Менің жанрым – күнделік

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ

 

11.08.16.

Олимпиада. Рио-де-Жанейро. Әзірше екі алтын, екі күміс, 4 қола. Біз үшін аса жоғары көрсеткіш. Әлі уақыт бар, үміт зор. Қазақстанның дүниеге аты естіліп, Әнұран шырқалып жатыр. Көңілім өсіп, қатты қуандым. Елбасыға құттықтау телеграммасын жолдадым. Шыдай алмадым, қуанышымда шек жоқ. Әйтеуір, елдің жақсы аты шығып жатыр ғой.

Театр директоры Ерлан Біләлді ертіп, қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа бардым. Арманды бұрыннан байқаушы едім, бардың бағасын білетін, қадіріне жететін, кісі танитын көшелі жігіт-ау деп ойлаушы едім, қателеспеппін. Зейнетке шыққан 10 актерге қосымша айлық, театрға автобус сұрадық.

 

Қазақ соғымсыз күн көре алмайды

 

23.08.16.

Астана. «Жүрегіңіз елу жастағы адамның жүре­гіндей» деп қуантты.

 

31.10.16

Ұлттық кітапханада театр, әдебиет заңын талқы­лады. Депутаттар, журналистер болды. Олжаспен бірге отырдым. Мен: «Олжас екеуміз 80 жыл заңсыз-ақ өмір сүрдік. Ешқандай қиындық көрмедік, жұмысымыз да жаман жүрген жоқ» деп елді бір күлдіріп алдым. Кино заңын қатаң қарау керек. Өйтке­ні, қазіргі фильмдерде төсек мәселесі, жыныстық қатынастар ашық көрсетіле бастады. Оны өзінше жаңалық, ашықтық деп түсінетіндер бар. Осы сипатты мәселелер көтердік. Енді қалған өмірімде заңсыз-ақ өмір сүрерміз деп түйіндедім. Ел жақсы қабылдады.

 

1.11.16.

Қазақ соғымсыз күн көре алмайды.

 

8.11.16.

Бұл ай Атырау–Оралдағы театр фестивалі, ақындар айтысымен өтті. Оралда айтыс, Ақтөбеде айтыс, қазақтың айтысы бітпейді.

 

17.11.16.

Иманғалидың Мемлекеттік сыйлық алғанына ішім жылыды. Кейде біздің жұрт мемлекеттік қызметтегі адамдардың осындай сыйлық алғанын аса қабылдай бермейді. Дұрыс емес. Қолында тұрған соң алды дейді. Кім болсаң да еңбек бағалануы керек. Иманғалидың атағын құп көргендер көп, өте көп.

 

26.11.16.

Балаға, ең алдымен, қаланың емес, даланың тәрбиесін беру керек. Сол себепті Асеканы ауылға жіберуді жиілетуді ойладым.

 

27.11.16.

Қыста да жаңбыр жауатын заман.

Сүреңсіз дүние. Ешкімнің ешкіммен шаруасы жоқ, бет-бетімен тіршілік жасап жатқан жандар. Сапырылысқан заман. Ауа жұтуға уақыт жоқ.

 

1.01.2017.

Біз сыртта жүр едік. Үйде электрден өрт шығып, бір бөлме жанған. Әйтеуір, нағашыларым өрттің үстінен түсіп, аман қалған. Әулие-әмбилер сақтап қалған, болмаса жарылуға шақ еді. Жылды өртпен бастадық. Артының ақырын берсін.

 

Қазіргі заманда ұрылардың да өз бастығы бар

 

7.01.17.

Үйге камера, сигнализация қойып әлек болып жатырмыз. «Ұрылар енді түсетін болды. Қымбат дүниелері бар, сонсоң қойдырып жатыр» деп ойлайтын болды деп қоям. Қазіргі заманда ұрылардың да өз бастығы бар. Олар арнайы зерттеумен айналысады.

 

8.01.17.

Ауруханада бұрын көңілді болушы еді, қазір скучно. Тіпті, кейде банкет те болып жататын.

 

14.01.17.

Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысы» туралы дау шықты. Науан хазіреттің ұрпақтары хат жазып, хазіреттің ағартушы адам болғанын, пъесаны қайта қарау керектігін айтады.

 

2.02.17.

Риясыз Ораза, намазбен,

Өзіңді-өзің алдама!

Әдепті болсаң онан да,

Көп жақынсың Аллаға!

 

15.02.17.

Астана. Мәдениет министрлігінде көркемдік кеңес­тің жиыны. Көкшетаулықтар «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклін тоқтату мәселесін көтеріп, Науан хазіретті жағымсыз кейіпкер етіп көрсеткеніне наразылық білдірген. Мен «Ақан сері – Ақтоқты» қазақ драматур­гиясының классикасы. Қалибектің Мылқауы, Шәкеннің Ақаны, Серкенің Қоңқайы, Жандарбеко­ваның Ақтоқтысы театр тарихында алтын әріппен жазылып қалған кейіпкерлер. Науан хазіреттің Кеңес тұсындағы трактовкамен діни адамның жағымсыз кейіп­кері болғаны рас. Ал қазір жағымды кейіпкер етіп шығаруға әбден болады. Мысалы, мен Бекежанды жағымды етіп көрсетуге тырыстым. Сондықтан актердің ойнауына көп нәрсе байланысты» дедім.

 

Ғабаңның әңгімелерін қайта оқып, рахатқа батып қалдым

 

20.02.17.

Әзірбайжан мен Ақселеу туралы телехабар түсірді. Лебізімді білдірдім. Қайта тумас арыстарым-ай!

 

24.02.17.

Ғабаңның әңгімелерін қайта оқып, рахатқа батып қалдым. Кітабына, үш томдығына маған арнап автограф беріпті. Аса жоғары баға берген. Тарих…

 

25.02.17.

Қазір қонаққа шақыру үрдісі азайған. Жұрттың көбісі көшеден тамақ ішуге дағдыланып барады. Әсіресе, байлар. Үйде қоңырсыған иіс шықпаса оның несі үй.

 

2.03.17.

Байқадам. Ақбура мінген күн. Студенттеріммен өзім туған үйге келіп, дәм жедік. Мешітке кіріп Құран бағыштадық. Көңіл көлдей толқыған күн болды.

 

5.03.17.

Айша Абдуллинаның 100 жылдығын өткіздік. Әлі тың. «Қыз Жібектің» ариясын айтты.

 

14.03.17.

Ауа-райы түзелмей тұр. Елдің көңіл-күйіне байланысты болса керек.

«Еще не один баран не умер собственной смертью».

 

5.04.17.

Қыс шығатын емес. Қар. Алматы үшін аса қауіпті. Су тасқыны деген қауіп бар. МЧС-ке сенуге болмайды.

6.04.17.

Қар жауып тұр. Телефонмен Олжас Сүлейме­новпен сөйлестім. «Қыз Жібек» қандай жақсы фильм, жақында көрдім?» деді.

Странно…

 

10.04.17.

Көктем. Көңілімде бір мұң бар. Не екенін білмей­мін. Бәрі дұрыс сияқты.

 

11.04.17.

Театр. Планерка. Тәртіптің аса нашар екені айтылды. Мен «Қан араласу керек. Театрда Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс бәрі араласып жату керек» дедім.

 

21.04.17.

Димаш Құдайбергенов деген жас әнші Қытайды, бүкіл әлемді шулатып, қазақтың атын асқақтатты. Телеарнаға сұхбат беріп, құттықтадым. Шынында тәңірден зор талант берілген адам.

 

«Сіз бүкіл қазаққа жеңгесіз» деді

 

22.04.17.

Қазір той көп. Тіпті болмай бара жатса мысығы­ның да туған күнін тойлайды.

 

24.04.17.

Өнер той емес қой. Өкінішке орай, сол деңгейге түсіп кетті.

 

18.05.17.

«Еңбек Ері» атағын алған күн. Сағат 11.30-да Ақор­даға келдік. Бағдат пен Асека сыртта қалды. Мен ішке резиденцияға кірдім. Әлі белгісіз. Награда тапсыратын «Алтын залға» кірдік. Мемлекеттік хатшы, аппарат басшысы, министр, т.б. топ бір бөлек. Мен бір бөлек тұрдым. Президент кірді. Мен қарсы жүріп барып аман­дастым. «Орныңа тұр» деп қалжың айтты. Сонда барып протокол тәртібін бұзғанымды байқадым. «Халықтың сұрауымен, өзімнің ұйғаруыммен «Еңбек Ері» деген атақ берілді» деді. Сонда барып бір-ақ білдім. Мен сөйледім. Рахмет айтып, «бұл аванс деп түсінем» деп бір тоқтадым. «Әлі басымыз жас қой» деп тағы бір жобаладым. «Тек алға» деп бітірдім. Бөлек бөлмеде, тек екеуміз тамақтандық. Бағдат пен Асеканы шақырып алды. Кабинетіне кірдік. Асека өлең оқыды, оған қатты риза болып қаламсап сыйлады. Қабылдаудың мұндай түрі (отбасымен қабылдау) өте сирек болатын жағдай екен.

Бағдат сәлем жасап еді, қарсылық білдіріп: «Сіз бүкіл қазаққа жеңгесіз» деді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *