Менің жанрым – күнделік

Асанәлі Әшімұлы

19.02.16.

Қазір жалпы халықтың психологиясы өзгерген.

 

1.02.16.

Үй-ішінің мүлкі ауысып тұрса, жақсы ой туғызады.

 

10.02.16.

Өнер академиясы. «Ортамызда жүрген Асанәліге неге ғылыми лаборатория ашпасқа» деген мәселе көтерілді. Тірі жүргенде қадірін білмейміз, т.б. сөздер айтылды.

 

11.02.16.

Қонаққа бару, онда ұзақ отыру шаршатады. Ай­тылатын әңгіме бірсарынды. Аспан ашық болсын, ден сау болсын дегендей. Мен үнемі «бір қызық, ел есті­меген әңгіме, жаңа анекдот, тіпті алғашқы махаббат­тарың туралы айтсаңдаршы» деймін. Сондай скучно, көл-көсір тамақ.

 

16.02.16.

Баяғыда Ғабеңдер картаны үйде шәй-суын ішіп отырып ойнаушы еді. Онда да бір мөлшері, уақыты болатын. Ал қазіргілер азарт қой. Босқа уақыт өлтіру, денсаулықты бұзу ғой.

 

Білімді, оратор жігіт болып шықты

 

19.02.16.

Гаидн «Мен» деп сөйлейді екен, келе «Мен және Моцарт» дейді екен. Келе-келе «Моцарт және мен» дейді, одан әрі «Моцарт» деп сөйлейді екен.

Жалпы, Моцарт дегенде Сальеридің аты қоса аталады ғой. Моцартқа у берген Сальери дейді. Осы сөз кейінгі кезде өтірікке шыға бастады. Пушкиннің өзі де пьесасында Сальеридің Моцарт өліміне кінәлі екеніне келгенде тек өсек-аяңға жүгінгенін айтады. Сальери 19 опера жазған. Венадағы итальян операсы үйінің дирек­торы болған. Қысқасы, өз ортасында, қоғамда беделі зор болған. Бетховен, Лист, Шуберттің ұстазы болған. Меніңше, кейінгі зерттеулер қисынға келеді. Мұндай адамның Моцартты бақталас көруі мүмкін емес тәрізді.

 

24.02.16.

Республика сарайында қала әкімі Б.Байбектің есеп беру жиыны өтті. Аса маңызды баяндама жасап, елдің сұрақтарына ақылды жауап берді. Білімді, оратор жігіт болып шықты.

 

26.03.16.

Театр фестивалінің қорытынды жиыны. «Қаза мен жаза» Гран-При алды.

Сағат он бірде Хабиба Елебекованың 100 жылдығы. Сахнаға Айша Абдуллинаны көтердім. Ол да 100-де. Сахнада екі кейуана қатар отырды. Кешкісін банкет. Сол абыр-сабырдың арасында бір жәдігөй бас иіп келіп кешірім сұрады. Онша қабылдамадым.

 

29.03.16.

Әлгі бір бас иіп кешірім сұраған неме туралы айтуға тура келді. Себебі, басқалар білсін, кейінгі жастар сабақ алсын, тағылым түйсін дедім. Еш алып-қосары жоқ, тек шындықты ғана айттым. Газет-журнал беттерінде жарияға шыққан қаншама жалған сөз, өсек, өтіріктің бәрін коллективтің алдында жасыратыны жоқ деп, дерек-дәйегімен айтып, жайып салдым. «Тату боп кетуіміз қиындау, амандығымыз дұрыс болсын» дедім. Жұрт қол шапалақтап қарсы алды. Обаев «Ой! Асеке мудрыйсың ғой» деді. Жұрт риза болып жатыр. Әлгі жәдігөй жалпақтап келіп, қолымды сүйді. Артынан жақсылап кір сабынмен жуып тастадым.

 

Жерде жеті жетімге қол созсаң, көкте жеті періште қуанады деген тәмсіл бар

 

30.03.16.

Бағдат, Құндыз інім үшеуміз Талдықорғанға тарттық. «Асыл бала» деген қайырымдылық акциясына қатыстық. Жетім балаларға көмек. Басқарып жүрген Зағипа Балиева.

Біз Бағдат екеуміз екі кішкентай қызды қамқор­лығымызға алатын болдық. Бағдаттың жүрегі таза, адамилығы зор. Осы бір сапар қатты толқыдым. Бала­лығым, жоқшылық кезең есіме түсті. Қазір заман қанша жақсы десек те жетімдер бар. Жетіспеушілік те бар. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз дейміз, мұрнынан құрт түскен байлар неге соны көрмейді? Соларға не тұрады?

Жерде жеті жетімге қол созсаң, көкте жеті періште қуанады деген тәмсіл бар ғой. Қолдан келсе баланы қуантқанға не жетсін!..

 

20.04.16.

Кадр таңдауға рушылдық араласқан жерде рухсыздық белең алады.

 

22.04.16.

Шын өнердің, сахнаның актері бар.

Өмірдің актері бар. Олар мыналар деп бір өңірде тайыз басшыларға қарата айттым. Айтпасқа болмады. Зал толы халықтың алдында айттым.

 

23.04.16.

Рахымжан Отарбаевтың жалғыз ұлының үйлену тойы. Қолымнан алтын сағатымды шешіп бердім. Рахымжан жігіт ретінде де, жазушы ретінде де ірі ғой. Кесек турап сөйлейтін жігіт. Заманы басқа болса, нағыз Махамбет деуге тұрарлық азамат.

 

1.05.16.

Алаңда Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Нұрекеңмен бірге отырдық. Балам сәлем берді. «Нешедесің?» деді. «Сегіз­демін, 2-класта, Бөбекте оқимын» деді. Нұрекең «Әкең­нен аумайды екенсің» деді. Бағдатқа: «Асекеңді күт» деді.

 

5.05.16.

Дариға Назарбаева қабылдады. Қарапайым, робкая. 40 минут шамасы әңгімелестік. Көп мәселелер шешілді. Қасымда министр Арыстанбек, театр директоры Е.Біләл бар. Дариғаға бұл екеуі білмейді деп бір өтініш айттым. Осыдан 30 жыл бұрын мен театрға директор болып келгенде Нұрекең бір автобус сыйлап еді. Олай-бұлай гастрольге шыққанға бір жақсы автобус керек дедім. Өтінішім қабылданды. «Сіздің фильміңізбен өстік қой, сіз халықтың паспортысыз» деп тілек білдіріп, кабинетінде тұрған пілдің мүсінін сыйлады.

Осы күні Президент жер сатылмайтыны, жалға беріл­мейтіні жөнінде мораторий жариялады. «Қа­зақстан» ұлттық арнасына сұхбат беріп, Президенттің өте ақылды шешім қабылдағанын айттым.

 

«Халық әртісімін», әрқашан да халықпен біргемін

 

7.05.16.

Киностудия тозып тұр.

 

16.05.16.

Достық үйінде жер мәселесі туралы жиын өтті. Мен «Жерді сату деген қате. Мен «Халық әртісімін», әрқашан да халықпен біргемін», т.б. деп пікір білдірдім.

 

30.05.16.

Түркістан. «Қазақ-Түрік» университетінің залында «Сұлтан Бейбарысты» қойдық. «Әкім бүгін бар, ертең жоқ, ал Бейбарыс мәңгілік» деп сол сәттегі жағдайға қарай бірауыз сөз айттым.

 

1.06.16.

Шымкент–Алматы. Тойға барған әртістермен бірге ұштым. Сейфуллин Жолбарыс, Төреғали Төреәлі, т.б. Сейфуллин қатты қызу екен. «Біздің легенда Асанәлі Әшімов бизнес класта отыруы керек» деп бүлік шығарды. «Қой» десем, қоймайды. Ақыры ұшақтан түсірмекші болып, полиция келді. Маған араласуға тура келді. Ұш­қыштар орыстар екен. Мені танып «Сізге сендік, тыныш­тандырыңыз» деп уәжге келдік. Мені бизнес класқа отырғызды.

 

Адам­дардың ниетіне қарай ма, әлде ақырзаманның белгілері ме?..

 

2.06.16.

Балам өз өтініші бойынша Жәркентке кеткен. Маған телефондап: «Өмір Алматыда емес, ауылда екен ғой» дейді.

 

10.06.16.

Біреу тойып, біреу тоңып секіріп жүр. Байлар көбейген заман.

 

20.06.16.

ТЮЗ-да менің оқушыларымның идеясымен (Әсем, Гүлнар) менің өміріме арналған «Тағдыр тақтасы» (ав­то­ры – Бақыт Беделхан) атты спектакль қойылды. Жұрт көп болды. Әсіресе, өнер адамдарына жақсы әсер қал­дырды.

 

27.06.16.

Карловы-Вары. Карл ІV-нің ашқан бұлағы. Сыра­ның 524 түрі бар екен. Теңдесі жоқ. Сыра ваннасына түстік.

 

16.07.16.

Жаңбыр, бұршақ аралас, дауыл. Мен Алматыда 60 жылдан бері тұрамын, мұндай жағдайды бірінші көруім. Жалпы, әлемде табиғат күрт өзгерген. Адам­дардың ниетіне қарай ма, әлде ақырзаманның белгілері ме?..

 

20.07.16.

Түркістанның іргесі V-VІ ғасырда қаланған.

21.07.16.

Салмақ қосылған сайын жалқаулық та күшейе береді екен. Біздің қазақтың тамаққа келгенде ұстамдық таныта бермейтіні бар.

 

1.08.16.

Ауруханаға жаттым. Басқа баратын тамырлардың жұмысы нашар. Басым айналып, құлап қалдым.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *