ӘН ӨНЕРІНІҢ АҚБЕРЕНІ

306ЖАН-ЖАҚТАҒЫ БАУЫРЛАРДЫҢ БАСЫН ҚОСАТЫН – ӘНШІ ДӘНЕШ РАҚЫШЕВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШТЕРІ

6 — 8 сәуір аралығында Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы  мен Ықылас атындағы халық  музыкалық аспаптары мұра­жайында  қазақтың мақтанышына айналған әнші, сазгер, ұстаз Қазақстан­ның халық әртісі Дәнеш Рақышевтің   туғанына 90 жыл толуына орай,  әншінің шығарма­шылығына арналған ғылыми-музыкалық  мәдени шаралар ұйымдас­тырылмақ. Әсет пен Шашубай ақындардың көзін көрген, Манар­бек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков секілді дәстүрлі  әншілердің орын­даушылық  дәстүрін жалғастырып қана қоймай, Жетісу өңіріндегі дәстүрлі ән мен өзінің әншілік мектебін қалыптастырып кеткен әншіге арналған бұл кештерді ұйымдастыруға ұйытқы болып отырған – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі мен Дәнеш Рақышевтің шәкірті, дәстүрлі ән өнерінің төрінен көрініп жүрген Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атын­дағы өнер академиясының  доценті Нұржан Жанпейісов. Біз  Нұржаннан әнші Дәнеш Рақышевтің өзі әуелете шырқайтын «Жан-жақтағы бауырлар» әнінің  өлең жолдарында айтылғандай, әншінің жан-жақтағы шәкірттерінің басын қосар осы мәдени шаралар жөнінде  айтып беруін өтінген едік.

– Нұржан,  қазақтың жезтаңдай әншісі атанған, Жетісудың дүлдүл әншісі Дәнеш Рақышевтің туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылып жатқан мәдени шара­лардың жобасына көз жүгірте отырып, өнердің өлмейтіндігіне, қазақтай жанашыры барда өнер саңлақтарының ұмытылмайтын­дығына тағы да бір көз жеткіздік.  Білуі­мізше, іс-шараны ұйымдастыруға өзің бас-көз болып отырған көрінесің.   Енді үш күнге жоспарланып отырған сол мәдени шаралар туралы толығырақ айтып берсең.

– Шынын айту керек,  Дәнеш ағамыз­дың өмір, өнер жолы әлі   толық зерттеліп, өнер мұрасы жинақтала қойған жоқ. Әншінің 80 жасқа толуына орай Алматы облыстық мәдениет басқармасы бірқатар іс-шараларды  қолға алу жөнінде уәде берген еді, бірақ, ол уәделердің барлығы дүркіреп өткен той дүрмегінің астында қалып қойды. Әсіресе,  Дәнеш Рақышев атындағы дәстүрлі ән байқауын өткізу жөніндегі ұсыныстың ұмыт қалғаны жаны­мызға батады. Ал сексен бес жылды­ғына  тиісті деңгейде көңіл де бөлінбеді, тіпті, елеусіз қалдырдық десек те болады. Ал енді  халқының сүйікті әншісі  болған дүл­дүл әншіміздің 90 жылдық торқалы тойын­да үнсіз қалсақ, ол біздің  ұлтымыз­дың өнер жанашырлары үшін кешірілмес  жағдай­лардың бірі болар еді. Өзім Дәнеш ағамен кеш танысқаныммен, өмірінің соңғы сәтіне дейін қасында көбірек жүріп, ол кісінің арғы-бергі  жақтағы өмірі мен өнер жолы жайында көбірек әңгімелескен адамның бірімін. Ол кісі мені  ерекше жақсы көрді. Дәнеш ағаның осы ілтипаты сахнада да, өмір жолымда да маған үлкен жауапкершілік жүктейтіндіктен, тоқсан жылдығына арнап, көптің көкейінде қалар бір әсерлі кеш өткізуді ойластырдым.

– Қолдаушыларыңыз табылып жатса болғаны да…

– Өнердің қадірін білетін, оның ішінде халық мұрасындай халық әндерінің жан­ашырлары арамызда аз емес, мен Дәнеш Рақышевтің шығармашылығына арналған кеш ұйымдастыру жөніндегі ұсынысымды айтқанда, ең бірінші болып қолдап, қандай көмек болса да қолұшын беруге дайын екендіктерін  танытқан Ж.Елебеков атын­дағы эстрада және цирк колледжінің ди­ректоры, белгілі әншіміз Жеңіс Сейдоллаға, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Нүсіпжановаға, Ықы­лас атындағы халық аспаптары мұражайы­ның ұжымына риза­шылығымды білдіремін. Міне, осындай жақсы адамдардың көмегі­мен  Дәнеш Рақышевтің  туғанына тоқсан жыл толуына орай өткізілетін іс-шаралар кеше, 6 сәуір күні, Ж.Елебеков атындағы  республи­калық эстрада-цирк колледжінің шаңыра­ғынан бастау алды. Мұнда «Әсет пен Дәнеш» атты тақырыпта ашық сабақ ұйым­дастырылып,  әнші Рамазан Стам­ғазиевтің жетекшілі­гімен өнерлі жастардың орын­дауында әншінің шығармалары орын­далды. Ал 7-сәуірде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұйымдас­тыруымен  шеберлік  дәрістері өткізіліп, белгілі жазушы Б.Нұржекеұлы, ақын Оразақын Асқар және басқа да бір топ өнер зерттеушілерінің қатысуымен «Дәнеш-қазақ әнінің алтын  көпірі» атты тақырыпта  дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оның соңы  «Дәнеш сал­ған әндер-ай» ән кешіне ұласатын болады. Бұл концертке   респуб­ли­ка­мыз­дың түкпір-түкпірінен  келген Дәнеш ағаның  шәкірт­тері  қатысады. Ал енді үш күндік мәдени шаралардың тобық­тай түйіні 8 сәуір күні Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде өтетін «Ән өнерінің ақберені» атты еске алу кеші мен  Ықылас атындағы халық аспап­тары мұражайында жалғасып,  Дәнеш әншінің  өзгеше шебер­лікпен жасал­ған қоңыр дом­бырасы   мұражайдағы қазақтың музыка өне­рінің дарабоздарына арналған мұрағат­тардың төрінен өз орнын табатын болады.

– Жақсы жаңалық екен. Күні кеше ғана бұл мұражайға Таласбек  Әсемқұловтың домбырасы қойылса, енді, міне, кезек Дәнеш ағамызға келіпті. Жақсы бастама екен.

– Бұл – Алматы қаласы әкімідігінің қолдауымен жүзеге асырылып отырған игі шаралардң бірі. Мұрағатқа жай ғана қабылдап қоймай, ол ақшалай бағаланады да. Бұл да болса, өнер иелеріне, оның отбасына көрсетілетін үлкен құрметтің бірі деп бағалаймын.

– Батысқа барсақ, Ғарифолла Құрман­ғалиевтің, Арқаға барсақ, Жүсіпбек Еле­беков,  Манарбек Ержановтардың әншілік өнерінің қалыптасқанына көз жеткізуге болады. Ал Дәнеш әншінің әншілік  мектебі  туралы не айтар едіңіз?

– Ән өнері, оны орындау шеберліктері бір жерге ғана байланысты  өрістейді десек, қаталесер едік. Сондықтан  мен  Ғарифолла ағамыздың әні тек батыста, ал Дәнеш әндері Жетісу өңірінде ғана айтылады деген пікірмен келіспес едім. Дәстүрлі әнші қай әнді, қай  әншілік мектепті қалаймын десе де өз еркінде. Бұл ретке келгенде Дәнеш Рақышевтің жанға жайлы, жүрегіңді майда желдей есіп өтетін қоңыр даусы Қазақстан­ның түкпір-түкпіріне таралған деуге бо­лады. Оның ішінде туған топырағы Жетісу өңірінде  Дәнеш әншінің орын­даушылық шеберлігін меңгерген ізбасар шәкірттері аз емес. Олардың бір тобы осы іс-шараларға қатысып, өз өнерлерін, Дәнеш ағаның әншілік мектебінен  дарыған  шеберлік­терімен бөліседі.

– Жан-жақтағы шәкірттері жиналады дедіңіз ғой, солардың арасында жұрт жақсы танитын әншілерден кімдер бар?

– Мырзахмет Мұқаманов, Абылайхан Қармыс, Серікбол Шыныбаев, Арафат Ысқақов, Ерболат Шалдыбеков және басқа да  Дәнеш ағаның әншілік өнеріне қызығушылық танытып, әндерін орындауға ықылас танытып жүрген жастар бар.

– Дәнеш әншінің мұраларын жинақтау ісі қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, мұра­ларын жинақтау, зерттеу ісі әлі де тиісті дең­гейде жүргізіле қойған жоқ. Дегенмен, аузымызды қу шөппен сүртуге болмас. Әншінің  туған жері – Алматы облысы, Панфилов ауданы, «Үшарал» ауылындағы Дәнеш  ағаның өзі іргесін қалап, қызмет істеген  халық театрына аты берілді. Аудан орталығы Жаркент қаласында Өнер мектебі ұйым­дастырылған. Бірақ, естуімше, сол мектеп­тің құжаты әлі ретке келтіріл­меген сияқты.  Әншінің жерлесі әрі бірге жүрген заман­дасы, ақын Тоқбай Исабеков ағамыз «Әнші Дәнеш» атты деректі  повесть жазды.  Бүгінгі күнге дейін  52 әнінен тұра­тын дискі шығарылды. 4,5 сағаттық ән жазбасы мен 1,5 сағаттық бейнежазба жазылған. Соны­мен қатар,  Дәнеш Рақы­шев орындаған ең таңдаулы 62 әнді нотаға түсірдік. Дәнеш  ағаның өзі шығарған 100-ге тарта әні бар екен, бұйыртса, соларды ретке келтіріп, нотаға түсірсек деген ойымыз бар.  Бір қуанарлығы, осы үш күндік  мәдени шара­ларды «Хабар» арна­сының «Ғылым және Білім» редакциясы  толығымен таспаға жазып алуға уәде беріп отыр. Мұның өзі де әншіге деген құрметті білдіреді. Дәнеш Рақышевтің  атындағы дәстүрлі ән бай­қауларын өткізіп тұрсақ деген үмітімізді әлі үзген жоқпыз. Оның барлығы қаражатқа келіп тірелетіндіктен, өнер жанашырлары, әсіресе, халықтық өнердің жанашырлары, қолдаушылары көп болса екен деп тілейміз. Эстрада әншілерін той асырап жүр, ал халық әндерін  орын­дайтын дәстүрлі әнші­леріміз халықтың қолдауы  мен қошеметіне сүйенеді.  Халық әні десе, құлағы елең ете түсер қазағы тұрғанда, Париж төрін  бағын­дырған халық әні қалықтай береді. Сондай бір халық әндерін тыңдағыңыз келсе, үш күн бойы  өтетін «Ән өнерінің ақберені», «Әнмен өрілген өмір», «Дәнеш салған әндер-ай», «Ән еркесі Дәнеш домбырасы – мұражай төрінде» деп аталатын мәдени  кештерге келіңіздер. Кіру – тегін. Тек дәстүрлі әнге деген ықыласыңыз  болса болғаны.

– Рахмет.

Әңгімелескен – Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close