Мешітке кісі атын беруге бола ма?

Соңғы кезде елімізде көптеген мешіттер бой көтере бастады. Биылдың өзінде Түркістан облысында үш мешіт салынса, Шығыс Қазақстанда – бір, Павлодарда – екі, ал Атырау облысында төрт бірдей Алла үйі салынды.
Құдайға шүкір, қазір мешіт салуға ынталы қалталы кәсіпкерлер көбейді. Әрине, құптарлық та, қолдауға лайық та жайт. Дегенмен олардың арасында мешіт салуды о дүниелік сауап үшін емес, осы дүниедегі атақ-даңқы мен мәртебесі үшін ғана қолға алып жатса ше? Онда не дер едіңіз? Ал оның ішінде бой көтерген мешіттер кісі мойнынан желінген арам ақша ма, әлде таза еңбекпен келген адал ақша ма – ол жағын тексеріп отырған тағы да ешкім жоқ.
Бүгінде Алла үйіне ат беру де әдетке айналып бара жатқандай. Мешітті салдырған азаматтарымыз оған өз ата-бабасының, не әкесінің, тіпті руының атын бергісі келеді. Оның дінімізге, елімізге сіңірген еңбегі қаншалық? Ол жағы ескеріле бермейді. Әлбетте, мен тұрғыздым екен деп, белден басып, әкесінің атын беруге болмайды. Кім де болса шын сауап үшін, халқы үшін мешіт салған болса, атасының атын бұлдамас болар. Онсыз да жеке қаржыға салынған мешіт жөніндегі әңгіме елден елге тез-ақ тарайды емес пе? Осы арқылы сол мешітті салдырған адамның әкесінің аты аталады, «жақсы адам екен, жақсы ұл өсірген, тәрбиелеген екен» дейді. Осының өзі қаншалықты сауап! Ал атақ керек болса, сауап арқылы атақ та келеді. Бірақ біздің кейбір қалталылар осыны түсіне бермейтін сияқты.
Оңғарбек қажы Өмірбек, ҚМДБ жанынан шығатын «Иман» журналының Бас редакторы:
– Жалпы, ислам заңы бойынша, кісі атын мешітке беру — қолданыста бар нәрсе. Шариғат оған қарсы келмейді. Бұл – барлық мұсылман елдеріне ортақ дүние. Алайда мешіт атауы діни араздық, алауыздықтың тууына мұрындық болмауы керек. Сондықтан біздер, діни басқарма алқасының мүшелері, еліміздің қай аймағында болсын ашылған мешітке қандай ат беруге болатынын шешіп отырамыз. Ең біріншіден, мешітке Алланың 99 аттарының бірін қоюға немесе дін ғұламаларының аттарын, жергілікті имамдардың (онда да сол ауданның зиялысы болса ғана) атын беруге болады. Екіншіден, ислам репрессия, соғыс кездерінде дін жолында шейіт болған тұлғалардың есімін Алла үйіне беруге қарсы емес. Сондай-ақ елге еңбегі сіңген, өмірі тақуалықпен өткен қадірлі жандардың есімін де мешітке берсе ағаттық болмайды. Алайда өмірі күмәнді, күнәсі көп жандардың атын мешітке беруге біз қарсымыз. Осыны көптеген қалталы кәсіпкерлер түсінсе екен дейміз.
Дегенмен ислам шартына да, діни басқарманың талаптарына да бағынбай жүрген мешіт салушылардың бар екені рас. Олардың дені мешітті тек өз қалауындағы адам есімі берілетін болса ғана салуға бар. Діни басқарма қарсы болған жағдайда өз алдына дербес діни басқарма ашып алып, соның аясында мешіт көтеріп жатқандар да жоқ емес. Ең өкініштісі де сол, олардың немен айналысып, дінді қалай уағыздап отырғанын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы еш қадағалай алмайды. Оған құзырлары жоқ. Осыған қатысты қатаң заң қолдану керек сияқты. Мұны жоғарыда отырған шенеуніктер ескеретін шығар деп сенеміз… Кім-кімге де белгілі, дініміз атаға да, руға да, ұлтқа да, тіпті нәсілге де бөлмейді. Ислам діні барша адамзатқа ортақ. Олай болса, асыл дініміздің аясын тарылтып, оны пенделік төмен деңгейге түсіру ешқандай адамгершіліктің де аясына сыймайды.

Берік ЖҰМАБАЕВ, 

С.Ерубаев атындағы

№7 мектеп-интернатының тәрбиешісі.

Түркістан қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *