Мықты кәсіпкер болу үшін дұрыс бағыт пен қолдау керек

Жаңа кәсіп бастау, өзінің сүйікті ісімен айналысу кімге болса да арман. Десе де көп жағдайда арманның соңы­нан жүруге қаржылық мәселелер мен мүмкіндіктің болмауы кедергі келтіріп жатады. Мұнда кәсіби сауат­тылық пен білімнің жетіспеуі де адамға дұрыс бағыт таңдауға қиындық келтіре­ді. Осы ретте өз кәсібімді ашам деуші­лерге мем­лекет тарапынан көптеген қолдау көр­сетіліп жатқанын айта кету керек. Осы және өзге де кәсіпкерлік тұрғысында атқарылып жатқан іс-шараларды білу үшін Алматы қаласы бойынша Кәсіп­керлер палатасының директоры Бағдат Телебаймен сұхбат­тасқан едік.

 

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға көмектесу керек

 

– «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Елбасы әр түрлі жастағы азаматтарды қамтитын білім берудің жеке озық жүйесін құруды жеделдетудің қажет­тілігін айтты. Елбасы білім бағдарлама­сының басымдылығы ретінде жаңа білімді меңгеру мен өзгерістерге дағдылану қабіле­тін арттыру  екенін де ескертті. Осы тұрғы­сында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтсеңіз…

– ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, еңбек ресурстары квалифика­ция­ларының еңбек нарығының сұраны­сына сәйкес келмеуіне байланысты жылда жұмыс берушілер ұсынған 20 мыңнан астам бос орын толтырылмай қалатын көрі­­неді. Еселі әрі табысы мол жұмыс орын­дарына көбінесе жұмыс іздеушілердің білімі мен кәсіби біліктілігі сәйкес келмейді екен.

«Атамекен» бүгінде кадр дайындау мәселесінде білім жүйесі мен бизнес арасын біріктіру бойынша белсенді жұмыстар атқаруда. Алматы қаласында Кәсіпкерлер палатасы елімізде алғаш рет білім беру ошақтары мен жұмыс берушілер кірген өндірістік кластерлер құрды.

Біздің ойымызша, заманауи салалық білім кластері бұл көп функциялылық құрылым болып саналады. Ол өзіне білім бағдарламаларын, тәуелсіз сертификаттау, заманауи өндірістік технологиялар енгізу, еңбек нарығын бақылау, мемлекеттік тап­сырысты қалыптастыру және орналастыру, өндірістік тәжірибе мен еңбекке тартуға жәрдемдесу, т.б. біріктіреді.

Бүгінде Алматы қаласы бойынша 9 кластер жұмыс істейді: жеңіл өнеркәсіпте, азық-түлік, құрылыс саласы, ІT-техноло­гиялар мен басқа да салаларда. Ал осы кластерлерде білім алған мамандарды қайта оқыту қажеттілігі туында­майды. Биылғы жылы көлік-логистикалық кластерін ашу жоспарда бар. Бұл ретте біз барлық жұ­мысты Алматы қаласы әкімдігінің қолдауы арқылы іске асыратынымызды айта ке­тейік. Біздің ұсынысымыз бойынша колледж­дердегі оқу бағдарламасы өзгеріп, олар оқу уақытының 60 пайызын өндірістік тәжірибеге берді.

– Елбасы халыққа Жолдауында жұртшылықты нәтижелі жұмысбастылыққа тарту мүмкіндіктерін арттыру, яғни жеке ісін ашу немесе жаңа кәсіпті игеру және жұмысқа орналасу жайлы да айтқан бола­тын. Мемлекет тарапынан ұсынылып отыр­ған қолдауды пайдаланушылар көп пе?

– Халықты нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндігі Мемлекет басшысы ұсынған 5 әлеуметтік жоба аясында пайда болды.

Шағын несиелеу мүмкіндігін кеңейту  шағын бизнес үшін де, микробизнес үшін де өте өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оған тағы қосымша 20 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражатқа 14 мың қазақ­стандық өз кәсібін аша алады. Ірі, орта және шағын бизнесті несиелеу екінші дең­гейлі банктерде – бірдей. Жұмысын жаңа­дан бастаған көптеген кәсіпкерлерге кепілдікті қамсыздандыру жетіспей жатады. Екінші деңгейлі банктерде пайыздық үстемелер айтарлықтай жоғары, 19 пайыз­дан басталып, 23 пайызға дейін жетеді. Бұл ретте бизнеске «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы көмек қолын созады. Сондай-ақ,  «Алматы Жібек жолы», «Алматы Туризм», «Алматы Өнім» секілді аймақтық бағдарламалар да бар. Бұл бағдар­ламалардың барлығы  бойынша кәсіпкерлер инфляция пайызы деңгейінде тек 6-8 пайызын ғана төлейді. Қалғанын ол үшін мемлекет төлеп береді.

Осы жылдан бастап  мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар бойынша несие берудің ең жоғары сомасы бір қарыз алушы үшін 36 млн. теңгені құрап отыр. Өткен жылы аталған сома 18 млн. теңге болған. Сонымен қатар, жеңілдікпен несие алушылар бағдарламасына қатыса алатын адамдардың тізімі де кеңейтілді. Алматы қаласы бойынша микронесиелеуге өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 3 млрд. теңге бөлінген болатын. Бүгінгі күні оның бәрі толық игерілмеді.

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарла­масына тоқталсам, біздің ойымызша, өзін-өзі жұмыспен қамту процесін тіркеуді барынша жеңілдету қажет, өзінің мемлекет алдындағы міндетін дұрыс атқаруға мүмкіндік жасау керек. Қазақстандықтар елдің кез-келген аймағынан тез жұмыс тауып алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс.

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарла­масы бойынша Алматы қаласында 2017 жылы 3004 адам білім алып, оның 2672-сі оқуды аяқтады. Оқуды бітіргендер ішінен 299 адам жұмыспен қамтылса, 242 адам оқуды уақытынан бұрын тоқтатты.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының реестріне енгізілген 13 оқу орталығы біріктірілген жүйе құрылған. Олардың ішінен 10 оқу орны бағдарламаға қатысып, 641 адамды оқуға қабылдады. 430 алматылық оқуын тәмамдап, олардың 187-сі кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. 243 бітіруші ұсынылған жұмыстан бас тартты.

 

Бизнестің мүддесін қорғап келеміз

 

– Кәсіпкерлер тарапынан түсетін шағым көп пе?

– Алматы қаласы кәсіпкерлер пала­тасы 2017 жылы 1,5 млрд. теңге көлеміндегі мүліктік құқық пен қалалық бизнес мүддесін қорғағаны белгілі.

Бұл мемлекеттік органдар қайтарған, жойылған айыппұлдар, өсімдер, қосынды­лар, бұғаттаудан алынған, сақталған мүліктің құны. Бұл қаражатты кәсіпкерлер компа­нияны дамытуға және қызметкерлер жал­ақысына жұмсай алады.  Алматы қаласы бойынша «Атамекенге» бизнес субъекті­лерінен 276 шағым келіп түскен. Оның көпшілігі оң шешімін тапқан. Кәсіпкер­лердің 26 арызы Құқық қорғау кеңесіне жөнелтілген. Оның 19-ының мәселесі шешілген.

Үстіміздегі жылдың басынан бастап 30 шағым келіп түсті. Оның  13-і оң шешімін тапқан. 7 шағымға қатысты оң соттық акт шығарылды. Қорғалған құқық сомасы 420,5 млн. теңгені құрайды.

Мәселен, өткен жылы бізге «Желтоқсан орманы» компаниясының директоры Игорь Митрофанов шағымданды. 4 жыл бойы ІІБ тергеушісі кәсіпкерді ЖШС-ның минори­тарлы аймағына қатысты қолдың жасанды­лығына кінәлап, қылмыстық жауапкер­шілікке тартамын деп сес көрсетіп келген. Ол жылдар бойы компания жұмысын дұ­рыс жүргізе алмай, үлкен шығынға батқан. Жұмысшылар тергеушіге жыл сайынғы соттық-экономикалық талдау жүргізу үшін барлық құжаттарды беріп отырған. Сотқа дейінгі тергеуді біресе қозғаған, біресе қылмыстық құрамның жоқтығына байла­нысты жауып отырған. Бұл ретте бізге биз­нес-омбудсмен көмек қолын созды. Бақы­лау органдары істі одан әрі созудың қажет­тілігі жоқ екендігін айтып, оны жапты.

– Биыл ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінде қатысу­шы­ларды қандай өзгерістер күтеді?

– Аталған байқауларға қатысу үшін тапсырыс беру бүгінде басталып та кетті. Осы ретте алматылық өндірушілерді бай­қауларға атсалысуға шақырамыз. «Алтын сапа» байқауының тәртібіне бірша­ма өзгерістер енгізілді. Жеңімпаздарға алғаш рет қаржылай 450 АЕК көлемінде сыйақы тағайындалып отыр. Бұл 1 млн. 82 мың теңгені құрайды. Ауылшаруашылық өнім­дерін өндірушілерге арнап жеке номинация пайда болды және «Үздік индустриалды жоба», «Үздік инновациялық жоба» деген 2 арнайы сыйлық тағайындалды. Осылай­ша биылғы жылы «Алтын сапа» байқа­уында 14 қазақстандық компания жеңім­паз бола алады.

Біз алматылық өндірушілер бірнеше жүлделі орындарға қол жеткізеді деген үміттеміз. Өйткені, біздің қаламызда бизнес қарқынды дамыған және мұнда отандық нарықта көшбасшы болып жүрген таны­мал компаниялар көп.

 

Алматылық кәсіпкерлер қайырымдылық жасауда белсенді бола бастады

 

– Білуімізше, Кәсіпкерлер палатасының негізгі тапсырмаларының бірі — бизнес негіз­деріне оқыту және кеңес беру. Бұл қызмет түрлерін алматылықтар қаншалықты пайдалануда?

– Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орта­лығы үлкен жұмыс бітірді. Алматылықтар 2017 жылы 7 мыңнан астам қызмет түрін алған. Оларға әр түрлі есеп-қисап түрлерін толтыру, бизнес-жоспар құру, ІT қызмет­терін көрсету, бүгінде нарықта сұранысқа ие бизнес бойынша қолдау алу үшін мем­лекеттік бағдарламаларды таңдау секілді қызмет түрлері көрсетілген. Сонымен қатар, өз ісін ашам деушілерге кеңес берілген. Үстіміздегі жылдың басынан бастап Қыз­мет көрсету орталықтарында кәсіпкер алматылықтар 2 мыңға жуық кеңес алып үлгерген.

2017 жылы Кәсіпкерлер палатасының бизнес мектебінде 1676 адам тегін білім алған. Ал үстіміздегі жылы бизнес негіз­дерін 518 алматылық меңгеріп үлгерді. Олардың көпшілігі біздің оқытушы­лары­мызбен жақсы қарым-қатынас орнатып, тіпті, кейде келіп өз жетістіктерімен бөлісіп тұрады. Бұл  біздің бизнес мектебімізде оқу мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету азаматтардың тек қажеттілігін ғана емес, бізге деген сенімін де көрсетсе керек.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы 4 клуб бойынша қосымша жұмыс істеп келеді: Есепшілер клубы, Маркетологтар клубы, Franch Day, Dіgіtal marketіng workshop. Барлық кездесулер мен білім беру ақысыз жүргізіледі. Бұл ретте спикерлер есебінде ең үздік эксперттер сөйлейді және шет елдерден өз біліктілігімен бөлісу үшін қонақтар көптеп келеді. Бүгінде кездесулерге келіп, оларды онлайн арқылы тамашалайтындар саны 5 мыңға жетіп отыр.

– Алматылық кәсіпкерлер қаншалықты жауапты?

– Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ұсынған «Атамекенім» акциясына алматы­лық кәсіпкерлер белсенді қолдау көрсетті. Бұл бізді өте қуантты. Бұл ретте бизнес­мендер материалдық көмекті балалар үйіне, аз қамтылған отбасыларға, денсаулығында ақауы бар жандарға ұсынды. Акция басталғалы алматылық кәсіпкерлер 100 миллион теңгеден астам қаражат бөліп үлгерді. Тағы бір қуантатыны, Кәсіпкерлер пала­тасы бір кезде бизнесмен болуға көмектескен жандар енді өздері мұқтаж адамдарға көмек қолын созып жатыр. Мәселен, Дана Мейірбекова есімді кәсіп­кер Кәсіпкерлер палатасында оқып, қолдау тауып, «Art Mobіle» мобильді өнер мектебін ашуға грант жеңіп алған болатын. Жақын­да кәсібін жаңадан бастаған ол ұлттық аспаптар оркестрінің қолдауымен зағип және көру қабілеті төмен балаларға арналған №4 интернаттың балаларына арнап қайырымдылық концерт ұйымдас­тырды. Мұнда 30-дан астам бала әнмен шұғылданатын көрінеді. Бірақ бәріне бірдей аспап жетіспейді екен. Концерт соңында жас музыканттарға музыкалық аспаптар сыйға тартылды.

Бұдан өзге көптеген кәсіпкерлер қайырымдылықпен айналысады. Бірақ көп жағдайда олар оны құпия қалдырғанды жөн көреді. Әрі салықтық артықшы­лықтарды пайдаланғылары келмейді. Өйткені, қайырымдылыққа бөлінген азын-аулақ қаражат үшін мемлекеттік кіріс депар­таментінің тексерісі мен әр түрлі есептік сауалдарға жауап беруден бойын аулақ ұстағанды жөн санайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

 Сұхбаттасқан – Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close