МЕШІТ САЛА БАСТАҒАН ЕМШІ

Шығыс медицинасы Ибн Синада бастау алса, қазақтың төл медицинасының негізін Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы қалаған. Қазіргі кезеңде Шығыс медицинасы дүние жүзінде кеңінен таралып, адамзаттың сүйіспенші­лігіне бөленіп келеді. 

Осы тұрғыда  ҚР «Экология» Халықаралық академиясының академигі, Біріккен Ұлттар Ұйымымен (Юнеско) және РФ жалпы және кәсіптік білім министрлігімен құрылған Дүниежүзілік технологиялық университе­тінің (ДТУ) жанындағы Шығыс медицина докторы Мұратбек Тоқтыбекұлы Оразға­лиев Алла жолында құлшылық етіп, бар саналы ғұмырын адам емдеуге арнап  келеді. Биыл ол Төлегетай баба атындағы мешіттің құрылысын жүргізе бастады. 

Мұратбек Тоқтыбекұлы 1974 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Әкесі Тоқтыбектен қазақ медицинасының қыр-сырларын үйреніп, өне бойына қондыра білген Мұратбек әйгілі академик Шәкен Шынтаевтың академиясында білім алып, Шәкен қажының медициналық академиясында шипагер­ліктен сабақ берді. Көпті көрген, қазақ медицинасының мақтанышына айналған Шәкен қажы Шынтаев Мұратбектің бойындағы ерекше қасиеттерді бірден байқап, бағалап, шәкіртіне өз батасын берді. Шығыс медицинасын игере жүріп, Сара Алпысқызы Назарбаеваның Эколо­гиялық медициналық академиясында оқып, космоэнер­гетика маманы дипломын иеленеді. 2017 жылы Франция елінде тағайындалған Шығыс медицинасының докторы, академигі деген үлкен ғылыми атаққа қол жеткізді. Шығыс медицинасы арқылы науқастарды емдеу жолдары сан алуан болып келеді. Мұратбек Тоқтыбекұлы науқастарын шөппен емдеп, уқалау, қан алу арқылы бойларына қан жүгіртіп, Құран аяттарын оқып, дем салады.

Қазіргі кезде түрлі жыныстық аурулармен ауыратын жастардың қатары молайып келеді. Компьютердің алдына үзіліссіз көп отыру, табаннан сыз өткізу, жұқа киіну арқылы ағзаға суық алдыру, жас босанғаннан соңғы күтімнің нашарлығы сияқты көптеген нашар әдеттер оларды белсіздік, бедеулік, қуық түбі безінің қабынуы, түнде зәр тоқтамау, простатит, пиелонефрит сияқты дерттерге шалдықтыруда.  Қоршаған ортаның таза болмауы, түрлі өнеркәсіп орындары мен машиналардан шыққан зиянды газдар, шаң-тозаң араласқан шөгінді ауамен тыныстау да адамдарды бронх демікпесі, аллергиялық мұрын қабығының қабынуы, өкпе қабыну, созылмалы тонзилит сынды дерттерге апарып соғады. Мұның бәрі – жазылатын дерттер. Осындай аурулармен ауырған көптеген науқас Мұратбек Тоқтыбекұлының көмегімен жазылып кетті.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Мұратбектің әкесі Тоқтыбек Оразғалиұлы да барша ғұмырын медицина саласына арнап, көптеген науқастарды емдеп, бойындағы бар ілімі мен өнегесін ұлына үйретті. Сан алуан дерттерді емдеудің әдіс-тәсілдерін білетін ол, сондай-ақ мал ауруларын да емдейтін. Сонымен бірге, Тоқтыбек Оразғалиұлы ұста, зергер болған. Алдына келген адамдарға әшекей бұйымдар, ер-тұрман мен керекті құрал-жабдықтарын жасап беретін еді, жарықтық.  Тарих, әдебиет пәндерін ерекше жақсы білетін. Бабадан қалған шежірені де зерттеп толықтырып отыратын. Мұратбектің анасы Күмісхан Жұмакелдіқызы 7 баланы бағып-қағып өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» дегендей, Мұратбек әке мен шешенің аялы алақаны мен тәлім-тәрбиесін көріп өскен бала. Әкесі жағынан Ахмет, Ыдырыс деген емшілер болса, нағашы жағынан лақап аты – Шоян, шынайы аты Жұмакелді есімді халыққа аты шыққан атақты емшілер бар. Әке жолын қуған Мұратбек сан алуан шөптердің қасиетін меңгерді. Адам емдеу оңай кәсіп емес. Өзінің білімін жетілдіру үшін Мұратбек әйгілі Өтейбойдақ пен Шәкен қажы Шынтаевтың медициналық ғылыми еңбектерін, тағы басқа көптеген еңбектерді оқып, білімін жетілдіріп, толықтырып отырады. Алуан шөптерден дәрі-дәрмек жасап, науқастанып келген жандарды көбіне сонымен емдейді. Шығыс медицинасында қан алу – хиджаманы қолданудың пайдасы өте күшті. Бұның әсіресе қан қысымын реттеуге, қан айналымын түзетуге, ағзаны тазартуға әсері өте күшті. Хиджама жасау кезінде адам бойындағы қан алмасу жүйесі жақсарып, арам қандар сыртқа шығады, барлық жасушалары жаңарып, ағзаға оттегі мен нәрлі заттар тарайды.

Хиджаманың үш түрі болады. Мұратбектің науқастарды емдеуде өзіндік тәсіл-әдістері бар. Бұл әдістерді ол ғылыми зерттеулердің нәтижесінде өмірге әкелді. Хиджама жасайтын дәрігер адам бойындағы барша нүктелер мен адам ағзасының күллі мүшесін жақсы білуге тиіс. Қан алу әдісі Қазақстанда сәл кейінірек басталған. Ал Сирия, Мысыр, Сауд Арабиясы секілді мұсылман елдерінде хиджама өте жақсы дамыған. Тілімнің жасалу жерлеріне қарай хиджама үш түрге бөлінеді. Бірінші түрі – құрғақ хиджама, яғни ол қан шығарусыз жасалады. Бұл әдіс көп қолданылмайды. Екінші түрі – күре тамыр хиджамасы. Оны варикоз секілді сырқаттарды емдеуде қолданады. Соңғы түрі – тілдің астына жасалатын хиджама. Хиджаманың бұл түріне ішкі ағза мүшелерін, бас ауруларын емдеу кезінде жүгінеді.

Медицина докторы Мұратбек Оразғалиұлы туралы СТВ арнасының «Денсаулық» бағдарламасынан, «Жастар» арнасының «Жанға дауа» бағдарламасынан жақсы түсірілімдер берілді. Республикалық «Отбасы және денсаулық» медициналық журналында Мұратбек Оразғалиұлы туралы көлемді мақала да жарық көрді. 2018 жылы Мұратбек Оразғалиұлының «Хиджама» атты ғылыми медициналық кітабы басылып шықты.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Расында, мүмін-мұсылман мешітке келсе, Алла Тағала: «Пендем Мені зиярат ете келіпті, оның сый-сияпаты менің құзырымда, мешітке келген адамға Жәннаттан басқа сыйлыққа еш риза емеспін», – деп айтады. Биыл Мұратбек Оразғалиұлы Шығыс және Халықтық емшілік қайырымдылық қорын құрып, Алла разылығы үшін Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Трудовик» ықшамауданында қазақтың әйгілі батыры Төлегетай баба атындағы 1000 адамға арналған мешіттің құрылысын бастады. Салынып жатқан мешіттің қабырғасының биіктігі – 3 метр, жертөле қабаты – 480 шаршы метр.

«Игі істің басына – жақсы келер қасына» дегендей, бұл қайырымдылық қоры меценат, демеуші және қор жетек­шілерінің  ұйымдастыруымен қайырымдылық мақсатта ашылды. Жалпы, осы Төлегетай баба атындағы мешіттің құрылысы және салынуы туралы идеяны көтерген тұлға – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ҚР Кинематографистер одағының мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Дінмұхамет Тілеулесұлы Ахимов.

Төлегетай баба халқымыздың бірлігі жайында «Барлығының басы бүтін, бірлікте болсын», «Көшкенде бірге, бір-біріңнің жанында болыңдар, үйлеріңнің түтіні түзу болсын» деген өсиет қалдырған. Төлегетай баба атындағы мешіттің салынуы – көпшіліктің қалауымен және адам­дардың ізгі ниетімен Алла жолында көмек беруіне қатысты жүзеге асып отырған шара. Мешіт құрылысына көмекте­семін, қолұшын созамын деген ізгі ниетті, иманды, жүрегіне Алланың нұры төгілген жандар үшін төмендегі есепшотты көрсете кеткенді жөн көріп отырмыз.

 

ЖҚ «Шығыс және Халықтық емшілік қайырымдылық қоры» есебі:

теңге

KZ10998CТВ0000463125

Коды: 17

БИН: 190140019119

Банк: АФ АО «Цеснабанк», Алматы қаласы, ЦБО 107

ОКПО 199247930061

БИН 930741000122

БИК/SWІFT TSESKZKA

Дәурен МҰҚАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *