МОЛДОВА БИЛІГІНДЕГІ ТАЛАС-ТАРТЫС

АҚШ, ЕО және Ресейдің араласуымен шешімін тапты

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Көбімізге жақсы таныс, бұрын Кеңес Одағы құрамында болған Молдовада саяси дағдарыс орын алып, елдің бірлігі мен берекесі кетіп, мазасыз күйді бастан кешіп келе жатқанына біршама уақыт болды. Бұл жайында біз үнемі жазып келеміз. ( Қара­ңыз: «Молдова мазасыз күйде» – «Алма­ты ақшамы», 14 қазан, 2015 жыл, «Молдова Мәскеуге бет бұра ма?» – «Алматы ақшамы», 8 желтоқсан, 2016 жыл, «Молдова билігіндегі «текетірес» – «Алматы ақшамы», 9 қараша 2017 жыл).

Мұндағы тартыс негізінен президент, парламент және үкімет арасында жүріп отырды. Бейнелеп айтқанда, әйгілі мысал­шы Иван Крыловтың «Аққу, шортан және шаян» ертегісіндегі ахуалды еске түсіреді. Кейінгі он жылда бес президенттің ауыс­қаны да біраз жайды аңғартқандай. Парла­менттік республика болғандықтан (1999–2015 ж.ж. аралығында) Молдовада ел пре­зиденті депутаттардың жасырын дауыс беруі арқылы сайланып келді. Алайда, ха­лықтың талап етуімен 2016 жылдың 5 нау­рызынан бастап Молдовада президентті халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайлау тәртібі еңгізілді. Соған сәйкес 2016 жылғы 13 қарашада Молдовада өткен бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде 55 па­йыз дауыс жинаған, ресейлік бағытты қол­дайтын, 1975 жылы туған, социалистер партиясының серкесі Игорь Додон пре­зидент болып сайланды. Оның жұртқа ұна­ғаны ол өзінің сайлауалды бағдарлама­сында: «Ресеймен қарым-қатынасты жолға қоямын, Еуропамен де байланысты үзбей­мін, Днестр жағалауы республикасы мен Гагауз автономиясының мәселесін шеше­мін», – деген уәде берді. Соған дейінгі ырың-жырыңнан ығыр болған көпшілік Игорь Додонға сенім артты. Бірақ та ол сайланғаннан бергі үш жылға жуық уақыт­та талай қиындық пен кедергілерді көріп келеді.

Молдовада биліктің басқа тармақта­рынан гөрі Конституциялық соттың құзы­реті басым. Олай дейтініміз, 2017 жылдың 17 қазанында сол айтқан Конституциялық сот «өз міндеттерін орындай алмауына бай­ланысты» деген ұйғарыммен Молдова пре­зиденті Игорь Додонды уақытша қызме­тінен шеттетіп, оның міндетін уақытша атқаруды парламент спикері Андриан Кандуға жүктеген. Мұндай шешім қабыл­дауға президенттің премьер-министр ұсынған үміткерді қорғаныс министрі етіп тағайындамауы себеп болған.

БАҚ-тарда жазылғанындай, биылғы 2019 жылдың 24 ақпанында Молдова Республикасында кезекті парла­менттік сайлау өткізілген. Содан бері үш айдан астам уақыт өтсе де, билік тармақ­тарын бөлісу жайы шешімін таппады.

Жалпы, Молдовада 45 саяси партия тіркелген, әзірге соның 15-і ғана белсенді саналады. Парламенттегі депутаттық орын — 101. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, алдыңғы шептегі МРСП (Молдова Республикасының социалистер партиясы) – 35, «Абырой және ақиқат», «Әрекет және ынтымақ» партияларының  ACUM блогы – 26, МДП (Молдова демо­кратиялық партиясы) – 30 және «Шор» партиясы 7 мандатқа ие болған. Бұдан көріп отырғанымыздай, ешбір партия басым дауысқа ие бола алмаған. Мұндай жағдайда көпшілік мандатқа қол жеткізген партиялардың каолиция құруы қажет. Сондай алғышартқа сәйкес, МРСП мен ACUM блогы бірігіп, парламентті басқаруға және үкіметті жасақтауға кіріскен. Қос тарап­тың келісім бойынша парламент портфелі – социалистер серкесі Зинаида Греча­ный­ға, үкімет тізгіні – ACUM блогының өкілі Майя Сандуға тиген. Бір-біріне кереғар бағыт ұстанатын (ресейшіл МРСП мен батысшыл ACUM) партияла­р­дың коали­ция құруы талайларды таң- қалдырған. Жағдайдың бұлай қалыптасуын күтпеген демократтар мен «шорлықтар» парламент­тегі дауыс беруге келмей қалды. Оларсыз да кворм болғандықтан ортақ шешім қабыл­данды.

Парламент спикері Зинаида Гречаный өзінің алғашқы сөзінде: «Біз мұнда депутат ретінде қанша уақыт отыратын болсақ та қоғамның қозғаушы күшіне айналып, елдегі ахуалды түзеуіміз және халықты кедейшіліктен құтқаруымыз керек», – дегенді толғана айтты.

Артынша бірлескен Декларация қабылданды. Онда: «Молдова Республи­касының парламенті заңнамалық орган ретінде мемлекеттік және құқықтық меке­мелер мен ведомстволар сыбайласқан жемқор­лардың қолжаулығына айналғанын өкінішпен мәлімдейді. Соның салдарынан жаппай ұрлық және мемлекет мүлкін заң­сыз иемдену белең алды. Осыған байла­нысты мемлекетті олигархтардың билеп-төстеуінен азат ету, мемлекеттік құры­лым­дарды Демократиялық партия олигархта­рының ықпалынан босату міндеті туып отыр», – делінді.

Айтуларынша, МДП (Молдова демо­кратиялық партиясын) басқаратын оли­гарх Владимир Плахотнюктің күштік құрылымдарға және сот жүйесіне, тіпті, Конституциялық сотқа (КС) да ықпалы күшті. Көпшілігі соның айтуымен жүреді.

Мысалы, үш айдан асып бара жатқан бей-берекетсіздікке байланысты президент Игорь Додон парламентті тарату жөнінде сұрау салып, жүгінуіне Конституциялық сот құлақ аспады.

Құлақ аспау былай тұрсын, өзін бәрінен биік санайтын Молдова Конституциялық соты (КС) парламенттің спикерді және премьер-министрді тағайындау туралы шешімін теріске шығарды. Тіпті, президент И.Додонды қызметінен шеттетіп, оның міндетін атқаруды МДП-ның өкілі, бұрын­ғы премьер Павел Филипке жүктеді. КС-тың кесірінен Молдовада «қос өкімет» пайда болды.

Уақытша президент Павел Филип дереу КС-ке 8 маусымнан бастап парламентті тарату жайында ұсыныс түсірді. Онысы қолдау тауып, алдағы 6 қыркүйекке парла­мент сайлауы белгіленді. Сөйтіп, Молдова билігіндегі тартыс бұрынғыдан да ушыға түсті. Полиция бас инспекторатының бас­тығы Александр Пынзарь жаңадан тағайын­далған Ішкі істер министрі Андрей Нэстасеге бағынбайтынын айтты. Андрей Нэстасе өзіне дейін министрлікті басқарған Александр Жизданмен сөйлесіп, мәселені бейбіт жолмен шешкісі келгенімен, анау мұнымен сөйлесуден бас тартты.

Халықаралық деңгейде көптеген мем­ле­кеттердің қарсылығын біле тұра прези­денттің міндетін атқарушы Павел Филип шұғыл түрде Молдова Республикасының елшілігін Тель-Авивтен Иеруслимге көшіру туралы жарлық шығарды. Оның бұл әрекетін АЕЛ (Араб елдері лигасы) батыл айыптады.

Сарапшы мамандардың айтуларынша билікте өзінің үстемдігін жүргізіп келген демократиялық партияның жетекшісі В.Плахотнюктің хаос тудырып, жанталасуы жайдан-жай емес. Өйткені, үкіметке Майя Санду бастаған жаңа адамдар алып, оның артын қазса, талай былықтың ашылары хақ. Сондықтан да ол соңғы кезге дейін «социалистер партиясымен ымыраласып, каолиция құрамыз не болмаса парламентті таратамыз» деп үміттенді. Керек десеңіз, бұларды жақтайтын полиция жасақтары жаңадан сайланған депутаттар мен үкімет мүшелерін жұмыс орындарына кіргізбей әуре-сарсаңға салды.

Қос үкімет те қарап қалмай екеуі екі жақта қарекет жасап жатты. Павел Филип бастаған кабинет бұрынғысынша қызмет­терін жалғастырып жатқандай сыңай танытты. Және де: «Дағдарыс диалог жолы­мен шешіледі. Жұрт қиындық көрмей­тіндей мемлекеттік органдар қалыпты режим­де жұмыс істей береді», – деп жария­лады. Ал Майя Сандудың жетекшілігіндегі үкімет те өз отырысын өткізіп, жаңа ішкі істер министрі Андрей Нэстасеге бағынбай қойған Полиция бас инспекторатының бастығы Александр Пынзарьды жұмыстан босатты.

Президент Игорь Додон: «Бір қадам да артқа шегіну болмайды», – деген мәлімдеме жасады. Демократтардың билікті күшпен алу әрекетіне наразылық танытты.

Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен МРСП мен ACUM каолициясы халық­аралық ұйымдарға биліктегі дағдарысты шешуге ықпал ету жөнінде өтініш жолдады. Осыған байланысты АҚШ-тың Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік департаменті: «24 ақпандағы парламенттік сайлау бәсекелі және негізгі талаптарға және заңға сәйкес өткізілді. Молдован халқының қалауы мен еркіне сырттан араласу болмауы тиіс», – дей отырып, елдегі саяси партия­ларды ұстамдылыққа, ымыраға келуге шақырды.

Еуроодақ басшылары Федерика Могерини мен Йоханнес Хан тарапынан (ресейшіл МРСП-ны жақтырмағандықтан ба екен?): «Молдова парламенті қабылдаған шешімді және каолицияның құрылғанын назарға алдық», – дегендей жалпылама жауап берді. Құрама Штаттар мен ЕО әсіресақтық танытып жатқанда Ресей Сыртқы істер министрлігінен: «Молдова Республикасында бірлескен каолицияның құрылып, соған орай үкіметтің жасақтал­ғанын қолдаймыз. Олармен жұмыс істеуге әзірміз», – деген мазмұндағы жеделхат келіп түсті.

Дегенмен, Молдова билігіндегі талас-тартыстың шиеленісіп бара жатқанын сезген АҚШ, Еуроодақ және Ресей кейінгі сәтте шұғыл іске кірісіп, дағдарысты қалыпқа түсірді.

Ресейлік «Коммерсанть» басылымының жазуынша АҚШ-тың Молдовадағы елшісі Дерек Хоган Демократиялық партияның кеңесіне келіп, В.Плахотнюкпен 15 минут­тай оңайша сөйлескен. Олардың екеуара не айтқандары белгісіз. Шамасы Плахотнюкке бас тарта алмайтындай ұсыныс жасалған. Соның алдында Кишиневке еурокомиссар Йоханнес Хан, АҚШ Мемлекеттік департа­менті Шығыс Еуропадағы офисінің дирек­торы Брэд Фреден және РФ вице-премьері, әрі Молдовамен сауда-экономикалық қатынас бойынша өкілетті өкіл Дмитрий Козак келіп, МРСП, ACUM, МРДП басшыларымен, президентпен әңгіме-кеңес өткізген-тін. Осыдан кейін ғана жағдай күрт өзгерді. Президент И.Додон: «Бұрынғы үкімет, демократиялық партия және Плахот­нюк жеңілгендерін мойындады. Бұл маңызды жаңалық», – дегенді қуана хабарлады. Дереу Конституциялық кеңеске парламент пен үкіметке, президентке қатысты шығарған шешімдерін өзгерту талабын қойды.

Айтқандай-ақ, КС өткен сенбі, 15 мау­сым күні төтенше кеңес өткізіп, әлгі айтылған биліктің үш тармағына байла­нысты қабылдаған шешімдерінің күшін жойды. Бұл орайда КС төрағасы Михай Поалелунжь: «Конституциялық сот қысым­ға ұшырап, қате шешім қабылдады. Сон­дықтан да ол енді Конституциялық кодекс талаптарына сүйене отырып, 2019 жылдың 7–9 маусымында қабылдаған шешімдерін теріске шығарды», – деген түсінік берді. Оның аузынан мұндай теріске шығару үкімінің түпкілікті екені, оны шағым түсіріп өзгертуге болмайтыны айтылды. Сол күні үкіметтің алғашқы отырысы өтіп, премьер-министр М.Санду мен президент И.Додон жиналғандарға жаңа министрлердің аты-жөндерін атап, таныстырды.

Молдова президенті Игорь Додон Майя Санду үкіметі алдағы кезеңде Ресеймен ынтымақтастықты жақсартады деген үмітте екенін жасырмады.

Жергілікті БАҚ-тың хабар­лауынша, соның алдына жұма күні демо­кратиялық партиямен ауыз жаласа жұмыс істеген саясаткерлер мен кәсіпкерлер әлдеқандай қауіптің төнгенін сезгендей шет елдерге тайып тұрған. Келесі күні демо­краттардың көшбасшысы В.Плахотнюк те «отабасыма барамын» деген желеумен Швейцарияға ұшып кеткен.

Осылайша Молдовадағы үш айға созылып, талайдың жүйкесін жұқарт­қан саяси дағдарыс сыртқы күштердің (АҚШ, ЕО және Ресейдің) араласуымен сабасына түсіп, сәтті аяқталды. Ендігі жерде молдовалықтарға тыныштық пен түсіністік, береке-бірлік, парламент пен үкіметке және президентке нәтижелі де табысты жұмыс істеуді тілеу ғана қалды.

Әлімсақтан белгілі ақиқат: «Бірлік жоқ жерде, тірлік болмайды». Әйтсе де, Молдо­вадағы дағдарыстан басқалар сабақ алуға тиіс.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *