МЕТРОНЫҢ ЖАҢА БЕКЕТТЕРІНДЕ ЖОЛАУШЫЛАР 85 МЫҢҒА ЖЕТЕДІ

Кеше Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Алматыметроқұрылыс» АҚ өндірістік техникалық департаментінің директоры Жәмила Арисова мен «Метрополитен» КМК күрделі құрылыс қызметінің бөлім басшысы Мақсат Сейітқұловтың қатысуымен «Алматы метросы екі бекетінің құрылысы және атқарылған жұмыстардың тоқсандық есебі» деген тақырыпта баспасөз брифингі өтті.

Құттыбек Аймахан

Онда Жәмила Мұратқызының айтуын­ша, Алматы метросының бірінші кезегінің алғашқы торабы 2011 жылдың 1 желтоқсанында пайдалануға берілген екен. Оның ұзындығы 8,56 шақырымға созылып, еліміздегі тұңғыш жерасты жолы «Райым­бек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «М.Әуезов атындағы драма театры», «Алатау» деген 7 бекетті қамтыған. Сөйтіп, «Алматыметроқұрылыс» АҚ қазіргі таңда Алматы метросының бірінші іске қосу кешені шеңберінде «Алатау» бекетінен «Мәскеу» бекетіне дейінгі аралықтағы екінші кезегіндегі желінің құрылыс жұмыстары аяқталды десе де болғандай. Нәтижесінде қазір бірінші іске қосу кешеніне қарасты «Алатау», «Сайран», «Мәскеу» бекеттерінің тоннель­дерін ұңғылау, «Сайран» бекетінен «Мәскеу» бекетіне дейін №121, 122 төменгі айналмалы желдетпе оқпандарын қазу жұмыстары жасалды. Бұл аралықтың ұзындығы 2,73 шақырым болса, оның ішінде пайдалануға берілетіні 2,5 шақы­рым­ды құрайды. Ал орташа тереңдігі шамамен 14 метрді құрайды.

Жалпы, метроның екінші кезегіндегі алғашқы желі 2015 жылдың 18 сәуірінде пайдалануға берілген болатын. Қазір «Алматы­метроқұрылыс» АҚ екінші кезек­тің алғашқы желісі құрылысын жүргізуде. Ол Абай даңғылы астымен өтетін екі бекеттік желіні қамтиды. Жұмыс бары­сында жергілікті жер жағдайы, инженер­лік­геологиялық ерекшеліктері және қала құрылысы факторлары ескерілді. Күре­жолдың ең жоғарғы бағыты – 34 пайызды, ең кішісі – 3 пайызды құрады. Енді «Сары­арқа» мен «Достық» желілері басталады.

Алматы метросы Қазақстандағы тұң­ғыш, Орта Азиядағы Ташкенттен кейінгі екінші және ТМД­дағы он алтыншы метро саналады. Осы ретте 2002 жылы метро құрылысы елдегі ірі инвестициялық жоба ретінде жарияланып, ҚР Президентінің бұйрығымен «Алматы қаласын өркенде­тудің 2003–2010 жылдарға рналған мемле­кеттік бағдарламасына» енгізілуі және қосымша қаржы бөлінуі метро үшін бетбұрыс кезең болды. Тұтас алғанда қаржыландыру көлемінің ұлғаюы құрылыс жұмысының көлемін арттыруға, жаңа инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік туғызды. Оның үстіне, Жәмила Мұратқызының айтуы бойынша, Алматы метросын салудағы ең күрделі жағдай қаланың жоғары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасуымен тығыз байланысты. Өйткені, 9 балға дейінгі қуатты жер сіл­кінісі болуы мүмкін аймақта орналасқан. Ал сейсмикалық қауіпті аймақта құрылыс жүргізу үшін құрылыс технологиясының талаптары қатаң сақталуы тиіс екен.

Алтынсарин, Яссауи бекеттерінде жолау­шылар 85 мыңға жетуі мүмкін.

Ал брифингте келесі сөзді сөйлеген Мақсат Сейітқұловтың айтуынша, қазір екінші іске қосу кешенінің құрылысы жүргізілуде екен. Метрополитеннің бірінші желісі екінші кезегінің екінші іске қосу кешені деп айтылатын бұл учаске жерасты жолы Абай даңғылы астында Алтынсарин – Яссауи көшелері астында орналасқан. Енді бұл аралық – тоннельдер мен пилон типті терең төселген «Сарыарқа» және төмен төселген «Достық» секілді екі бекеттен тұрады. Олардың ұзындығы – 3,08 шақы­рымды құрайды.

Екінші іске қосу кешенін пайдалануға бергеннен кейін метрополитен қызмет­теріне сұраныстың болжамды есептерінің қорытындылары бойынша күнделікті жолаушылардың күтілетін саны 85 мың адамнан асады. Ол метрополитенде жолау­шы­лар тасымалын елеулі арттырады және Абай даңғылын бірнеше мәртеге жеңіл­детеді.

«Негізі, «Сарыарқа» бекеті «Фэмели» паркінің жанында орналасқандығы белгілі. Ал бұл аумақ халқы тығыз тұратын №3, 4, 5, 6, 7, 8, 12 ықшамаудандарын қамтиды. Сосын екі жерасты вестибюлі мен кіре берісі бар «Достық» бекеті Момышұлы көшесінің батыс бөлігінде тұр. Бұл бекет «Жетісу-1, 2, 4», «Мамыр-1, 5, 7» ықшамау­дандарын қамтитын болады. Атап өтетіні, «Сарыарқа» бекетінің сәулеттік-көркемдік безендіру кезіндегі негізгі идеясы – Сарыарқаның керемет сұлулығы мен біре­гейлігін көрсету. Сондықтан да панносы­ның келбеті – көмескі жарығы бар мәрмәр оникстен жасалған», – деп атап өтті Мақсат Бақытұлы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *