«Менің жеңісімде шәкірттерімнің үлесі көп»

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның педагогтар үшін жариялаған бейне-сабақтар мен бейне-дәрістер Республикалық байқауының Алматы қалалық сайысы түйінделді. Оқ бойы озық шыққан жүлдегерлер Ұстаздар үйінде марапатталды.

«Педагогикалық идеялар панорамасы» деп айдар тағылған байқаудың көздегені – бірыңғай ақпараттық-білім кеңістігінде заманауи педагогикалық тәжірибені жинақтау және насихаттау, педагогтардың ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттыру.

Үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) өткен байқауда мектепке дейінгі тәрбие; орта білім; техникалық және кәсіптік; жоғары білімді; қосымша білім беруді оқытудағы заманауи технологиялар деген бағыттар қамтылды. Бейнематериалдар дәріс; сабақ; ашық сабақ; практикалық-лабораториялық жұмыс; семинар түрінде қабылданды.

Байқауға қазылық еткен сарапшы мамандардың сөзіне сүйенсек, бейне-сабақтарда оқушылардың белсенділігі, көп білсем деген құмарлығы, олардың ізденімпаздығы қуантқан. Шәкірттерін жоғары деңгейде қызықтыра білген мұғалімдердің де еңбектері елеусіз қалған жоқ.

Республикалық байқауға алматылық 115 ұстаз қатысты. Солардың ішінде олжалы болған 54 мұғалімнің 20-сы – 1-орын, 19-ы – 2-орын, ал 15-і     3-орынды иеленді, 61 мұғалімге сертификат табысталды.

Сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің арасында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беретін мекемелердің, яғни балабақшалардың тәрбиешілері аса белсенді болған. Сондай-ақ, техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінің мұғалімдері сергектік танытқан көрінеді. Ал физика, химия, география мен дене шынықтыру пәндерінің ұстаздары өте аз қатысқан. Жүлде алып, көп алдында марапатталып, мәртебесі жоғарылаған әріптестерін көргенде бұл пәндер ұстаздары да келесі жолы ойланатын шығар бәлкім. Айтпақшы, осыншама жүлдегердің арасынан бір ер мұғалімді көріп қуанып қалғанымызды жасырмаймыз.

Қуаныш иелерін «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ директоры, педагогика ғылымының докторы Раиса Садвакасова салтанатты жағдайда құттықтады.

Алматының Ұстаздар үйінде ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған, Жетісу ауданына қарасты №2  жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Үмбетованы сөзге тартқан болатынбыз.

– Мен бейне-сабағымның тақырыбын «Қазақтың киіз үй мәдениеті» деп алдым. Біз, мәселен, киіз үйді бала күнімізден көріп өстік. Ал қазіргі, әсіресе, қаланың баласы оны көп көре бермейді. Шәкірттерім қазақ тілі пәніне қатыстырып киіз үй, шаңырақ, ұлттық мәдениет сынды сөздік қор мен терминдерді талдады. Өзара диалог құрды. Сондай-ақ, мәселен, «Қайыс дегенді қалай түсінесіңдер? Ол не үшін керек?» деген сынды сұрақтарды талқылауға бердім. Балалар өте қызығушылықпен қатысты. «Тарихшылар», «Математиктер», «Этнографтар» деген топтарға бөлінген оқушылар «Ұлы дала», «Мәңгілік ел», «биік таулар», «Қазақстан табиғаты» тіркестерін қатыстырып, оларды өмірмен байланыстыра  отырып шағын эссе жазды. Бейне-сабағымды бір ғана қазақ тілі пәнін емес, әдебиет, тарих, бейнелеу (сызу), этнография, математика пәндерін де өзара үйлестірдім. Яғни, интербелсенді тақта, слайд, қима қағаздар, кесте-сызба, қоржын, графикалық органайзер, бағалау парағы, түрлі-түсті қағаздар, тәж пайдаландым. Тәжді ең белсенді, жеңімпаз шәкіртіме кигіздім. Мен білімге құштар балаларымның менің жеңіске жетуіме үлес қосқандары үшін алғыс айтамын, – деді Жанат Құлпыбайқызы.

Енді осы мұғалімдер республикалық байқауға қатысып, дауысты онлайн-режимде жинайтын болады. Сәттілік серік болсын дейміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close