Міне, азамат!

Нұржамал ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ

Естеріңізде болар, маусымның басында «Алматы су» кәсіпорнының екі қызметкері коммерциялық ұйымдардың су есептегіш құралын тексермек болып жатқанда оқыстан кәріз құдығына түсіп кетіп, уланып қалған болатын.

  Наурызбай аудандық ХҚКО-ның қызметкері Ержан Әбдіразақов жұмысына келе жатып, жолда адамдардың топталып жиналып тұрғанын байқап, аялдайды.

Бұл кезде алда кетіп бара жатқан полиция көлігі де тоқтап, бірден ТЖ қызметін шақырған болатын. Ал Ержан ойланып жатпастан кәріз құдығынан шығуға дәрменсіз, есінен танып жатқан екі жігітті құтқаруға ұмтылады. Үстіндегі ақ көйлегін шешіп, жанында тұрған әйелдің орамалын алып, оны дымқылдап, мұрнына байлап, құдыққа түседі. Оған Аманжол Жансейітов деген азамат көмектеседі. Екеулеп жүріп ес-түссіз жатқан жігіттерді құдықтан шығарады.

Кейін жедел жәрдем дәрігерлері 25 және 42 жастағы екі азаматты №7 қалалық ауруханаға шұғыл жеткізеді. Күкірт сутекті газға  уланып, орталық жүйке жүйесі зақымданып, комаға түскен екеуі де жасанды тыныс алу аппаратына қосылады. Тек үшінші тәулікте ғана дегенде пациенттер естерін жиған.

Жуырда екі жігіттің бірі – 25 жастағы Нұржан ауруханадан шықты. Оны есік алдынан өзінің құтқарушысы – Ержан Әбдіразақов та күтіп алды. Ержан екі жігіт жансақтау бөлімінде жатқан кезде де олардың туыстары, дәрігерлер арқылы жағдайларын біліп отырды. Аман қалған Нұржанның Ержан ағасына айтар алғысы шексіз. Қазір екінші азамат Асқар да дін аман, дәрігерлердің бақылауында, ауруханада әлі де ем алып жатыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *