Музей сахнасындағы ұлт руханиятының қайта түлеуі

Шаһарымызда орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі Астанада өткен «Рухани қазына–2018» І фестивалінде

16 аймақтан қатысқан 53 музейдің арасында «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деп атап өтті. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Елбасы атап өткендей, Махамбеттің, Динаның, Біржан салдың, Сүгір мен Қазанғаптың, Естай мен Сейтектің, Абай мен Жамбылдың, Нартай мен Шашубайдың, Кенен мен Нұрғисаның, тағы да басқа бақсы-жыраулар мен ұлтымыздың ұлы тұлғаларының ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жәдігері – музыкалық аспаптары халыққа кеңінен ұсынылған. Бұл құнды жәдігерлер ұлттық код, ұлттық сананың көрінісі деп білеміз. 

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ең алғаш Қазақтың халық музыка аспаптары музейі болып Қазақстан үкіметінің 1980 жылғы тамыз айының 1- жұлдызында шыққан №358-р санды Қаулысы бойынша ұйымдастыру жұмыс­тарын бастап, 1981 жылы сәуір айының 24 жұлдызында халыққа есігін айқара ашты. Музейдің ұйымдастырылу, қалыптасу тарихы мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өзбекәлі Жәнібековтің (1931–1998) есімімен тікелей байланысты. Музей­ге  1990 жылы қазақтың аспапты-музыка өнерінің ірі өкілі, халық компо­зиторы, кобызшы Ықылас Дүкенұлының (1843–1916) есімі берілді.

Музей үйі алғашында қаланың Пан­филов және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы екі қабатты шағын көне ғимаратта орналасты. Бұл ғимарат кезінде кеңес өкіметінің жиындары өтетін, диқандар мен шаруалар түсетін қонақүй қызметін атқарды. Осы шағын мекен-жай­да өмірін бастаған халық музыка аспаптары музейі – 1984 жылы қазіргі ғимаратқа (Зен­ков көшесі №24) қоныс аударды. Музей орналасқан бұл мекен-жайдың іргесі 1908 жылы қаланды. Оның құрылысы 1893 жылы Санкт-Петербургтің инженер­лік  академиясын бітірген сәулетші А.П.Зен­ковтың (1863–1936) жобасы бойынша са­лынды. Кезінде бұл ғимаратта больше­виктер мен Қызыл әскер үйі, Верный әскери-мәжіліс үйі, Офицерлер клубы, пошта-телеграф кеңсесі орналас­қан. 1918 жылы Жұмысшы және шаруа депутат­тарының Верный уезі әрі қала­лық кеңес орналасып, Жетісу жұмысшы және шар­уалар депутаттары­ның облыс­тық құрыл­тайы өтті. Осы сияқты тарихи оқиға­лар­дың куәгері болған бұл ғимарат сәулет және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, Мемлекет қарауына алынған.

Бұл күнде өзінің қырық жылға жуық тарихы бар Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі – қазақ өнері мен мәдениетінің, көне аспаптар тарихы­ның, аспапты музыка өнерінің, дәстүрлі өнер нұсқаларының қазыналы қоймасына айналып отыр. 2016–2018 жылдар музей үшін ең табысты жылдар болды. Елбасы­мыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында Ақан сері мен Құрманғазы домбырасы музейге алынды. 150 жылдық тарихы бар Ақан серінің домбырасының келуі – қазақ өнері мен мәдениетінің зор жетістігі деп білеміз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру іс-шаралар тізіміне алынған және ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген күй атасы Құрманғазының 200 жылдығы музейде алғаш болып халықара­лық деңгейде аталып өтті. Іс-шара бары­сында Астрахан облысы, Алтынжар ауы­лындағы «Құрманғазы атындағы мәдени орталық» қорында сақталған күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының домбырасы­ның көшірмесі мен төл шәкірті Ерғали Есжановтың түпнұсқа домбырасы музей қорына қабылданды.

Халқымыздың ғасырлар бойы сар­қылмай жеткен ән-күй және жыр мұраларын сақтаушы және жеткізушілер есімін қайта жаңғырту мақсатында белгілі тұлғалардың музыкалық аспаптарын музей қорына қабылдау жұмысы қайта қолға алынды. Музейдің ұлттық нақышта жасалған 120 адамдық концерт залында музей қорына алынған мемориалды музыкалық аспаптарын дыбыстандыра отыра, халыққа кеңінен жариялау жұмысы дәстүрлі іс-шараға айналды. Мұндағы басты мақсат – ән-күй, жыр өнерімізді кеңінен насихаттау, халық жадында сақтау және ұлттық санада қайта жаңғырту. Музей қорына алынған құнды экспонаттар қатарында Қазанғап күй өнерін жеткізуші Сәдуақас Балмағамбетов, шертпе күйдің шебері Уәли Бекенов, Әпике Әбенова, Дәулетбек Сәдуақасов, Қошқарбек Тасбер­генов, Таласбек Әсемқұлов, Базаралы Мүптекеев, жырау Көшеней Рүстембеков, жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменов, Дәнеш Рақышев, Тұрсынғазы Рахымов, Мәдениет Ешекеев, Жақсылық Мырқаев, Рымтай Бөдесов, т.б., көптеген қазақ өнері саңлақтарының жәдігер мұралары халық­пен қайта қауышты. Сонымен бірге, бұл күнде көзі тірі  төл өнеріміздің қаймағын бұзбай, саф қалпында жеткізушілердің музыкалық аспаптары музей төрінен орын алды.  Олар – Маңғыстау күй мектебінің ірі өкілі Сержан Шәкіратов, Арқа күй мекте­бінің дарабозы Мұхамеджан Тілеуханов, Маңғыстау жыр мектебінің дүлдүлі Жеткізген Сейітов, Сырдың сүлейі Алмас Алматов, Ғарифолла Құрманғалиев­тің төл шәкірті, ән өнерінің қасқасы Қажыбек Бекбосынов.

Музей қорында ұлттық музыкалық аспаптармен қатар, әлемнің 40-қа жуық елінің музыкалық көне аспаптары сақталған. Музейдің соңғы жаңалықтары­ның бірі Қазақстан мен Индонезия елдерінің ынтымақтастығына 25 жыл толуына орай, Индонезия өнерпаздарының концерті өтіп, ежелгі сасандо және анклунг аспаптары музейге сыйға табысталды.

Музей жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франция мемлекетінің өнері мен әдебиеті орденінің кавалері, филология ғылымының кандидаты, жыршы Ұлжан Байбосынованың мұрын­дық болуымен, музей қабырғасынан ұйымдастырылған «Інжу-маржан» теле­бағдарламасы республикамызға музей экспонаттарын насихаттауда зор маңызға ие болып, көрерменге жол тартты.

Ішкі туризм саласының дамуына және келешек әлеуетін қалыптастыруына зор ықпал етіп қана қоймай, еліміздің ішкі мәдениеті мен руханиятының дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Оның бір дәлелі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылғы 22 қаңтардағы «Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» фестивалін өткізу туралы» №48 бұйрығына сәйкес, Алматы қаласының әкімдігіне қарасты музейлер мен кітапха­налар арасында ұйымдастырылған «Рухани қазына» қалалық фестивалінде «Үздік му­зей» номинациясы бойынша І орынды жеңіп алып, республикалық «Рухани қазына –2018» фестиваліне жолдама алған болатын.

Аталған музей Астана қаласында Ел­басымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» кіші бағдар­ламасын іске асыру аясында, Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күніне орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына–2018» І фестивалінде 16 аймақтан қатысқан 53 музейдің арасынан «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» номина­циясы бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар тарапынан 500 000 теңге ақшалай сыйақы сертификаты табысталды.

Рүстем ҚАЙРАТҰЛЫ,

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары  музейі ғылым бөлімінің жетекшісі.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *