«Менің өмір бойы іздегенім – білім»

АКАДЕМИК  КЕНЖЕҒАЛИ ӘБЕНҰЛЫ САҒАДИЕВ –  НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚЫРЫ МЕН СЫРЫН ТОЛЫҚ МЕҢГЕРГЕН  ЭНЦИКЛОПЕДИЯЛЫҚ  ТҰЛҒА

Елбасы  өзінің «Бола­шаққа бағ­дар: ру­хани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық ма­қала­сында еліміз­дің даму жолында қыр­уар істер ат­қарып, өр­кениет­тілікке  ұмтылуға зор үлес қосқан  аза­мат­тар­дың  өздері мен олар­дың табысқа жету тари­хы әдетте құрғақ  фак­ті­лер мен цифр­лардың таса­сында қалып қоятынын, шын мә­нінде, Қазақ­стан­ның әрбір же­тісті­гінің артында алуан түрлі тағдыр­лар тұрғанын атап өткен еді.

«Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бер­мейміз. Шын мәнінде, тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез-келген статистикадан артық көрсеткіш» деген Елбасы тұжырымы  біздің кейіпкеріміздің де бірегей тұлғасын даралайтын  айқын бағдар  деп білеміз.

Еліміз егемендік алған жыл­дардың басында алғашқы мемле­кеттік институттардың қалай құралып, бірінші заңдар қалай жазылып, төл ақшамыз теңгенің, Қазақстанның қаржы жүйесінің қалай енгізіліп, кәсіпкерліктің қалай пайда болғаны әлі көз алдымызда. Әлемдік қаржылық дағдарысты қалай өткергеніміз де есімізден шыға қойған жоқ.

 

Жаңа идеялардың пәрменді генераторы

 

Қазақстанның экономикалық ғылымының дамуына жаңа көзқарас қалыптастырушы бола білген, негізгі қалыптастырушы заңдарды құруға, жалпы ғылыми-зерттеу саласының, жеке экономика ғылымының сақталып қалуы мен бекуіне орасан зор үлес қосқан, өз еңбектерімен мемлекеттік мекеме­лердің  тиянақты да табанды жұмыс істеуіне ықпал еткен тұлға – академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев еді.

Ағамыздың ғұмырлық биогра­фиясы мазмұнды әрі артынан ерген ұрпақтарына толыққанды үлгі боларлықтай. Көптеген ғылыми еңбектердің авторы, 39 жасында ғылым докторы, 40 жасында профессор атанған, экономика саласының қыр-сырын терең зерттеуші, қоғамдық саяси ойдың шежіресі, тарихымызда қайталанбас қолтаңбасы бар қадірлі азамат, дара тұлғалы академик ағамыздың ғибраты мол ғұмыры ұрпаққа үлгі, баршамызға өнеге.

Мектеп қабырғасын күміс медальмен тамамдап, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін үздік дипломмен аяқтап, еңбек жолының алғашқы баспалдағын өзі білім алған қарашаңырақта бастады. Алайда, жастайынан білімге құмар болған Кенжеғали Әбенұлының басты арманы сол тұстағы бас қала – Мәскеуді бағындыру болды. Асыл арманына жету жолында Мәскеу жоғары мектебінде экономика саласы бойынша білімін шыңдап, ғылыми жолға түсті.

Кенжеғали Сағадиев – эко­номика ғылымының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі, Нью-Йорк, Пәкістан ғылым ака­демияларының мүшесі, Кембридж халықаралық биографиялық ор­талық шешімімен «Жыл адамы» атағының иегері, Қазақстан жоғары мектебі тарихында төрт жоғары оқу орны мен ҚР Ұлттық Ғылым ака­демиясын жоғары біліктілік әрі кәсіби шеберлікпен басқарып, ҚР Парламентінің үшінші және төр­тінші шақырылымында депутат болуы кез-келген жанның пешене­сіне бұйырмайтын бөлек дүние, дәуір тұлғасына ғана тән тағы­лымды тағдыр.

Отандық ғылымға қосқан қомақты үлесі үшін Кенжеғали Сағадиев 1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі атағын иеленді. Мұндай атаққа ие болу – экономика ғылымының шыңына жеткендігінің, ғалым ретінде толық қалыптасып, мемлекет пен қоғам тарапынан мүлтіксіз танылған­дығының белгісі.

Қазақ ғылымының мәртебесі өсіп, даңқы әлемге жайылуына ерекше үлесін қосқан  К.Сағадиевті замандастары «Қазақстандық экономика ғылымының абызы» деп бағалайды. Ғалымның өзі салған жол бар, сомдаған мектеп бар.

 

Экономика ғылымының 33 докторы мен 44 кандидатын дайындаған ұлағатты ұстаз

 

Бүгінде академик Сағадиевтен тә­лім-тәрбие алған, дәрісін тың­дап, ұс­таздың ғылыми жетекші­лігімен, зерт­теулер жүргізген аза­маттар мем­­лекет, қоғам қайрат­кері, белгілі ға­лым ретінде Қазақ­станда ғана емес, шет елдерде же­місті еңбек ету­де. Кен­жеғали Әбенұлы эконо­мика ғы­лымының 33 докторы мен 44 кан­ди­датын дайындаған – ұлағатты  ұстаз.

Қазақстанның егемендік алған алғашқы кездері мен экономика ғылымының жаңа бағыты бастау алған тұста Кенжеғали Сағадиев те тәуелсіз Қазақ Елінің төл перзенті ретінде өзінің ерен еңбегін көрсете білді. Ардақты ағамыз тәуелсіздіктің алғашқы қиын да жауапты жылдарында Елбасының қасында жүрді, азаттыққа қол жеткізген Отанымыздың өркендеуі жолында кәсіби білігімен, білімімен ұлт зиялыларының бірі ретінде  көп­теген игі істерге ұйытқы болып, халқына қалтқысыз еңбек етті. Елі арқалатқан аманатқа адал болып, жас мемлекетіміздің қанатын кең жаюына елеулі үлес қосты.

Академик Сағадиевтің экономика саласының қыр-сырын зерттеудегі істері бүкіл республика жұртшылы­ғының назарына ілінді, қаламынан туған ғылыми еңбектер мен мақа­лалар экономика ғылымының негізін танытатын тарихтың қайталанбас беттеріне айналды. Бұл ғылыми ең­бектерінің өзі – бүгінгі және келе­шек буынға жол көрсетер асыл қа­зы­на. 240-тан астам ғылыми жұ­мысы, оның ішінде экономика сала­сы бойынша 32 монографиясы жа­рыққа шыққан ғалымның ғылы­ми дәлелденген, дәйекті айтылған пікірі ел дамуына өз септігін тигізді. Ха­лықтың бағына туған, елі арқа­лат­қан аманатқа адал болып, жас мемлекетіміздің қанатын кең жаюы­на елеулі үлес қосқан ака­демик К.Сағадиевтің еркін экономи­каны мемлекеттік басқару қажеттігі туралы айтқан пікірін уақыттың өзі дәлелдеді. Бұл – мемлекеттің саяси-экономикалық жағдайын танып-білуде, болжауда ғалымның аса кө­ре­гендігінің және теориялық базасы жоғары екен­дігінің белгісі.

Кенжеғали Әбенұлы «Реформа­лар: талдамалы көзқарас» атты 5 том­­дық еңбегінде жаһандану ке­зеңіндегі Қазақстанның өркениет­ті елдердің көшінен қалмас үшін, қандай қадамдар жасауы қажет екендігі туралы ой-тұжырымдарын оқырман назарына ұсынады. Ака­демиктің «Ғылымсыз ғұмыр – тұл» деген қорытындысы ұлттық ғылым­ды дамытудың қажеттілігін айқын­дайды. Сонымен қатар, ұлт­тық эко­номика абызының  Қазақ­станның өркениетті 50 ел қатарына енуінің және ел экономикасының бәсекеге қабілетті болуының жол­дары тура­лы авторлық ой-пікірлері мен батыл тұжырымдары бүгінгі қалыптасқан қазақстандық жолдың бағдарына жолашар болды.

 

Ұлттық экономика ғылымның абызы

 

Кенжеғали Әбенұлы – жаңа нарықтық экономиканың қыры мен сырын толық меңгерген, жаңа формацияның ғалымы. Нарықтық өркениеттің жаршысы және оның экономикалық құралдарын елге үйретуші ұстаз. Ғалымның барлық еңбектерін бір мақала шегінде айтып өту мүмкін емес.

«Менің өмір бойы іздегенім – бі­лім» деп ғалым ұстаздың өзі айтқан­дай, Ұстаз әлі күнге дейін қажырлы қайратымен артынан ерген ұрпақ­тары мен шәкірттеріне тәлімдері мен ақыл кеңесін айтып, шамшырақ секілді шуағын шашудан шаршамай келеді.

 Мен Кенжеғали Әбенұлының мыңдаған шәкірттерінің бірі ретінде солардың қатарында болып, тәрбие, адамгершілік, ғылыми, ұстаздық, ұйымдастырушылық, жалпы айт­қанда өмір мектебінен өтуді жазған тағдырыма шүкір­шілік етемін.

Кенжеғали Әбенұлы бізге әр­қашан жанашырлық сезіммен қарап, қолдау көрсетіп тұратын. Бір қарағанда түсі қаталдау көрін­генімен жүрегі жылы, мейірімді, кімнің қандай іске бейімі барын тез танып, бір мақсатты орындауға жұмылдыра білетін ерекше қасиеті бар. Ұстазымыздың алдына барған­да «қалқам» деп жылы үнмен сөйлейтін, өзіне ғана тән мінезі бізге мол сенім, күш-жігер беретін.

«Ұстаз – ұстаз емес, өз шәкірті  үшін күймесе, шәкірт – шәкірт емес,  өз ұстазын сүймесе» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі – Кенжеғали Әбенұлының шәкірттеріне деген жанашырлығы мен шәкірттерінің ұстазына деген құрметінің айғағы деуге болады.

 

Ұстаз шәкірттерімен мың жасайды

 

Кез-келген дария өзінің бастау көзін бұлақтан алатыны сияқты, Кенжеғали Әбенұлының өмір-өзені де балалық шақтан, жастық дәуреннен басталады. Академик ағамыздың өзі айтқандай, тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын Ақ орда – білім мен ғылымға жол көрсеткен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін ұмыт­қан емес. Өзі білім алған әрі саналы ғұмырындағы еңбек жолының алғашқы баспалдағын ұстаздықтан бастаған универ­ситетпен әлі күнге дейін байланыс үзбеуі ұлағатты­лықтың белгісі. Университет тәлім­герлеріне көш­басшылық дәрістерін оқыған сәттерінде университет қабырға­сында үлгілі студент, жастар ұйы­мының жетекшісі болған академик ғылымға құштарлық өмірлік жолды әрдайым нұрлан­дырып тұратынын, ал оның бірден-бір қозғаушы күші білім екенін айтудан жалықпайды. Сондай-ақ, адамгершілік, адами  қасиеттің шыңы –  әлеуметтік жағынан аз қамтылған, оқу мен қоғамдық жұмыстардағы белсенді студенттер мен магистранттарға қаржылық жағынан жүйелі түрде көмек беріп тұратынын да айтпасқа болмас. Сонымен бірге, Кенжеғали Әбенұлы әлемдік жетекші уни­верситеттер тәжірибесіне сай университетімізде құралған эндау­мент-қорды қолда­ған алғашқы жандардың бірі.

Көпбалалы отбасынан шығып, бүгінде алып бәйтерекке айналған ағамыз әлі күнге дейін, мәуелі ағаш жемісі піскен сайын иіледі дегендей, әрдайым әрбір жанның жүрегіне жол таба білуде.

Егемен елдің гүлденуіне елеулі үлес қосып келе жатқан академик, ірі экономист-ғалым, қоғам қай­раткері, ойшыл-стратег  Кенжеғали ағамыздың рухани жаңғыруға деген  ұмтылысы да ширақ. Ұстаз  өз қыз­метінде Елбасы айтқандай, «Қазақ­станға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отырғанын» басты ұстанымы деп біледі. Бұл бағытта Кенжеғали Әбенұлының  бергенінен берері әлі де алда екеніне сенімдіміз. «Ұстаз шәкірттерімен мың жасайды» дегендей, қаншама жас ұрпаққа экономика ғылымының қыр-сырын үйретуден жалықпаған ұлағатты ұстаздың еліміздің рухани жаңғыр­уы аясында өзі тәрбиелеген оқушы­ларымен мың жасайтыны сөзсіз!

 

Б.ЕРМЕКБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,

экономика ғылымының кандидаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *