«Менің билегім келіп тұр…»

Алматы  қаласында алғаш рет 2004 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімдері ашылып жатқан кезде, Түрксіб ауданындағы бөлімшеге әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа орналасқан едім. Содан бері 14 жылдың жүзі болған екен.

Ал 14 жыл бұрын бөлімше жаңадан ашылған кезде жағдай мүлдем басқаша еді. Жұмыс болған соң, қиындықсыз болмайды  ғой. Алғашқыда жүрексінгенмен, өмірдің тауқыметін тартып отырған аналарды  көрген сәттен бұл жұмысқа бел буып кірісіп  кеттім. Мұндай бөлім туралы ата-аналар хабардар  болмағандықтан, науқас балаларды үй-үйді аралап жүріп жинаған едік. Ата-аналар да, балалар да бізді алғашқыда үреймен, күдікпен қарсы алғаны да рас. Ата-ананың «Баламыздың жарымжан екенін елге жаямын ба?» деген кездері де, ал балалардың бізді көріп, қашып жылағандары да көп болды.

Әрине, қуанған ата-аналар да болған. «Баламызды денсаулығына байланысты ешқайда шығара алмай  отыр едік. Аптасына екі рет келіп қызмет көрсетіп тұрсаңыздар, бізге де, балаға да жақсы болар еді», – дегенде көңіліміз көтеріліп қалатын. Баласының қолына қасық ұстап тамақ ішкенін, қарындаш  ұстап сурет сала бастағанын көргенде, аналардың жанарына жас үйірілген кездері де әлі көз алдымызда. Содан бергі әлеуметтік саладағы өзгерістерді салыстырсам, айырмашылығы жер мен көктей.

Қазір балалар: «Қашан мереке  болады?  Біз қашан би билейміз, тақпақ айтамыз?» – деп мерекелерді асыға күтеді. Қарамағымдағы қызмет көрсететін 6 баланың ішіндегі 2 балаға ерекше тоқталып  кеткім келіп отыр. Олар – Троценко Радмила мен Дарахунова Динара. Қазір  екеуі де кәмелеттік жасқа  толып, отбасына  пайдасын тигізіп отыр.

Троценко Радмилаға мен 2004 жылдан бері әлеуметтік қызмет  көрсетіп келемін. Ол кезде  Радмила 5 жастағы  қыз  еді. Содан бері сол отбасының бір мүшесіндей болып  кеттім. Радмила екеуміз бірге сурет салып, ермексазбен жұмыс  істеп, түрлі ертегілер оқып, далада серуендеп жүретін  едік. Қазір  бойжеткен қыз  болды. Жақында 19 жасқа толады. Өткен оқу жылында мектепті үйден оқып бітіріп, Омбы гуманитарлық академиясына қашықтан оқыту бөліміне түсіп, биыл 1-курсты бітіріп жатыр. Өзі компьютермен қосымша жұмыс істеп, анасына көмектеседі.

Ал Дарахунова Динарамен  2006 жылдан доспын. Ол кезде Динара 6 жастағы өте  ұяң қыз болатын. Менің қасыма келуге ұялатын. Екеуміз бірге қарындаш ұстап сурет салуды, салған суретті бояуды, сосын өзінің түймесін қадап, киімін оң киюді үйренген едік. Мен Динараның биге деген бейімділігін байқап, соған қарай баулыдым. Қандай мерекелік кештеріміз болса да, соған би билетіп қатыстырдым. Басында ұялып, көпшіліктің алдына шықпай жылайтын еді. Қазір: «Апай, мен қашан билеймін, менің билегім келіп тұр», – деп өзі сұранып шығады. Бірнеше байқауға қатысып, жүлделі орындар да алды. «Туыстарымыздың  арасында жиналып қалсақ, Динара би билеп, барлығын қуантады», – дейді анасы. Биылғы сәуірде Динарамыз 18 жасқа толды. Қазіргі таңда анасына ас әзірлеуге, ыдыс жуып, үй жинауға көмектесіп жүр.

Балалардың осындай жетістіктерін  көрген кезде, жылдар бойғы еңбегіңнің еш кетпегенін  біліп, өзіңді бақытты сезінеді екенсің.

Мен өздеріңмен біргемін, достар!

                                                                              Күлсімхан Жақаева,

 Түрксіб аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік 

 бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері.  

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *