ай бойы қаламыздағы музейлерге (Ал­маты қаласы тарихының музейі, Д.Қо­наев мұражайы, С.Мұқанов пен Ғ.Мү­сірепов әдеби-мемориалдық музей ке­шені, Ықылас атындағы халық музыка­лық аспаптар музейі) тегін кіру серти­фикаттары табысталды. Өнерсүйер жастарды қанаттандыратын тағылымға толы бұл ізгі шара жарасымды жалғасар, дәстүрге айналар деген үміттеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *