МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ТУРАЛЫ НЕ БІЛГЕНІҢІЗ БАР?

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Өздеріңізге белгілі, бүгінде қала­мыздағы шет аудандарда тұратын тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамта­масыз етіп, олардың медицина­лық көмекке деген қолжетім­ділігін арттыру мақсатында Денсаулық айлығы өткізіліп жатыр. Осы айлық барысында дәрігерлер тұрғын­дарға ем жүргізіп қана қоймай, келер жылы қолданысқа енгізіледі деп күтіліп отырған Міндетті әлеу­меттік медици­налық сақтан­ды­ру жүйесі туралы да ақпа­рат­тық-түсіндірмелік жұмыстарын жүргізіп, осы мәселе төңірегінде тұр­ғын­дар тарапынан туында­ған сауал­дарға жауап беруде. Медициналық қыз­мет тегін деген қазірдің өзінде басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт көп кедергіге кез болып жүргенде МӘМС-ке жұрттың алаңдауының жөні бар. Әйтсе де, халық денсау­лығына жауап­ты тұлғалардың айтқанына, Қор­дың жарғысында айтылған, халыққа берген уәдесіне сен­сек, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанның ден­саулық сақтау саласына енгелі отырған МӘМС денсау­лығымыздың ең басты қамқор­шысы болмақ. Бірақ ол үшін, ең алдымен, әр адам өз денсау­лығының демеушісі өзі болуы тиіс. Ол үшін не істеу керек?

Ең алдымен, өзіңіздің әлеуметтік мәртебеңізді анықтап, өзіңіз қалаған емханаға тіркелуіңіз керек. МӘМС-тің тәртібі бойынша бір адам бір ғана емхананы таңдауы тиіс. Бірнеше емханаға қатар тіркелген болсаңыз, ертең дәрігерге барғанда немесе ауруханаға жататын жағдай туындай қалса қиындықтарға тап болуыңыз әбден мүмкін. Емханаға тіркелер алдында міндетті түрде ол мекеменің МӘМС қорымен келісім-шартының бар-жоғын анықтап алған артық емес. Бұрын бір адам бірнеше емханада тіркелген жағдайлар кездесіп жататын, енді ондай келеңсіз жағдайларға жол берілмейтін болады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Амантайұлы Біртановтың айтуынша, биыл емханаға тіркелу электронды қолтаңба арқылы ғана жүргізілмек. Демек, емханалар адам саны үшін сізді өздеріне «тартып» ала алмайтын болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізе отырып, біз жұртымызды әлемдік стандартпен, яғни жаппай медициналық-санитарлық көмекпен қамтамасыз ететін боламыз, дейді мамандар. Дейтұрғанмен, ол үшін әр адам өз денсаулығын сақтауға бүгіннен қам жасауы тиіс екендігін де мамандар қатаң ескертеді. Өйткені, ендігі жерде тағы да қайталап айтайық, өз денсаулығымызға өзіміз жауапты болатынымызды ұмытпайық. Ал сіз әлеуметтік мәртебеңізді анықтап, жарнаңыздың қай емхананың есебіне түсіп жатқанын анықтауға асығыңыз. Ертең кеш болып жүрмесін.

 

Қаперіңізде болсын

* 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда халықтың, мемлекет пен жұмыс берушілердің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі.

*Егер атыңызға жарна/аударым аударылған болса, Сіз автоматты түрде МӘМС жүйесінің қатысушысы болып саналасыз. Ол үшін сізге міндетті түрде өзіңіздің әлеуметтік мәртебеңізді анықтау ауадай қажет. Өз мәртебеңіз туралы ақпаратты ЖСН арқылы медицина ұйымдарынан білуге болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 2020 жылдың 1 қаңта­рынан бастап ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінің (1414 теңге) 5% төлеу арқылы өзін-өзі сақтандыра алады.

* Егер Сіз төмендегі санаттардың біріне кірсеңіз, Сіз үшін жарнаны мемлекет төлейді (2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап).

1) балалар;

2) жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер;

3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;

4) үш жасқа толмаған бала (балалар) тәрбиесімен айналысып үйде отырған адамдар;

5) бала (балаларды) тууына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты, үш жасқа дейінгі баланың (балалардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;

6) мүгедек бала күтімімен айналысатын, жұмыс істемейтін адамдар;

7) зейнеткерлер, соның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;

8) сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару (пенитен­циарлық) мекемелерінде (қаупі төмен мекемелерден бөлек) жазасын өтеп жатқандар;

9) тергеу изоляторында отырған адамдар;

10) жұмыс істемейтін оралмандар;

11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;

12) мүгедектер;

13) күндізгі оқу орындарында білім алып жатқан адамдар;

14) оқу орнын жаңадан бітіргендер (күнтізбе бойынша үш айға дейін).

* 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап халыққа медициналық  көмектің екі пакет;

  1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК),
  2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы көрсетілетін болады.

ТМККК пакеті — әрбір адамға жедел және шұғыл жағдай­ларда көмек көрсету және қоғам үшін маңызы бар ауруларды бақылауға алуға бағытталғандықтан, ТМККК пакетін барлық азаматтар тегін пайдалана алады.

Ал МӘМС пакетіне адамның өмір сапасын жақсар­татын медициналық қызметтер, сондай-ақ, ұрпақ саулығының негізін қалайтын медициналық көмек түрлері кіреді. Яғни кезек күттірмейтін шұғыл жағдайлардың бәрі – ТМККК пакеті арқылы,  ал  қызмет көрсетудің бұдан жоғары стандарттары, бағасы қымбат болып келетін қосымша қызметтер, кепілден­дірілген пакетке енбеген сирек қызмет түрлері – МӘМС пакеті арқылы көрсетіледі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *