Мона Лиза қайда қарап тұр?

Қаншама жылдар өтсе де ғалымдарды жалықтырмайтын бір тақырып бар. Ол Леонардо да Винчидің «Мона Лиза яғни Джоконда» атты портреті. Көпес Франческо дель Джокондоның нақсүйерінің жұмбақ кескін-келбетін әркім әр қырынан зерттеп келеді. Оның соншалықты не сиқыры бар? Енді бұл тақырып немістің мүйізі қарағайдай ғалымдарының да назарын аударып отыр. Қарапайым көрермен бұл портретті өз таным тұрғысынан қабылдайтыны түсінікті. Оларға салсақ, бұл кісі тура қарап тұрған тәрізді. Ал ғалымдар басқаша ойлайды. Бұл ретте 2 мың адамға сұрау жүргізген. Ғалымдардың тұжырымынша, Мона ханым 35,5 см. аралықтан көз алмай тұр. Оның көзі сол жаққа 15,4 градусқа бұрылған. Ал енді тура келген байқампаз көрермен үшін бұл кісі оң жаққа көзінің қиығын салып тұр. Алайда, ғалымдар оның 5 градустан артыққа бұрылыс жасамайтынын дәлелдеп бағуда.

Ойды ой түртеді. Ендігі жерде ғалымдарды 35,5 см. қашықтықтағы жерге әйгілі ару неге соншалықты қадалып, не көріп тұр? Оның назарын айрықша аударып тұрған не нәрсе   деген сауал мазалайды.

Қысқасы, неміс ғалымдарын бұл картина айрықша қы­зықтырып тұр. Айналып келгенде, арудың жұмбақ жымиысы да зерттеу нысанына айналды. Оның күлкісінде қасірет басым ба, әлде қуаныш басым ба? Бұл жүзжыл­дықтар бойы келе жатқан жұмбақ қой. Біркелкі пікір жоқ. Әркім әр түрлі өз пікірі, танымы тұрғысынан таразылайтыны сөзсіз. Бір қара­ғанда оның күлкісінде мысқыл, айлакерлік бар. Ал енді бір­неше сәттерден кейін қайта үңілсеңіз, оның күлкісінен бір­түрлі қасірет көріп, тұлабойыңыз мұздап кетеді. Кей­біреулер бұл жымиысты сондай аянышты әрі ащы деп бағалады.

Дейтұрғанмен де, неміс ғалымдары мынандай шешімге келген. Қалай дегенмен де, әйелдің келбетінде күлкі бар, ол еш бояусыз. Сонымен қатар, ол көтеріңкі көңіл-күйді біл­діретін күлкі екен. Немістердің бұл іске құныққаны сонша­лық, оның ерні тұрған тұсты кесіп алып, тәптіштеп зерттеген. Тіпті, бетінің шұңқырына дейін шұқшиған. Есесіне 9 күлкінің түрін анықтаған. Оның ішінде біреуі ғана ақиқат, қалған төртеуі жасанды, тағы қалған төртеуі көңілді болып шыққан. Зерттеудің қорытындысын көрермендерге ұсынғанда, оның 97 пайызы көңілді күлкіге тоқталған. Дейтұрғанмен де, не киемін, не ішемін демей уайымсыз өмір сүрген атақты көпестің нақсүйерінің көңілсіз күй кешуі мүмкін емес деген ойға табан тіреуге болады.

 

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *