Өмірді күлкімен көмкеріп жүрген жігіттер

«Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты көру және есту мүмкіндігі шектеулі жандар мәдениетін қалыптастыру бөлімінің «Алюша» клоундар тобы жақында Атырауда өткен республикалық VІІІ «Брависсимо» клоундар байқауында 1-орын алып қайтты.  Ал осыдан үш жыл бұрын өткен VІІ республикалық сайыста біздің сайқымазақтар бас жүлдені қанжығаларына байлап еді.

Есту қабілеті шектеулі мүгедектер арасында өтетін, Қазақ саңыраулар қоғамының орталық басқармасы ұйымдастырып жүрген бұл үлкен додаға еліміздің 15 облысынан клоундар қатысты. Сондықтан топ жару оңай болмағаны анық. Біздің «Алюша» талмай іздену нәтижесінде абыройлы оралды. Топ жетекшісі Әлім Меңдібаев тек күлкі жанрында ғана емес, қол қимылымен ән шырқап, әлемдік, республикалық байқаулардан жүлделі оралып жүрген талантты әріптес. Айтпақшы, өмірді өнермен, оның ішінде күлкімен көмкеріп жүрген біздің Әлім «Үздік комик» номинациясын жеңіп алды.

Иә, Атырауда өткен байқауда алматылықтардың әрбір күлкілі де астарлы нөмірлері сайын көрермендер ду қол шапалақтаумен болды. Құрамына Нұрсұтан Оразалин, Елдос Маратұлы сынды жан-жақты, талапты жастар ұйысқан «Алюша» әлі талай асуды бағындырары сөзсіз.  Оларға Алматы қалалық Мәдениет басқармасы қолдау көрсетті.

Осындай дүбірлі додалар керек-ақ. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мұндай сайыстар олардың өнерін ұштап, ең басты өздерін қоғамға керек екенін сезінуге шабыттандыратыны анық.

«Алюша» тобын көру және есту мүмкіндігі шектеулі жандар мәдениетін қалыптастыру бөлімінің көркемдік жетекшісі қызметін уақытша атқарушы, қол қимылы әншісі Лаура Королева мен Алматы қалалық саңыраулар қоғамының төрайымы Нина Жуковская бастап апарып келді.

 

Ардақ ӘБІКЕН,

бөлім әдіскері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *