МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ жүйесіне алматылықтар дайын ба?

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Кеше Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың төрағалық етуімен, ҚР-ның Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың қатысуымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін (МӘМС) енгізу мәселелері жөніндегі Өңірлік штабтың отырысы болып өтті. Онда Алматының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне дайындығы қалай екендігі талқыланды.

МӘМС жұмысының басталуына екі ай мерзім қалғанда қала тұрғындарын толық қамтуға, барлық медмекемелердің ақпараттық жүйесін біріктіруге, алматылықтардың мәртебесін анықтауға қатысты барлық мәселелерді шешу қажет.

– Әрбір қала тұрғынының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы хабардар болуы маңызды. Сонымен қатар, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған жандармен жұмысты жандандыру және жұмыссыздарды тарту қажет. Қалған уақытта медицина қызметкерлерімен және емханалармен барынша жұмысты күшейткен жөн, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Баяндама жасаған Елжан Біртановтың сөзіне сүйенсек, келесі жылы МӘМС жүйесі енгізілгенде, Алматы қаласы бойынша медициналық көмекті қаржыландыру 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,5 есеге ұлғаяды.

– Оның үстіне, қалпына келтіру үшін емдеу мен паллиативті көмек көлемі – 7,5 есе, консультативті-диагностикалық көмек – 6,7 есе, стационарлық ауыстыру көмегі 2,3 есе артады, – деп атап өтті министр.

Ресми мәлімет көздеріне жүгінер болсақ, қазіргі таңда Алматы тұрғындарының 95,7%-ы шартты түрде МӘМС жүйесі бойынша сақтандырылған. Қалған тұрғындар осы жүйеге қатысушы барлық медициналық ұйымдарға қойылатын төлем терминалдары арқылы өздері жеке жарна төлеп, медсақтандыру жүйесі бойынша медициналық көмекті алуына болады.

МӘМС енгізуге қаланың техникалық дайындығы жоғары деп отыр жауапты мамандар. Алматының медицина ұйымдарындағы барлық жұмыс орындары компьютерлік техникамен жабдықталған, барлық мемлекеттік медицина мекемелеріне қажетті  ақпараттық жүйелер енгізілген. Медициналық қызметті жеке көрсететін мекемелер арасында ақпараттық жүйемен жарақтандыру әзірше 66%-ды құрайды және бұл бағыттағы жұмыс екі айдың ішінде аяқталуы тиіс.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚЕАҚ-ның басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, қазірдің өзінде сақтандыруды ойдағыдай енгізу жөніндегі жұмыстар істелген, медициналық қамтудың үш деңгейлі жүйесі бекітілген, негізгі ақпараттық шешімдер дайын.

Міндетті  әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің тиімділігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстардың жүріп жатқанын атап өткен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров:

– Медициналық көмектің сапасы мен оның халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету және тегін медициналық көмектің кепілдемелі көлемін көрсетуге жеке секторды тарту үшін барлық жағдай жасалуда, – деді.

Бүгінгі күні Алматыда субъектілер мәліметі бар базада медициналық қызмет көрсетуге үміткерлер қатарында 572 медициналық мекеме бар. Олардың 78-і – мемлекеттік, 179-ы – жекеменшік. Тегін медициналық көмектің кепілдемелі көлемін көрсету үшін 178 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалған. Олардың барлығына медициналық ақпараттық жүйе енгізілген. Желтоқсанға дейін Бірыңғай жиынтық төлеммен бірігу ісі аяқталуы тиіс.

Жалпы, Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, осы жылдың соңына дейін қызмет көрсетудің бөлек есебін жүргізуге және әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорынан сақтандырылған мәртебесі бойынша ақпарат алуға барлық медициналық ақпараттық жүйелер дайын болуы тиіс. МӘМС енгізу үшін ақпараттық жүйелердің дайын болуы өте маңызды.

Өңірлік штаб отырысында, сондай-ақ, алматылықтар арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі айтылды. Сауалнама қорытындысы тұрғындардың елімізге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енетіндігінен хабардар екендігі және бұл жүйені құптайтындар деңгейінің 60%-ға жуықтағанын көрсетті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *