Мойынқұмнан шыққан математик

Математиканың аса күрделі ғылым екендігі ықылым заманда-ақ дәлелденген. Оған кез-келгеннің тісі бата бермейді, кез-келгеннің тәуекелі жете бермейді. Дәл осы күндері де математиканың мың құпиясын ашуға білек сыбанып, жұлқына кірісіп жатқандар шамалы. Тіпті, жоқтың қасы. Солай, дәп солай, математикалық теңдеулерді шешу, содан ғылыми тұжырым жасау, сан түрлі бағдарламалар түзу – екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Қиын, жүрегің дауаламайды. Бірақ күнделікті тіршілігімізде математика араласпайтын сала және жоқтың қасы. Мүлдем кезікпейді десе де болғандай.

Қазіргі ес жиып, етек жинағанда­ры­мызды былай қойғанда, балабақшадағы бүлдіршіндерге дейін асық атып, доп қуалағаннан гөрі компьютер ойнағанды жақсы көреді. Дүниедегі бар керемет сол алақандай айнаның ішінде тығылып тұрғандай сарсылып, сағаттап отырудан жалықпайды. Яғни біздің өмірімізге компьютер дендеп енгелі қаш-а-ан! Ал компью­теріңіз тұнған математика. Қиын­дық­тан қаймықпай, осы ғылымның тере­ңіне терең бойлағандардың өзіндік аргу­менттерге сүйеніп, математиканы поэзия­мен қатар қоятындығын қайтерсің! Ал керек болса!  Поэзияның жүрек қылын шерте­тін, арпалысты сезімдерді дөңгелетіп көз алдыңа әкелетін ғажайып құбылыс­тарын математика «тілімен» де сөйлетуге болады дейді, ырғақты жолдарды матема­тика ғана қақпайлап жөнге салып отырады дейді… Соған қарағанда, математика адам психологиясын қалыптастыруда да жетекші рөл атқаратындай. Өйткені, әлем мойындаған математиктер де көп болмаға­нымен, бүгінгі таңда математика саласы­мен айналысып жүргендер де тумысынан тым сабырлы, тым ұстамды болып келеді. Олар әлдебір пендешіліктің алақұйын әсеріне еріп, табан астынан шәт-шәлекейі шыға ашуланып, түкке тұрмайтын нәрсеге бола жүйке жұқартып жатпайды.

Біз сөз еткелі отырған Мойынқұмнан шыққан математик Жақсыбай Бидайбек­ұлы да солай… Жер қозғалса қозғалмайды. Нық, сенімді. Өзінің өмірлік кредосы – біреудің ала жібін аттамау, әжік-гүжік әңгімелерге араласпау, адал жүріп, адал өмір сүру, тек шындықты ғана мұрат тұту. Және бір ғажабы, таныс, бейтаныс орта­лар­да білгішсініп өзін көрсетуге де тырыс­пайды. Ал ыңғайы келгенде өз пікірін ашық айтудан тартынбайды. Ой-пікірлері мірдің оғындай. Математикаға қатысты әлемдік жаңалықтардан құлағдар. Шетел­дік ғылыми басылымдарда жарияланған жаңа тұрпатты теңдеулер шешімін шығар­ғанша байыз таппайды. Осы күнгі мате­матиканың мүмкіндігі адам таңғаларлық, ғарышың да, ғаламторың да математика жетістіктерімен тікелей байланысты.

Жақсыбай Бидайбекұлын Мойын­құм­нан шыққан математик деуіміздің себебі мынада: құмды өлкеде өмірге келген балғын жастың есеп-қисапқа ала-бөле құмар болғаны бәлкім, ата-анадан жұғыс­қан тектілік болар. Шағылдардың күндіз-түні тынымсыз «ән салатындығы» секілді, бұл өңірдің жастары да әу бастан өнерге, оның ішінде ән-жырға құмар болып келетін еді ғой. Жоғары оқу орнына  түсерде де математикасы жоқтарын таңдайтын. Ары кеткенде тіл-әдебиет факультетін төңірек­тейтін. Осы үрдіс  сүйретіліп әлі келе жатыр. Ал Жақаң математиканы таңдады. Айтқандай, мына бір деректі де тілге тиек ете кеткендіктің артықтығы болмас. Ана жылдары Александр Солженицынды төбе­ге көтеріп, қошеметтеушілер жыртылып-айыры­латын. Иә, атақты жазушының жер аударылып Мойынқұмның Көктерек ауылында бірнеше жыл тұрғаны рас, орта мектептің жоғары сынып оқушы­ларына физикадан дәріс бергені де рас. Өзгелер жерден жеті қоян тапқандай  жарыса жазып жатқан­да  осы оқиғаның басы-қасында жүрген Жақаң оны  жалаулатпастан, елеусіздеу, кездейсоқ оқиғаның біріне жатқыза салды. Содан ұпай жинауды да мақсат тұтпады.

Әкесі Бидайбектің туған ағасы – Әбдірайым Мойынқұмға аты жайылған әңгімешіл, көпті көрген, аузынан әзіл-қалжыңы түспеген көпшіл адам еді. Арғы-бергі тарихты Әбекеңнен асырып айтатындар да кемде-кем-ді. Ағыбай батырдың  ұрпағы боп есептелетін Тоқбергеновтер  әулетіне ол төңірекке жолы түскендер, әдейілеп бұ шаңыраққа ат басын бұрмайтын әкім-қаралар да сирек-ті. Сол кісілердің көл-көсір әңгімелерін тыңдап өскен Жақсыбайдың бірден математикаға бүйрек бұруы кісі қызығар­лықтай еді. Бүйрек бұрғанда да жан-тәнімен кірісті. Бұйығы, көп сөйлемейтін біртоға бозбаладан мектеп­тегі мен деген математиктердің өздері кәдімгідей қаймығып жүретін. Себебі, түбір астындағы теңдеуді дұрыс шешудің сұңғыла жолдары көп. Кейбіреулер әр заңдылыққа бір соқтығысып, есеп шығарғанша мазаңды кетіреді, тектен-текке уақыт шығындайды. Мектеп мұғалімдерінің өздері де түсінбестікпен тура амалдардан ауытқып кетіп жатады.

Елуінші жылдардың аяғында орта мектепті ойдағыдай аяқтаған Жақсыбай ағамыз ҚазПИ-дің Математика факультетіне қиналыссыз түсті де кетті. Сол кездің өзінде де математикаға ебі бар, «миы істейтіндерге» ерекше құрмет көрсетілетін. Мәскеу, Ленинград, Новосібірдегі атақты оқу орындары жақсы оқыған математиктердің аяқтарын жерге тигізбестен қағып әкететін. Әрине, Жақаңның екінші курстан соң Новосібірге барып оқуымды жалғастырамын дегеніне Мойынқұмдағы әке-шешесі қайтіп бірден келісе қойсын. Анасы Бибіхан аздап қарсылық танытқаны­мен, әкесі Бидайбек шаруа адамы болса да тіршілік ағымынан хабары мол, көкірегі ояу кісі-тін. «Қалай, өздері шақыртты ма, әлде өзіңнің қалауың ба?» деп  қадалып қайта сұрады. Жақаң Новосібір универси­тетінің жаңадан шаңырақ көтеріп жатқандығын, онда дәріс оқитын атақты академиктердің аты-жөндерін, Сібірге барса жаман болмайтындығын, әрі одан арғы ғылым жолына емін-еркін жол ашылатындығын тәптіштеп түсіндірді. Және іргелі оқу орнынан арнайы шақырту алғандығына өзі де шексіз қуанды. Мойынқұмда өмірге келген бозбаланың өмірдегі алғашқы қуанышы болар деп түйді ішінен әкесі.

Уақыт деген неткен жүйрік. Бәрі-бәрі күні кеше ғана секілді еді. Мойынқұмдағы ата-анасына Новосі­бір дегені дүниенің қиыр шетіндей елестеген. Мінекей, жақында әлемде де, одақ көлемінде де өзіндік орны бар  және осы күндері жер шарының қырық сегіз елінде шәкірттері абыройлы  қызмет істеп жатқан Новосібір мемлекеттік университеті  шаңырақ көтер­гендігінің алпыс жылдық айтулы мерекесін ұлан-асыр той қылып атап өтті. Жақсыбай Тоқбергенов  өткен ғасыр­дың алпысыншы жылдарының басында Қазақ­станнан сол іргелі оқу орнын  бітірген алғашқы  он екі түлектің бірі еді. Өткен уақытты ұшқан құсқа теңемес­ке шараң қайсы, сонан бері ғылым жолына өз қолтаңбасын қалдырумен қатар ұрпақ тәрбиесінен әлі күнге дейін қол үзіп көрмеген Жақаң да өзінің  сексен жылдығын атап өткелі отыр. Ағайын-туған, дос-жаранның ыстық ықыласы осы той үстінде ағынан ақтарылары белгілі. Ал Жақсыбай аға үшін сонау жастық күндерден жұптары жазылмай, ғылым жо­лын­да да үзеңгі қағысып бірге келе жатқан Еркінбек Баратбаев, Жанұзақ Тоқыбетов, Есберген Божанов, Құрақбай Секеев, Тоғызбек Нартанов, Галина Рысқұлова  секілді  жан достарының жөні бөлек.

Новосібір университетінің түлегіне Қазақстанның қай жерінен болмасын лайықты орын дайын еді. Республика Ғылым академиясының Математика және механика институты Тоқбергеновты құшақ жая қарсы алды. Сектор меңгерушісі болды. Жер-жерден математикаға ебі бар жастарды институтқа тартты. Математикасыз ұлттық ғылымның ілгері дамымай­тын­дығын  сөзі жететін жерге дейін айтып жүрді. Академия басшылығының алдына да талай рет мәселе қойды, институт қабырғасындағы математиктерге төленетін жалақы ауыз жарымайтын. Бұл шаруа әлі де өз шеші­мін тапқан жоқ, болашағынан үміт күтетін мате­матик­тердің біразы  кәкір-шүкір тіршілік қамын күйттеп кетті. 1965 жылы ол жас отбасының жоқ-жіті­гіне қарамастан Мәскеудегі КСРО ҒА-ның О.Ю.Шмидт атындағы Жер физика институтының аспирантура­сына түсіп, көп ұзатпай сол институттың базасында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Бірер жыл Сейсмология институтында қызмет істеді.

Иә, әңгімеміздің басында қадап айтқанымыздай, біздің республикамызда математиканы қажет етпейтін бірде-бір сала жоқ еді. Осы аралықта табандаған он жыл бойы кандидаттық диссертация қорғау кеңесінің мүшесі болды, оннан астам кандидаттық жұмыс­тардың ресми оппоненті атанды.

Жоғары білікті математика маманы оқу орында­рында да жеткіліксіз-тін. Қазақ политехникалық инсти­тутының Қолданбалы математика кафедра­сының ұжымы Тоқбергеновке қолқа салуларын тоқтатпады. Шәкірттерге лекция оқудың да өзіндік жөн-жосығы бар, уақыты мен сағатын берген соң институттан шыға салысымен тікелей үйге тартып кетуге де әбден болады. Етегіңе жабысатын тірі жан жоқ, міндетіңнен құтылғансың. Лекциядан соң  әлдекімдердің төтенше бұйрық-жарлығын күтпестен Жақаң институт жанындағы студенттер жатақхана­ларынан табылатын. Студент-жастарды құрғақ сөзбен үгіттемейді. Ондай тәрбиеге о бастан жаны қас, тіпті сабақтан жылыстап кететіндерге де ұрыспайды. Өзде­ріне керек болмаған білімді қолдан тықпалап қайтеді.

Жан-жақты, математикалық жаңалықтарды әлемдік жетістіктермен жымдастырып айта білетін Жақаңды жатырқайтындар емес, қайта осы кісінің жанынан табылғысы келетіндердің қаралары біртіндеп көбейе бастайтын. Кейін Алматыдағы  Автомобиль  жолдары институтының Жоғары математика және есептеу техникасы кафедрасына меңгеруші болып бекіді. Жетпісінші жылдан Көлік және коммуни­кация академиясының доценті, профессоры, Экология халықаралық академиясының академигі, Технологиялық университеттің доценті.

Жақаң бір күнін ізденізсіз босқа өткізген емес. Тың, жігерлі. Ерте тұрады, жүгіреді, мұздай сумен жуынады. Күллі тіршілігі уақытқа тәуелді. Өкініші, бір сағаты текке өтсе соған ғана өкінеді. Жеңгеміз Дәнегүл де математик, ұзақ жылдан бері Сейсмология институтында жемісті қызмет істеп келеді. Алтын асықтай ұлдары мен қыздары – Гүлсім, Ержан, Шолпан, Нұржан, Дина өздері таңдаған қызмет­терінде.   Немерелері – Азамат, Алуа, Жәңгір, Аянат, Айару, Дания, Аделья Жақаң мен Дәнегүл жеңгеміз­дің көз қуаныштары. Жәңгірі осы күндері бірнеше математикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп үлгерді. Шет елге де шығып келді. Түбі осы немересі атасының жолын қуып, үмітін ақтайтын секілді.

Жақаң шүкіршілікпен ғана өмір сүретін азамат. Аспайды, саспайды. Жоққа да, барға да бірдей. Сол баяғы қарапайым қалпында. Мойынқұмнан Новосі­бірге математика мамандығы бойынша тұңғыш рет түрен салған ағамызға ара-тұра  «Сіз Мойынқұмнан шыққан тұңғыш математиксіз ғой» деп қалжың­даймыз. Күледі,  құмды өңірден өзінен кейін шыққан мамематик іні-қарындастарын да тізіп санап береді. Талант туған жеріне тартып туады. Бұл – шындық. Ал Жақсыбай аға кішкентай мүмкіндігі болса ата-бабасының өшпес іздері сайрап жатқан Мойын­құмға тартып кеткісі келіп тұрады. Онда бір адам айтып түгесе алмайтын керемет құдірет бар, туған жердің ала шаңдағының өзі сенің саф ауаңа бергісіз!

Әлі де математиканың мың қатпарлы құпияларын шешуден қол үзбей,  күн сайын таңмен таласа тұрып, төрт-бес шақырым жүгіріп келісімен көп адам түсіне бермейтін қым-қиғаш есеп-қисап, алгебралық теңдеулердің тылсымына кіріп кететін Жақсыбай ағамызға бүгінгі сексеннің сеңгіріндегі ғұмыр жасыңыз құтты болсын дегіміз келеді.

 

Қуаныш ӘЛМҰРАТ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close