МІНЕЗ МЕКТЕБІ

Қали СӘРСЕНБАЙ

Қолдан жасалған қайраткерлер, орташа таланттар көбейген заман. Әрине, ондай қайраткерлердің мінезі де қолдан жасалады, кісілік, кішілік қасиеті де аз болады. Уәде бергіш, алдампаз. Екі сөй­лейді. Одан кейін жұртқа қайдан сүйкімі болсын.

Ал енді кешегі Құдайдың атын кіші әріппен жазатын қоғамда Бауыржан мінезін өзгертпеді. Сол сүйекке сіңген мінезімен келді, кетті. Сол мінезімен, қасиетімен ұлт мүддесіне, елге қызмет етті.

Оның дерті – ел мен жер, ұлт тағдыры болды.

Оның серті – сол жолда тек мінезі арқылы жеңіске жететінін білді.

Қарап отырсаңыз, бәрін кадр емес, мінез шешеді. Мінезі жоқ кадр түк шешпейді. Әрине, ұрда-жық мінез емес, ақыл-парасатқа, терең ой-пайымға негіз­делген мінез. «Басыңдағы бақыттың қадірін қонғанда білмейсің, ұшқанда білесің» дейді Баукең. Демек, бақытты ұстап тұру да мінезді адамның қолынан келеді деген сөз.

Батырдың ұлы Бақытжан бірде «Әкем өмір бойы іздеген үйлесімін таба алмай кетті» деді.

Әрине, мүлтіксіз мүсіннен мін іздеген, мінезсіз, тәйтіктері мен тәлпіштері тал­таңдап кеткен қоғамнан қандай үйлесім табылуы мүмкін. Әлбетте, Баукеңді мінезді болғанымен, мінсіз деуге болмас. Егер қателігі болса, одан да үйренуге болады. Ал ел, ұлт мүддесі жолында мүлт кеткен жоқ.

Қысқасы, бұл қоғамда білімді, жан-жақты ойлайтын азаматтар жоқ деуге болмас. Бірақ сол білімді биікке алып шығатын, елге қызмет еткізетін мінез жетіспей жатады.

Әр қазақтың көзіне оттай басылатын бұл суреттен не көруге болады? Ұлы сабақтастықты, әрине.

Баукең бақытты еді. Өйткені, оның артында сол мінездің жалғасы Шерхандай інілері қалды. Ол да бай, бағлан, аса жоғары лауазымды бастық болсын бетің бар, жүзің бар демей, айтарын айтты, жазарын жазды. Осы мінез мектебі өзі тәрбиелеген бірнеше буын өкілдеріне үлгі болып қалды. Ол ой батыры да, қол батыры да (М.Әуезов) болған ұлы Баукеңнің бойындағы ұлы рухты ұлттық баспасөзге алып келіп, өзі де қазақ баспасөзінің Бауыржанына айналды.

Ұлы шындық шырақшысының нұрлы жүзін қара жер жасырғалы да жыл­дың жүзі болыпты. Осыған орай, Алматы қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен өзі бар саналы ғұмырын өткізген шаһарда Шерағаң атында бильярдтан ірі жарыс өтіп, рухына арнап ас берілмекші.

Рухыңыз шат болсын, ұлы Ұстаз!

 

Шерхан МҰРТАЗА:  Айтуға – ұят, айтпасаң – қиянат

…Екейбай шын әдебиет, өнер адамдарын жанындай жақсы көрген, үлкен жанашыр еді. Сол себептен болар, кейін-кейін Жазушылар одағының «Литфонд» деген тармағын басқарды. Бірақ кейбір қиянат­шылар оның қадірін білмей, обал жасады.

***

Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді.

Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адам­дардың көңілін кір басар еді.

Адамдардың жанын ыстан­ған кірден тазалап жүрген Ұлы Ұста – Нұрғиса  таң алдында жұлдыздармен бірге сөнді.

Енді біз Нұрғисаны ылғи да аспанда — Таңшолпанның жаны­нан көретін боламыз.

***

Қалтай айтады:

– Өркениетті елдерде адамның басы менен  ісіне қарайды. Біздің елде адамның шашы менен тісіне қарайды  дейді. – Шашың ағарып кетіпті, тісің түсіп қалыпты, айда, кет, дейді. Ал басы, ақылы, ісі қандай – бағаламайды.

Осы сотанаққа соққы бер­ген­дей, Қалтай қазір газет  бас­қарып отыр. Онысы орынды…

***

Бай жылдар. Байлықты бей­шара жандар дүниеқоңыз­бен, ақшамен өлшейді. Көлдің тақырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай.

Ал таусылмайтын байлық, ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады.

Талант пен дарын тана сүті­нен емес, Ана сүтімен дариды.

***

Құдай берген ғой. Қазақ­стан­ға байлықты аямай-ақ. Бірақ алуын айт. Бұйыруын айт.

 

БАС РЕДАКТОР – ҚОҒАМНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ

…Бәрінен де қорлығы: сол кездегі жүйе оның ғаламат та­лан­тын (Өзбекәлі Жәнібековті айтып отыр ред.) облиспол­комның жай орынбасарлығына ғана пайдаланды-ау. Соның өзінде ол Мәдениет министрлігі істей алмаған тамаша табыс­тарға жетті.

***

…Бірақ Қыдыр да талғампаз. Әкімі әкіреңбай болса, Қыдыр ол жерден безіп кетеді.

***

От пен судан өттім. Шың­далдым. Саясат деген сұрқия­ның сұрқын көрдім. Ол кездегі редактор ұстараның жүзімен жүруі керек еді. Жүйкемді жұ­қартты, күш-қайратымды жеді.

Бас редактор – қоғамның бас дәрігері. Қоғам денесіне әр түрлі жара қаптаған. Оның ішінде қатерлі ісік те бар. Сол ісіктің қоясын шығарып, сылып тастауға жараса – сол Бас редактор.

***

Адам дәрігері адамның кеселін емдейді. Бір кісіні, екі кісіні, көп кісіні…

Ал ақын, егер ол шын ақын болса, бүкіл адамзатты емдейді.

***

Бүкіл қазаққа тән атақты адамдардың тойлары тек сол адамның туған жерінде ғана тойланатын әдет пайда болды…

***

«Рушылдық етек алған жерде ұлттық қатынасқа орын жоқ», — дейді А.Айталы. Бұл пікірге мен қос қолымды көтеріп қосыла­мын.

…БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ СОҒЫС ҚҰРАЛДАРЫНАН ДА КҮШТІ

Ұрылар ұрған сайын семі­реді. Жоғары лауазымды ұры­лардың талайы шет елге қашып кетті. Біреуі ұсталған жоқ. Ең соң­ғысы Кутовой деген мәде­ниеттің ақшасын жеп ол кетті. Сорақысы сол, заң қызмет­керлері оның қылмысын біле тұра, көз жұмды. Бытыралы мылтықпен тек торғайларды, қырғауылды, кекілікті, үйректі ғана ата аласың. Аюларға, қасқырларға бытыра батпайды.

Біздің ұлттық нигилистер, өз ұлтын менсінбейтіндер, өзбектер­ше айтқанда, «қара ивандар» өз ішімізде жүрген отаршылдар. Тап-таза, саф сана уағыздау­шылар емес, ұлттық сананы улаушылар.

***

Жалпы, журналист еңбегі – ең қиын денсаулыққа зиянды жұмыстар қатарына жатады. Сөйтсе де, қазан құлағын ұстап отыр­ған шөмішшілер бұл еңбекті дұрыс бағалаған емес. Әрдайым шөміштен қысады.

…Бұқаралық ақпарат құралдары соғыс құралдарынан да күшті.

Мәселе сол БАҚ кімнің қолында тұр, әділеттің бе, әлде әзәзілдің бе? Кейбір телеканалдар, газеттер адамдарды жақсы­лық жағалауына қарай емес, лас құрдымға қарай итермелейді.

ШЫН ЖАЗУШЫНЫҢ КӨЗІ КӨКІРЕГІНДЕ БОЛАДЫ

Әдебиеттің мұраты қай кезеңде де – біреу. Ол – Хақиқатқа қиянат қылмау! Сол тазалықты ұлт, ұрпақ, адам баласының көкірегіне егу. Бұдан басқа мұратты біл­меймін. Басқа мұраты болса, ол – әдебиет емес!

***

Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса, публицистика – жеңіл кавалерия.

***

Шын жазушының көзі көкірегінде болады.

***

Таланттылар – раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады. Тікені, азабы өзіне. Талантсыздар шошқатікен сияқты. Гүлдемейді. Азабы өзгеге. Жамандық – солардан.

***

Таусылмайтын байлық ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады.

***

Әдебиет пен әуен – егіз. Әуені жоқ, жүрегінде жыры жоқ, музыкасы жоқ әдебиет – көркем әдебиет емес.

***

Шындықты жазған жазушының шы­ғар­масы – қоғамның шипагері. Маман дә­рігер жеке-жеке адамды аурудан сауық­тырса, шын жазушы қоғам ауруын таниды. Жазады, таниды дегенде қолма-қол емес, адамдардың жүрегіне – жігер, көзіне – нұр, көкірегіне – сәуле қосу арқылы әсер етеді. Оралхан бұл жағынан шебер еді.

***

Жата қалып, жанталасып көсемдерді мақтай беретін жазушы – жазушы емес, күнбағар. Ертең көсемдер тағынан тайған кезде сол күнбағар олардың артынан тас лақтырып, жамандап шыға келеді. Ақылды басшы осыны ойлайды, құр мақтауға күмпие бермейді. Ақылды басшы көпші­лікті соңымнан ертем десе, көпшіліктің арасында, күнбағардан аулақ жүреді.

***

Жалаң тарих көркем пьеса болмайды ғой. Тарихқа жан бітіру керек. Бұл дүниеде әлдеқашан өтіп кеткен адамдарды қабірле­рінен «қайта қазып алып», оларды тірілту керек. Оларды бір кездегідей тұрғызып, сөйлету керек. Күлдіру керек, жылату керек.

***

Біздің ауылда, мына Жуалы деген жерде қалың егінді шөп басып кеткен бір жылдары. Арам шөп. Сол қалың шөптің арасынан анда-санда бір бидай, бір арпа қылтиып-қылтиып көрінетін. Жазушылар одағы да сондай ма, саны көп… Сол сапаға айналса дейсің.

***

Баста жұп-жұмыр болып жүрген шешімдер, көріністер жеткілікті. Соларды қағазға түсіру керек. Сезім қызуы керек. Жас болса келе жатыр. Жалын да ұдайы бола бермейді. Қыш құмыра қалай жаса­латынын білесің бе? Шебер алдымен саз балшық илейді. Қалыпқа құяды. Қырнай­ды, сылайды. Сосын оны мың градустық қызуға күйдіреді. Егер күйдірмесе, бәрі былжырап шығады. Бұл да солай. Жалынға күйдірмесең, жазғаның­ның бәрі бекер. Алпыстан асқан соң күш қосылады деу – өзіңді алдау. Бәрібір жалынды жоғалтпасам дейсің.

***

Жазушы да пенде. Оның да арайлы қуанышы, қат-қат қасіреті болады. Мәуелі дарақтан адамдар жеміс жеп рахаттанады. Ал мәуеге қолы жетпегендер төменде тұрып тас лақтырады. Досы көп болады. Ол – қалың оқырман. Жауы да бар болады. Ол көбінесе жанында жүреді. Қызғаныш деген қызыл ит бар. Көбінесе үндемей қабады.

***

Бүкіл ақпарат, жаңалықтардың неше түрі, ғылымда, білімде болып жатқан жетістіктер – компьютерде. Қазір бәрін аспаннан тартып отыр. Көп дүние аспанда жүр ғой деп ойлаймын. Шарлап кеткен, торлап кеткен. Аспанның барлығын айқыш-ұйқыш жол қылып алған. Бірақ түбі кітап керек болады. Тасқа басылғандар түбі оқылады ғой. Кейбірін біз де енді оқып жатырмыз.

***

Әкімге білімділік жарасады. Қара­ғайдай-қарағайдай диплом әркімде бар. Көбісі жалған. Көбісі сатып алған. Сатыл­майтын диплом, жоғалмайтын білім, тоз­байтын тәлім, кісілік пен парасат – адам­ның басында. Есекті алтын ер-тоқыммен жабуласаң да арғымақ болмайды.

ҚАТЕРЛІ ЖАУ – ІШІМІЗДЕ

Қазақ бола тұра қазақша сөйлемейтін­дердің үш түрі бар. Бірі – қазақша жап-жақсы біледі, бірақ орысша сөйлегенді бедел көреді. Екіншісі – қазақша білмейді, бірақ білуге тырысады. Үшіншісі – қазақ­шаны өлердей жек көреді. Олар қазақтың тілін ғана емес, бүкіл қазақ халқын мансұқтайды, қорлайды.

***

Қатерлі жау – ішімізде. Рушылдықты қоздырып, отын көсеп, шоғын үрлеп, соған жылынып отырған – өзіміздің зиялы дейтін азаматтарымыз. Халықта кінә жоқ. Абай бұл дертті әлдеқашан нұсқап кеткен. Өз ортасынан озып шықпаған, Жайық бойынан есе бермеген Құрманғазыны қара. «Сарыарқа» деген күй шығарды. Алатауға күй арнады. Маңғыстауда болған-болма­ғанын білмедім, «Адай» атты адуынды күй қалдырды. Бұл ненің белгісі? Қазақтың тұтастығын аңсаудың белгісі.

***

Бір шаңырақта бірнеше дін ұсталуы ауызбірлікке, бауырмалдыққа қызмет ете қоймас. Бір үйдегі екі діннен пайда бар ма? Сол екеуі тату-тәтті өмір сүре қоймас. Бір мемлекет болып келіп, кейін бөлінген Үндістан мен Пәкістан неге Кашмир үшін қызыл шеке болып жатыр? Абхаздар мен грузиндер? Әзербайжандар мен армяндар? Осетиндер мен үнгіштер? Ақыры тас-талқаны шыққан Югославия. Бәле, көбінесе діннің бөлектігінен басталған жоқ па?

***

Қолдан әлсіретілген ұлттық мәдениет, жүдеген ұлттық рух шетелдік имансыз басқыншылыққа қарсы тұра ала ма? Қарсы тұру үшін бүкілхалықтық қаһармандық әрекет керек. Ұлттық ұрпақтар бірлестігі енді он есе, жүз есе керек. Әккі саясаткер Черчилль айтқандай, біз «қиыншылықты қолдан жасап алып, қаһармандықпен» жеңуімізге тура келеді.

***

«Әкелер мен балалар» проблемасы деген батыстан келген кесел. Қазақта ондай проблема болған емес. Әкелерін қартай­ғанда «Жетімдер үйіне» апарып тастайтын тәсірсіздікті қазақ бұрын бастан кешкен емес. «Бүгін не ексек, ертең соны орар­сыңды» біздің халық қағида тұтқан.

***

Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел.

***

Айтуға – ұят, айтпасаң – қиянат.

***

Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты.

***

Ақиқат адал айтыстан туады.

ШЫНДЫҚ – АЩЫ ҺӘМ АЖАРСЫЗ

Заң өмірде әділ болуымен күшті. Орын­далмаған, яки бұрмаланған Заң – кесел. Парламент – заң шығарушы ғана емес, сол заңның орындалуын жіті қадаға­лайтын орган болуы керек. Имандылар баланы туып, енді не болсаң ол бол деп тастап кете бермейді ғой.

***

Бюрократияның ар жағында аран жатыр. Пара бермесең, бір жапырақ қағаз ала алмайсың. Парақорлық, жемқорлық, ұрлық-қарлық – сабақтас.

***

Қылмысты жазаламаған сот – қылмыскердің сыбайласы. Қылмыскерді аясаң, адал адамдарды қорлағаның.

***

Демократия – жүгенсіздік емес.

Бостандық – жүйесіздік емес.

***

Үкіметті төңкеріп тастайық деп айқайлағанымен, сол «төңкерісшілер» үкімет басына келе қойғанда қой үстіне бозторғай жұмыртқалай салмайды. Үкіметтің кемшілігін сынау – демократия. Бірақ демократия ең алдымен қара күшті, байбалам даурықпаны емес, мәдениетті сүйеді. Онсыз демократия жәй әшейін демагогия. Ал демагогтар ешуақытта ел басқарып оңдырған емес.

***

Ақпарат құралдары кімнің қолында? Адалдардың қолында болса – ізгілік. Арамдардың қолында болса – зұлымдық. Бұл құралдарды көбінесе ақша билеп тұр. Ақылды көбінесе ақша жеңіп тұр.

***

«Тәуелді» деген ұғымды тудырған күштілер мен обырлар.

***

Әр адам – бір-бір жұмбақ.

***

Елу деген – ердің, ерлік істердің жасы.

***

Көлдің – тақырға айналуы оңай,

Байдың – пақырға айналуы оңай.

***

Орындалған арман – бақыт,

Орындалмаған арман – күйік.

***

Баласыз адам — бақытсыз адам.

***

Аса байлық – теңіздің суы сияқты: ішкен сайын шөлдей бересің.

***

«Таразыдан жемеймін» дегені халықтың несібесін ұрламаймын, қолым таза, жүрегім ақ дегені. Көнеден қалған сөз. Бірақ мағынасы жаңа. Әкімдердің санасына сіңсе – заман түзелер.

***

Ас беру – аш-арыққа қайырымдылық тамақ беру емес. Бұл – тәрбие.

***

Батыстықтар баяғыда иленбеген аң терісін жамылып жүргенде, Орталық Азия халықтарының биік мәдениеті, аса иманды әдебиеті болған. Сол жәдігерлерді тудырған асылдардың шаялаған ұрпағы, мына біздер, енді есіміз кіріп, етегімізді жаппасақ, бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізді рухани байытпасақ, мәңгүрттеніп кетуіміз әбден ықтимал.

Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниеде ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе, қорқады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой! Адам Құдайды да алдауды үйренді.

Нострадамустың бір айтқаны келсе, бір айтқаны келмейді. Ал баяғы Мөңке бидің айтқанының бәрі келіп тұр.

Ала-шұбар тілден арыла алмадық. Дүдәмалдау дін деген қаптап кетті…

Жиған-терген Қ.ҚАҒАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close