МІНЕ, БІЗДІҢ БОЛАШАҚ!

Алматыда оқушылар арасында «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан тұңғыш «Тұлпар мініп, ту алған!» ұлттық байқауы өз мәресіне жетті

АҚЫЛЫНА АҚЫ
СҰРАМАЙТЫН ҚАЗЫНА

БҮГІНГІДЕЙ діни көзқарастар қайшылығы жиілеп, кейбір өрімдей жастарымыздың ай-күн¬нің аманында адасып, жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқаны жасырын емес. Осындай сын шақта өкшемізді басып келе жатқан өрендерді Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, олардың жүрегіне елжандылық дәнін себу бұрынғыдан да маңызды мәселеге айналды.
Бұрынғы өткен бабаларымыздың отының басындағы ұл-қызын ұлтжандылыққа қалай тәрбиелегенін білеміз. Ауыл қариялары жас балаларды май шамның түбіне отырғызып қойып, батырлар жырын жаттатқызған, тіпті, көрші-қолаңның кәрі-жасын жинап алып, кеш батса болды, жыр оқытқызған. Сол жыр жаттап, жыр тыңдап өскен кешегі балалар – бүгінгі аузы дуалы ақсақалдар бір кездегі жаттаған жыр-дастан¬дарының өмір бойы рухани азық, бүкіл болмыс-бітім, мінез-құлқына дейін бағдаршам болып, ұлттық таным-түсінігінің қалыптасуына әсер еткенін айтып отырады.
Ал қазіргі жастарға кітап оқымайды деген сын жиі айтылады. Иә, ақпараттық технология¬ның қар¬қынды дамып отырған қазіргі заманында интернет, электрондық пошта, әлеуметтік желі дейсіз бе, өз қалауыңызбен осылардың кез-келге¬нін пайдалана бересіз. Қазір тіпті, кітапты да ғалам¬тор арқылы оқуға жағдай жасалған. Ал біз өз уақытымызда кітапты бір-бірімізден кезекке тұрып сұрап алып, сабақ оқып отырмын деп сыл¬тауратып, әдеби туындыны оқулықтың арасына жасырып, түнде көрпенің астына тығылып жатып оқитын едік.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», – деген екен. Ал өзіміздің Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген екен. Осы тұрғыда бүгінгі жағдайды бағамдасақ, ойланатын нәрсе көп.
Бүгінгі жастар «Faceebook», «Іnstagram», «Twіtter», «Вконтакте» сынды әлеуметтік желілерде қандай жаңалықтар бар, қай әнші-актер, «жұлдыздың» парақшасында не болып жатқанын бес саусағындай біледі десек, қателеспейміз. Бастары біріге қалса, соларды талқылайды, одан қалса ұялы телефонына шұқшиып отырғаны. Көп отбасында да осы көрініс, бір-бірімен тілдесуден қалғандарды көзіміз көріп те жүр. Олар сөйлесу орнына түрлі смайликтерді пайдаланатын болған. Қаланың баласы былай тұрсын, дала баласы ұялы телефонға басыбайлы байланды.
Интернет тұтынушыларының саны соңғы он жылдың ішінде кітапқұмарларды он есеге дейін басып озды дегенді оқығанымыз бар-ды. Мұның барлығы кітап оқуға үлкен кедергі келтіреді. Жасыратыны жоқ, ата-аналар да бүгінде тым жұмысбасты болып кеткен.

1300-ден астам баланың
54-і өзге ұлттың өкілі

ОСЫНДАЙ мәселелерді елеп-екшеген Алматы қаласы әкімдігінің, оның ішінде қалалық Ішкі саясат, Білім, Тілдерді дамыту басқармаларының атқамінер азаматтары және«QAZAQ EPOS» қоғамдық қорының өкілдері, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назар¬баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндет-мақсаттарды басшылыққа ала отырып, оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау мақсатында, биылғы жазғы демалыста шаһардың 6-10 сынып мектеп оқушыларына «Алпамыс батыр» жырын жаттауға «үй тапсырмасын» берген болатын. Олар жаттап қана қоймай, сол өнерлерін көпшілік ортаға, бәйгеге салуы тиіс.
«Тұлпар мініп, ту алған!» деп айдар тағылған бұл әдеби және тарихи-танымдық байқау, сонымен қатар, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасауды; оқушыларды халық поэзия¬сына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеуді, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулуды; қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеріп, олардың кәсіби біліктілігін арттыруды көздеген болатын.
Белгіленген мерзім ішінде аталған Ұлттық бірегей жобаға қатысуға алматылық 1300-ден астам бала өтініш білдірді. Өнерге, жырға құмар жеткіншектеріміз жазғы демалысын босқа өткізбей, кітаптың 106 бетінен тұратын «Алпамыс батыр» жырын ұзақтығына қарамастан басынан аяғына дейін жаттап, алдымен қаланың 8 ауданы бойынша өткен іріктеу кезеңіне қатысып, әр ауданнан үздік шыққан үш оқушыдан қалалық байқауға жолдама алып, сөйтіп ақырғы сайысқа 24 оқушы келіп жетті.
Айтпақшы, тақырыпқа орай айта кетейік, балаларды 500-ден астам ұстаз дайындады. Жыр додасына өтініш берген 1300-ден астам баланың 54-і өзге ұлттың өкілі болды.

Айдын мен Айбын

АЛМАТЫНЫҢ іргелі Оқушылар сарайында өткен байқауға біз де жеттік. Жыр сайысы басталғанша, жанымда отырған сүйкімді жеткіншекті әңгімеге тарттым.
– Байқауға сыныптасың қатысып жатыр ғой деймін, қолдауға келдің бе, балақай? – дедім.
– Жоқ, тәте, егізім қатысып жатыр, – деді ол.
– Бәрекелді! Есімі кім сыңарыңның, өзің кімсің, қай сыныпта оқисың? – деп бастырмалата жөнелдім.
– Егізім – Мұратұлы Айдын, ал мен – Айбын. 6-сыныпта, №109 мектепте (Жетісу ауданы) оқимыз. Тәлімгеріміз Қауменова Рысханым апай.
– Сен ше, өзің неге жоқсың сыңарыңның қатарында? – деп күлдім мен.
– Мен ұтылып қалдым (ақтық сынға өтпей қалдым дегені). Ал Айдын сартылдап тұр, мен оған сенемін, – деді.
– Өзіңмен бірге сыңарыңды қолдауға тағы кімдер келді?
– Анам, ағам, әпкем, қарындасым. Әкем ғана жоқ, ол жұмыста.
– Жырды жаттауда ұстазыңнан бөлек тағы кімдер көмектесті?
– Үйдегілердің бәрі: анам да, ағам, әпкем де, бәрі жабылып дайындады екеумізді. (Демек, жырды бір отбасы түгел біледі деген сөз, – Н.Ә).
– Бәрекелді! Анау кішкентай қарындасың да біле ме «Алпамыс батыр» жырын? – дей салсам, Айбыным:
– Жоқ, ол «Махамбетті» біледі! – дегені.
– Қалайша? Байқауымша, екі-үш қана жастағы бүлдіршін ғой?..
– Біз үйде үнемі жыр-дастандарды айтып отырамыз, содан естіп, жаттап жүргені ғой, – деді Айбын.
Міне, біздің болашақ! Үш жастағы Айару (Айбынның қарындасы) бізге «Мен, мен едім, мен едім, Мен Налында жүлгенде, Енілеген ел едім. Исатайдың балында, Екі тарлан бөлі едім», – деп былдырлаған тәтті тілімен жырлап берді бір шумағын. Бар білетіні сол. Мейлі. Есесіне бармақтай баланың да жырдан хабары бар. Айналасында кітап оқитын бауырлары бар. Мен ертеңіме алаңдамаймын. Ұлтжанды ұрпақ өсіп келеді!

«Жиделібайсын жерінде,
Қоңырат деген елінде…»

АЛМАТЫ қалалық «Тұлпар мініп, ту алған!» атты әдеби және тарихи-танымдық байқауының шымылдығын қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов құттықтау сөзбен ашып, жас достарына сәттілік тіледі. Сахнаға толқи көтерілген 24 ұл-қызымыздың бірі үкілеген үмітімен бірге үкілі домбырасын, екіншісі қамшысын ұстап шықса, үшіншісі «хас батырдың» киімімен көтерілді. Кейбірі оң қолын кеудесіне қойып, көпшілікке ілтипат көрсетіп «ассалаумағалейкум» деп амандасып, қазақи болмысын көрсетіп жатыр.
Бұрынғы өткен заманда,
Жиделібайсын жерінде,
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген бай шықты,
Тоқсан мың екен қарасы.
Мұрындық, ноқта тимеген,
Түйешілер мінбеген
Сексен мың екен маясы.
Шұрқырап жатқан бір жылқы,
Тоғай сайын мың жылқы,
Есебі жоқ көп жылқы –
Жиделібайсын даласы, –
деп басталатын «Алпамыс батыр» жырының шумақтарын бір-бірінің аузынан келген жерінен іліп әкетіп, төгілте жөнелген балаларға еріксіз сүйсінесің. Бірі дауыс ырғағын өзгертіп, батырларша зорайтып жырласа, бірі қоңыр домбырасынан төгілген әуенге ілесе отырып әуелетіп әкетеді. Тіпті, ұмытып қалған шумақтарын, тапқырлық танытып, өзінше редакциялап жырлап жібергендері де (әділқазы мүшелерінің айтуынша) болды. Алқалы топтың алдына шыққасын, біршама толқып, жыр шумақтарын ұмытып қалып жатқандары да жоқ емес. Оған да тосылып қалмай, «ағай, тағы да айтайыншы, мен жалғайыншы» деп елгезектік танытқан өрендерге де қол соқтық. Көзі жасаурап, мұңайып қалған жеткіншектер де аз емес.
«Алпамыс батыр» жырының оншақты нұсқасы болғандықтан, байқау ұйымдастырушылары Сұлтанбек Аққожаевтың нұсқасына тоқталып, ол жеке кітапша етіп шығарылып, қалалық білім бөлімі арқылы Алматы оқушыларының тәлімгерлеріне таратып берілген болатын. Балалар жырды тек қана жаттап қойған жоқ, онда кездесетін көнерген сөздер, тарихи жер-су атаулары, тарихи оқиғалардың аңыз-әпсанасын біліп, ұғынды. Байқауда жырдағы тарихи оқиғалардың тарихы да сұралды. Сұрақтарды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары арнайы дайындаған болатын.

Кілең жүйріктің
ең жүйрігі

ЖАРЫСТЫҢ аты – жарыс. Ең үздігін анықтау керек. Бұл орайда филология ғылымының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлы төрағалық еткен, құрамында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қали¬жан, журналист-жазушы, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Алматы ақшамы» газетінің директор-Бас редакторы Қали Сәрсенбай, ғалым, өнертанушы, филология ғылымының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбаев, филология ғылымының докторы, профессор Темірхан Тебеген, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Серікқазы Қорабай бар әділқазылар алқасына кілең жүйріктің ішінен ең жүйрікті анықтау оңайға тимеді. Сондықтан қалың көпшіліктің алдында балаларды алдыңғы алған балдарына орай үшінші қайтара сайыстырды.
Нәтижесінде 1-орынды байқаудың басынан-ақ орнықты тұрысымен, ап-анық сөздерімен көзге түсіп, жырды кез-келген жерінен тоқтатып қойып сұраса да, мүдірмеген, №76 ОШ-тың 9-сынып оқушысы Аружан Әбсаттар (тәлімгері Майра Айыпханқызы) иеленді.
2-орынға №65 ЖББМ-ның 6-сынып оқушысы Абылай Бердашев (тәлімгері Айжан Оспанбекова) шықты. Осы бір балақай ішкі энергиясының мықтылығымен, шапшаң¬дығымен, тіпті, бір қолының жұдырығын түйіп алып, әсерлене, жыр жолдарына беріле елітіп кететіндігімен есте қалды. Әділқазы алқасының мүшелері сахнаға көтеріліп, жеңімпаздарды жариялағанда да, үлкен ағаларға бірінші болып жақындап, қос қолдап амандасқан кіп-кішкентай қазақи бала да осы Абылай еді. Тәрбиесі мықты!
Жүлделі үшінші орын да өз иесін тапты. Ол 9-сынып оқушысы Бекзат Шардарбекке (тәлімгері Фарида Сүлейменова) бұйырды. Ең қызығы сол – «тұлпар мініп, ту алған» бұл үш жеңімпаз да Алатау ауданына қарасты мектептерден болып шықты.
Мәншүк Арыстанбек (9-сынып оқушысы), Шыңғысхан Армия (6-сынып оқушысы) және Санат Ғизатұлы (6-сынып оқушысы) ынталандыру сыйлықтарына ие болады.
Жеңімпаздар 2 қазан күні салтанатты түрде марапатталатын болады. Жүлденің жалпы қоры 12 миллион теңге. Бірінші орынға лайық деп танылған жеткіншекке 1,5 миллион теңге табысталады. Ал екінші орынға – 1 миллион теңге, үшінші орынға 500 мың теңге бөлініп отыр. Жүлдеден үмітті 6-10-сынып оқушыларын дайындаған тәлімгер мұғалімдері де сый-сияпаттан кенде қалмақ емес. Ең үздік оқушының ұстазы Оксфорд қаласында ағылшын тілі курсынан өтуге жолдама алады.
Балаларды да, ұстаздарын және ата-аналарын да үлкен жеңістерімен құттықтаймыз!

Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі

БИЫЛ алғаш рет, республика бойынша біздің Алматыда «Алпамыс батыр» жырынан бастау алып отырған бұл Ұлттық жобаға алдағы уақытта сәтті жалғасын тапсын деген тілек айтқымыз келеді. Жалпы, қазақ әдебиеті мен мәдениеті жыр-дастандар мен эпостарға бай. Нақтырақ айтсақ, біздің қазақтың тарихында 5 мыңнан астам ән-жыры болған. Мұндай құнды дүниелер бізде ғана бар!
«Алпамыс батыр» жырының халықтың есінен мәңгілік ұмытылмастай орын алу себебі – онда тарихи-әлеуметтік шындықтың биік көркемдікпен жырлануында. Мұндағы бейнеленетін көріністердің бәрі де қазақтың көшпелі өміріне тән, мейлінше жақын дүниелер. Алдағы жылдары «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр» жырларының да осындай бірегей жобаға арқау боларына сенеміз.
– Иә, жүлдеге үш оқушы ие болды. Ал негізінде, бүгінде «Алпамыс батырды» 1300-ден астам бала жатқа біледі. 1300 баланың осыншама ортасы бар десек, сан мың балаға батырлар жырының рухы тарап жатса, ұлт мерейінің өскені емес пе?! Егер бүгінгі әдеби және тарихи-танымдық байқау келесі жылы елдік деңгейге көтерілетін болса, 50 мыңға жуық жеткіншек жыр жаттап, жырмен сусындайды деген сөз. Бір ғана жыр шумақтарында талай рухани құндылықтың жатқанын ескерсек, оның ішінде адал достық, ерлік, отансүйгіштік, жауға деген қаһар, жарға деген махаббат, туған жерге деген сағыныш, табиғатқа деген құрмет, бәрі-бәрі қамтылған. Сондықтан бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту қайта қолға алынып, қайта жаңғыртылуы тиіс, – деді «Тұлпар мініп, ту алған!» Ұлттық жобасының жетекшісі, белгілі ақын, журналист Серік СЕЙІТМАН.
Ендеше, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі осы жырларда жатқанына еш шүбә келтіруге болмайды.
Батырлар жыры – ауыз әдебиетіндегі ең бай да көне жанрлардың бірі. Ол халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылық, тартыстарды бейнелеп береді. Ондағы тарихи оқиғалар өмірде болған қаз-қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі.
Эпос желісі белгілі бір тарихи дәуірге табан тіреп, соны көрсетіп отырғанымен, оған көбіне түрлі заманның оқиғаларын бір қаһарманға теліп жырлап беру тән. «Алпамыс батыр» жырындағы Алпамыс та сондай қаһармандардың бірі.
Отан қорғау, ел шетіне жау келсе, қайрат көрсетіп, қаһар таныту – ер жігітке парыз. Мұндай ерлік ұғымдарды бабалар қалдырып кеткен осындай жыр-дастандардан да бойға сіңіруге болады. Сондықтан ұлды ерлікке, батырлыққа бала күнінен тәрбиелеу бүгін де маңызын жоймақ емес.
Әңгімеміздің соңын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шараның қазақтың ұлттық кодын сақтап қалуда маңызды екендігімен түйіндейміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *