МЕТРО мен АУЛА немесе тазалыққа тек ПИК-тер ғана жауапты ма?

Думан АНАШ

Апта басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Парламенттiң қос палатасының бiрлескен отырысы өттi. Президент депутаттар алдында сөйлеген сөзiнде қала мәдениетiне қатысты қатқыл сын айтты.

Мәселен, Елбасы былай дедi: «Жақында ғана бiз Алматыда метро аштық. Бүкiл елiмiздегi жалғыз метроө Кейбiр вагондарда қазiрдiң өзiнде орындықтар бүлдiрiлген, бояумен жазылған жазулар бар. Бұл – балалық немесе ұсақ бұзақылық емес, мемлекеттiк меншiкке қарсы қылмыс.

Кiнәнiң еңбекпен өтелуiн құқық бұзылған жерде өткiзудi ойластырған жөн. Кiреберiсте қоқыс қалдырдың ба – сот орындаушының бақылауымен бiр ай бойы баспалдақтарды жинап, жу. Саябақта шамдарды сындырдың ба – залалдың орнын толтырып қана қоймай, сонымен қатар, айталық, екi апта бойы аллеяларды жинап, сыпыр.

Өздерiңiз де жақсы бiлесiздер, Америкада киножұлдыздар да, белгiлi саясаткерлер де кiшiгiрiм бұзақылығы үшiн заңды жаза ретiнде көше сыпырады. Бiзге қоғамдық тәртiптi, қоғамдық орындардағы адамдардың iс-әрекеттерiн реттейтiн қарапайым әрi түсiнiктi заң керек».

Мемлекет басшысы Парламент депутаттарын дәл осындай заң қабылдау үшiн бастама көтеруге шақырды.

Иә, Елбасының қарапайым қала мәдениетiне қатысты айтқаны бiр бұл емес. Биыл Астана қаласын одан әрi дамыту жөнiнде өткен жиында да көшенi ластағандарды әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту керектiгi жөнiнде тапсырма берiлген. Алайда, жауапты органдар бұл мәселенi де бiр сәттiк науқан iспеттi атқарды да қойды.

Ал, қалада, шыны керек, тазалықты сақтау мәселесi күрделi жәйтке айналып барады. Жеке тұлғалардың жауапкершiлiк ауылынан алыс екенiн былай қойғанда, жауапты мекемелердiң салғырттығы да санаңды сарсылтады. Ал, ендi қараңыз. Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәлiметiнше, өткен аптада қаланың IIД қызметкерлерi мен экологиялық полиция ПИК-тердiң аумағына тиесiлi аулаларда орын алған «Алматы қаласын көрiктендiру Ережесi» талаптарының орындалмауына байланысты 11 заң бұзушылықты анықтаған екен.

Қарапайым ғана жүргiншi жолы мен жол өтпелерiнде ұсақ-түйек тұрмыстық қалдықтардың шашылып жатуынан, қураған жапырақтардың дер кезiнде тазаланбағандығынан Әуезов ауданындағы «Космос» ПИК, «Жұлдыз-19» ПИК, Бостандық ауданындағы «Жайлау» ПИК, Медеу ауданындағы «Едiл» ПИК, «Жамбыл-31» ПИК, «Темiржолшы» ПИК-терiнiң жетекшiлерi әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды.

Бұдан өзге, коммуналдық қалдықтар жинайтын қоқыс жәшiктерi орналасқан аумақтағы санитарлық талаптарды сақтамағаны үшiн Алмалы ауданындағы «Комфорт» ПИК, Әуезов ауданындағы «Сарыарқа» ПИК, «Надежда» ПИК, Бостандық ауданындағы «Алла» ПИК, Медеу ауданындағы «Элит» ПИК-терiнiң жетекшiлерi де әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды.

Полиция қызметкерлерi оларға жалпы сомасы 97 мың теңгеден астам қаржы көлемiнде әкiмшiлiк айыппұл салды.

Көрiктендiру ережесiн бұзған ПИК жетекшiлерiн әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейдi басқарма мамандары.

P.S: Елбасы Алматы метросын бекер айтып тұрған жоқ. Метроның қаншалықты қиын- дықпен салынғанын жер астында қызмет жасаған жұмысшы бiлер. Ал, метро – барлық қала тұрғындарының, халықтың аяулы дүниесi, қызғыштай қорғалатын мүкәмалы болуы тиiс. Аула да сол сияқты. Ауланың тазалығы – тұрғындар мәдениетiнiң көрiнiсi. Оның тазалығына тек ПИК-тер емес, жекелеген тұрғындар да атсалысуы қажет. Бұл үшiн әр тұрғын қолына сыпырғыш алмай-ақ қойсын, тек титiмдей қоқыс тастамауға үйренсе, сананы тәрбиелесе болғаны…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *