Ғұмырдың мәнi мен жаратылыстан мағына iздеген

Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кiтаптар» романының пiкiр қайшылығына ұшырауының сыры неде?

Өтеш ӨТЕУЛIҰЛЫ

Жасампаздық рух пен ойдың мұңы

Көркем проза мен кинодраматургия саласында бағын сынап жүрген Дидар Амантайдың бес томдық шығармалар жинағының алғашқы «Қарқаралы басында» аталатын кiтабына роман, повесть, әңгiмелерi мен эсселерi топтастырылған. «Гүлдер мен кiтаптар» романының басты кейiпкерi ойшыл қаламгер Әлiшердiң дүниеге көзқарасы, айналадағы құбылыстарды қабылдауы, олардан ой түюi оқырман қиялын алға жетелеп отырады. Адам баласы жаратылыстың құпия сырларын бiлуге талпынады. Бiрақ, дүниенiң тылсым жұмбақтарын толық танып-бiлу мүмкiн емес. Әркiм өзiнiң қабiлет-қарымына, ой-сезiмiне байланысты қорытынды, тұжырым жасайды. Дидар Амантай романның темiрқазығы ретiнде «Тәңiр кiтабынан» алған: «Қайсысы әзсiз – жарықтан қашқан қара түнек пе, әлде қараңғылық басқан жарық па…» деген қанатты сөзiн келтiруi шығармадағы басты кейiпкердiң дүние құбылыстарының iшкi қатпарына үңiлсем деген ниетiн аңғартады. Жазушы кейiпкердiң мiнез-құлқын оның қимыл әрекетi, пәлсапалық ойы мен диалогтары арқылы көрсетуге ұмтылады. «Тегi, бiр құдайдың бар екендiгi рас, деп ойлайды ол. Бiрақ, күмән қайдан келдi, пайғамбарлар дәуiрiнде көктен түскен белгi көп болды, күдiк тез тыйылмайтын едi, қазiр ше, соншама  уақыт қолұшын созған жоқ, қадiм замандардан берi талай ғасыр жасырынып келген. Ол ендi болашақта қайыра көзге түспей бой тасалап жүре бермек пе, бүгiнгi қылмыс пен жаза өзгерген уақыт аясында бiр-бiрiне қаншалықты дәл?» (100-бет), «Мүмкiн молдаға қоңырау шалу керек шығар. Құдай жайлы кешкен ойларымды айтып берейiн. Тұйыққа тiрелген түйiндерiмдi тарқатса, сол тарқатар» (105-бет) сөйлемдерi бұл ойымызды айқындай түседi.

Романның басты кейiпкерi мен жазушының дүниетанымы, тiршiлiк туралы толғамдары қабысып, бiр арнадан табылып жатады. Жазушы көп оқиды, iзденедi. Әлемге танымал қаламгерлердiң, айтулы шығармалардың, қош иiстi гүлдердiң аттарын тiзiп беруiн оқырман ретiнде жаңалыққа былай қоймасаң да шығарманың «Гүлдер мен кiтаптар» аталуы автордың қиялынан туған өзiндiк тәсiлi болар деп қабылдадық. Әлiшердiң төңiрегiндегi тағы бiр кейiпкер Марфуға «гүлдей нәзiк биязы жан томырық мiнезiмдi көтере алмайды. Одан да бақытты ғұмыр кешсiн, күнделiктi тiрлiктен басқа ештеңеге көңiл аудармайтын адамдар болады ғой. Ғұмырдың мәнi жайлы ойға берiлу, жаратылыстан мағына iздеу денi дұрыс пенденiң қаракетi емес» деп бағамдаған қыз жаратылысы да күрделi. Екi адамның диалогы арқылы кездесетiн молда бейнесi көрiнбесе де оқырманды әр қилы ойға жетелейдi.

Дидар Амантайдың бұл романын оқығанда: «Неге басынан аяғына дейiн тартылған желi, уақиға жоқ?» деген сауал көкейде тұрады. «Иә, кiтап – ой. Алайда, оқырманға көлденең тартылған уақиға емес. Уақиға желiсi шын қаламгердiң адал ойын жасырған алдамшы үлкен сылтау ғана. Дегенмен, пайымды ашық, тура айтпай, уақиға арқылы бергенде ғана әдебиет туады» деп жазушы бұл сауалға да орынды уәж айтады.

«Мен сiздi сағынып жүрмiн» повесiнiң көлемi шағын, қос кейiпкерiнiң пәлсапалық ғашықтық ойларымен астасып жатқан көркем туынды. Мұқтар мен Ғалиябану арасындағы сүйiспеншiлiк сезiмi, жiгiттiң қызды шексiз жақсы көргенi бүгiн басы ашық өкiнiшке айналып, сол рахатын үлкен қателiкке балайтын тәрiздi. Бiрақ ала-құла ренiш бұрын ессiз көшкен анық бақытқа теңесе ала ма екен, екiншi сауал, беймезгiл туған күнә арандатып қай жақтан келдi, адам ағаттық жiберсе – айыбы бәрiбiр бақилық емес, ал сүйгенiне таңба салған ауыр күнәдан арылу үшiн қанша уақыт қажет, оны жуып-шаятын Тәңiрдiң қандай бейнетi барына осы повесть оқиға желiсi жауап iздейдi.

Жазушының «Р.S», он жетi новелла кiтабы бөлек-бөлек туындылардан құралғанымен өн бойында тұтастық бар. Ондағы уақиғалар ауыл мен қалада өтсе де адам болмысы, олардың тiршiлiк ауаны, түйсiк-түсiнiгi оқырманға етене таныс. Осы кiтапқа енген бiр топ әңгiмелерi де қаламгердiң ұшқыр қиялынан туған, әрқайсысы бiр-бiрiне ұқсамайтын, оқырманның көз алдына әр қилы көрiнiстердi алып келетiн, сан-алуан ойға жетелейтiн дүниелер.

Ешкiмге ұқсамайды, дәстүрлi жазу үлгiсiнен бөлекше

Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кiтаптар» романы кезiнде «Жұлдыз» журналында жарық көрiп, оқырмандардың арасында қилы-қилы пiкiр тудырғанынан хабарымыз бар. Романның желiсi, оқиғасы мен құрылымы сынға да ұшыраған. Жазушы-драматург Дулат Исабеков «…оны роман деп айтатын болсақ, онда бүкiл дүние романға деген көзқарасын өзгертуi керек… оны роман деп айтуға болмайды» деп кесiп айтады.

Әдебиеттанушы, аудармашы Герольд Бельгер: «Оның жазғандары туралы әр түрлi пiкiрлер айтылып қалып жатқанын естiп жүрмiн. Оның себебi бiреу ғана: Дидардың жазғандары ешкiмге ұқсамайды. Оның жазғандары өзгеше, дәстүрлi жазу үлгiлерiне келмейдi. Бұл ерекшелiктi жастар жағы жақсы қабылдаса, ересектер түбiрiмен қарсы тұрады. Олар құрғақ баяндаудан тұратын, көркемдiгi төмен, жұтаң тiл, қысқа көрiнiстер, сөз жұмбақтардан тұрады деп күстаналайды.

Ал маған Дидар жаратылысы бөлек, қайталанбайтын, марқұм досым Асқар Сүлейменовтi еске түсiредi. Кезiнде оның да жанының жұмбақтығы мен әлемдi тану көзқарасын сынға алған болатын. Бұдан үш жыл бұрын «Сорос Қазақстан» қоры бұл шығарманы «Бүгiнгi күннiң қазақ романы» деп бағалаған едi.

Романның көлемi шағын, жетi баспа табақтан аспайды. Күрделi сөйлем құрылысындағы сөздердiң, қайбiр ой-толғамдарының астын қаламмен сызып отырып төрт күн оқыған едiм».

Ал, әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова соңғы оншақты жылдың көлемiнде Дидар Амантай шығармашылығы небiр пiкiр қайшылығын тудырып келе жатқанын айтады. «Менiңше, оның объективтi де, субъективтi де себептерi бар. Объективтi себебi – Дидардың төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерiстер енгiзуге ұмтылатындығында. Ал, оны бiрден қабылдауға, зерделеуге оқырманның оқырмандық тәжiрибесi жетiспей жатады.

Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен және жасампаз сұхбаттастық сипатымен ерекшеленедi… «Гүлдер мен кiтаптарға» қызығушылық әлдебiр интрига немесе оқиға құрудан емес, ойдың өзiнен, осы прозаның өзi тудыратын пәлсападан туады. Романды қабылдайтындар да, мүлдем жоққа шығаратындар да бар, әлi де бола берерi анық. Оның бiр себебiн сөз басында айттық. Бiрақ мұның бәрi – жекелеген адамның ғана емес, әдебиеттiң де санасында жүретiн қарекет-әрекеттер һәм осы қаракет-әрекеттердiң көрiнiсi.

Таяуда Асанәлi Әшiмұлымен редакция тапсырмасымен кездескендегiмде осы кiтапты оқөып жатқанын көрдiм. Ол кiсi де кiтаптың жазылу ерекшелiгi туралы ойын былай сабақтады:

– Дидардың шығармашылық қуатының қаншалықты екенiн бұрын көп бiлмесем, осы «Қарқаралы басында» кiтабын оқып шығып, өте сауатты қаламгер екенiне көзiм жеттi. Жазылу стилi бөлек, тартымды оқылатын кiтап. Бұл кiтап оқырманын жалықтырмайды. Тарауларын бөлiп-бөлiп, ықшам жазған соң да оқырманын тартады. Бұл жазушының тапқырлығы. Жазылу стилi жақсы. Жазушы қиялындағы ұшқырлық, тың қадамдар жасауы оның жаңашылдығы болса керек. Дүниежүзiне танылған жазушылардың аттарын жазғанда Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтi қалдырып кетiптi. Әбдiжәмiл оңай адам емес қой!

Романның құрылысы, көркемдiк деңгейi қандай деген сауалға баға беретiн мен әдебиет маманы, не сыншы емеспiн. Бiрақ Дидардың жазуы, тапқырлығы маған ұнады.

«Қарқаралы басында» кiтабының өн бойында жиi қайталанатын өмiрден түңiлу, кiсi өлiмi, толып жатқан көше, кафе аттары, коньяк iшу, кейiпкердiң жүрiп-тұруы, қозғалысын тәтпiштеп баяндап кетуi сияқты қайталанушылықты шығармалар жинағының алдағы томдарында еске алып, оқырманын жалықтырып алмау жағын ойға алса деген де ұсыныс бар.

Қазақтың қою шұрайлы сөзiне бай, ойларын көркемдiк безбенiмен шебер жеткiзе алатын жазушының күрделi шығармасындағы астарлы ойларды қайталап оқып барып тұщынатын тұстары да жоқ емес. Қалай десек те Дидар Амантайдың үлкен прозадағы алғашқы iрi қадамы сәтiмен басталғанын аңғардық .

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *