МІНЕЗІ ШАХАР, ШАҒЫН КАТАР

Саудиялық коалицияға қыр көрсетуге көшті

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Таяу Шығыстағы  мұсылман елдерінің қазіргі таңдағы бір-бірімен қырғи-қабақ қатынасы  талайларды  толғандырғандай. Бірақ олардың осындай  «алты бақан алауыздығы»

АҚШ пен Батыс елдеріне қолайлы. Олар осындай қайшылықты пайдаланып, орайы келсе бір-біріне айдап салып, айтқандарына көндіріп, айдағандарына жүргізіп отырғызуға  пейілді.

Ливия елін  қырық жылдан астам  басқарған, жалынды төңкерісшіл-патриот  Муаммар Каддафи (1940–2011)  сыртқы жауларға жем болмас үшін  араб мемлекеттерінің, тіпті  Африка құрлығының  тізе қосып  бірігуін, одақ болып алпауыттарға қарсы тұруын өмірбақи армандап өтті.  Ол  2009 жылы  атақты  Евроньюс телеарнасына берген сұхбатында: «Мен  ертелі-кеш әйтеуір түптің-түбінде,  қалайда болмасын араб елдерінің бірігетініне сенемін. Қараңыз, қазір араб дүниесі ірі держава мен одақтардың ортасында  қыса-қысыла бір жапырақ  қағазға айналды. Бірікпесе, оларды  заманның желі  құстың қауырсынындай ұшырып әкетеді. Демек, арабтардың бірігетін  уақыты келген тәрізді. Бәлкім, Араб-Африка  одағы пайда болатын шығар», – деп жауап берді.

Өкінішке қарай,  араб елдерінің  бас біріктіріп, одақтасуы әлі алыстау секілді көрінеді.

Естеріңізде болса, 2017 жылдың 5  маусымында Сауд Арабиясы, Бахрейн, Біріккен Араб  Әмірліктері, Египет бастаған, Йемен, Ливия, Мальдива, Маврикия және Мавритания қостаған араб елдері Катармен дипломатиялық  қатынасты үзіп,  құрлық,  теңіз және әуе арқылы болатын байланыстардың бәрін сап тыйып, саяси және экономикалық  қысым  жасауды бастаған  еді. Сонда олар Катар билігін және тікелей монархия әмірі Тамим  ибн  Хамад әл- Таниді «әл-Каида», «Мұсыман бауырлар», «Талибан», ХАМАС, «Ислам мемлекеті», ан-Нусра майданы» және Жабхат Фатх аш-Шам сияқты  исламдық террористік ұйымдарды  қолдап, аймақтың қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр» деп айыптаған. Өздерімен  қарым-қатынасты қайта  қалпына  келтіру үшін Дохаға: әлемдік ақпараттық кеңістікте  айтарлықтай беделге ие болып отырған «әл-Жазира» халықаралық телеарнасын жабу, Иранмен  байланысты үзу, Түркиямен әскери ынтымақтастықты тоқтатып,  өз жеріндегі оның әскери базасын шығару деген секілді 13 тармақтан тұратын  талаптар қойған. Осыған байланысты ел әмірі Тамим  ибн  Хамад әл-Тани бірнеше халықаралық телеарналарға  сұхбат беріп, қойылып отырған талаптардың орынсыз да қисынсыз екенін айтып, сол себепті орындалмайтынын жеткізген. (Бұл жөнінде  кезінде «Катарға неге қатер төнді? деген сараптамалық мақала жазғанбыз. «Алматы ақшамы», 25.07. 2017 ж.).

Әйтсе де, Катар әмірлігі азық-түліктің және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сексен пайызы Саудия арқылы тасымалданатынына қарамастан  Түркия мен Иранның  қолдап-қуаттауының арқасында  тығырықтан шыға білді. Оның үстіне  10-14 млрд. доллар  шамасындағы азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерін  Катарға  жеткізіп беріп отыру Анкара мен Тегеранға  сауда-экономикалық жағынан тиімді болып шықты.

Елінің басына күн туған қиын-қыстау  кезде Тамим  ибн  Хамад әл-Тани Стамбулға барып,  Түркия президенті  Ережеп Ердоғанмен  көзбе-көз отырып, кеңесіп оның  қолдайтынына  көз жеткізгеннен  кейін түркиялық әскери базаның  ұлғая түсетінін,  Катардың  жаңадан  әскери ұшақтар мен кемелер сатып алатынын, Әскери әуе  және теңіз  күштерінің  екі есе көбейтілетінін мәлімдеді.

Міне, бір жыл сегіз айдан астам уақыттан  бері  Катар аталған араб елдерімен дүрдараз. Екі жақ та райларынан қайтып, ымыраға келер емес.   Катар  территориясы небәрі  11586 шаршы шақырымды құрайтын (Алматы облысындағы Кербұлақ ауданының  көлеміндей), халқы  2,6 млн. аралда  орналасқан кішігірім ел болғанымен, газ қоры жөнінен әлемде үшінші, оны сыртқа сату бойынша алтыншы, мұнай экспортынан 21 орында иемденетін,    халықаралық қатынаста елеулі орны, әлемдік саясатта  өзіндік үні  бар мемлекет. Сондықтан  оның  көршілес араб  елдеріне тізе бүгіп, мойынсұна қоюы неғайбыл.  Осының айқын айғағындай,  Доха кейінгі кезде АҚШ, Түркия және Қытай сияқты әлемнің жетекші мемлекеттерімен  қарым-қатынасты  жақсартуға  ден қойды.

Елдің энергетика министрі  Саад әл-Каабидің  айтуынша,  Qatar Petroleum мемлекеттік мұнай компа­ниясы  алдағы жылы  АҚШ-тың  энергетикалық жобасына  20 млрд. доллардай инвестиция құйып,  газды сұйытатын  ірі өндірістік  өңдеу кешенін  салып бермек. Құрама Штаттарға керегі осы. Оның көздегені  Парсы шығана­ғында араб елдерінің  алауыздығын  барынша өз мүддесіне пайдаланып отыру. Сондықтан да сарапшы мамандар айтып жүргендей,  Ақ үй әкімшілігі  Сауд Арабиясымен 500 мың американдықты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін  құны  110 мрлд. доллар көлемінде   қару-жарақ  сауда келісімі жасалғанын бетке ұстап, «қай жеңгенің менікі»  дейтіндей Эр-Рияд пен Доханың  текетіресіне, тіпті төрткүл дүние шулап жатқан  саудиялық журналист  Жамал Хашогидің өліміне  де көз жұма қарайды.

Әлемдік саясат пен экономикада есесін жібере қоймайтын  Мәскеудің қалауы –  Саудиямен де, Катармен де  тиімді қарым-қатынаста болу.  Бір жағынан  Катардың  Ресей экономикасына  3 млрд. доллар инвестиция құйғаны, оны 5 млрд.-қа жеткізу  ниеті  пайдалы болса, екінші жағынан  Сауд Арабиясымен  ОПЕК бойынша  мұнай бағасы жөнінен ұстанымдары ұқсас. Қай нәрсені де қалт жібермейтін  көреген  журналистер биылғы жылғы 30  қарашамен 1 желтоқсан аралығында Аргентинада  өткен G-20 (үлкен жиырмалықтың) жиынында  Владимир  Путин мен  Мұхаммед ибн Салманның  бір-біріне жылы шырай танытып, сарт еткізіп қол алысулары осының дәлеліне балайды.

Әркім  өзінде барын бұлдайды  демекші,  Катар  жақын жылдарда  «көгілдір отын» өндіріп, сатуды  77 млн. тон­надан  110 млн. тоннаға жеткізетінін, 2019 жылдың  1 қаң­тарынан алпыс жылға жуық мүшесі болып келген  ОПЕК (Мұнай  экспорттаушы елдер ұйымынан)  шығатынын  жариялады. Әрине,   оның аталған  ұйымдағы  үлесі  (тәулігіне 610 мың барраль  өндіретіндіктен)  екі пайыздай ғана, бірақ  мұндай қадам  ОПЕК-тің шытынауына,  басқа елдердің де  ұйым қатарынан шығуына  ықпал етуі  кәдік. Соңғы кездері  сондай қауесеттер айтылып жүр. Себебі,  ОПЕК-тің ұстанған саясаты оған мүше бірқатар басқа елдерді де  қанағаттандырмайтын сыңайлы. Мәселен,  Ирак  оның мұнай экспортын шектеуіне наразы.  Өйткені, ол  мұнайды молынан сыртқа сатып, соғыстан бүлінген  өндіріс пен шаруашылығын  тезірек қалпына келтіріп алуды көксейді.

Тағы бір айта кететін мәселе, Катар әмірлігі 2022 жылы  футболдан әлем біріншілігін өткізуге  тілек білдіріп, жеңіп алғанда  өзіміз тілге тиек еткен Парсы шығанағындағы Саудия  бастаған  араб   елдері  бойкот жариялап, оны басқа бір мемлекетте өткізу  талабын қойды.  Бірақ  ФИФА (Халықаралық футбол федерациясы)  өз шешімін  өзгеріссіз қалдырлы. Соған сейкес, ел астанасы Дохадан  15 шақырым қашықтықтағы  Лусаиль қалашығында 2022 жылғы чемпионатты өткізетін басты маңдайшасы алтынмен апталған  стадион бой көтерді. Жобалық құны 45 млрд. долларға есептелген  оның құрылысы 2020 жылы толық аяқталады. Қараңыз, кейде  осылай  саясаттың спортқа да зиян-залалы тиіп кете жаздайды.

Жалпы, Катар  табиғи газды сұйытып, сатуға маман­данған  ел саналады.  Мұндай  әлемдік сауданың отыз пайы­зын иеленеді.  Сыртқа шығаратын  сұйытылған «көгілдір отынның  75 пайызын:  Жапония, Үндістан, Оңтүстік Корея және Қытай елдеріне  сатады. Қытаймен екі арада осындай ірі газ саудасы жүргендіктен  және  келешекте  «Бір белдеу, бір жол» жобасын  жүзеге  асыру мақсатында  Пекин  Катармен сауда-экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға аса мүдделі. Сол себепті, ол  Доханы тікелей қолдамағанымен алыстан орағытып, ықпал етіп отырады.

Бүгінде халықаралық саясаттанушылар мен сарапшылардан  әлемнің ең қиын және қақтығыс пен қарама-қайшылыққа толы  аймағы қайсы десеңіз, сөз жоқ,  Таяу Шығысты атайды. Өзгесін айтпағанда, Сириядағы соғыстың жұртты ығыр қылғанына сегіз жылдан асты. Ең өкініштісі, араб-мұсылман елдерінің  Сирия жөнінен ұстанымы әрқалай.  Иран-Ирак-Ливан үштігі  Башар Асад  режимін қолдаса, Саудия, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Египет  оның биліктен кетуін қалайды. Түркия да басында сондай  көзқараста болған. Қазір Ресей және Иранмен бірігіп,  Сириядағы соғысты тоқтатуға,  Конституциялық  тәртіппен сайлау өткізіп, заңды өкімет орнатуға күш салуда.  АҚШ сияқты  Сауд Корольдігі де  Иран Ислам Республикасының  бітіспес қас жауы. Эр-Риядтың  Катарға қысым көрсетуінің бірдін-бір себебі  оның  Тегеранмен байланысында жатыр.  Өткен жылға дейін  Парсы шығанағында  бір-біріне қарама-қарсы: Саудия–Египет–БАӘ–Бахрейн сунниттік  және Иран–Ирак–Ливан–Сирия  шийттік  саяси-әскери блоктары болған болса болса, енді олардың қатары Түркия–Катар  альянсымен  үшеуге көбейді.

Кешегі желтоқсанның 19-нан  АҚШ  Сирия территориясынан  2 мың  адамнан  тұратын әскери құрамасын шығара бастады. Бұл  Асад әскерлеріне және күрд жасақтарымен күресіп келген Түркияға тиімді  болғанымен,  Израиль билігі  Иран  әскерлері және олардың қолдауындағы  қарулы күштер кетпейінше  шабуылды тоқтатпайтындарын айтып үлгерді. Өз кезегінде Ақ үй  Кремльге  «біз  Сирия жерінен әскерлерімізді әкеттік, сен де  ирандық  әскерилердің  кетуіне  ықпал ет, сонда  Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге  салынған санкция жұмсартылады» деген талап білдіргендей. Бірақ  ондай   талаптың  орындалуы  екіталай. Олай  дейтініміз, біріншіден, Тегеранның  Мәскеудің айқанына  құлақ аса қоймайды.  Екіншіден,  Ресейге қарсы салынған санкция мәселесін  Вашингтонның  жалғыз өзі шеше алмайды.  Ендеше, Сириядағы соғыстың тоқтап, Таяу Шығыста тыныштық орнайтынына   үміт үзілмегенімен,  сенім аз.

Бәрін айта та, бірін айт,  «көгілдір отынның» қызуы  Катардың асын да пірісіп, саудасын жүргізіп, халқын да бай етіп, айналасындағыларға  кіріптар етпей, әлемдік саясат пен қатынаста  еңсесін  көтеріп  тұр.

Айтпақшы, жақында  ФИФА президенті Джанни Инфантино 2022 жылғы әлем чемпионатының  кейбір ойындары Катардан басқа елдерде өткізілуі  мүмкін екенін, қатысатын  құрамалар санының 2019 жылы белгіленетінін айтып қалды.

«Ақшамның» анықтамасы:

Катар жағалауын су шайып жатқан, тек Сауд Арабиясымен құрлықтық шекарасы бар, Парсы шығанағындағы кішігірім мемлекет. Күні бүгінге дейін Саудия және БАӘ-мен шешілмей келе жатқан жер дауы бар. Арғы тарихына үңілсек, VІІ ғасырда Араб халифатының құрамында, XІІІ—XІV ғ.ғ. Бахрейн әмірлігінің, XVІ ғасырда Португа­лияның, кейін Осман империясының қоластында болған. 1916–1971 ж.ж. Ұлыбританияның протек­тораты болып,  1971 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген.

Жер қойнауы мұнай, әсіресе газға бай. Газ­дың қоры жөнінен әлемде алғашқы үштікке кіретін және  «көгілдір отыны» сыртқа молынан  сататын ірі экспортер. 1961 жылдан ОПЕК ұйы­мының  мүшесі. МВФ-тың мәліметі бойынша Катар әлемдегі ең бай мемлекет. ЖІӨ 359,1 млрд. доллар көлемінде, жан басына  шаққанда 129,3 мың доллардан айналады.  

2003 жылы 29 сәуірде қабылданған Конс­титуцияға сәйкес Катар абсолютті монархия. Әмір елдің бірегей басшысы. Оның билігі мен құзыреті шексіз. Тек шариғатпен ғана шектел­ген. Ол премьер-министрді, үкімет пен Консу­льтативтік кеңестің  мүшелерін тағайындайды. Бұл елде түрлі саяси партиялар, кәсіподақ ұйымдарын құруға және бейбіт шерулер өткізуге тыйым салынған.

1995 жылғы  29 маусымда  ханзада Хамад бин Халифа әл-Тани  әкесі Халиф бин Хамад  әл-Таниді бейбіт жолмен тақтан тайдырып, билікті қолына алды. Арада сегіз жыл өткен соң,  2013 жылдың 24 маусы­мында өз еркімен тақтан бас тартып, билік тізгінін отыз үш жастағы баласы Тамим бин Хамад әл-Таниге берді.

Катар халқының 40 пайызы жергілікті арабтар да, қалғандары Пәкістан, Үндістан және Иран жерінен ауып келгендер.

ЖІӨ елу пайызын мұнай мен газ құрайды, пайданың жетпіс пайызы осы екі өнімді сатудан түседі. Қызмет көрсету саласының үлесі  25 пайыз, ауыл шаруашы­лығы мардымсыз дамыған, небәрі 0,1 пайыз ғана. Азық-түлік, киім-кешек, тұтыну тауар­ларын түгелдей сырттан сатып алынады.

Катарда өндірілетін сұйытылған газ бен мұнай отыны, тыңайтқыштар мен болат құймасын негізінен: Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайланд және Үндістанға  сатылады. Қажетті машиналар мен қондырғылар, көлік құралдары, азық-түлік пен химиялық өнімдері – АҚШ, Жапония, Германия, Италия және Франция елдерінен сатып алынады.

Катар әмірлігінің «ашық қоғам» екендігі, сыртқы саясаттағы көршілерімен санаса қоймайтын тәуел­сіздігі мен еркіндігі өздерін араб әлемінің серкелері санайтын: Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн мен Египетке  ұнамайды. Сондықтан да олар  тентекті тезге салудың амалына көшіп, оған әр түрлі жолдармен  ықпал етіп, қысым жасауға ұмтылып отырады. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *