МОРАТОРИЙ КӘСІПКЕРГЕ НЕ БЕРДІ?

Қала бюджетінің 66 пайыз салық түсімі шағын және орта бизнес үлесінде

4Берік СӘДУАҚАС

Ең бастысы, мораторий бөлшек сауда болсын, шағын дүкен немесе өндіріс болсын, еркіндік берді. Екі күннің бірінде кідіңдеп, салып ұрып жетіп келіп, жұмысқа тұсау салатын тексеруші құзыр­лы органдарға тізгін тартқызды. Кеше ғана қалада Үкімет мүше­лерімен кездесу жиы­нында шаһар басшысы 2014 жылы шағын және орта кәсіпкерліктен қала қазы­насына түскен салық түсімі тұңғыш рет 66 пайызға жетіп, бұрнағы жылмен салыс­тырғанда 28 пайызға жоға­рылағаны туралы мәлім етті.

Сонымен қатар, шағын бизнес субъек­тілері де ұлғайып, қазіргі таңда шаһар аумағында 120 мыңнан астам кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Ал осы бизнес құрылымдарында нан тауып, нәпақасын айырып жүргендердің қатары 500 мыңды алқымдаған. Зерделеп қарасақ, бұл алып қаламыздың 33 пайызына тең емес пе? Олардың қам-қарекетсіз, үздіксіз жұмысын жалғастыруы үшін әкімдіктің қолдауымен банк институттары 472 млрд. теңге мөл­шерінде несие бөлген. Сол кеңесте алдағы уақытта қағазбастылық, яғни, рұқсатнама құжаттары да айтылды. Алдағы алты айда 50 пайызға қысқаратын болды. Мұның өзі мемлекет билігі тарапынан көп демеу деп білеміз.

Асанқайғының жырын айтып зар илей берсек, әрине, ісіміз ілгері баспайтыны анық. Жақсылықты да, жамандықты да өзгеден емес, өзімізден көрген абзал. Жуырда «Көкбазар» төңірегіндегі 4-5 кәсіпкермен, сонда жұмыс істейтін адамдармен де сөйлесіп көрдік. Әрине, сауда әрекетінде бәсеке де болады. Олар, негізінен, тауар бәсекесі жөнінде айтады да, тексерушілер туралы сөз қозғамайды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер өз құқықтарын да жете біледі. Әрқайсысында сенім телефондары да жазылған.

«Мораторий аяқталды. Шыны керек, өткен жылға өкпе жоқ, сауда айналымымыз көп түзелді. Мойнымыздағы несиемізді де, қажетті салығымызды да дер кезінде төлеп отырмыз. Бүгінде 5-6 жанға жұмыс беріп отырмыз. Алайда, көңі­лімізде алаңдаушылық та бар. Енді, тексерушілер қайта мазалай ма деп секемденеміз», – дейді Жадыра атты дүкен иесі.

 

Ісі түзу кәсіпкерге тексеріс қажет емес

Расында да, кәсіпкерлердің секем алуы орынды. Өйткені, бір жыл бедерінде амалсыз алақанын уқалағандар азуын басып жіберуі де әбден кәдік. Бірақ, бүгінде заң талаптары көп өзгерген. Жуырда қала әкімдігінде Мемлекеттік кіріс департаменті ұйымдастырған алқалы кеңесте қалалық мәслихат депутаты, қалалық кәсіпкерлер палата­сының төрағасы А.Котенев бизнес өкілдерінің алаңдау­шылығына байланысты түсініктеме бере кетті.

Оның айтуынша, әрине, тексеруші құзырлы органдар өз өкілеттіліктерінен, бақылаушы функцияларынан оңай айрылғысы келмейді. Алайда, бұдан былай олар кәсіп иелеріне бұрынғыдай «шабуыл» жасай алмайды. Неге десеңіз, өткен жылы тексеру шарттарының көптеген баптары қысқарды. Сол себептен, әуелден тәртіпті сақтаған кәсіпкерлер алаңсыз жұмыс істей беруіне болады. Өткен мораторий бизнес саласындағы мемлекеттік қадағалауды әжептеуір ықшамдады. Құзырлы органдарда бұрынғыдай жоспарлы түрде тексеру амалдары жоқ қазір. Бүгінде олар кәсіпкерлік нысанның соңғы 5-6 жылда қалай, қай деңгейде жұмыс істегенін сараптап отырады. Және өрт қауіпсіздігінің ықтималдылығы, эпидемиялық қауіптілігі, тұтынушылардың арыз-шағымдары жөніндегі мемлекеттік биліктің ескертулері назарға алынды.

Ал салық органдары салық түсімін, есеп-қисап жүйелерін онлайн режимінде бақылайды. Егер дер кезінде кәсіпкер салығын төлемей, есептен жаңылса ғана тексеріске шығуға құқы бар. Мораторий керісінше, кәсіпкерлердің саудасын жүргізуге серпін берді. Бір жылдың сараптамасы көрсеткендей, тексеру әрекеттері тоқтағанда өндіріс өнімдері де ұлғайып, шағын кәсіп субъектілері көбейген, адамдар да жұмысқа көп тартылған. Бұдан шығатын қорытынды – арыққа төселген, өз жұмысын игерген кәсіпкер ешқашан өз тұтынушысынан айрылғысы келмейді. Демек, оның кәсібіне кедергі келтіретін тексерістің де керегі жоқ.

Депутат мырзаның сөзімен келісеміз. Таразыдан жеп, мерзімі өтіп, шіріген тауарды тықпалаған дүкенге кім барсын. Ондайдың ісі де ұзаққа бармайды ғой. Сондықтан бүгінгі заманауи кәсіпкер таза жұмыс жасауға, ең алдымен, өзі мүдделі.

Р.S. Таяуда өткен жылды қорытындылаған шаһар басшысы бүгінгі әлемдік дағдарыста қаладағы сауда айналымына ерекше қолдау көрсетуді, кәсіпкерлік пен әріптестікті тереңдетуді қадап тапсырды. Бұл бағытта «Даму» қорымен етене жұмыс жүргізуді жүктеді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы қала әкімдігінің қазынасынан шағын бизнестің әлеуетін әлдендіруге 4 млрд.теңге бөлінетін болды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *