ӨМІР ЖОЛЫ ЖЫР-ҒҰМЫРДАЙ

Өттің, дүние!

Рая ЕСКЕНДІР

31Қазақ қыздары арасынан шыққан ірі кәсіпкер, ұлттық руханияттың жанашыры Маруся Маралқызы Асаубаева өмірден өтті. Бір әулеттің анасы ғана емес, өз ұлтына пана болған, үлкен жүректі қайраткер ананың кенет­тен болған қазасы тек оның отба­сына ғана емес, бүкіл халқымыз үшін де ауыр болды. Шаңырақ шырақсыз қалды. Отбасына пана болған, балаларына ана, немере­леріне әже болған ғазиз жан мына өмірдің жалған екендігін дәлелдеп, жарқылдаған қалпында өмірден өтті де кетті.

 

Өткен жолы Маруся апай ойда жоқта хабарласып, «Қанат ағаң «жылда 12 қараша күні қандай жағдай болмасын Фариза апаны еске алатын боламыз, осыны үрдіске айналдырамыз» деп отыр», – деді қуанып. Көп ұзамай-ақ Фаризаны кие тұтып, өз сезімін өлеңмен жеткізетін сұлу, жан дүниесі таңғы шықтай асыл бейне бәріміздің көз алдымыздан өте шықты.

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,

КСРО Халық әртісі:

– Маруся қазақ әйелінің бүгінгі өмірдегі орнының ерекше екендігін дәлелдеп кетті. Ол өзінің еңбегімен, мінезімен, жалпы жан-жақтылығымен қоғамда өзіндік орнын қалыптастыра білді. Қазақ әйелін дүние жүзіне танытты. Ер азаматтармен бірлесе жүріп, ауыр жүкті көтерді. Өзінің еңбегінің арқасында абырой биігінен көрінді. Сол абырой-атаққа ол әбден лайық еді. Біз Мәкөштай деп мақтанушы едік. Оның сыңғырлаған үні құлақта қалды. Әсіресе, өнер десе жаны құрақ ұшатын еді. Талай бірге сырластық, сыйластық.

Кісінің жанын түсініп, үлкенді апа, кішіні бауыр тұта білді. Маруся сынды қыз енді қайта туа ма-тумай ма, кім білсін. Ал біз білетін, біз таныған Маруся біздің жүрегіміздің төрінде мәңгі сақталады. Айналайын, Қанат бауырым! Асаубаевтар әулеті! Мен ана ретінде, әйел ретінде Марусяны әбден түсінемін. Оның жанын түсінемін. Бауыржанынан айрылып, тоғыз ай бойы қайғының құшағында жүрді. Ана үшін перзентін жоғалтқаннан ауыр не бар. Мен Марусяның суретіне қарап, «ойпырмай, мынау Мәриямгүл ғой» дей беріппін. Марусяның жаны жаннатта болсын! Соңында қалған ұрпағы енді мұндай қиындықты, қайғыны көрмесін.

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, Маруся Маралқызының туған жеңгесі:

– Маруся Маралқызы – менің туған қайынсіңлім. Өмір жолдарымыз әр түрлі болғанымен, оның мөлдіреген балауса кезі, балалық шағы бәрі менің көз алдымда өтті. Мен сегіз балалы отбасына келін болып түстім. Бір қолымда бесігім, бір қолымда қаламым. Оның бәрі бүгін айтуға оңай көрінгенімен, өте ұзақ жол. Алғашқы кезден-ақ қайынсіңлім екеуміз өте жақын сырласып, дос-құрбы боп кеттік. Кейін біз Атырауға, ата-енемнің қасына көшіп, Жазушылар одағынан  алған кіп-кішкентай үйімізді Қанат пен Марусяға беріп кеттік. Сол үйден олар өсіп-өнді. Содан кейінгі өмірде Марусяның шаңырақ ұстаудағы жолы өзіне жүк, менің жолым өзіме жүк болды.

Біздің үйдің балалары музыкаға әуес болып өсті. Заман ағымына қарай Қанат пен Маруся бизнеске кетті. Біз қарапайым халық арасындағы өмірді кештік. Бұлар бизнес жолында түрлі ортаға түсті. Өмірдің талабы да солай болды. Біз олардың табысына тілекші болып қала бердік. Мен өзімнің әйелдік жолыммен, әдебиеттегі өміріммен қалдым. Алыстан тілекші болып, соңғы уақытта араласа алмадық. Өйткені, олардың жұмыстары өте көп болды. Бізге бөлетін уақыттары аз еді. Кейінгі кезде қоғамнан биік тұрған бизнес өмірі ме, жоқ әлде байлық па, Мәкөшті жалық­тырды. Ол әнді, күйді аңсады. Атыраудың бесігінен алған өмірді аңсап, қарапайым жандармен араласқысы келді.

Енді рухани байлық іздеді.

Біздің айтып жүрген рухани байлығымызды іздеді. Ол Фаризаның жырына басын иді. Фаризаны жоқтады. Бүгінде жетіспей тұрған нәрсе – өнерге демеушілік көрсетіп, меценаттық­пен айналысты. Ән айтқысы келіп, өлең жазды. Мәкөш рухани байлықсыз дүние байлығын толтыруға еш болмайтынын түсінді. Мәкөштің жаны енеме тартқан өте нәзік еді. Баласының қазасын көтере алмады. Ана жүрегі нәзік қой. Біз Атырауда Бауыржанның 100 күндігін бердік. Сол сапарда Мәкөш бір сілкінгендей болды.

Ата-бабаның моласымен қоштасқандай болды. Сол жолы «бір жеңілденгенім болды. Балам қайтқалы менің көңілімнің көтерілгені осы» деп риза болып, бізге рахметін айтып кеткен еді. Ата-әжесінің, әке-шешесінің басына барып, өзінің туған қара шаңырағына соғып аттанып еді. Шет елдегі сапарында «Атырауға барған кезімде менің балалық бақытты шағымды есіме салдыңдар. Рахмет, апа», – деп жазып жіберіпті. «Апа, ағамның жанында ақшағала болып қалықтап жүре берші» деп жазған еді.

Жып-жылы жүрегінің мейірімін осылайша жеткізіп тұрушы еді. Жүрегім ауырады дегенін естігем жоқ. Қашан көрсең, жарқылдап, жүгіріп жүретін. Асаубаевтар отбасының негізгі діңгегі еді. Әжелері бар болғанымен, барлығын ұстаған Мәкөш еді.

Қанат енді азамат болса да жетімдік көреді. Алла тағала әулеттің ырысын, әулеттің бақытын әйелге береді. Оны біздің қазекең кейде бағалап, кейде байқамайды. Әйелге берілген бақыт – азаматтың басындағы даңқ. Өмірде талай ащы өлімді көрген соң ба, оның үстіне ақын ретінде даланың дауылында өскен құралай сияқты бәріне шыңдалған соң езіліп жылай беруге де болмайды екен. Жылай бергеннің соңы сұрау болады. Не де болса мықты болу керек екен. Ұрпағына мықтылық тілеймін. Мәкөш бір әйелдің бақытын да көрді, байлығын да көрді, дәулетін де көрді, дәуренін де көрді. Ендеше, арман деген жеткізе ме? Немере сүйді, шөбере көрді. Бәріне үлгерді. Тәубе дейміз. Алланың әміріне көнбеске шара жоқ.

 

Роза РЫМБАЕВА,

ҚР Халық әртісі:

– Маруся Маралқызымен талай қуанышта бірге болдық. Бізді төріне отырғызып, құрметтеп жаны қалмайтын. Әйел болса да ердің жүгін көтерді. Бизнес саласы деген – әркімнің қолынан келе бермейтін сала. Сол жолда Қанат ағам екеуі табысқа жетсе, әрине, бұл ретте Маруся апамыздың еңбегі ерекше дер едім. Өте өкінішті. Бұлай тез, өте тез кетіп қалады деп кім ойлаған. Маруся апамен араласатын өнер жұлдыздары жетімсіреп қалдық.

Қаралы хабар жеткелі 3 күн ішінде біз бір-бірімізге басу айтып, біресе жылап, біресе жабығып, күйінішті бастан кешіп жатырмыз. Әлі де сенбеймін. Ол кісі шет елде жүрген сияқты. Маруся Маралқызы екеуміз біраз жобаны жоспарлап қойған едік. Барлығы іске аспай қалды. Қанат аға, мен сіздің қарындасыңыз ретінде барлық өнер жұлдыздарының атынан қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Шаңырақтарыңызда енді тек той болсын.

 

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ,

сырлас-сыйлас сіңлісі: 

– «… Фариза апам кеткелі өмірдің қысқалығын сезіндім. Өткенге сын көзбен қарай бастадым. Сосын ақын шығармаларын қайталап оқи бердім, оқи бepдім…».

Жанды ауыртып, жүректі сыздататын тaғы біp хабар жетті құлағымызға. Құдай-ау, күні кеше ғaнa телефон арқылы сейлесіп, емен-жарқын әңгімелескен қайран, апатайым, сізді де мәңгілікке жoғaлтып аламыз-ау деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Астана мен Алматы, Лондон мен Швейцария… бұл сіздің қызмет бабымен іссапарда жүретін қалаларыңыз еді. «Қалайсыңдар, мен осындамын» деген мейірімге толы нәзік үніңіз қалды құлақта.

Иә, біз аяқ астынан жоғалтып алып, жоқтап отырған жақсы әпке, жaлғыз біздің ғaнa емес, еліміздің қоғамдық өмірінде де талайлардың көз қуанышына айналған, қазақ қыздарынан шыққан кәсіпкер, ұлт руханиятының шынайы жанашыры Маруся Маралқызы Асаубаева.

Кәсіпкерліктің ауыр жүгін біp азаматтай көтеріп жүрген қай­ран жүрек, Бауыржандай асыл азаматтың қазасын көтере алмаған ғой. Ұлыңыздан қапыда айрылып қалып, зар eңіpeп отырып, Жаратқаннан не тіледіңіз екен, әпкетай!? Kім болсаң ол бол, мейлі министр, не болмаса қарапайым үй шаруасындағы әйел болсаң да, перзентіңнің aлдындaғы аналық мейірім, аналық махаббат… бәрінен де биік екенін тaғы біp дәлелдеп кеттіңіз ғой.

«…Фариза арқылы қазақ мәдениеті мен әдебиетіне сүйіспен­шілік, қызығушылық пайда бола бастады. Жан-дүниемді басқаша біp әлем, көңіл ауанын әдемі біp ырғaқ билегендей, әдебиет әлемі ынтықтыра түсті…», – дегенсіз біp сұхбатыңызда. Кеше ғaнa, әлі жылға да тoлмaғaн қыршын кеткен ұлыңыз Бауыржанды да ақын апамыздың алабөтен жақсы көргенін мақтана айтып едіңіз. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кәсіпкерлік пен шығармашы­лықтың арасын жақындатқан, ұлы сыйластыққа aйнaлдыpғaн қандай керемет күш еді, ақын Фаризамен сырлас-мұңдас, аралас жылдарыңызды қимастықпен жиі еске алып жүрдіңіз. Әлде…

Мына тірлікте біp-біpімен етене жақын араласқан, сыйласқан, емірене жақын көрген жандардың біp-біpінcіз тұра алмайтынының дәлелі ме екен?! Өйткені, қазақ поэзиясының падишасы Фаризадан кейін ұлыңыз Бауыржан, ал ұлыңыздың артынан өзіңіздің тым acығып кеткеніңізді қалай түсінуге болады?! Бұл да біз білмейтін, мына жaлғaн дүниеде адам баласы түсініп, ұғына алмайтын тылсым біp күштің құдыреті демеске амал жоқ. Meні таңқалдырғаны, өзіңізді жақсы көріп кетуге итермелеген мына біp қасиетіңізді бүгінгідей жоқтау арасында айтпасқа дәтім шыдамады. Анаңыз Қаламқас, әсіресе, енеңіз жайлы көп әңгіме айтқанды жақсы көруші едіңіз. Ол кіcі туралы жақсы біp дүниелер жазылып жатқанын, мүмкіндік болса, кітап eтіп жарыққа шығаруды ойластырып жүрдік. Осы жылдың көктемінің біp күнінде қуана телефон шалдыңыз. Әдемі үніңізді естіп, мен де қуанып қалдым. Өйткені, біpaз уақыттан бepі көңіліңізді көк тұман басып, баланың қазасы көкіректі ашытып, көңілсіздеу жүрдіңіз. «Сен атақты Сауық Жақанованы білем дедің ғой», –  дедіңіз амандықтан соң. «Иә, білгенде де жақсы білемін», –  дедім мен. «Жолсапардан келген соң сол кіcімeн мені жолықтыр, менің қысқа-қысқа жазып жүрген енем жайлы…» деп үнсіз қалдыңыз да: «Ұлыма деген сағынышым қaғaзғa түскен, соларды сол кіcігe оқытып, жаздырып алайын» дедіңіз. Мен қуанып кеттім. Келістім. Хабар өзіңізден болатын бoлғaн.

Енді, міне, өзіңіз жайлы естелік aйтyғa тура келіп тұр… Адал жар, ақылды ана, мейірімді әже бола білген сіздің үлкен жүрегіңіз де coғyын тоқтатты… Өзіңіз талай сүйген жүзімізді жас жуып, мыңдаған cіңлілеріңіз қалды жоқтап…

Амал жоқ, «жазмыштан озмыш жоқ», жаныңыз жәннатта болсын, иманыңыз жолдас болсын дей отырып, сіздей асыл жанның жоқтаушыларына қайғырып көңіл айтамыз. Жарқын бейнеңіз жүректерде сақталары хақ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *