МИ БАТПАҒЫ ШЫҚҚАН КӨШЕЛЕРГЕ ЖОЛ САЛЫНАДЫ

Алатау ауданына бұл мақсатта 7 млрд. теңге бөлінеді

Міне, көктем де келіп жетті. Айналаға жан кіріп, табиғат түрлене бастады. Айналаң әдемі, жан-жағың өмір сүруге қолайлы болса, адамның көңіл-күйі де көтеріңкі болатыны сөзсіз. Бірақ күннің жылынуымен бірге жердегі қар да еріп, Алатау ауданындағы асфальтталмаған көше жолдары ми батпаққа айналып, үлкен-кішіні түгел әбігерге салып жатқаны жасырын емес. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалындағы Саяси кеңестің алқалы жиынында баса атап өтті. Сондықтан ол қалада, сондай-ақ, мегаполистің шет аймақтарында абаттандыру, жолдарды салу мен жөндеу жұмыстарын барынша қарқынды жүргізуді тапсырды.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматыға қосылған Алатау ауданын дамытуға билік соңғы он жыл ішінде 434 млрд. теңге бөлген. Соның нәтижесінде бұл ауданда 12 мектеп,    5 емхана, 16 мемле­кеттік және 151 жеке балабақша, «Ақбұ­лақ», «Алғабас-6», «Саялы» ықшамаудан­дары, бірқатар спорт және мәдени кешен, оның ішінде «Алматы Арена», «Алатау» дәстүрлі өнер театры бой көтерді.

Ауданның инфрақұрылымын дамыту үшін 223 км. электр, 276 км. газ желілері, 688 км. су, 453 км. кәріз трубалары тартылды. 93 км. жол және үш жолайрық салынды.

Шаһар басшысы Бауыржан Байбек аудандағы жол мәселесінің сын көтермей тұрғанын баса айтты. Соның салдарынан соңғы айда 110 шағым түскен. Кейбір ықшамаудандарда инженерлік желілерді жүргізген мердігерлер компаниялардың жауапсыздығынан адам төзгісіз жағдайлар қалыптасқан.

– Маған Алатау ауданының тұрғын­дарынан шағым көп түседі. Адамдар әбден жол азабынан титықтаған, сондықтан тез арада жағдайды түзету қажет. Осыған орай, 12 ықшамауданда жол салу үшін респуб­ликалық бюджеттен жоспарланған 3 млрд. теңгеге қоса Стратегия және бюджеттік жоспарлау басқармасына бірқатар жобаны оңтайландырып, жергілікті бюджеттен тағы  4 млрд. теңге бөлуді тапсырамын. Жұмыс­тың сапасы үшін аудан әкімі тиісті басқар­малармен бірге жеке жауап беретін болады. Атқарып жатқан жұмыстарыңызды жиі барып өзім тексеріп тұратын боламын, – деді Б.Байбек.

Осылайша Алатау ауданындағы «Ақ­бұлақ», «Қарасу», «Ұлжан-2», «Алғабас-АЗТМ», «Әйгерім-1», «Әйгерім-2», «Ұлжан-1», «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2», «Томи­рис», «Дархан-Байбесік», «Көкқайнар» ықшам­аудандарындағы 440-тан астам көшеге ұзындығы 120 шақырым болатын жолдар салынады және жөнделеді.

Осы орайда айта кетейік, жуырда қала әкімі Бауыржан Байбек алдағы кезде жөнделетін жолдар мен тротуарларға қатыс­ты жұмыс кеңесін өткізген еді. Биыл ұзын­дығы 111 шақырым болатын 120-дан астам көшеге ағымдағы орташа жөндеу жұмыс­тары жүргізіледі.

Бұлардан өзге, мегаполис басшысы қақпақсыз ашық жатқан люктар мен беті жабылмаған шұңқырларға қатысты шағым­дардың да жиі түсетінін, мұндай келеңсіздіктердің Алматының орталық даңғылдары мен аудандық мәні бар көше­лерде де орын алғанын атап өтті. Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев ауа-райы қолайлы болса, барлық магистральді көшелерде 10 күн ішінде ағымдағы жөндеу жұмыста­рының жүргізілетінін айтты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *