Менің жанрым – күнделік

Асанәлі Әшімұлы

 

Кейде баспасөзге бармайтын ойлар да ұшырасып қалуы ғажап емес

 

15.02.12.

Өмір-ай! Күні кеше еді. Ұлы адам, ұлы қайраткер Шәкеңнің бүгін туған күні. Өмірден озғанына 42 жыл. Радио, телевидение, газет-журналдар интервью сұрап шапқылап жүр. Қазір Шәкеңнің көзін көргендер де қалмай барады, көбі маған жабысады.

 

17.02.12.

Министріміз Дархан Мыңбаевты құттықтап шықтым. Біраз мәселені шешкен болдық.

 

22.02.12.

Жайсыз түс көрдім. Баламды бала­бақшаға жібермей қойдым. Түсті жақ­сылыққа жорыдым. Шелпек пісіртіп, әруақтарға Құран оқыдым. Құранға бүкіл әулетімді, ұстаздарымды қоса­мын.

 

23.02.12.

Дүниеде өзгеріс көп. Әсіресе, күн райына байланысты. Қар жаумайтын елдерді қар басып қалды. Катаклизм.

 

24.02.12.

Адам идея, пікір, ұсыныстармен өмір сүрсе қызықты, мәнді болады. Биылғы жылды «туысқандар жылы» деп жариялағанбыз. Кезекті шақырыстар басталды. Генерал Талап сондай оригинальный жігіт. Балам үстелдің астында отыр еді, менің шалбарымның балағын қайшымен қиып, орамалымды қидалап тастапты. Мен оған қуандым. Ол әр нәрсені істеуі керек. Именно әкесіне. Өзіміз әкемізге бұлай еркелей алмадық, еміс-еміс есімізде.

 

27.02.12.

Негізгі ермегім осы күнделік. Қара дәптерге өзімнің еркін ойларымды жазып жатырмын. Кейде баспасөзге бармайтын ойлар да ұшырасып қалуы ғажап емес.

 

28.02.12.

Биыл қар қалың. Күн бірден ысып кетсе тасқын болу қаупі бар.

Театр. Планерка. Есмұқан жаңа шыққан кітабына: «Ұлылардың ұлысы, адамдардың панасы, ежелгі досым, ел ырысы Асекеме асқан құрметпен» деп қол қойып берді.

 

8.03.12.

Таразда «Общественный фонд поддержки и пропаганды творчество Асанали Ашимова» деген қоғамдық қор ашылыпты. Менің бюстімді жасап қойыпты. Маған аса түсініксіз көрінді.

 

 

Орынбасарлардың деңгейінде өтті

 

10.03.12.

Күн әлі бұлыңғыр. «Бір аяқ ас – дәру, екі аяқ ас – ауру».

 

12.03.12.

Көктемнің исі шығады.

Камал Смайылов 80-ге келіп жатыр екен, соған деректі фильм түсірушілер келіп, біраз сұхбаттастық.

Камал қазақ мәдениетіне айрықша еңбегі сіңген адам. Оның ішінде қазақ киносын одан артық басқарған адам жоқ. Ол басқарған жылдары қазақ экраны өзінің апогейіне, биік шыңына шықты. «Қыз Жібекті» былай қойғанда, сол тұста біраз дүниелер жасалып қал­ды. Киноның төңірегіне кілең талант­тарды топтастыра білді, глыба­лармен жұмыс істеді. Бұл әркімнің қолынан келмейтін шаруа. Бұл істің оның қолынан келген себебі, ол алдымен өте білімді еді, білмейтіні жоқ еді. Сондық­тан ол беделді, сыйлы болды. Мен бұл пікірімді әркезде кеңейтіп айтып жүремін. Күнделігіме де сол ойымды ықшамдап жазып отырмын.

 

13.03.12.

Театр. Планерка. Биылғы «Театр фестивалі» Шолпан Жандарбековаға арналмақшы.

 

14.03.12.

Опера театрында Күләш Байсейі­тованың 100 жылдығы. («Чудо» – Ғ.Мү­сі­репов). Опять сол немқұрайдылық. Орынбасарлардың деңгейінде өтті. «Ұлыларын сыйламаған ел, ел болмайды» (Ғ.Мүсірепов).

 

20.03.12.

Баламның айтпайтыны жоқ. Мен командировкаға кеткенде «Ана, әкем келгенше мен сенің күйеуің бола тұрайыншы» депті.

 

29.03.12.

«Ымырттағы махаббат» аса жақсы жүрді.

 

30.03.12.

ҚазГУ-де «Әзірбайжан Мәмбетов­тің феномені» атты кітаптың тұсауке­сері өтті. Аса құнды кітап.

 

 

Бұл еңбекпен келген әжім

 

31.03.12.

Бағдат Асекамен театрға кетті. Балам театрға құмар. Бұл — жақсы қасиет. Мен үйде қондым.

Г.Бельгердің «Өтеді өмір осылай» деген күнделік кітабын оқып жатырмын.

 

2.04.12.

Тілендиевтің туған күні. Ескерт­кішке гүл шоғын қойып, екі ауыз сөз айттым. Бұрынырақта «Нұрғисаның мінезіне бензин құйып өртеп жіберіп, өнерін алып қалу керек» деп жазып едім күнделігімде. Сол айтқанымдай, мінезі қиын, но талант.

Студенттерімде аздап қозғалыс бар. Балам бар қару-жарақты асынып алған. Маған «қолыңды көтер» дейді. Теле­дидардың, шетелдік мультфильмнің әсері.

 

4.04.12.

Бағдат менің бетімнің қыртыстарын жөндеймін деп Венера деген кәріс келіншегіне апарды. Қымбат дәрілер алды. «Қой, бұл еңбекпен келген әжім­дер» десем болмайды. Ақыры қоймай, дәрілерді қалай қолдану керек екенін тәптіштеп жазып алды.

Бүгін Бағдаттың туған күні екенін Астанадан телефондап құттықтаған Көпейден естідім. Гүл алып үйге келсем, бір топ достары отыр. Менің білме­гені­ме күліп жатыр. Қарапайымдылығы ғой, басқа әйел болса скандал жасар ма еді.

 

 

Қазақ мәдениетінің нары, нәрі

 

5.04.12.

Камал Смайыловтың 80 жылдығы, телеарнаға сұхбат бердім. Қайран, Камал! Қазақ мәдениетінің қара нары, нәрі. Осы күні К.Қармысовтың 100 жылдығына орай сұхбат бердім.

 

9.04.12.

Тілеуқабыл (бүркітші) келді. Аса салдарлы жігіт.

 

12.04.12.

Өнер академиясына Дариға Назар­баева келіп, студенттерім өнер көрсетті. Риза болып кетті. «Сізден оқыған соң, жұлдыздары жанады ғой» деді.

Ғалия Шымырбаева «Каз.правдаға» интервью алды. «С любовью Ашимов» деген орыс тіліндегі кітабымның 2000 данасы жарық көрді. Бұл – жаңалық.

 

13.04.12.

Бағдат өз айтқаны болмаса, басқаға бой бермейді. Өте діні қатты, но таза, өтірігі жоқ. Менің сықиып киініп жүр­генімді қалайды. Біздер, киношниктер қиқы-жиқы бір нәрселерді киіп жүруді қалаймыз ғой. Но, со вкусом, джинси, шляпа, т.б.

 

14.04.12.

Өмірзақ Сәрсеновтің 70 жылдығы. Азамат жігіт. Жетім-жесірге қолұшын бергіш.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *