Мінез туралы миниатюралар

Жақау Дәуренбеков,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

1.

Ғажап!..

Ұлы данышпан Абай мінез туралы тереңнен толғап  (Отыз екінші сөзінде) айтып кетіпті:

«Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілтектікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез қылған қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың! Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!».

Түйсін де толғай біл. Ойлан да өз өреңмен өлшей бер. Айтқанды сіңіре алсақ та арыңның абыройы.

 

2.

Қалай десек те, қаламгердің қадір-қасиетін өздерінен артық ешкім де біле бермейді. Аз сөйлеп ағынан жарылатын, парасатты пір тұтатын қадірлі ағамыз Төлен Әбдіковтің бәріміз жақсы білетін Сағат (Әшімбаев) жайлы пайымы, барды  бағалай байыпты өріліпті: «Батылдық пен туралық – мінездің тентектігі емес, ол өмірлік принциптен, адалдықтан, жауапкершіліктен тұрады. Сағатта осылардың бәрі болды. Ол бет-жүзге қарамайтын қатты сынды да, байыпты терең талдаулардан тұратын парасатты сынды да жазды. Бірақ оған өкпелеп, «мынауың артық болды» деген адамды өз басым көрген емеспін. Өйткені, ол кімді сынаса да, ар жағындағы адалдығы, сол адамға тілектестігі сезіліп тұратын. Әдебиетті жеке бастың мақсатына пайдалану, яғни жек көргендей сынау, «қажет» адамды мақтау деген оның табиғатында болып көрген емес».

(«Қ.Ә», 06.10.2017ж.)

 

3.

Жазушы Мағира Қожахметованың мінезін жұрттың бәрі білетін сияқты көрінеді. Бәлкім, солай  да шығар. Бойынан да, ойынан да бір асаулық,  асқақтық байқалып тұратын оның қатарлас­тарының ортасында өзін тым еркін ұстайтыны, батыл сөйлейтіні, кейде бетіне айтып салу дегенді қалыпты іс көретіні – бір қызығы,   өзіне жарасып-ақ тұрады.

Әйтсе де, оның мына бір тосын мінезі таң­қалдырып еді. Оны өзі айтып, өзі  де таңқалып отырады. Қалай дейсіз ғой? Тыңданыз.  Айтуынша, 1969 жылы университетті аяқтап, журналистің дипломын алады. Сол күні салып отырып тура­сынан-тура «Лениншіл жас» редакциясына келеді.

– Дәл сол күнге шейін редакцияның алдына талай рет жақындап, кіруге жүрексініп, кері қайтқанмын, – дейді, – курстастарым Сейітқазы Досымов, Жарасқан Әбдірәшев, Ырым Кененбаев, Құрманғазы Мұстафин, Мұрат Күлімбетовтің мақалалары жиі жарық көріп, штатқа да еніп үлгерген. Ал менің бұған дейін газетте жария­ланған ештеңем де жоқ, соған қарамастан үмітім зор. Іштей: «Мен қалай да  «Лениншіл жаста» жұмыс істеуім керек!» деймін. Хатшы қыз Ғазиза екен, қасында біршама отырған маған кіріп-шығып жатқандар саябырлаған сәтте бас редактордың кабинетіне кіруіме рұқсат етті. Столының қасына кеп жайғастым. Университеттің Журналистика факультетін бітіргенімді, тек қана осы газетте жұмыс істегім келетінін айттым. Будақтаған темекі түтінінің аржағынан қарап, тіл қатпай ұзақ отырды. Аты-жөнімді сұрады-ау әлден уақытта. Темекі түтінінің арасынан жүзіндегі өзгерісті, яғни жақтырған-жақтырмағанын айыру мүмкін емес.

– Ауылыма кетіп барамын, екі-үш айдай сонда боламын, ел жақтан мақалалар жіберіп тұрсам… күзге қарай келсем, жұмысқа алсаңыз.., – дегендей сөздерді айтып, жауабын тостым. О кісі тәптіштеп ештеңе сұрамады.

– Екі-үш ай дейсің бе, о кезде мен жұмыста болмаймын, Мысырға жол жүрмекпін, – деді, – бірақ орынбасарыма айтып кетермін. Материалдар жаз, көрейік кейін.

Атымды, фамилиямды алдындағы күнтізбенің бетіне жазып қойды. Бар болғаны осы. Іштей қуанып шықтым кеңсесінен.

Жаздай туған жерімде болып, шағын хабар, репортаждар жіберіп жүрдім газетке. Күзде ре­дакцияға қайтадан келдім. Шынында, орын­басарына тапсырған екен. Жұмысқа қабылдандым. Әлі таңқалатыным – Шерағаңның түк жазғаным жоқтығына қарамастан менің сөзіме сенгені, ал өзімнің соншалық ақкөз батырлыққа барып, жұмысқа алыңыз деуім. Адамды кейде осындай көзсіз  мінездің де жақсылыққа бастайтынына әлі күнге қайран қалам…

Біздің де айтпағымыз осы мінез еді.

 

4.

Жыр жазуды жүрегінің бағына балаған ақын Сағи Жиенбаев ағамыздың жібек мінезі поэзиясының болмыс-портреті десек қателесе қоймаспыз. Дегенмен, ақынның мінезін жан жарынан артық білем деу артық болар. Ақынның жары Уәзипа апамыздың өз аузынан естіп көрелікші енді.

«Сағи мінезі өте жайсаң, сабырлы, артық сөзі жоқ, анау-мынауға ашулана бермейтін еді. Қайта менің ұнамаған нәрсені айтып тастайтыным бар. Қонаққа бара жатып: «Уәзкен, ұнатпасаң да үндемеші», – деп ылғи ескертіп жататын.

Жер қозғалса, қозғалмайтын мінезі бар. Бір өлеңінде:

«Қара жердің өзін де,

 Қатты басқым келмейді», – дейді. Бұл – Сағидың мінезі. Адамды аяғыш, қамқор еді. Жолда танымайтын бала жылап тұрса, қалтасындағы барын қолына ұстатып кететіні бар. Әйтеуір, алдынан көп кедергілер шықты. Бірақ Мемлекеттік сыйлық алмадым деп өкінген жоқ. Бір рет ұсыны­лып тұрып, өзі бас тартты. («Ж.А», №88, 2 қараша 2017 ж.).

Алты ауыз сөзден-ақ бәрі айнадағыдай көрініп тұр емес пе?

Ақын поэзиясының мінезі бізді алдамапты.

 

5.

«Қанша адам болса, сонша мінез бар. Көп нәрсе, керек десеңіз, тіпті адамның тағдыры да кейде мінезіне тікелей байланысты. Адамның мінез-құлқы қалыптаса келе қасиетке айналады», – дейді Сапар Байжанов «Мінез бен қасиет» атты мақаласында. Сапекеңнің бүкіл өмір жолы, бүкіл өнер жолы өзіне табиғат берген бай мінезін, өмір бойы байытып отырудың, оны қасиетке айналдырудың арқасында осылай өрілген. Байқап отырсаңыз, қаншама білімді, қаншама талантты адамдардың бір соры – мінезсіздігі. Не о  баста бар мінездің беріктігінің бұзылуы. Не Абай айтатын ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауытының болмауы. Сапеқеңнің сондай сауыты бар еді», – деп жазады ұлағатты ұстазы – редакторы жайлы сенімін ақтаған шәкірті, қаламгер әрі қайраткер Сауытбек Әбдірахманов «Ұстаз» деген жүрекжарды («Сара сөздің сардары», Фолиант, 2010 жыл) естелігінде.

 

6.

Ұлыларымыз бір ауыз сөзбен-ақ мінездей білген. Тұлғаның бар бітім-болмысын тану үшін соның өзі-ақ жеткілікті. Оған иланбасыңа қоймайтын ұлы Мұхтар Әуезовтің жанындай жақсы көретін шәкіртіне арнаған лебізіне қараңыз:

«Ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу бітім, өнер иесі досым, інім Зейнолла!

Дос, аға көңілден тілейтінім – сенімен бірге жүру, өзара бірге еңбектену».

(Ұлы жазушының шәкіртіне берген баға-қолтаңбасы), «Е.Қ», 11.12.2017ж.

 

7.

Биолог-ғалым, академик Темір Дарқанбаевтың мына сөзі есте қалыпты: «Ілиясты  біздің еліміз өсірді, халқымыз қадір тұтты. Ілиясты біз өмір бойы құрметтеумен өттік. Оған лайық  болған соң солай істедік. Бірде ол: «Темеке!» Замандастардың жөні бөлек қой, Қаныш пен Мұхтарлардың мені «Ілекең» дегенін қойдырыңызшы, дегені бар. Міне, оның мінезі… Жақсыны көре білу – Ілекеңнің халықтық мінезі болды», – дейді.

Иә, бұл халықтың өмірінен бөліп алып қарауға болмайтын тұлғаға тән халықтық мінез екені қапысыз айтылыпты.

Үлкен ілім-білімнің иесі, кең пейіл, әдебиет пен мәдениеттің барлық саласына жанын салып, жүрек сөзімен қызмет еткен Ілияс Омаровқа бұл сыпаттама халықтың берген баталы мінезде­месіндей көрінеді.

 

8.

Мінез адам табиғатының өмірдегі келбеті мен қасиеті.

Қаныш Сәтбаев мінезін жақыннан көріп, жүрегімен бағалай білген Ілияс Омаров екен.1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толғанда, ол Мұхтар Әуезовтің өтініші бойынша тұңғыш рет әдеби мақала жазады. «Сол жылдан бастап, – депті Ілекең, – менің әдебиет оқушысы ретіндегі еңбегім басталды. Міне, «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – депті ұлы Абай, Қаныш та сол секілді адам еді», – деп ұлыны тани алған Ілекең арлы ойымен аялай  да білген. Қанаттаса қызметте жүргенде Қаныштың әр ісіне куәгер болады. Академия ашу қайран ердің бір сәт ұмытпаған ойы болғанын көреді. Сабырлы, салқын мінезді,  парасат иесі Қаныш алдымен оның негізін қаластыруды ойлады.  …Кейін, академиктің арманы орындалды. «Маған, әсіресе Қаныштың сонша­лықты атақ-даңқтың иесі бола тұра өзін-өзі аса кішіпейіл ұстайтын Мінезі ұнайтын», – деп жазыпты.

Жайсаңдарымыздың бір-біріне деген мархабатты мінездерінің қарапайымдылығы мен құрметтерінің кереметтігіне қарасайшы, шіркін!

 

9.

«Актер адам ақын мінездес деген сөз  рас та шығар, өзіне де, өзгеге де сондай талап қоятын Серағаң енді бірде қарасаң ақ көңілді, ақжарқын, мейірімді де бола алатын. Бойыңнан жылт еткен ұшқын көрсе, балаша қуанатын… Спектакльдердің бәрінде мен Серағаңнан аталық мейірім, ағалық қамқорлықты  көп көрдім… Серағаң дарыны мен өнерпаздығының бастау бұлағы тереңде, халық өнерпаздығымен сабақтас жатса керек. Осыған орайлас біздің Серағаңда халықтық өр мінез, жалынды қайсарлық та күшті еді, – деп жазыпты халқымыздың сүйікті актері, Халық әртісі Бикен Римова жазбасында. («Еңлікгүлім», 1987 ж.) Сахнадағы рөл мен былайғы тірліктегі өмірдің актер болмысынан алдымен мінез арқылы көрінетінін, мінезбен сомдалатынын көрген Бикен апайдың Серағаңды «халықтық өр мінез», – деп атауы тегіннен айтыла салмаса керек.

«Халықтық өр мінез!» – сирек сыпаттама. Бұл, бәлкім, біз біле бермейтін актерлік өмірде мінез айрықша рөл атқаратынын көргеннен кейін туған өз ойы-өз өмірлік пайымы шығар.

 

10.

Өнер адамдары өздері жайлы көп ақтарылып айта бермейді. Олардың  сыпайылықтан аспай, әр сөзіне есеппен қарайтыны – мәдениеттіліктің бір сипаты болар.Мұндай сыпайылықты Мұқан Төлебаев жөнінде айтылған пікірлерден аңғаруға болады.

Латиф Хамиди: «Мұқанның білімге құштар және еңбек сүйгіш мінезін біз кейін Алматыға келіп кездесіп бірге жүрген, қызметтес болған уақыттарда да үнемі көріп-біліп жүрдік. Мұқанның бойында тамаша мінез-құлықтар көп-ақ еді».

Ахмет Жұбанов: «Оның мінезі, жұмысына жан-тәнімен кірісуі, тек оқу-үйрену жағы болмаса, өзінің тұрмысы туралы ауыз ашпауы үлкен табандылықтың айғағындай көрінді».

Мақсұт Майшынов: «Жасымызда Мұқанның кейбір ерекше мінезін түсінбей келемеж ететінбіз. Кейде көз үйренген әдеттегі нәрсеге аяқасты таңырқай қалатын. Тобылғы түсті жыңғылға, жапырағы төгілген үйеңкіге, тұнжыраған тораңғыға, тіпті кісіні мезі ететін құм төбешіктеріне құдды бір алғаш көргендей тамсанатын. Енді ойлап отырсам, ол шынында да, туған жерінің табиғи сұлулығын таниды екен де…».

Нелер дәуір дауысын жеткізген қос ішекті қара домбырадай, жақсылардың жарқын келбет, жан-дүние мінез-құлықтарын ұмыттырмайтын да оның осындай замандастары ғой.

 

11.

Өз мінезіне өзі жауап бермейтін жандар бар.

Өз мінезін өзі жақсы білетін жандар да бар. Соның бірі – дара болмысты, дарынды қаламгер Несіпбек Дәутайұлы. Онысын өзі айтады: «Адам­ның мінезін алдын-ала болжай алмайды, тіпті адам­ның өзі де. Айналаңда болып жататын жөнсіз жайт­тар көп. Ол әдет кімнен көрінсе де бас салып, осып жіберетін кездерім бар. Қамшымен емес, әрине, «тәйт!» деп тілмен тыясың. Ол мінезімнің шығармашылығыма кесірі болған жоқ», – депті (сұхбаттан,  Қ.Ибрагимова,  «Е.Қ» газеті, 23.11.2017 ж.)

Талантқа тән туралыққа «Әп, бәрекелде!..» дейміз.

 

 

12.

Журналист Серік Жұмабаев сұхбатында («Алматы ақшамы», 28.11.2017 ж.) ақын Жұмекен Нәжімеденовтің аяулы жары Нәсіп апайға сұрақ қояды:

–Апа, жалпы, ақынның мінезі қандай еді? «Үй іші болған соң, ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» демекші, араларыңызда кейде түсінбестік орын алып тұратын ба еді?

–Жоқ. Жұмекен  өзінің өлеңіндей терең, қайталанбас біртуар мінезді адам еді. Бір қараған адам мінезі ауыр, тұйық деп ойлап қалады. Оның біреуге асығыс сөйлеп, асығыс жауап беретін желқауыздығы жоқ, орнықты, салмақты сөйлейтін. Біреуге ренжігенде бет жыртып айтпай, іштен тынатын. Әзілқойлығы  да жоқ емес. Жеңгелерін, балдыздарын, құрдастарын өткір әзілмен ашуландырып алып, өзі қарқылдап күліп отыратын.

Үй ішіне, балаларға өте жайлы, адамды аяғыш, аса қаталдығы жоқ, ішкі жан-дүниесі нәзік болатын. Үйдегі ұсақ шаруаға кірісетін ұсақтығы да жоқ еді. Өлеңнен сәл қолы босағанда анасымен де, бәрімізбен де қалжыңдасып, әзілін айтып, бізді үйде еркін ұстауға тырысатын. Ал біреуге үйде ренжісе де, сол кезде емес, кейінірек жайлап отырып, жер-жебіріне жеткізіп айтатын», – депті Нәсіп апай.

Осы сөзінде Жұмекеннің ақындық та, әкелік те мінезі көрініп тұрған жоқ па?!

 

13.

Кімнің кім екенін біле жүру де ғанибет. Талғап танығанды айта жүру де азаматқа жарасымды мінез. Соның бір дәлелі болсын, мына бір сыпаттамаға назар аударыңыз. Айтушысы – Нұртөре Жүсіп («Айқынның»  Бас редакторы. Хатқа түсуші – Шәмші Пәттеев («Түркістанның» Бас редакторы).

«Шәкең – ұлтжанды, – дейді Нұртөре, – тіпті ұлтшыл азамат. Ұлт мүддесі жолында айтысқа да, тартысқа да барып жүр. Ол басқарып отырған «Түркістан» газеті шын мәнінде ұлт қорғанына айналды. Қазақ ұлтына қатысты кез-келген мәселе осы газеттің бетінде кеңінен көрініс тауып жатыр. Ұлт мәселесіне келгенде Шәкең мінезді. Алған бетінен қайтпайды. Бірбеткей. Өз қағидасы мен көзқарасын өзгертпейді. Сондықтан да ұлт мәселесіне қияс келгендер де, қағыс қалғандар да, қарсы шыққандар да «Түркістан» газетінің бетінен тиісті «сыбағасын» алады… Небір лауазымы жоғары мемлекеттік шенеунік қия басқан қадамы үшін, жаза басқан жұмысы үшін осы газеттің аяусыз сынына ілінеді. Бұл газетті басқарып отырған азаматтың ер мінезін, байыпты байламын, биік ой-өресін көрсетсе керек.

Шәкең – мемлекетшіл. Ол қазақ мемлекеті дегенде ішкен асын жерге қояды деуге әбден болады. Бұған өз басым талай рет куә болған­дықтан айтып отырмын. Менің аңғарғаным – Шәкеңнің адамдармен жақсы болатыны, біріншіден, жаратылысынан, туабіткен тектілігінен болса, екіншіден, кәкір-шүкір мәселені көңіліне алмайды, кек тұтпайды, өлшемді ірі алады, пейілін кеңге салады, мінезінен айнымайды…» («Кәусар кез» кітабы, 2014 ж.)

 

14.

Көктем, жаз, күз, қыс – бұл таңғажайып табиғаттың төл мінезі ғой!

 

15.

Бірде Ғабиден (Мұстафин) ақсақалдан сұхбат алушы:

– Тіл жағынан кімнен үйренесіз? – дегенге,

– Халықтан, – десе керек.

– Қандай мінезді қасиет тұтасыз? – дегенге,

– Сегіз қырлы, бір сырлы, әділ, ақ мінез – ұлы қасиет, – депті…

Ақ мінез?! Бұл ақсақалдың ардақтай айтқан ақыл сөзі – асыл теңеуі болар, сірә?!

 

16.

Қаламгерлердің бір-біріне берген мінездемелері кейде жүре келе айта жүрер асыл сөзге айналып,  кіршіксіз көңілден  шыққан жан сырының жылуы боп жадыда қалып жатады.

Қаламгер Қалихан жайындағы лебіздердің ойымыздан кетпейтіні соның бір көзайым куәсіндей.

Тілінің сұлулығына, сөзінің мәнділігіне, сөйлемінің дәмділігіне, ойының әуезділігіне таңғалып, тамсанып жүретін Әбекеңнің (Кекілбаев) кеткенінше қаламы қолынан түспей өткен жан досы, қаламдасы Қалихан жайлы айтқаны ақ сөйлеудің әдібіндей әсерлі:

«Қарабайыр қазақ тұрмысының жілігін шағып, майын алғандай қылып, Қалихандай жетік білетін ешкім жоқ. Қазақ жаны мен қазақ мінезіне ондай қанық адамды қолыңа шырақ алып іздесең де табылмайды», – деп тебірене толғайды.

Қаламдас інісі – ауылдағы Дидахмет (Әшімхан):

«Мен Қалихан ағамызбен көп араластым, көп сырластым. Өмірде де, өнерде де ағамыздың былайғы жұрт бірін білсе бірін біле бермейтін мінез-құлқын танып білдім… Қазақтың қарапайым сөзі мен мінезі Қалихан Ысқақтың қаламына ілініп, қағаз бетіне түскенде құлпырып, қунақ тартып, өзгеріп, өрісін кеңейтіп шыға келетін», – дейді.

Ал қаламдас досы Ахметжан (Ашири): «Адамдар әр күні бөрі, жолбарыс, түлкі, ит, жылан мінезін көрсетіп, өмір сүреді. Бұл – ақиқат сөзім.

Ал менің имани нұрлы досым Қалихан да әр күні адам болып жасаған мінезі кәміл… Бұл – ақиқат сөзім», – депті.

Осы орамды ойларда Қалекеңнің жалпақ жұртты  жалт қарататын дәстүрлі дауысы – суырыла шығып саңқ етер саңлақ мінезі жаңғырық салып тұрғандай-ау, шіркін!..

 

17.

Халықта біртуар деген ұлағатты ұғым бар. Елінің еріне берген ең жоғары бағасы. Мұндай мәңгі жасайтын құрмет иесінің бірі де бірегейі – Жұбағаң. Жұбан Молдағалиев!

Кешегі желтоқсанның ызғарлы күнінде «Мен – қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат… Мен оқиға және оның артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкінемін», – деп жан-тәні тілім-тілім боп қаны басына шапқан ақын жүрегінің аһ ұрғаны әлі ел есінде.

Ақын – азаматтың наркескеннің жүзіндей жарқыл салуы өр мінездің өзгермейтінін тағы бір көрсетті. Тіпті, жалбақтап жүретін заманда, сонау 1963-1964 жылдары-ақ Жұбағаңның:

«Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім!», –

деп жар салғаны бар емес пе?

Тасқа қашап тұрып жазып қоятын өр мінез – өмірлік сөз. Есті сөз ескерткішке айналса ғой!

Алаңдарда тұрса! Адамдардың аузында жүрсе!

Әттең, өкінішті.

Бұл қаперімізге кіріп шықпайды.

 

 

18.

Сонау студенттік кезден бері бірге жүріп, бірге тірлік кешкен Баққожаның бар өмір жолы, оның жастық шағы, қаламгерлік қадамы, шығар­машылық табыстары, азаматтық істері, адамдық табиғи мінезі… Бәрі-бәрі көз алдымызда сайрап жатыр. Ол сөзіне берік, ештеңеден жасқанбайтын, ешқашан өз принципінен айнымайтын табанды еді. Тайсақты білмейтін талант еді. Көңілі құлаған досқа адал еді. Қатар оқыған жігіттердің бәрінің хал-жайын біліп, қамқор қолын ұсынып жүруші еді. Тіпті, жиі телефон шалып амандық-саулықты біліп тұру дағдысынан соңғы күндеріне дейін айнымай өткенін қайтерсің. Оның бес томдық шығармалар жинағының үш томы бізден жарыққа шыққан болатын. Соңғы бір телефон шалғанында: «Мен саған кітабыма қолтаңба жазып қоямын», – деді. Менің ойымда ештеңе жоқ: «Кітаптарың менде бар ғой. Кейін берерсің», – деген едім. Ол кітапты маған  қазаны естіген күні сүйікті қызы Маржан әкеп берді. Ашып қалып едім, қайран достың қалдырған қолтаңбасы жүрегімді селт еткізді!

«Қадірлі Жәке! Өмір өтті. Өмір қалды. Қалған өмір сендер үшін бақытты, күлкіге, шаттыққа толы болсын.

Игі тілекпен – Баққожа. 2.01.08».

Аһ ұрғызған алапат сәттердегі ақырғы демнен туған неткен кеңдік, неткен құштарлық, неткен қайсарлық!

Бақұл бол, қайран дос!

Абзал дос ақырғы сәтте де адамдарға бақыт тілепті.

Мұны мірдей мінез,  қайсар жүрек қана айта алады!

 

19.

Сәкеңмен «Жазушы» баспасының Бас редакторы кезінде күнара кездесіп қалатын едік. Кездескен сайын сөз бағы қалжыңмен басталып, түрлі әңгіменің тиегін төгіле ағытатын еді.

Сәкең деп отырғаным, «мінезім біреуге ұнады, біреуге ұнамады» деп әлқиссасын ақиқатынан бастайтын жаны жайсаң, сері жүрек Сәкен  ақын Иманасов. Аңқылдаған ойындағысын бүкпесіз ашық айтатын мінезді  ағамыз еді.

«Әдебиетке келгеннен кейін талай жанмен таныс-біліс болдық. Әрқайсысында әр  түрлі мінез, әр  түрлі қылық бар. Арада едәуір уақыт өткенде барып солардың бір қылығы, сөзі, мінезі есіңе түсетіні болады. Соны қасыңдағыларға әңгімелеп берсең,«Ұмытылып қалмай тұрғанда, жазшы осыны», – деп айтатын болды», – деп өткенді еске түсіріп әңгімелеп отыратын.

«Соның бірі мынау еді, – деп бастағаны бар, – ақын боп танылып қалған кезім ғой, редакцияға әжептәуір топтама өлең жібердім. Біраз уақыт жариялана қоймағасын Алматыға келіп редакцияға соғайын. «Лениншіл жас» бұрын істеген жерім ғой деген өзімшілдігім бар. Әдебиет бөлімінде бұрын бірге істеген Бекен Әбдіразақов: «Кезек күтіп жатыр, жарияланады, асықпа», – деп жұбатқан болады. Дауысымды көтеріп, омыраулай дауласып мен де қайтар емеспін. Дуылдасып жатқанда үстімізге көгілдір желең көйлегімен Төлегенің (Айбергенов)  кіріп келгені. Амандасып жатырмыз, сөз арасында Бекен: «Мына Төлегеннің өлеңдері нөмірге кетіп барады, әлде соны алып қалып Сәкенді жіберсем бе екен?», – деп қулана шіренді. Ой, ғажабы-ай, Төлеген салған жерден: «Бопты, мен осындамын ғой. Өзім де ауылда көп жүріп қалған адаммын. Елде жатып, астанадағы жолдастардың ілтипатын аңсаудың не екенін  жақсы білем. Сәкен шықсын!», – дегені. Не керек, солай болды ақыры. «Не деген мәрт мінез», – деп ойлаймын осы күні?!».

«Ақындарда мұндай мәрт мінезді бірінші рет көруім, нанасың ба?», – деп ақсия күліп әңгімесін аяқтаған еді.

Сәкен ақын айтқаннан кейін қалай нанбайсың?

Төлегенге тәнті болған ақынның адалдығына рахмет!

 

20.

Әдебиетіміздің ақсақалы Ғабиден Мұста­фин өз замандастарына қарап, мінездемесін сарап­тауда ізгілікті ілтипатынан айнымайды, мырза көңілінен мейірі мөлтілдеп тұрады, әр сөзін салмақтай отырып, сыпайылықпен жеткізе білген. Қаламы көп жазбаса да, атағы алысқа жетпесе де адамның өмірлік жолына қарап ой қайыруы мәдениет­тіліктің үлгісін танытады. Сондай лебізін қарт қаламгер-замандасы Сапарғали Бегалинге арнапты. «Сапарғали Бегалинді жұрттың көбі Сапеке дейді. Үлкеннің бәріне «екені» қоса беретін халық, жақсы көрген қартына қосқан. Бұл қасиеттерге Сапекең бай кісі. Еңбек пен мінезді  қосарлап айтуым әлде қалай емес. Бұл екеуі бойға бірден біте бермейді. Еңбегі керек, өзі керексіз адамдар арамызда бар. Сапекең алдымен  адамшылық қасиетті бағалаған, жазушы болармын, болмаспын әуелі адам болайыншы, деген мақсатты жоғары ұстаған, сондықтан оның адамшылық қасиеттерін (мінезін) кір шалмай келеді», – депті.

Сөз қадірін білгенге бұдан артық қандай сый- құрмет, қандай мінездеме керек?!

 

21.

Арлы ақын Есенбай Дүйсенбайұлы замандасы ақын Рафаэль Ниязбек туралы бағасын былай деп  түйіндеген екен.

«Әдетте Рафаэль Ниязбектің ақындығы сөз болғанда Қадыр ағаның ол жөнінде жазған мына бір ой толғамы еске түспей тұрмайды. «Жолбарыс­тың баласы жемтігіне алғаш қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде жетіңкіремей қалып, үшіншісінде дәл түседі деген әңгіме бар… Өзекті өнердің өнегелі перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен, мінездес олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап кетіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара-бара сабаларына түсіп, салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның бірі – Рафаэль Ниязбеков деп есептеймін». («Қардеш қаламгер» журналы, 2018 ж.)

Иә, Қадекеңнің мінездеуі мірдің  оғындай ғой!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *