Өмірдің әрбір сәтін бағалай білейік…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен 1 нау­рыз – Қазақстанда Алғыс айту күні болып белгіленген еді. Дегенмен, елімізде тұратын түрлі этностар өкілдері бір-біріне деген құрмет пен адал сезімдерін жыл бойы білдіріп отырса дейміз. Себебі, сол арқылы еліміздің бүкіл халқы арасында сыйластық, татулық, ынтымақ пен бірлік орнайтыны белгілі.

Жалпы, Алғыс айту мерекесі үстіміз­дегі жылы елімізде үшінші рет атап өтіледі. Сондай-ақ, ол күн елімізде Қазақ­­стан халқы Ассамблеясының құрылған күні ретінде де аталып өтілетіні белгілі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Алғыс айту күні» туралы өз сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблея­сының құрылған күні – 1 наурызды жыл сайын еліміздегі барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, оларды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өтуі әділетті болар еді. Сондықтан да бұл күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түседі. Өйткені, бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын белгі­сі болып қала береді», – деген еді. Әрине, қазір әлемде мұндай даталы күндер бар. Ол елдер аталған мейрамды әр кезде тойлап жүр. Бірақ барлығының мақсаты ортақ: ол – береке мен бірлік, адамдардың бір-біріне деген құрметі, ризалық сезімі.

Соған орай, биыл да Алғыс айту мерекесі Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында айрықша атап өтілді. Жуырда Жалпы білім беру пәндері факультеті оқытушыларының ұйымдас­ты­руымен «Студенттер үйінде» мерекелік іс-шара болып өтті. Онда ұстаздар қауымы шәкірттерге арнап «Мейірімділік дастарханын» жайды. Дегенмен, бұл мереке бір ғана дастарханмен шектелген жоқ. Онда сондай-ақ, түрлі конкурстар, әзіл-ойындар мен викториналар ұйым­дастырылып, жеңімпаздар марапатталды.

Әсіресе, бұл мейрамның «Студенттер үйінде» барынша кең аталып өтілуіне С.Садықанова, Ж.Жампейісова, Ж.Маң­ға­зина және М.Молдабаева секілді ұстаз­дардың бар ынта-жігерлерін жұмса­ғанды­ғын айта кетуіміз керек. Сөйтіп,  әр ұлт өкілдері бір дастарқанда бас қосқан мере­кеде факультет деканы З.Айма­ғамбетова, ұлағатты ұстаз Б.Абиловалар құттықтау сөз сөйлеп, студенттерге ризашылық­тарын айтып, ізгі тілектерін білдірді.

Осыдан кейін шәкірттер санасына білім сәулесін шашып, ғылымның шырағын жағып жүрген ұстаздардың көрсеткен қамқорлықтары мен аялы алақан, жылы лебіздері үшін ризашы­лығын білдірген студенттер де ән шыр­қап, би биледі. Осылайша жиылған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сөй­тіп, ұстазы шәкіртіне, шәкірті ұстазына алғыс айтқан осынау кеш барша жиыл­ған қауымға үлкен әсер қалдырды. Одан мәре-сәре болған жұрт қимастықпен тарқасты. Әрі осындай іс-шараларды жиі өткізу дәстүрге айналса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз ғой. Олай дейтінім, алғыс – адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ, оның ойы мен іс-әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беру.

Қорыта айтқанда, ризашылық – адамның басқа адамнан көрген жақсы­лығы, көмегі, көңілі үшін қанағат­тану­шы­лық және алғыс білдіру сезімі. Енде­ше, жылы сөз, қайырымды іс, жақсы тілек, кіршіксіз сезімдерімізді ешкімнен ешқашан аямайық, «рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтайық. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақ­сылық жасағысы келіп тұратынын естен шығармайық. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйренейік және Табиғат-Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырым­дылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпайық достар!

 

Ә.ЖАҚЫПОВА,

Қазақ бас сәулет-құрылыс  академиясының оқытушысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close