Менің жанрым – күнделік

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ

 

«Ебін тауып ет жеуді» ойлайтындар көп

 

22.11.11.

Заман өзгеріп барады. Жастардың келешегі алаңдатады.

Бағдат ауырса, үйде береке болмай, абыржып кетеміз.

 

26.11.11.

«Кенесары» деректі фильмін көрдім. Жап-жақсы.

Баламды «оу» деп шақырсам, «менің атым бар ғой» деп қатырды.

 

28.11.11.

Жиеншарым Кәмила – мужествен­ная женщина.

Үш баланы өзі өсіріп, жұмысқа орналастырып, үй салып, тәрбиелеп отыр. Қазақ қыздары осындай болуы керек. Күрескер болуы керек, сонсоң ертең осылардың жемісін көреді. Машина сатып алған екен. Соған бата беріңіз деп келіпті. Қазір өзі батагөй болып алдық.

 

2.12.11.

Астанада халықаралық айтыс. С.Қасқабасов, Ө.Айтбаев, мен үшеуіміз жюри мүшесіміз. Жақсы айтыс болды. Қытайдан келген Жамиға деген қыз жойқын екен. Айтысты дамыту керек. Әйтпесе, сөздің қадірі кетіп барады. Айтысты биік деңгейге көтеріп, арнайы театр ашу керек. Бұл тек айтыс емес, барша дәстүрлі өнердің басын қосқан ірі орталық болар еді.

 

5.12.11.

Өтіріктің тасы өрге домалап тұр. «Ебін тауып ет жеуді» ойлайтындар көп.

 

10.12.11.

Бағдат атқойғыш болып алды. Сыздыққа «биязы қайным», Құралға «мырза жігіт», Әшірбекке «ақ жігіт», Әмірге «ақ төре» деген ат берді.

 

12.12.11

Армандаймыз, аңсаймыз,

қиялдай­мыз,

Мына думан өмірге сия алмаймыз.

Бос қиялмен өтпесек жарар еді,

Көктемеген егінді жия алмай біз.

Өзімізді себебі жиі алдаймыз,

Өзімізден өзіміз ұялмаймыз!

 

«Үш қара»

 

19.12.11.

«Егемен Қазақстанда» Жаңаөзен оқиғасына байланысты пікір білдірдім. «Нашақорлар, маскүнем, бандиттердің көтерілісі» дегенге қосылмаймын, бұл басшылардан кеткен қателік» деп жаздым. Шынында билік тарапынан кеткен қателік. Қателікті түзеу қашан да кеш емес. Өзін өзекке тепкеннің өмірі де жақсы болмайды.

 

22.12.11.

Аманкелді Ермегияевтің ағасы маған күміс шақша сыйлады.

 

23.12.11.

Кругом проблема. Көңіл жықпас­тықпен кейбір тірліктерге де араласуға тура келеді. Шахматтан бір жақсы партнерім бар еді. ГАИ соның нөмірін алып қойған. Амал жоқ, араласуға тура келді.

 

24.12.11.

Кәдірбек Сегізбаев қайраткерлігін жуды. Жеті жетімнен үшеуі қалған, мен оларды «Үш қара» деймін.

 

26.12.11.

Қатарымыз сиреп барады. «Қатарың болмаса тойға барма» деп бекер айт­паған-ау. Бірақ өзіңді сыйлайтын ортаға барсаң, адам болып қаласың.

 

2.01.12.

Бэсси Брэдок деген ханым: «Сіз мас күйіңізде Парламент жиынына қалай келесіз?» дейді. Черчилль: «Ал сіз сондай кейіпсіз, ұсқынсыз түрмен қалай келдіңіз? Менің мастығым тарқар-ау» деген екен.

Черчилльге «Сіз Парижге неге әйел­сіз келдіңіз?» дегенде: «Кто же берет с собой на банкет домашние пирожки?!» депті.

Леди Астар: «Если бы я была вашей женой Унистон, я бы посыпала яд вам в кофе». Черчилль: «А если бы я был вашим мужем я бы выпил его» депті.

4.01.12.

Сағина қызым каникулға келген. Сабағы круглый «бес».

 

5.01.12.

Қали Сәрсенбай қалалық мәсли­хатқа депутаттыққа түсіп жатыр. Соған сенімді өкіл едім. «Шаңырақта» кездесу жасадық. Аса жақсы өтті. Көпен, Нұртілеу, Нұртөре, т.б. әнші-күйшілер қатысты.

 

Аймановтар әулетінің соңы

 

6.01.12.  

Астанаға жақсы ниетпен аттандық. «Осы балам ер жетіп, аман болса бізге содан артық олжа жоқ» деймін. Бағдат­тың арманы «осыған серік керек» дейді. Осы жүрісіміз соның әрекеті ғой.

 

16.01.12.

Балам анасына «Әкемді сағындым» депті. Екеуі төсекте. Балам «Ана әкем аспан ғой» депті. Тағы да ойланып жатып «Сен айсың» депті. Біраз ойланып «Ал мен кішкентай күнмін» депті. Анасы таңқалып, «Ал жұлдыздар ше?» десе: «Олар біздің туысқандарымыз ғой» деп жауап беріпті.

Үлкен философия жатыр.

 

17.01.12.

Ғылым, білім, әдебиет құлдырап барады. Қайда барып тоқтар екен?!

 

19.01.12.

Қадірменді Асеке!

Кейде көлдей, кейде шөлдей қазаны,

Ғажабынан кем түспеген азабы.

Құттықтайды Софияндай қазағы,

Жаны, тәні және ары тазаны.

«Ел» деп соққан дімкәс,

әлсіз жүрекпен,

Қалам түгіл жем таппаған күректен.

Ел тілегін қабыл еткін Асекем,

Елжірегіш түйсігіңмен дір еткен.

Құрметпен, Софы Сматаев. 27.01.12.

 

23.01.12.

Бүгін жұмысқа шықтым. Үйге асығып, балам мен Бағдатты көргім келіп тұрады.

 

Серілік, ірілік жоғалып барады ғой

 

31.01.12.

Шәкеңнің Әбдікәрім деген ағасы­ның кенжесі Данияр Айманов деген бала қайтыс болды. Соны бүгін жерле­дік. Аймановтар әулетінің соңы.

Қандай жандар еді. Әбдікәрім, Шәкен – 56 жаста, Кәукен – 92 жаста. Текті жан­дар еді ғой.

Әбекеңнің (Әбдіжәміл) «Біз кімбіз, қазақтар?» деген мақаласын оқып шық­тым. Біраз нәрсе ашық та анық айтылған екен.

 

Жақсы актер болу үшін әкімшілік жұмыстан аулақ жүрген дұрыс

 

3.02.12.

Биыл 75 жас. Маған салса өткізгім жоқ. Но ел дұрыс түсінбей қалуы мүм­кін. Аспандатып мақтап, есіңді шығарады. Шаршайсың! Но…

 

4.02.12.

Айғыр-әйел.

 

6.02.12.

Әркім, әруақытта әр нәрсені сыл­тауратып үстел жасайтынымыз бар еді. Сол ниетпен бүгін соғым басы деп үстел жасамақшы. Бұл сонау ескі дәстүрдің соңы болуы керек. Бүгінде бұл, басқа дәс­түр де кей жағдайда ұмытылып бара­ды ғой. Өкінішті-ақ! Сараңдық белең алып, серілік, ірілік жоғалып барады ғой.

 

7.02.12.

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды».

«Баяғының құрметтісін құрметтей білмеген елде болашақ жоқ». Ғ.Мүсі­репов.

 

14.02.12.

Жақсы актер болу үшін әкімшілік жұ­мыстан аулақ жүрген дұрыс. Мұны айтып отырғаным, қазіргі жастардың бойында мансапқорлық байқалады. Біздің кезімізде мұндай нәрсе, әсіресе, қызмет деген ойымызға кіріп те шық­пайтын. Әр нәрсе өз жөнімен, ретімен болушы еді.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *