ӘН АЯЛАҒАН АСТАНА

BayterekАстана астана болғалы оған арнап көптеген әндер жазылды. Арасында елге танымалы, танылып үлгермегені бар, қазір Астана туралы әндер жүздеп саналады. Бұл әндердің қатарын жыл сайын жаңа әндердің толықтыруына «Ән жүрегім – Астана» байқауы да үлес қосып отыр.

Роза ӘРЕН

Биыл «Конгресс-холда» ән байқауы­ның әр жылдардағы жүлдегерлері бас қосып, өнер көрсетеді. Әншілер Астана туралы әндердің авторларымен бірге ән шырқайды деп жоспарланып отыр. 2011 жылы байқаудың бас жүлдесі Еркін Мәуленге бұйырған. «Ән жүрегім – Астананың» 2012 жылғы гала-концертінде жас әнші Карина Қалымова, ал былтыр Серік Ибрагимов жеңіске жетті. Естеріңіз­ге сала кетейік, байқауға қатысушылар бұрын еш жерде орындалмаған, Астана туралы жаңа ән шырқайды.

Қазақстанның бас қаласына арналған әндердің барлығы бірдей хит болып кеткен жоқ. Олардың арасында тыңдарманның жүрегіне жол тапқан әндерді де көп деп айта алмаймыз. Бұл ретте Нағима Есқалиева мен Бауыржан Исаев дуэт боп орын­дайтын «Первое утро столицы» әні орыс тілінде жазылса да, айрықша танымалдылыққа ие болды. Сондай-ақ, әнші Алтынай Жора­баеваның репер­туарындағы «Елімнің жүрегі» әні қазір тек Алтынай ғана емес, басқа да әншілер, жас өнерпаздар шырқайтын жалпыхалықтық әнге айналып кетті.

«Астана – махаббатым менің!» телехикаясының саундтрегі ретінде жазылған ән де «Арнау» дуэтіне үлкен абырой алып келді. «Жігіттер» квартеті бірнеше жылдан бері сазгер Ержан Серікбаевтың «Арман қала» әнімен Астананың «шаттығына ән қосып жүр».

«Дос-Мұқасан» ансамблі еліміздің бас қаласы мен рухани астанасына тарту еткен «Астана мен Алматы» әні (сөзін жазған – Серік Тұрғынбеков, әнін жазған – Мұрат Құсайынов) өзінің мазмұн­дылығымен, әдемі иірімдерімен ерекше. Әннің «Астана мен Алматы – ұлы өмірдің жалғасы. Бір-бірімен тоғысқан, ән мен жырдың арнасы» деп келетін қайырмасы тез жатталады. Атауы дәл осы әнге ұқсас тағы бір әнді Мәдина Сәдуақасова орындайды. Мәдинаның «Алматыдағы заңғар Алатауды шаттықтың төріне, ал Астанадағы Есіл жағалауын бақыттың жолына» теңеген әні «Алматы мен Астана» деп аталады.

Елордада құрылған «Бәйтерек» тобының репертуарына да Астана туралы ән тиесілі. Қайбір жылы ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева өзінің ұлы Әли Оқаповпен бірге «Арайлы Астана» әнін сахнаға алып шықты. Арнау әндердің барлығы бірдей халыққа танылуы мүмкін емес нәрсе. Оның үстіне қазір мән-мағынасы жоқ даңғаза әндер де, талғамсыз әншілер де көбейіп кетті. 16 жыл ішінде Астана туралы қаншама ән жазылғанына қарамастан, бүгінде соның бір парасы ғана хитке айналып үлгерді. Сондықтан, жыл сайын өтетін «Ән жүрегім – Астана» байқауына қатысушылар тыңдарманның конкурстық әнге емес, жүректерге жететін жақсы әуенге зәру екендігін ескерсе екен дейміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *