Менің өлеңім – бейнелеу өнері

– дейді Алматы қаласындағы ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Ана» монументі авторларының бірі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дулат Болатұлы ҮСЕНБАЕВ.

Наурызбай  мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағында осыдан екі жыл бұрын ашылған 1931–1933 жылдардағы  ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштегі арып-ашқан ана мен оның  қолындағы аштықтан ыңыршағы шыққан баланың бейнесін көрген адам   жүрегінің шым етпеуі мүмкін емес. Қазақ тарихындағы  ұлы жұт аталған осы бір кезеңнің қасіретін  қоламен құйып, жұртшылыққа  жеткізген  Дулат Үсенбаев,  Айдос Бүркітбаев, Қанат Бегулиев есімді  мүсіншілер екенін білеміз.  Біз  31 мамыр – Аштық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ескерткіштің идея авторы Дулат БОЛАТҰЛЫМЕН  әңгімелескен едік.

– Дулат, осыдан екі жыл бұрын қазақ жұрты ширек ғасыр күткен аштық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылып, жұрттың   көптен күт­кен арманы орындалған еді. Осы ескерт­кіштің идея авторы өзің екенсің, жалпы ескерткішті жасау кезінде қандай қиын­дықтар болды, басты тұлға етіп  Ана бейнесін алуларыңа не себеп болды?

– Ұлтымыздың тариxында ақтаңдақты беттер, қайғы-қасіретке толы кезеңдер көп. Ол тариxи еңбектерде, деректі және көркем әдебиетте, өнердің әр саласында көрініс табуда. Ал мүсін өнері – тариx, өткен тариxтың көркем бейнесі. «Ашаршылық құрбандары» ескерткіші – ұжымдық шығармашылық жұмыс. Қанат Бегулиев, Айдос Бүркітбаев және мен осы жұмыстың авторларымыз. Республикалық конкурста бақ сынап, жеңіске жеттік. Ашаршы­лықтың образын беру үшін әр түрлі идеялар туындады. Тариxи шындықты көрсетуге ана мен бала бейнесі лайық деген тоқтамға келдік. Неге десеңіз, ана деген – қасиетті ұғым, бала – адамзаттың бола­шағы. Халық бастан кешкен қасірет ананың келбетінде, баласы өлім мен өмірдің арасында. Сол кезеңнің зобалаңын ұлтымыз үшін қастерлі ана мен бала бойына жинақтауға тырыстық. Бұл ескерт­кіштің салынуын жұртымыз ұзақ күткені рас, бірақ  ата-бабаларымыз «Ештен кеш жақсы» демейтін бе еді. Сол айтқандай, қанша жыл өтсе де,  ескерт­кіштің салын­уын мен  ел тарихындағы  зобалаң  құрбан­дарының рухына  деген тағзым, құрмет деп бағалаймын.   Кешегі сұрапыл күндерді тек тарихтан оқып білген біз секілді жас толқын үшін сол кезеңдегі қасіретті оқиғалармен,  мұрағаттарда сақталған жазбалар мен суреттермен танысу оңай  болған жоқ. Тіпті,  ашаршы­лық кезең­дерін сипаттайтын кейбір суреттерді  көргенде, жанымыз түршікті. Жалпы, бұл жоба біздің шығармашылық топ үшін  өте бір  ауыр жоба болды. Бірақ байқауға ұсынылған жобамыз қолдау тауып, ескерткішті жасау бізге ұсы­нылған кезде қатты қуандық әрі алды­мызда үлкен жауапкершілік тұрғанын сезініп, жұмысқа  зор дайындықпен кірістік. Нәтижесінде өздеріңіз көргендей, көрген адамның жанын ауыртып, жүрегін сыздатар туынды өмірге келді.

– Төңкеріліп жатқан қазанды да  жақсы ойластырғансыңдар…

– Қазақ үшін қара қазан мен бесіктен қастерлі зат жоқ екенін білесіз.  Шаңырақ үшін қастерлі  осы екі затын қазақ  қайда көшсе де,  өзімен бірге алып жүреді. Міне,  сол қастерлі қара қазанның төңкерілгені қасірет пен жаманшылықтың  белгісі болып саналады. Қазанның төңкерілгенін  біздің халық  жаман ырымға балайды  ғой. Тіпті, «қазаның төңкеріліп қалсын» дейтін қарғыс та бар, оны  білесіз. Қазақта «қазаның төңкеріліп қалған ба?» деген тіркес  тағы бар. Қазанның қаңсып қалуын қазақ жаман ырым санайды. Қысқасы, қазан – киелі. Оның төңкеріліп, шытынап, сынып жатуы бүкіл елдің басына түскен нәубетті көрсетеді. Қазан туралы идея әкеммен әңгіме үстінде пайда болды. Жалпы, жұмыста үш автордың да үлесі бар. Мен идеясын ұсынамын, эскизін жасай­мын, достарым мүсінді сомдайды. Жұмыс барысында әр түрлі нұсқалар, толық­тырулар болып жатады.

– Өздерің жасаған сол ескерткішке жиі барып тұрасыңдар ма, барған кезде қандай сезімде боласың? Көріп, қараған сайын  композицияны толықтыру керек екен-ау деген ой келе ме? Егер сондай ой-ұсыныс туындай қалса,  немен толықтырар едіңдер?

– Жиі  барамыз десек жалған болар, жолымыз түскенде барып тұрамыз.  Ал 31 мамыр күні міндетті түрде барамын. Ондағы мақсатым – осы ескерткішке деген елдің  ықыласы мен  өткен күндерге деген құрметін өз жүрегіммен сезінгім келеді. Еске алу күні ескерткіш маңына жиналған жұрттың жан тебіренісін көрген сәтте өзім де қатты толқимын. Мүсін біздің туын­дымыз болғанмен, енді xалықтың байлығы. Әсіресе,  Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын  еске алу күні адамдар көп жиналады. Келушілер күні бойы толас­тамайды. Мұғалімдер оқушыларымен, отбасы бала-шағасымен, қариялар да, жастар да толып жүреді. Меніңше, мүсіннің тәрбиелік рөлі бар. Бұл – біткен жұмыс. Халық жылы қабылдады. Оны ескерткіш ашылған күні аңғардық.  Қоладан құйыл­ған тариx енді біздің толықтыр­уымызды қажет етпейді. Мүсін өнері бір-ақ рет жасалады, қайталанбайды.

– Осы қаланың тұрғыны ретінде Алматы қаласында келер ұрпақ қадірлеп, тәу етер қандай ескерткіштер салынуын қалар едің?

– Біздің тариxымыз бай. Сақ, түркі дәуірінен бастап Желтоқсан көтерілісіне дейін тұлғаларымыз жүздеп саналады. Соның кез-келгеніне мүсін қойса, артық емес. Мысалы, xалық суретшісі Қанафия Телжановқа ескерткіш қойса, қазақтың ұлттық өнерінің руxы асқақтай түсер еді.

–  Бұл мүсіншілік өнеріңдегі ең алғашқы  жұ­мы­сың ба, жоқ әлде, басқа да туындыларың бар ма?

– Айдос пен Қанаттың Талдықорған қаласында «Жастар» атты мүсіні қойылған.  Ал мен үшін бұл алғашқы қадам. Осыдан кейін де Шымкент, Тараз, Жаңатас қалаларына мүсіндер қойдық, дегенмен  мен үшін осы мүсіннің орны бөлек.

– Туындыны өз мазмұнында шығару үшін мүсіншінің бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсың?

– Кәсіби білім алып, өз ісінің маманы болуы керек. Әрдайым ізденісте болуы қажет. Ескерткіш тариxпен байланысты, сондықтан тариxты жетік білгені маңызды. Сонымен қатар, автор тек қана мүсінші емес, xалқына қызмет ететін, өзінің тари­xын болашақ ұрпаққа жеткізетін азамат болуы тиіс. Сонда ғана жасаған дүниелері халықтың жүрегіне жететін болады.

– Алдағы арман-мақсаттарың туралы айтсаң…

– Кез-келген өнер бір-бірімен туыстас, тамырлары бір. Кескіндеме және мүсін өнерімен шектелмей, болашақта сәулет және кино саласында ізденіп көргім келеді.

–  Дулат, сенің ата-анаң да, шығарма­шылық адамдары.  Әкең  Болат белгілі ақын.  Саған әкеңнің ақындық қасиеті  дарыды ма?

– Менің өлеңім – бейнелеу өнері. Бейнелеу өнерінде сезімге, жүрекке әсер ететін поэзияның құдіреті бар. Демек,  бұл өнер маған сол әке бойындағы асыл қасиеттер арқылы дарығаны анық.

– Еңбегің жемісті болсын, шығар­машылық табыстар тілейміз.

 

Әңгімелескен –

Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *