Мінезі бөлек Молдабеков

Биылғы «Театр көктемі» Әнуарбек Молдабековке арналды

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 

 

М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнуарбек Молдабековтің

80 жылдығына арналған дәстүрлі «Театр көктемі–2018» атты фестиваль 25–27 сәуір күндері өтті. Мәдени шара Әнуарбек Молдабеков зиратының басына құран оқып, гүл шоғын қоюдан басталды. Кешкісін М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында бұқаралық ақпарат құралдары  өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты болды. Жиынды М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік  академиялық драма театрының директоры Асхат Маемеров кіріспе сөз сөйлеп ашып, кезекті «Театр көктемінің» барысында атқарылатын шаралар туралы кеңінен әңгімелеп берді.

 КСРО және Қазақстанның халық әртісі, ҚР Еңбек Ері Асанәлі ӘШІМ­ҰЛЫ: – Қа­зақстанның Әнуарбек досы­мыздың өмір­ден өткеніне отыз бес жыл болыпты. Күні кеше арамызда шауып жүрген жігіт бүгін жоқ дегенге сенгің келмейді. Биылғы «Театр көктемін» Әнуарбекке арнауымызда да үлкен мағына жатса керек. Оның театр мен кинода жасаған образдары халықтың сүйіспен­шілігіне бөленді. Әнуарбектің өмір жолының өзі бір бөлек болды. Ол өзі қаршадайынан балалар үйінде тәрбие­ленген. Орекеңдер Андрей деп өзгертіп жіберген. Менің Дәуіт деген інімді де Даутов деп жазып жіберген ғой. Әнуарбек, Әзірбайжан, Нұрмұхан, Фаридалар театр­дың алтын тобы, театрдың өзегі болды. Кезінде осылардың арқасында Әуезов театры одақта төртінші орынға шықты. Әзірбайжан театрда отыз жыл қызмет еткенде осындай биікке көтерді. Әзірбай­жан мен актерлердің күші. Әзірбайжан театрда төңкеріс жасады. «Бөлтірік бөрік астында», «Айман-Шолпан», «Қан мен тер», «Ана – Жер-Ана» сияқты қойылым­дарды жоғары деңгейге көтеріп, халықтың зор сүйіспеншілігіне бөленді. Театр сах­насына қойылған кез-келген спектакль дәл солардай халыққа жұғымды болу керек. Егер сахнаға көгілдір затты іліп қойса, көрермен оның не үшін тұрғанына ой жібереді. Бүгінгі Әнуарбек досымызға арналған «Театр көктемінде» талантты актерді еске алып, оның еңбегін елге насихаттап жатқанымыз осындай үлкен міндеттен туындағаны белгілі.

Қазақстанның халық әртісі Сәбит ОРАЗБАЕВ: – Әнуарбек туралы көп айту­ға болады. Ол сахнада көптеген қайта­лан­бас бейнелерді жасай білді. Біздің театрдың жанындағы студияны бітіріп, осында жұмыс істейді деп жүргенде Қара­ғандыға кетіп қалды. Алғашында біз оның бұл шешіміне түсінбей қалдық. Қара­ғандыда оның таланты ашылды. Қобы­лан­ды мен Кебекті сомдап, керемет образдар жасады. Алматыға гастрольмен келгенде Әзірбай­жан Мәмбетов өнеріне риза болып, театрға жұмысқа қабылдады. Оның әкем­театрда жасаған кейіпкерлерінің шоқтығы биік болды. Жантық пен Тәңірбергенді келістіре ойнады, Мәскеуде А.Чеховтың «Ваня ағайында» Ваняны ойнап, орыс­тардың өзін таңқалдырды. Бұл біздің театр үшін де үлкен жетістік болды. Одан да бөлек жа­саған бейнелерінің бәрі толық­қанды десек болады. Басында оның арсын-гүрсін, бірден айтып қалатын  мінезін түсінбей де жүрдік. Нағыз өнер адамында бөлекше мінез болатынын білдік.

Ұлттық актерлік мектептің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, Мем­ле­кеттік сыйлықтың иегері Әнуарбек Абы­ханұлы Молдабеков 1938 жылы 20 ма­мырда Алматы облысы, Іле ауданы, Комсо­мол ауы­лында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге бейім өскен, әнші болуды арман­даған ол 1956 жылы Алматы консер­ва­то­риясының актерлік бөліміне түсті. 1960-1962 жылдары М.Әуезов атындағы акаде­миялық драма театры жанындағы екі жыл­дық студияны Ә.Мәмбетов, Н.Жан­төрин, тағы да басқа өнер шеберлерінен дәріс алып, оқып бітірді. Өнер жолын С.Сей­фул­лин атындағы Қарағанды облыс­тық драма театрында бастаған Әнуарбек Молдабеков сахнада М.Әуезовтің «Қобы­ландысында» – Қобыланды, «Түнгі сары­нында» –  Жантас, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» – Еркін, Шекспирдің «Ромео-Джульет­тасында» – Тибальт, тағы басқа рөлдерді сомдап, мол тәжірибе жи­нақтады. Қараған­ды театрының 30 жылды­ғына орай Алматыда өткен гастрольде Қо­быланды рөлімен көзге түсіп, мамандар мен көрер­мендерден жоғары баға алған та­лантты актер 1964 жылы М.Әуезов атын­дағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік тобына қосыл­ды. Сол кезден бас­тап академиялық драма театры­ның сахна­сында керемет бейнелерді сомдай білді.

М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан­ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнуарбек Молдабековтің 80 жыл­дығына арналған көрменің ашылу сал­танаты болды. Кешкісін театр сахнасында кезінде Әнуарбек Молдабеков ойнаған «Қыз Жібек» музыкалық драмасы көрер­мен назарына ұсынылды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close