Мереке аясында шетелдіктерге де қызықты бағдарламалар ұсынылады

1309Алматы соңғы жылдары «Қала күні» мерекесіне аса қатты мән беріп, бұл шараны ауқымды өткізіп жүр. Мысалы, былтырғы жылы «Қала күні мерекесі әлемдік классикалық әуендер мен Алматы туралы композиция­ларды ойнаған «Оркестрлер шеруімен» 23 тамызда басталып, бүкіл қыркүйек айын қамтыған болатын.

Құттыбек АЙМАХАН

Биыл да «Қала күні» мерекесін өткізуге шаһарымыз барынша дайындалып бағуда. Бұл ретте мерекенің алғашқы шаралары шеңберінде түрлі көрмелер, шеберлік сыныптары, көшелердегі театрлық және би көрсетілімдері кірген «Arbat Fest-5» атты Халықаралық заманауи өнер фестивалімен басталып та үлгерді. Сондай-ақ, осы тамызда «Baн Гог. Кенептегі жанданған сурет» мультисенсорлық көрмесі де қаладағы ғажайып оқиғаның бірі болды.

Әрине, биылғы «Қала күні» мерекесінің бағдар­ламасына бүгінде дәстүрге айналып үлгерген «Алматы – менің алғашқы іңкәрім» сазды ретро-фестивалі, «Еуразия» кинофестивалі, «Алматым жүрегімде» ән байқауы, «Muz Zone – 2014» Еуразиялық музыкалық сыйлығы, «Күміс көмей, жез таңдай» байқауы өтетін болады.

Атап өтетіні, «Күміс көмей, жез таңдай» байқауының маңызы биылғы жылы бұрынғыдан да байытылып отыр. Мысалы, «Домбырамен ән салу» және «Ұлттық аспаптарда эстрадалық композицияларды орындау» аталымдары бойынша жеңімпаз атанғандар миллион теңгеге ие болады. Сосын Алматы туралы үздік ән авторына да керемет жүлде – автомобиль кілті бұйырады. Бұл ретте байқауға жасы 30-дан аспаған «күміс көмей, жез таңдай» жас әншілер қатысады. Ал 17 қыркүйекке белгіленген бұл шоудың қорытынды шарасына Майра Ілиясова, Толқын Забирова, Рамазан Стамғазиев, Карима Сахарбаева, Бағдат Тілегенов секілді өнер майтал­мандары қазылық ететін болады.

Бұлардан басқа, биылғы «Қала күні» мерекесіне арналған шаралар қатарында түрлі гастрольдік сапарлар ұйымдастырылмақ. Соның ішінде Омбы мемлекеттік академиялық драма театры Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс театрында «Сиқырлы сырнай» ертегісінің тұсаукесерін өткізеді. Ал Абай атындағы опера және балет теарында итальяндық режиссерлер Андреа Чиньи мен Бенита Леонори қойған «Абай» операсы болады. Сонымен қатар «Apple Fest» алма фестивалі, «Сатуфест» атты отшашулар фестивалі өтетіндігі өз алдына бөлек әңгіме.

Жалпы, осы биылдан бастап шаһарда «оқиғалы туризм» де жанданатын болады. Бұл ретте жақын шет елден келетін қонақтар үшін қалалық әкімдік «Алматы сити тур» жобасын ұйымдастырмақ. Бұл жоба аясына қаладағы үздік қонақ үйлерде тұру, мегаполистегі және оның маңайындағы қызықты жерлерге саяхаттар жасау кіреді. Мұндағы мақсат – талғампаз туристерді Алматының керемет жерлеріне қызықтыру болмақ. Әрине, мұндай құрметтен «Қала күні» мерекесі аясында өз еліміздің түпкір-түпкірінен келген отандастарымыз да құр қалмайды. Олар келесі қыркүйек айында «Қала күні» шеңберінде өтетін ауқымды шараларды өз көздерімен көру бақытына кенелетіні белгілі болып отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close