«МЕНІ ДЕ ІЗДЕЙТІНДЕР БАР ЕКЕН ҒОЙ!»

(естелік-эссе)

Кейде өткен кезеңнің жай-жапсарына үңілу шуақты бүгініміз бен қуатты ертеңіміз үшін де маңызды болмақ. Мен ілгеріректе, даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық тағдырына тікелей атсалысқан жанмын. Ол былай. 1985 жылдың маусым айының 21-жұлдызы күні мені Қазақстан телерадио комитетінің төрағасы Камал Смайылов шақырды. Келдім. Қысқаша хал-ахуал сұрасқан соң, төраға төтесінен түсті.

«Шәміл сен күйшілігіңмен қоса, әдебиеттен әжептәуір хабарың бар, қолыңнан жазу келетінін де көрсетіп жүрсің. Оны мен, сен, теледидардан жүргізетін «Домбыра-Дастан» атты циклды хабарларыңнан, сондай-ақ, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып келе жатқан рухани бағыттағы танымдық мақала­ларыңнан айқын аңғардым. Мына біздің музыкалық редакция дегені­міз, ол тек қана бірыңғай әуеннен тұр­майды, онда «текст» деген болады. Яғни сөз бен әуеннің бір-бірімен құстың қос қанатындай үндестігі, жым­дастығы. Міне, осы қағиданы мүлтіксіз түсініп, тұшынып атқаруға өзіңнің дарын-қабілетің жететініне кәміл сенім артып, Қазақ радиосы­ның музыка редакциясының Бас ре­дакторы лауазымына шақыра­мын», – деп түйді өрелі ойын Камал аға.

Онда мен табаны күректей 3 жыл, 3 ай еңбек еттім. 85-тің маусымынан, 88-дің қыркүйегіне дейін. Көп нәрсені үйрендім, көп нәрсеге үйреттім. «Үйрендім!» дегенде онда қазақ әдебиеті мен өнерінің майтал­ман жүйріктері Әнуарбек Байжан­баев, Оразбек Бодықов, Юрий Девяткин, Виктор Астафьев, Аман­жан Еңсебайұлы, Мерген Бадтақов сынды өз ісінің ерен шеберлері, ма­ған жаңа жұмысымда қарқын алып, қалыптасуыма айтарлықтай үлесте­рін қосты. Ал үйреткенімді, әрине, міндет қылмаймын. Бірақ еске түсіру парыз. Оным жаңағы жоға­рыда жаз­ғанымдай, Шәмшіге қатыс­ты. Халық өзінің сүйікті компози­торын тынбай іздеуден, әсте жалық­қан емес.

Музыкалық редакцияға хаттар легі тұс-тұстан ағылып келіп жатады екен. Қай-қайсымен де оқып, таныс­саң айтары біреу-ақ. «Япыр-ай, Шәм­ші қайда, Шәмші қайда?» Міне, осы сауал мені қатты ойлантты. Содан бір күні аға редакторға «Қал­даяқовтың үй телефонын тауып бері­ңіз», – дедім. Сөйлестім. Теле­фон тұтқасын Шәкеңнің өзі көтерді. «Қазақ радиосы музыка редакция­сының Бас редакторы Шәміл Әбіл­таев едім!» дегенімде, арамызда қас-қағым сәттей үнсіздік орнады. Сосын барып: «Япыр-ай, мені де іздейтіндер бар екен ғой, бұл жалғанда!» деп тебіренген Шәкең: «Ендеше, сізді тыңдап тұрмын!», – деді. «Аға, адре­сіңізді айтыңызшы, сізбен сырла­сып, ақылдасайын деп едім», – деге­німде, қайран Шәкең: «Сіз жұмыс­тың адамысыз ғой, менің қолым бос, өзім келейін!», – деді. Көп күттірмей каби­нетіме кіріп келді. Бірақ аң-таң. Бірден таныды. Осыдан дәл 20 жыл бұрын, 1965 жылдың күзінде Гурьев­те (қазіргі Атырау) кездес­кеніміз есіне оралды. Онда мен музы­калық училищенің 3-курсының студенті болатынмын. 17 жастағы кезім. Төле­ген Айбергенов екеуі «Ақ ерке – Ақжайық» әнін шығарып, тыңдар­мандарға таныстыру ниетімен арнайы келген қанатты сәті, ол да есіне түсті. «Жаңа сен телефон соққанда көп шенеуніктің бірі ғой деп ойлай салып едім, арқалы Шәміл күйшінің өзі екен-ау, тап мені есіне алған. Мына қызметің құтты бол­сын!», – деп мені құшақтап, бетімнен сүйді. «Бұл қыз­мет қырағылықты, білімділікті, сезім­талдықты қалай­тын қызмет, сәттілік тілеймін, сенің сыршыл сау­сақтарың алтын ғой, домбыраңның күйіне де мұқият бол», – деп ерекше мейірімділік танытты.

Одан әрі әңгіме бағытын шығар­машылық үрдіске аудардық. Қадыр Мырзалиевтің: «Шалқыған Шәуіл­діріне», Сабырхан Асановтың «Теріс­кейіне» шығарған әндері редакиция қоржынында қаралмай, ешкім мән бермей сартаптанып жатып қалған екен. «Әп!» дегеннен сол әндердің тағ­дырын шештім. Сол уақытта «Көр­кемдік кеңес» екі жерде Мәде­ниет министрлігі мен Қазақ радио­сының музыка редакциясының жанында болатын. Дереу «Көркемдік кеңес» шақырып, қос әнді жоғары сапамен қабылдаттым. Радиода: «Ән үйре­нейік» деген тұрақты цикл жабылып қалған екен, соны қайтадан аштырып, айдарынан жел ескен екі әнді үйреттім. Суат Әбусейітов, Нұрғали Нүсіпжанов сынды әншілік өнердің омыраулы тарландары орын­дап, халық­қа жол тартты. Теледи­дардан да тарала бастады. Бірде сол саланың өзім сияқты Бас редак­торына телефон соғып, Шәкеңді бірге алып шықтым.

«Сүйінші! Шәмші ағамыз жаңа ән базарлығымен келіп отыр!» деп кезекті дүлдүлдің өзіне бердім. Ол Созақ ауданына Сабырхан Асанов екеуінің қыдырып барғанын айтты. «Теріскей» әнінің сол сапардың жемісі екеніне тоқталды. Досыбай Шерімқұ­лов­тай өнерді терең түсіне­тін бірінші хатшының қатары көбей­се деген ізгі тілегін де аңғарта отыра, соған арна­ғанын жеткізді. Мәскеу консервато­риясының түлегі Байғали Момбеков деген тенор-әнші редак­цияға келіп жүретін, сол талантты әншіге «Теріс­кей» әнінің нотасын күн ілгері беріп қойған болатынмын. Теледидардың уақыты тапшы, Шәкең­­нің сөзінен соң «с листа» бір шумағын кемеліне келтіре орындады. Міне, осылай Шәмшінің даңқы қайтадан дүркіреп шыға баста­ды. Жетісай қаласындағы Мәдени-ағарту училищесіне Шәмшінің аты берілді. Шымкент қаласының «Құр­метті азаматы» атанды. Шәмші әнде­рінің шын мәнінде ғарышқа шырқауы, міне, осылайша «старт» алды. Осы орайда шәмшітанушымын деп жүрген саңлақтарға құлаққағысым дарынды драматург-жазушы Оразбек Боды­қовтың біртуар Шәмшінің өмірінің соңында оның үнемі жанынан табы­лып, біте қайнағандығын мұқият зерде­леудің қажеттілігі. Өйткені, ұлы ком­позитор – Шәмші Қалдаяқов туралы қалам тербеп, тұңғыш кітап жазған осы Орекең. Орекең менің орын­басарым болып алты ай істеді. Содан бір күні Оразбек аға: «Шәміл, сенен қатқан бастық шығады, оған ақиқи көзім жетті. Енді менің дертім Шәмші ғой, содан емделу үшін, Қалдаяқовпен бірге сапарлас-дос ретінде халық арасына баруды ұйғардым!», – деді. Солай болды да!

Ал мен Оразбектей қаламгердің қасиетті қаламының ұшымен, жүре­гінің жалынымен жазған теңдессіз Шәмші туралы тұңғыш кітабының тұңғыш оқырманы болғаныма шексіз қуаныштымын. Ол еңбегін Орекең, менің үйіме келіп, Өрікгүл екеумізге арнайы тарту етті. Ал қазіргі шәмші­танушылардан талантты композитор, ұтымды ұйымдастырушы, ақжарқын азамат Қалдыбек Құрманәлиевтің ерен еңбегін ерекше құрметтеймін. Қалдекең тіпті бір перзентінің есімін «Шәмші Қалдаяқ!» деп қойған ғой. Міне – өнеге, міне – өмір! Сосын хат таланттың тамырын ұстап, «Құла­герді» құлын күнінде таныған Күрең­бай сыншыдай болуды, біздің қоғам Елбасымыздан үйренуіміз керек. Шәмшінің атақты «Менің Қазақ­станым!» әнінің мемлекетіміздің Әнұранына айналуы, тікелей Нұр­сұлтан Назарбаевтың көрегендігінің арқасы екенін жан-тәнімізбен ұғы­нуымыз, ұлтымыздың ой-өрісінің кеңдігін танытары сөзсіз.

 

Шәміл ӘБІЛТАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор.         

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close