Өмірі оның өнеге

Адам жаратылысы таңғажайып­тарға толы. Бәріміз қалыпты өмір сүріп жат­қандай көрін­генімізбен, жан-жағын өз ісімен тәнті етіп, таңдай қақтырып жүретін бол­мысы ерекше жандар болады.

Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 624-беттен тұратын ғұмырбаяндық романын «Таңғажайып дүние» деп атап, өткенге көз жібергені  бар. Пайғамбар жасына аяқ басқан осы шағымда мені тағдырлары  таңғажайыпқа толы жанкешті екі адам ерекше сүйсінтеді. Оның бірі  – ақын, сатирик Қажытай Ілиясұлы болса, екіншісі қандай қиындық көрсе де, бұралаң соқпақтан түзу жол тауып, өмірі өнегеге айналған Мәрия Жұмақанқызы. Гумани­тарлық салада еңбек еткен адам­дардың көпшілігі матема­тикаға шорқақ болатыны бәрімізге белгілі. Ал  Мәрия Жұмақанқызы педагогика ғылымының кандидаты, бөлім меңгерушісі бола тұра, 40 жастан асқанда бәрін тастап, сонау бір 1990 жылдардың өтпелі кезеңінде кенеттен банкирге  айналып кетті. Таңқалғанымыз рас. Түсінікті болу үшін басынан бастайын.

Мәрия апай 1949 жылы 4 сәуірде қазіргі Ұлан ауданының Ертіске құятын «бал татыған айна сулы»  Қарасу деген өзеннің бойында орналасқан «Баймұрат» деген ауылда дүниеге келген.  1979 жылы 81 жасында  көз жұмған  әкесі Жұмақан Смайыл­ұлы өмір бойы жылқы бағып, құрығы қолынан түспей, «жылқышы қайнаға» атанып, ауыл-аймақ, ел-жұрт, туған-туыс түгел қадірлейтін қасиетті адам болған. Анасы Нұрқия Тілеуқызы жүзіне ай нұры тұнған өте өңді адам еді. 2002 жылы Мәрияның шексіз  қамқорлығын сезініп,  92 жасында дүниеден озды.

Ұл баласы болмағандықтан, жылқышы Жұмақан үш қыздың кенжесі Мәриядан ерекше үміт күтіп, еркекшора етіп өсіреді. «Әке балаға сыншы» емес пе? Қызының бойындағы ерекше қабілетті байқаған зерделі әке Мәрияны дала жұ­мысына икемдеп, атарбамен Ертіс бойындағы түбекке барып шөп шапса да, көктемде жабайы жуа қазса да, нан ашытатын қап-қап  хмель жинаса да, жазда жидек, сиыр бүлдірген, қарамойыл терсе де қасынан бір елі тастамайтын. Ауылға қайтар кезде әкесі арбаға бір-екі күнге жарайтын жаңа шабылған жұпар иісі бұрқыраған көк шөпті төсеп, құрақ көрпе үстінде отырғызған балаң қыздың үміті шексіз еді. Ол не десеңіз, ол – қалай да әке сенімін ақтау. Әкесі  ұлым жоқ демесе де, сол ұлдың орнына өзін қойған Мәрия жауапкер­шілікті ерте сезінді. Сондықтан да сабақты кілең беспен оқып, «Бетқұдық» деген жердегі 8 жылдық мектепті бітірген соң, 1965–1969 жылдары Өскемен қаласындағы  педучилищеде оқиды. Бастауыш сыныптың мұғалімі бола жүріп, 1970 жылы Өскемен қаласындағы пединституттың Тарих факультетіне сырттай түседі. Өйткені, ата-анасы зейнетте, енді әкеге қол жайса, бала күнгі қиялдан не қалады? Сырттай оқып та толық білім алуға болады деген сенімде болған жас қыз мектеп мұғалімі бола жүріп, ауылдағы кітапхана оқулық­тарын түгел тауысады. Десе де, ауыл кітапханасында оқулықтардан басқа біліміңді тереңдетете түсетін тарихи еңбектер болмай шықты. Кеңес өкіметі тұсында Мәскеу, Ленинград сияқты үлкен қалалардан  кітап жаздырып алуға болатын Кітапханааралық абонент  деген болған. Ізденгіш қыз осыны біліп, кітапхана арқылы белгілі бір мерзіммен берілетін небір құнды ғылыми кітаптарды жаздырып ала бастайды.

Еңбекқор адам қайда да болсын керек қой.  1975 жылы Мәрияны бұрынғы Таврия ауданының  «Пролетарка» деген жеріне оқу ісінің меңгерушісі етіп жібереді. Сол жылы мемлекеттік емтихан тапсыруға Өскеменге келген жас қызды 5-6 адамның ішінде бір қазақ жоқ емтихан мүшелері табаны күректей бір жарым сағат ұстайды.  Нәтижесінде «Да она лучше наших студентов-отличников знает историю» деген қорытынды шығарады. Осылайша оқуды сырттай оқыған қарапайым ауыл мұғалімі 1975 жылы Өскемен пединсти­тутынан бір-ақ шығады.  Екі жыл институт қабырғасында дәріс беріп, тәжірибе жинақтаған жас маман 1978 жылы әуелі КазПИ-дің стажировкасына, сосын Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түседі. Ғылыми жетекшісі мәскеулік профессор Анатолий Викторович Мудрик болады. Осы кісінің жетекшілігімен 1985 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. 1979 жылы тұрмысқа шығып, Данияр атты ұл сүйеді.

1984 жылдан Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институында әуелі ғылыми қызметкер, сосын бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Мақалалары газет-журнал беттерінде үзбей жарияланып, педагогика саласына сіңірген еңбегі үшін  Ы.Алтынсарин медалімен марапатталды.

Осы кезде мектеп пен медреселердің тарихын зерттеуді қолға алған ғалым енді арабша төте жазуды үйренуге ден қояды.  Арнайы маманға барып жүріп, оны да меңгеріп алады. Сирек қолжазба сақталатын кітапхана қорын ақтаруға біраз уақыты кетеді.

1990 жылдардың өтпелі кезеңі кімге де болсын оңай тиме­гені аян. Бұл, әсіресе, біз сияқты қағаз ғана кемірген адам­дарға өте ауыр соқты.  Айлап айлық жоқ. Заман өзгере бас­тады. Жалғыз баланың қам-қарекетіне алаңдайтын өзінен басқа ешкім жоқ. Міне, осы кезде шұғыл шешім қабылдаған Мәрия Жұмақанқызы 1993 жылы ҚР МАРС институтының Өнеркәсіп-бухгалтерлік есебі факультетіне түсіп, бухгалтер-экономист деген мамандық алып шығады. Ал  1995 жылдың қаңтар айынан бастап, Ұлттық банкте әуелі экономист, бір жылдан кейін бас экономист болып, 14 жыл жұмыс істейді. Бүгінде ұжымы оны  Ұлттық банктің құрметті зейнеткері ретінде құрметтейді.

1997 жылы 11-сыныпты бір ғана төрт деген бағамен бітірген  ұлы  Данияр «Нархоздың» Халықаралық эконо­ми­калық қатынастар факультетіне түсіп, 2001 жылы бітіреді. 2002 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Австра­лияның Монаш университетінде ағылшынша магистратурада оқиды. №2 мектепке баласымен бірге оқыған келіні Ләззат Жамилова да ағылшын тілінің маманы. Ұлынан Мәдина, Әмина атты екі немересі бар. Қазір Данияр Молдахмет «Жүз жаңа есімнің» қатарына енген белгілі кәсіпкер.

Сөз басында есімін еске алған Қажытай ақынды тегін айтып отырған жоқпын. Өйткені, Қажекең екеуіміз Данияр үйленгенде бас құда болып бардық. Ләззат келініміздің туыстары Алматы облысы, Қызылту ауылының көрнекті адамдары болды, әрі Гүлнар құдағидың шешесі Мәнтай апа аузын ашса ән мен жыр, өлең төгілген, тілді-жақты аңғарлы адам еді жарықтық. Қажекең Мәнтай апаның 80 жылдығына арнау өлең жазды. Ал құдалар жағы мені әлі күнге дейін Қажекеңнің орны деп төрлерінен түсірмей, төредей күтеді.  Бұл – бір. Екіншіден, 1986 жылдың аласа­пыран уақыты. Аспи­рантураны бітіргеннен кейін жұмыс таба алмай бірнеше ай сандалып қалдым.  Институтта бірге оқыған жан досым Бағила Бақытжанқызының нұсқауымен Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зеттеу институтына бардым. Бөлім меңгерушісі – Мәрия Жұмақанқызы.  Шашын желкесіне әдемілеп түйген аққұбаның сұлуы екен. Ұялы қой көзін төңкеріп тастағанда, ішіңдегінің бәрін біліп отырғандай сезінесің. Орнықты ойдың, салмақты пікірдің адамы екені әр сөзінен аңғарылады. Сұрақтарына жауап бергенім болмаса, мынадай адам мені «қайте қояр» деп іштей қобалжып отыр­мын. Өйткені, оған дейін бірнеше адамды жұмысқа алмай жіберіпті дегенді естігем, әрі қасымда үш жасар ұлым – Ержаным бар. Ол уақытта қыз балаларды ғылымға жолата қоймайтын. Кейіннен  «балама да қарамай қалайша жұмысқа қабылдадыңыз десем, дипломыңда бір төрт жоқ екен, соған қарадым, екіншіден қазақшаға жетік екенсің, соған қызықтым» деген еді. Міне, содан бері 32 жылдың жүзі болыпты. Зымыраған уақыт. Үшіншіден, 2007 жылы Қажекең өкпесінен ауыр науқастанып, 6 ай больницада жатқанда, сол мезгілде Мәрия да оң жақ омырауынан жаман ауру (рак) болып, операция жасатты. Бірақ екеуі де жасымады, өздері айтпаса түрлеріне қарап, ешкім де ауру деп ойламайтын. Қажекең Шыңжаңдағы сол кездің бір науқанды саясаты тұсында қара жұмысқа араласып, 120  келі көмірді дөң басына бір күнде шығару керек болғанда, бір рет апарып тастағаннан кейін қайта-қайта жүрем бе деп 100 келі  көмірді арқасына бір-ақ арттырған ғой. Кейіннен омыртқадан грыжа болғанда, соны еске алатын еді.

Төртіншіден, Қажекең қытай тілінен бастап, бірнеше тілді меңгерген адам болса, Мәрия да операциядан кейін шет елге шығудың мүмкіндіктері туған соң, ағылшын тілінің арнайы курсына барып, оның 3-деңгейін бітіреді. Сайрап кетпесе де, шет елге барса, біз сияқты емес, нан сұрап жей алады.

Бесіншіден, Қажекең құранды оңынан да, солынан да оқи білетін, шариғат заңдарына жүйрік адам болса, Мәрия да кейінгі жылдардың бірінде Меккеге барып келіп, бірден намазға жығылды. Жай жығылған жоқ арнайы курсын оқып, молдадан «енді оқуыңа болады» деген рұқсатын алып барып, сауатты түрде намаз оқуға кірісті.  Бас-аяғын шым­қап оранып алмаса да, басына орамал салып, жаңа үлгімен жарасымды киінеді. Көз алдыңызға жаңа заманның жаңа бәйбішесі елестейді.

Адам жаратылысында қандай ұқсастық болады де­се­ңізші?! Екеуінің бойындағы өмірге деген құштарлық, төзімділік, қайсарлық, әділетсіздікке шыдамау, бет-жүзіне қарамай айтып салу, ешкімді басындырмау, бір­ақ жөн сөз­ге мойынсұну, жоқ-жітікке көмектесу, жақ­сы көрген ада­мына құлай берілу, т.б. айта берсе,  толып жатыр.  Бірі ту­ған ағасы, бірі туған қарындасы іспетті. Айыр­машылығы – бірі өмір сүруге деген бар ынтызар­лығын өнерге арнаса, бірі – барлық күш-қуатын бала болашағына арнады. Мұны адам жараты­лысындағы ерекше құбылыс деп қарағанымыз жөн шығар…

Қорыта келе, Мәрия Жұмақанқызын 70 жылдық тор­қалы тойымен құттықтай отырып, жазбамды  Қажекеңнің Мәрияға арнаған «Перизат» атты өлеңімен аяқтағым келеді. Тірі бол­ғанда Қажекең де  биыл 80-ге толар еді. Мәрия сияқты өзі қадірлеп, қастерлеген адамының торқалы тойы өткелі жатқанда, ол да бір аунап түссін.

 

Тұлғасына түсінігі, құлқы сай,

Ішкі сұлу әлеміне сырты сай.

Қыр мұрынды, қызыл жирен, мөлдір көз,

Елден ерек жаратылған түр-түсі-ай!

 

Өмір жолы отыз тарау ертек қой…

Соқыр тиын тапқан емес тер төкпей.

Ар-намысын аса биік ұстаған,

Ең қажырлы, ең қадірлі еркектей.

 

 Жаны нәзік сияқты бір асқақ ән,

Әрі ғалым өнегеге бастаған.

Өз тұсынан оқып заман жұмбағын,

Банкіңізге бола кеткен Бас маман.

 

Кісілігін алмайтын бір теріге,

Жолығыпты құлақ қойсақ шеріне…

Әйтпесе шын перизат қой жарасар,

Көркем ойлы көзсіз құмар серіге.

 

Тас қайнардай тазалық бар бойында,

Ерте көрсем Алтын Алтай жерінде.

Рудаға өле ғашық болғандай,

Ұрынуым мүмкін екен менің де!..

Руда ЗАЙКЕНОВА,

Қыздар педагогикалық университетінің профессоры,

филология ғылымының докторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *