Михаил ПИОТРОВСКИЙ: Адамдар қарабайыр болып бара жатыр

Желтоқсанның 9-ы күні атақты Михаил Пиотровскийдің туғанына 75 жыл толды. Оның 27 жылында әйгілі Мемлекеттік Эрмитажды басқарып келеді. Сондай-ақ, биыл Эрмитаждың іргесі қаланғанына

215 жыл. Осыған орай «АиФ-та» Михаил Пиотровскиймен сұхбат берілді. Осы сұхбаттан үзінді жариялап отырмыз.

– ХVІІІ ғасырда Екатерина ІІ-ші берлиндік көпес Гоцковскийден 317 картина сатып алады. Бұдан кейін ол тағы да кескіндеменің бірнеше құнды дүниелерін аттай қалап алады. Әуелде бұл туындылар шағын лашықта – кіші Эрмитажда сақталды. Ал 1852 жылы жәдігерлер саны күрт өсіп, ол Император Эрмитажы деп аталды, – дейді Михаил Борисович.

Әрине, Ресейде ғана емес, әлемде шығыстанудың асқан білгірі, арабтанушы Пиотровскийлер әулетін жақсы біледі. Әкесі де Эрмитажды өзінен бір жыл кем басқарыпты. Ендігі жерде ол сол даңқты әкеден алған тағылымын былайша баяндайды.

– Әкелердің еңбегі ең басты тақырыптың бірі болуы керек. Олардың сіңірген еңбегін еске алып қоюдың өзі жеткіліксіз. Егер бүгінде осындай мақтанышпен өмір сүруге қақымыз болса, олардың өлшеусіз еңбегінің арқасы деп түсінуіміз керек. Сондықтан біз жыл сайын өтетін құрылтайда бұл кісілердің  еңбегіне жоғары баға беріп қана қоймай, содан тағылым түюге ұмтыламыз, үлгі етеміз. Борис Борисович (әкесін айтады) Эрмитажды соғыстың, блокаданың тұсында басқарды. Соған қарамастан ол бірде-бір жәдігерді шашау шығармай көздің қарашығындай қорғады. Тіпті, сол бір үзім нанға зар Ленинград құрсауы кезінде ол «Урарту тарихы мен мәдениеті» деген кітап жазды. Қазір біз оны барлық құндылықтардың басында тұрғаны үшін мақтан тұтамыз. Ол ғылым мен өнерді өте тығыз байланыста қарады. Әлемдік гуманитарлық процестерге батыл араласты, былайша айтқанда үлкен бедел болды. Ал енді бүгінде қараңызшы, бәрін де цифрмен, пайызбен өлшейтін болдық. Адамгершілік, ар-ұят мәселесі туралы ойлану қалып барады.

– Бүгінде мұражайдағы ғылым шырқау биікке шықты. Осыны әкеңіз көрген болса таңқалар ма еді. Ғажайып техникалар Леонардоның туындыларын қалай сақтап тұр десеңізші, – деген тілші сауалына да бұл кісі жан-жақты жауап берді.

– Иә, Эрмитаждағы жауһарларды бұрынғы орнынан қозғап, жаңа көрініс жасадық, – дейді Михаил Борисович, – бұл бір жағынан көрерменге ыңғайлы, екінші жағынан онда күндіз-түні оны тұрақты ұстап тұратын жүйе жұмыс істейді. Микроклимат зерттеліп, ылғалдылықтың салыстырмалы деңгейдегі қажеттілігі ескеріледі. Сондай-ақ, Леонардоның танымал туындыларына түсірілетін жарықпен көп жұмыс істейміз. Оның үстіне, осындай шедеврлердің жеткілікті жарықтандырылуы көрермен көңілін хош етеді.

Жалпы, Эрмитажда «Басқа да шедеврлер» атты арнайы бағдарлама бар. Бұл не? Михаил Борисовичтің айтуынша, оның мәнісі былай екен.

– Жұрт Эрмитажға кіру үшін ұзын-сонар кезекке тұру керек деп ойлайды. Бұл немен байланысты? Оның себебі, жұрттың көбісі бір дүниені ғана көруге келеді. Бұнда біздің де кемшілігіміз бар. Көрерменді осы картина, жәдігерлер керемет деп үйретіп қойғанбыз. Шынына келгенде, біздің музейде және басқаларында көретін дүниелер жеткілікті ғой. Сондықтан «Басқа да шедеврлер» атты бағдарламаның мақсаты тек Леонардо мен Рафаэльдің туындыларын тамашалап қою емес, Эрмитаждан өзге де дүниелерді көруге болатынына кеңес беру. Сол себепті, көрерменге тағы да басқа қандай туындылар жөнінде түсінік беру біздің басты мәселеміз болып қала береді. Әрине, туристерге әлем әлдеқашан мойындаған, танылған туындыларды көру таңсық емес. Біз оларға өз еліміздің тарихымен байланысты дүниелерді ұсынып, көрсетуіміз керек. Бүгінде селфи деген шықты ғой. Бізде суретке түсіруге болады. Алайда, мен көрерменнің сурет алдында селфи жасап, әлгі картиналарға мән бермеуін аса түсінбеймін. Сонда ол музейге не үшін келді деген сауал туындайды. Өкінішке орай, қазіргі кезде адамдар тым қарабайыр болып бара жатыр.

Музей залдарынан балаларды жиі көруге болады. Болашақ аналарға арналған арт-терапия өткізіледі. Мұның себебі неде?

– Өйткені, біздің негізгі аудиториямыз балалар, – дейді Михаил Борисович. – Кішкентайларға жаңалықты көруге, сезінуге әлі де үйретуге болады. Ертең кеш болады. Музейдің басты мақсаты – талғамды тәрбиелеу. Ненің жақсы, ненің жақсы емес, әдемі емес екендігін қазірден қолға алу маңызды. Бұған тек өнер ғана үйрете алады. Сондықтан бізде көп үйірмелер, студиялар, студент клубтары жұмыс істейді. Біздің Амстердамдағы бөлімшемізде де балалар Эрмитажы бар. Онда олар сурет салады, жазумен айналысады. Жалпы, адамдар әр кезде мәдениетпен етене болуы үшін күресе білу керек.

Үлкен жүректі, өнерді терең танушыны Сириядағы Пальмирдің жағдайы да айрықша толғандырады екен. Ол бұл бағыттағы ойларын бүкпесіз жайып салды.

– Бұл енді сұмдық жағдай. Адамдардың әлемдік маңызы зор мұраларға қол көтеруін айтамын. Әдетте мұндай жағдайда өнерді күшпен қорғау керек деп жатады. Бұл не деген сөз? Демек, ескерткіштерді қорлағандарды сен де қорлауың керек. Біздің Сирияға барғандағы басты мақсатымыз да осы еді. Әрине, адамзат құндылықтарын қорғау үшін қабылданған қарарлар, шешімдер, заңдар бар екені түсінікті. Бұрын біз тиісті заң қабылдасақ болды, мәдениетіміз қорғауда деп түсіндік. Ұлы гуманист Дмитрий Лихачев те солай түсінген. Бүгінде бұл әрекет жеткіліксіз екенін түсініп отырмыз.

Сирияға сапары кезінде Михаил Борисович Эрмитаж жөнінде тек араб тілінде дәріс оқып қойған жоқ, Пальмир музейін қалпына келтіру жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл бағдарламаның да маңызын бұл кісі былай түсіндіреді.

– Бұл көп көлемді бағдарлама, оның біршамасы қазірдің өзінде жүзеге асты, – дейді ол. – Ресей ғалым­дары кең көлемде арнайы аэротүсірілім жасап, ежелгі қаланың 3D жобасын жасады. Бүгінде бұл әлемдегі жеке-дара үлгі болып табылады. Қаланың ондаған шақырымдағы ескерткіш туындылары суретке түсіріліп, барлық қираған архитектуралық ландшафтар назарға алынды. Сирия тарапының өтініші бойынша биыл Эрмитаж осы елдің жас археологтары мен рестав­раторларын қабылдайды. Санкт-Петерборда олар тәжірибеден өтіп, ресейлік әріптестерінің тәсілімен бөлісетін болады.

Р.S. Біз неге адамзатқа ортақ айрықша тұлғалардың тосын ой-пікірлерін жариялап отырамыз. Себебі, олардың танымы, ойлауы, парасат-пайымы өзгеше, аса жоғары деңгейде. Бұл біздің қазақ қоғамына да керек. Демек, мұндай тұлғалардың ұсынысы, пікірінің бізге де пайдасы тиіп жатса, оның маңыздылығына ештеңе жетпейді. 

Д.ҚОНЫС.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *